Тоқтағұл САТЫЛҒАНОВТЫҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІ ТУРАЛЫ ТОЛҒАНЫСТАРЫ
28.07.2025
262
0

Қашаннан қонысы мен өрісі бір қазақ пен қырғыздың арасында кең танымал жыр жүйрігінің бірі – Тоқтағұл Сатылғанов. Екі елдің сөз өнерін қадірлейтін зиялы қауымы арқалы ақын, төкпе жыршы Тоқтағұлдың шығармаларын қай кез­де де бірлігіміз бен татулығымыздың белгісі ретінде үлгі етіп ұстанады. Қазіргі уақытқа де­йін қырғыз поэзиясының тұлғалы өкілінің мол мұрасы еншісі бөліне қоймаған қос халықтың рухани игілігіне айналып келеді.

Жалпы, қырғыз әдебиетінің тарихында екі Тоқтағұл бар. Алғашқысы – ХІV ғасырда өмір сүрген Тоқтағұл Сайдалыұлы. Оның туған жылы да, өлген жылы да белгісіз. Көрші ел әдебиетінің тарихын түзушілер оны шамамен Алтын Орданың ханы Жәнібектің тұсында ғұмыр кешкен деп санайды [1:16]. Бұл Тоқтағұлдан қалған мұраның көлемі біршама. Қырғыз рухының бір баламасы саналатын төкпе жыршының өлеңдері былайша өріледі:
Жалпы түрктө сайраган,
Булбул элем Токтогул.​
Чарчабаган аргымак,
Дулдул элем Токтогул.
Тартынбаган ар иштен,
Кургур элем Токтогул.
Качырганын кайсаган,
Тунжур элем Токтогул.
Толубайга жапжакын,
Тууган элем Токтогул.
Топту бузып туу жыккан,
Будан элем Токтогул [7:22].
Қырғыздың өткен замандағы жақсылары мен жайсаңдары туралы сөз қозғалғанда тілге тиек болатын, бүгінде мәтелге айналып кеткен «Токтогулдай ырчыны айт, Толубайдай сынчыны айт» деген екі ауыз өлең жолы қырғыздың «көме­йіне бозторғай ұя салған» қос Тоқтағұлының үлкеніне арналған.
Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кіші Тоқтағұл – Тоқтағұл Сатылғановтың тек қырғыз әдебиетінде ғана емес, бүкіл түркі халықтарының рухани әлемінде орны бөлек. 2014 жылы ақынның туғанына 150 жыл толуы ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының және Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен бірқатар түркітілдес елдерде аталып өт­ті. Бұл әйгілі жыршының мұрасын ұлықтап, оны бауырлас жұртқа кеңінен таныта түсу жолындағы маңызды қадам болды.
Тоқтағұл Сатылғановтың шығармалары қай дәуірде де түркітілдес халықтар арасында кеңінен танымал болды. Қырғыз әдебиетінің поэтикалық қуатын бай шығармашылық әлеуеті арқылы барынша дамытқан жыр жүйрігінің өлең өрімі, ой орамы, сөз саптасы, көркемдік кестесі жан-жақты қырынан зерт­теп-зерделеуге әбден лайық. Қазақ жұртшылығы оның шығармаларымен етене таныс. Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары хақында сөз болғанда Тоқтағұлдың туындыларына алдымен мән беріледі. Әсіресе Жамбыл Жабаев шығармашылығын зерт­теушілер бұл тақырыпқа үнемі айналып соғатыны рас. Қазақ және қырғыз әдебиет­теріндегі суырыпсалмалық дәстүр туралы мәселе қозғалса, Тоқтағұл Сатылғановтың өлең-толғаулары бірден тілге тиек болатыны айдан анық.
Біз 1978 жылы Ленинградта 25 мың данамен басылған «Поэты Казахстана» ат­ты ақындық антологиямызды Мұхтар Мағауиннің арқасында арғы дәуірдегі Қазтуғаннан бастадық [12]. Ал Қамбаралы Бобуловтың алғы сөзімен шыққан қырғыз бауырларымыздың «Поэты Киргизии» антологиясы осы Тоқтағұлдан бастау алады [13]. Түрлі себептерге байланысты олардың ілкі замандарда ғұмыр кешкен ақын-ырчыларының өлең-жырлары бұл жинаққа енгізілмеді. Осының өзі оның қырғыз поэзиясының бастау-бұлағын айқындайтын тұста белгілі бір кезеңдегі өрелі өлшем болғанын айғақтайды.
Тоқтағұл Сатылғановтың шығармашылық өмірбаяны тағылымдылығымен ерекшеленеді. Қырғыздың жыр дүлдүлі 1864 жылдың күзінде Кетментөбе өңірінің Куччу-Суу деген ауылында, Сазжиде деген қыстауда дүниеге келіпті. Мұның алдында шаңырақта бала тұрмаған соң атын Тоқтағұл деп қойыпты. Ақындық өнер оған шешесі Бұрмадан дарыған көрінеді [6:340]. Жыршылық жолын айтыстан бастаған Тоқтағұл 1882 жылы Кетментөбенің манабы Диқанбай Рысқұлбековтің маңында жүретін сарай ақыны Арзыматпен айтысып, оны қиналмай жеңеді [2:64]. Осыдан көріп отырғанымыздай, Тоқтағұл да төңірегіндегі өзге жыршылар секілді айтыс өнерінде бақ сынап, жастайынан көзге түскен. Табан астында жанынан шығарып жыр төгіп, түйдек-түйдек өлең өруге, сөзді кестелеп түсіруге машықтанған. Айтыстың алуан түрлі тәсілін қолданып, бәсекелестерін бет қаратпай жеңіп, ақындық ой-танымын кеңейтіп, өнер өрісін арт­тыруға дағдыланған. Сын-сықаққа бейімділігімен, әжуалы әзілімен, түрпідей тілімен, ойлы образдарымен, кестелі кекесінімен дараланған.
Қырғыздың жыр алыбының тағдыры талай өткелектерге толы болғаны баршаға белгілі. Ол қат-қабат қиындықтар мен алапат азапты басынан кешірді. Соның бәрі оның өмірінде де, шығармашылығында да айрықша із қалдырды. Әсіресе Тоқтағұлдың өлең-толғауларындағы түрме тақырыбы назар аудартпай қоймайды. Мысалы, 1898 жылы әйгілі Әндіжан көтерілісінен ке­йін ақынға бүлікті ұйымдастырды деген жала жабылып, Сібірге айдалады. Содан 12 жылдан соң елге оралады. Ақынмен бірге сот­талған Болат Жыртақовтың естеліктеріне сүйенсек, олар Әндіжан түрмесінен шығып, Красноводскіге, Мәскеуге, Иркутскіге барған [5:345]. Сондықтан оның өлеңдерінің көбі қапасқа қамалған тұтқынның көңіл күйін танытады.
Кетмен-Төбө жериме,
Барып өлсөм арман жок.
Керимбайдан кегимди,
Алып өлсем арман жок.
Агайын тууган элимди,
Көрүп өлсөм арман жок,
Амандык сурап колумду,
Берип өлсөм арман жок [6:347], –
дейді Тоқтағұл. Біз бұдан жалғыз ұйқаспен күрмеліп отыратын ағыл-тегіл төкпе жырдың үздік үлгісін көреміз. Бұл үзіндіден кең тынысты ақынның мақсат-мүддесі ғана емес, поэтикалық мүмкіндігі, өлең өрісі, жыршылық диапазоны айқын аңғарылады. Тоқтағұл поэзиясының толық қуатын сезіну үшін оның жекелеген ой орамдарымен танысудың өзі жеткілікті секілді көрінеді.
Екі ел әдебиетін зерт­теушілердің зе­йінін көбірек аударған мәселе – Тоқтағұл Сатылғанов шығармашылығындағы қазақ тақырыбы. Қырғыздың әдебиетші ғалымдарына ке­йін мемлекет­тік сыйлық алып берген, 2012 жылы жарық көрген көптомдық «Қырғыз адабияты тарыхының» бесінші томында мынадай дерек ұсынылған. Тоқтағұл туралы монографиялық тарау жазған Р.Қыдырбаева ақынның түрмеден қайтып келе жатып қазақтар арасында болғанын, оның бауырлас халыққа разылықпен ат­танғанын баяндайды. «Сонда жазған «Қазақ жерінде» деген өлеңінде Сүлеймен, Ахмет, Әбітай деген қазақтардың атын атайды» [6:348], – дейді ғалым.
Ал енді осы мәлімет­тің толықтау және дәлірек нұсқасын Ахмет Мусиновтің 1974 жылы шыққан «Қазақ-қырғыз әдеби байланыстары» ат­ты монографиясынан кез­дестіреміз. Қазақ ғалымының мұрағат­тан алған дерегі бойынша, Тоқтағұл Сібірден қайтып келе жатып, Қарқаралыға аялдап, Ұзақбай деген кісінің үйіне түседі. Сүлеймен, Сабытай, Сәрсенбай, Жәкетбай (Жәкетай) деген қарқаралылық қазақтармен дастарқандас болады. Одан әрі Сәрсенбай Тоқтағұлды үйіне алып кетіп, бір ай бойы қонақ қылады. Сөйтіп, ақын еліне әбден тынығып ат­танады. Сол сапарда Тоқтағұл үнемі жырлаумен болыпты. «Қазақ жерінде» деген ұзақ өлеңі де осы мезгілде шығарылыпты. Бұл өлеңнің әдепкі нұсқасы 1200 жолдай болған көрінеді. Бүгінгі күнге аз ғана бөлігі жеткен [10:68]. Қырғыз нұсқасында «Салам айтып турамын, Бир туган казак калкына» деп басталатын Тоқтағұл жырында ақынның өз болмысы толық көрініс тапқан:
Бир кезекте мен-дагы,
Комузды тилге келтирген.
Коргошундай жан элем,
Буралган кырчын тал элем.
Түптүү калктын тили элем,
Топ жыйындын гүлү элем [6:347].
Бұл өлеңде Тоқтағұл екі елдің хал-ахуалын бедерлі баяндап қана қоймайды, өзінің ақындық-жыршылық автопортретін де мейлінше танытады. Соның бәрін көркем тілмен кестелеп, өзгеше өрнек түзеді. Осы шығарманың сақталған нұсқасы Тоқтағұл Сатылғановтың 2015 жылы қазақ тілінде шыққан кітабында (аударған Жанат Әскербекқызы) «Қазақ жеріндегі жыр» [14:55–66] деген тақырыппен жарияланды. Онда ақынның тұтқын кезінде көрген қорлығы, басынан кешкен зар-мұңы, бұғаудан босап келгенде құшақ жайып қарсы алған қазақтарға деген ризалық сезімі жан-жақты көрініс тапқан. «Сәлемдесіп мен келдім, Бір туған қазақ жалпыңа! Мүсәпір болып тұрғаным, Сағынғанменен жете алмай, Туысқа, қырғыз халқыма», – деп термеленетін ұзақ жырда ақынның тағылымды ғұмырының бір белесі – он екі жыл айдау мен абақтыда болған сәті баяндалған. Жыр жампозы осы толғауда түрмеден қалай шыққанын айтады («Тозақты зұлым патшаның, Торынан қашып келемін»), өткен өмірін сағынышпен еске алады («Салтанат­ты халқымда, Сайраған бұлбұл мен едім»), мұнда жеткенге де­йінгі мүшкіл халін өлең тілімен өрнектеп («Қапас жолда Тоқтағұл, Қайыршы болып келемін»), жанашыр жұртқа шерін ақтарады («Ағайын қазақ халқыма, Арыз-арманым қозғаған»).
«Қазақ жеріндегі жырдың» көркемдік кестесі ғана емес, деректік сипаты да бағалы. Бұл толғау Тоқтағұл өмірінің жалпы жұртқа белгісіз тұстарына қанықтырады. Оның өз өлеңі арқылы түрмеден қашуына Харитон, Семен, Құсайын деген серіктерінің көмектескенін, Харитон кісеннің кілтін таппаған соң, Семеннің бұғауды бұрап сындырғанын, қолына қомузын беріп, ат­тандырып салғанын білеміз. Сонымен қатар ақынның қанша жылға сот­талғаны («Жылап жүрген мүсәпір, Жиырма бес жылға кесілгем»), абақтыда өткізген уақыты («Он жыл жатып түрмеде, Қанымның бәрін сорғыздым, Қандала мен бүргеге»), айдауда қай жерде жүргені («Оралдағы орманды, Тауға бардым, Тоқтағұл»), («Байкал көлдің жанында, Торда жат­тым, Тоқтағұл»), қай жолмен қашқаны («Омбыдан жаяу келемін, Орыс жерін аралап»), қай мекеннен өткені («Байкалда сексен тескен тау, Басып өтіп келемін»), қазақ топырағына қанша уақыт­та жеткені («Тоғайлы жерді аралап, Тоғыз ай болды қашқаным») жөнінде мол мәлімет аламыз. Тоқтағұлдың «Тұтқында жүргенде» деген өлеңінде де Ресей жерінде бірқатар халықтың өкілдерімен бірге қазақ пен қырғыздың да басқа түскен азапты бірге бөліскені сипат­талады:
Қазақ, қырғыз, өзбектен,
Орыс пенен ноғайдан,
Қарасам, адам көп екен.
Мен сияқты қайғырған,
Ұсталып келген ел екен [14:51].
Ахмет Мусинов ұсынған тағы бір дерек мынау. Тоқтағұл Сатылғанов Омбы түрмесінде Оспан деген қазақ жігітімен екі жыл бірге отырады. Оспан орысша таза сөйлейтін білімдар адам болыпты. Ол Тоқтағұлдың біраз өлеңдерін орыс­шаға аударған. Жазалаушылар Оспанды түрмеде өлтірген. Осыған орай Тоқтағұлдың «Менің досым Оспанға» деген өлеңі бар. Бұл өлеңнің қырғызша нұсқасы да, кеңестік дәуірдегі үздік аудармашылардың бірі Рувим Моран аударған орысша нұсқасы да сақталған. Өлеңде Оспанның Оралдың қазағы екені, оны түрме бастығы өлтіргені, ақынның досын өз қолымен көмгені жөнінде айтылады. Бұл деректің өлеңдік нұсқасы мынадай:
Ат­тай қылып адамды,
Шанаға жегіп көндірді.
Оралдық қазақ Оспанды,
Орысша сөзді білед деп,
Ақ төре атып өлтірді [14:57].
Жанрлық жағын сараласақ, жоқтау өлең деуге келеді. Бұл – ежелден іргесі бөлінбеген қос халық – қазақ пен қырғыздың бауырластығының, қапасқа қамалған тағдырлас екі достың бір-біріне деген адалдығының жырға айналған көрінісі. Татулық пен пен тамырластықтың қиындықта шыңдалғанының, тар жол, тайғақ кешуде сыналғанының жарқын үлгісі. Махамбет­тің жорықта мерт болған Исатайды жоқтаған өлеңін еске салатын осы өлең Тоқтағұлдың дәуірінде қазақтың бір беймәлім қайсар азаматының ғұмыр кешкенін айғақтайды. Қырғыз поэзиясы алыбының жырына арқау болған Оспанның нақты дерегі шықса, қазақ тарихнамасына да, тоқтағұлтануға да елеулі мәлімет қосылар еді. Бұл өлең Тоқтағұлдың қазақша жарық көрген шығармалар жинағында жоғарыда аталған «Қазақ жеріндегі жырының» ішінде жүр. Бірақ қазақ-қырғыз әдеби байланыстарын зерт­теген А.Мусинов айт­қандай, кезінде жеке өлең ретінде де жарияланған болуы мүмкін. Біздің айтпағымыз, мұнда қырғыз ақынының қазақ досына деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласы қалтқысыз баяндалған:
Арыстан еді Оспаным,
Қабірін қазып көмгенмін.
Қазақтан шыққан нар еді,
Қабылан сыны бар еді.
Оязбенен ұстасып,
Ақ жерден тапты пәлені.
Орысша оқып, тіл білген,
Оқымысты жан еді [14:57].
Негізінен, татар поэзиясын тәржімалауға маманданған Рувим Моран Тоқтағұлдың «Қазақ жеріндегі жырын» да орысшаға өзі аударыпты. Ондағы Оспан туралы үзінді түпнұсқадан аулақтай қоймайды, ақынның сол сәт­тегі көңіл күйін, сана-сезімін, мақсат-мүддесін дәл танытады. Тоқтағұлмен түрмеде екі жыл бірге болған, бірбеткей мінезі үшін абақты басшылығына ұнамаған, ақыры солардың қолынан қаза тапқан қазақ жігітінің
кескін-кейпі бір кез­дегі одақ оқырмандарына былайша таныстырылған:
Друг у меня был, Оспан,
Родом с Урала, казах.
Был он по-русский учен,
У меня на глазах,
Только за это его,
Белый начальник убил.
Сам я – до света – его
В мерзлую землю зарыл [11:55–56].
Ақын «Қазақ жеріндегі жырында» қарқаралылық Жамантай (Жәке), Ұзақбай, Сәрсенбай, Сүлеймен, Есентай, Әбітай, Ахмет, Әбділда деген кісілердің есімдерін атап, олардың әрқайсысының өзіне жасаған жақсылығын жеріне жеткізе жырлайды. «Тозақ көрген Тоқтағұл, Жорғадай жерді басқамын», – деп өзі айт­қандай, азаптан қашып келгенде қанатының астына алған Қарқаралы қазақтарының әрбір ісін үлгі етеді («Әбітайдың әйелі Шапанымды жамады»), тит­тей жақсылықтың өзін қағыс қалдырмайды («Ағасы Ахмет бейшара Жағдайыма қарады»), аштықта жеген құйқаны да ұмытпайды («Марқа сойып, ет берді, Астыма шұбар ат берді»), жол көрсетіп, жөн сілтеген серіктерін де естен шығармайды («Ертіп келіп Әбітай, Көпірден мені өткерді»). Тоқтағұл сөйте тұра өзіне қырын қараған кейбір қазақтарды оңдырмайды, олардың оғаш істерін санамалап, өздерін жыр тілімен дүрелейді. Мәселен, үйіне қондырмай, тамақ бермей қойған Бурылша деген бай кемпірді былайша сынап-мінейді: «Қондырмай қуды ұры деп, Қазақтан шыққан Бурылша, Бай болғанмен Бурылша, Тарылғаны осынша». Сол кез­де Тоқтағұлдың ризашылығына бөленген Сүлеймен («Тегі жақсы Сүлеймен, Жақсылық көрсін құдайдан»): «Бурылшаға өкпелесең де, жалпы қазақ еліне өкпелеме. Ол кемпір қай күнгі тойдағы Добан төренің әжесі, оның қолынан бейшараға жақсылық жасау келмейді», – деп басу айтыпты.
Тоқтағұл Сатылғановтың «Қазақ жеріндегі жырына» өзек болған деректік материалдарды алғаш рет ұсынған – Ахмет Мусинов. Оның зерт­теуіне жүгінсек, бұл толғауды Тұрдымәмбет Әбдірахманов деген мұғалім 1941 жылы Новосібірде әскер қатарында бірге болған Келдібек деген қарқаралылық қазақ жігіт­тің атасы Ұзақбай қарт­тан жазып алыпты. Сол жазбада баяндалғандай, «Бір күні Келдібек қырғыз досын қонаққа шақырады. Тұрдымәмбет үйге кірсе, қазақтың бір ақсақалы келіп отыр екен. Бұл Келдібектің атасы Ұзақбай еді. Осы кез­де оның жасы 79-да болатын. Ұзақбай шал Тұрдымәмбет­тің қырғыз екенін білген соң қуанып кетіп, оған Тоқтағұл туралы әңгіме айтады» [8:70]. Одан әрі ол бауыры Сүлеймен екеуі ақынды қонақ етіп, баптап күткені, ауылдағы Сәрсенбай ақсақалдың Тоқтағұлды тойға ертіп барып, жыр айт­қызғаны жөнінде баяндайды. Бір айдан соң Сәрсенбай оған киім мен қаражат беріп, Семейге жеткізіп тастайды. Жыр жүйрігі: «Түн қатып енді кете­йін, Түп еліме жете­йін. Аягөз, Арқа, Семейден, Қас қарая Саркөлден, Аман-есен өте­йін. Ырзамын қазақ еліне!» – деп өзі айт­қандай, әрі қарай туған жұртына бет түзеген. Соның бәрін егжей-тегжейлі әңгімелеп, қос халықтың рухани қазынасына аса құнды дерек қосқан Ұзақбай Тоқтағұлдың дүние салғанын Тұрдымәмбет­тен естіп, қат­ты қайғырыпты [8:70].
Тұрдымәмбет Әбдірахманов бұл әңгіменің жазбасын өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында Қырғыз ССР Ғылым академиясының қолжазба қорына тапсырған. Сол естеліктегі Ұзақбай, Сүлеймен және Сәрсенбайдың есімдері «Қазақ жеріндегі жырда» ұшырасатынын жоғарыда атап көрсет­тік. Тоқтағұлдың осы шығармасындағы «Қанатым – қазақ туысқан, Хабар ал менің мұңымнан» немесе «Ел екенбіз әу бастан, Қазақ, қырғыз бір туған, Туысқан елді дұшпандар, Бір-біріне жау қылған», – деген жолдардың әлі күнге де­йін құндылығы кемімегенін айтуға тиіспіз. Бұлар – төсекте басы, төскейде малы қосылған екі елдің сан ғасырлық әдеби байланыстарының үлгісін де, үрдісін де айқын танытатын мысалдар.
Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» ат­ты кітабында Жамбыл мен Тоқтағұлдың кез­десуі туралы халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың өз аузынан айт­қан әңгімесін ұсынады. 1912 жылдар шамасында, қырғыз жерінде атақты Шәбден манапқа ас беріліп, Жамбыл, Кенен, Үмбетәлі – бәрі сонда барады. Сол жерде Сібірден оралған Тоқтағұлды көрген Жамбыл: «Келдің бе ақиығым алыс жерден, Өтіпсің самғап ұшып асқар белден. Алмас пышақ қап түбінде жатпас деген, Хан төре айналмай ма сендей ерден», – депті. Сондай-ақ Тоқтағұлға ішін бере қоймаған қырғыз ағайындарға: «Тұлпарды тұлпар таниды, Ертеңнен шапса талмайтын. Сұңқарды сұңқар таниды, Қанаты талмай самғайтын. Ақынды ақын таниды, Сөз қадірін аңдайтын», – деп наз айтыпты. Сонда Тоқтағұл: «Қазақта Жамбыл сен едің, Шалқып жатқан көл едің, Алатаудан арқырап, Тасып жатқан сел едің, Тоқтағұлың мен едім, Қай қырғыздан кем едім?» – деп жауап берген көрінеді. Үмбетәлі Кәрібаевтың айтуы бойынша, Жамбыл бәйгеде жеңіп алған зерлі шапанын Тоқтағұлға сыйға тартқан. Қырғыз ақыны өзіне сыйға берілген 500 сом ақшаны Жамбылға ұсыныпты. Жамбыл ақшаның азғантай бөлігін ғана алып, қалғанын қиындық көріп жүрген ақынның өзіне қайтарып беріпті [4:35-38]. Шынында да, өлмейтін жырымен, өшпейтін үнімен қос халықтың абыройын асқақтатып, мәртебесін арт­тырған «қазақ Жамбыл мен қырғыз Тоқтағұл ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы мен қырғыздың заңғар тауларының жанды бейнесіндей, нақты көрінісіндей» [9:259] болған.
«Алатау, туып-өстім алабыңда, Жетісу желі жұпар самалында. Атанып әнші ақын еркеледім, Сауықшыл қырғызым мен қазағымда», деп жырлаған Кенен атамыз да «Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы, Еліктіріп әкет­ті жырыменен» деп, көрші ел әдебиетінің алыбын үнемі жоғары бағалаған.
Тоқтағұлдың әйгілі «Замана» толғауы өз еліндегі «заманчы ырчылар» мен біздің зар заман ақындарының шығармаларымен біршама үндестік табады. Қырғыз ақыны «Ажыдардай залимге арбатканың замана, Ач бүркүткө түлкүдөй алдыргансың замана» деп, өз дәуірінің сипатын анық аңғарт­ты. Бұл туралы Медина Богданованың Мәскеуде жарық көрген «Токтагул Сатылганов» ат­ты монографиясында [3] жан-жақты айтылды. Ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы 1940 және 1958 жылдары Мәскеуде басылып шықты.
Бүгінде күллі қырғыздың рухани қазынасына айналған «Насылхан», «Бақты қыз», «Күлипа», «Эрке сары», «Дүнүйө», «Аккан суу», «Насыят», «Санат», «Үлгүлүү ырдар» «Ой бұлбұл», «Кедейхан», «Бес қабан», «Алымхан» және басқа шығармаларды өмірге әкелген қырғыз поэзиясының алыбы кеңестік дәуірде де аса танымал болды. Ақының аты М.Калинин мен А.Фадеевтің баяндамалары мен мақалаларынан түскен жоқ. Оның есімімен аудан, ауыл, мектеп, мемлекет­тік сыйлық, басқа да толып жатқан нысандар аталды. Фильм түсірілді, қырғыздың ұлт­тық валютасына бейнесі басылды. Бүкіл дүниежүзінде ақынның атымен аталған жалғыз-ақ су электр станциясы бар. Ол – әйгілі Тоқтағұл ГЭС-і. Бұл Тоқтағұлдың ақындық биіктен адамзат­тық биікке әлдеқашан шығып кеткенін көрсетеді. Ал «Шешен сөзді қырғызда, Бас бәйгені бермеген, Сәйгүлік едім өрлеген» деп жырлаған оның өзіне туған халқы «Ақтаңдай» деген ат берген. Қырғыздар Кетментөбені ақындықтың Меккесіндей, Сазжидені Абайдың Жидебайындай құрмет­тейді.
Осы айтылғандарды түйіндей келе бірқатар тұжырымдар жасағанды жөн көрдік.
Біріншіден, Тоқтағұл Сатылғанов – суырып салып жыр айт­қанына қарамастан, сөздің сынын бұзбаған, желісін үзбеген, көркемдігін кемітпеген келісті жыр жүйрігі. Оның туындылары қырғыз поэзиясы үшін де, қазақ поэзиясы үшін де өлең өнерінің биігі ретінде бағалана бермек. Екіншіден, ол – сөз сайысында ешкімге дес бермеген айтулы айтыскер ретінде қырғыз әдебиетінің тарихында қалған ақын. Тоқтағұлдың айтыскерлік шеберлігін қазақтың арғы-бергі дәуірдегі айтыс ақындары да жоғары бағалайды. Үшіншіден, Тоқтағұл шығармаларындағы қазақ мәселесі әлі де тиянақты әрі жан-жақты зерт­теуді қажет етеді. Егер ғалымдар шындап қолға алса, бұл тақырыптың жалпы жұртқа белгісіздеу қырлары ашыла түсетіні анық.
Төртіншіден, Тоқтағұл шығармашылы­ғын зерт­теуге жаңаша көзқарас керек. Оның шығармаларын авторлық ауызша поэзияның талаптары тұрғысынан қарастырып, теориялық негіздемелерін орнықтыруға үлес қосқан абзал. Түбі бір түркі халықтарына ортақ өнерді Тоқтағұл толғаулары арқылы дәріптей түскеннен ұтыла қоймаспыз.
Қорыта айт­қанда, қырғыз бен қазаққа ортақ Алатаудың ақтаңдайы, залқар ақын, шоң ырчы Тоқтағұлдың мұрасы ғасырдан ғасырға ұласа бермек.
Әдебиет­тер:
1. Акматалиев А., Сарыпбеков Р. Токтогул Сайдали уулу // «Кыргыз адабия­тынын тарыхы. Кыргыз эл ырчылары». V том. Бишкек: «Полиграфбумресурсы», 2012. – 764 бет.
2. Байзаков Т., Ватагин М. «Токтогул» // «Поэты Киргизии». Ленинград: «Советский писатель», 1980. – 672 стр.
3. Богданова М. «Токтагул Сатылганов». Москва: «Гос. изд. худ. литературы», 1951. – 110 стр.
4. Жолдасбеков М. «Жүз жыл жырлаған жүрек». Алматы: «Жазушы», 1992. – 320 бет.
5. Жыртаков Б. «Улуу акын жөнүндө менин ескерүүлөрүм. Токтогулга гүлдесте». Фрунзе, 1964, 12–18 бет­тер // Кыдырбаева Р. Токтогул Сатылганов // «Кыргыз адабиятынын тарыхы. Кыргыз эл ырчылары». V том. Бишкек: «Полиграфбумресурсы», 2012. – 764 бет.
6. Кыдырбаева Р. Токтогул Сатылганов // «Кыргыз адабиятынын тарыхы. Кыргыз эл ырчылары». V том. Бишкек: «Полиграфбумресурсы», 2012. – 764 бет.
7. «Кыргыз эл ырчылары». Баш сөзүн жазган жана түзгөн Батма Кебекова. Бишкек: «Адабият жана искусство институту», 1994. – 180 бет.
8. Муса А. «Из истории казахско-киргизских литературных взаимосвязей». Алматы: «Экономика», 2008. – 248 стр.
9. Муса А. «Художественное особенности освоения инонациональной тематики на примере казахской и киргизской литератур // Из истории казахско-киргизских литературных взаимосвязей». Алматы: «Экономика», 2008. – 248 стр.
10. Мусинов А. «Казахско-киргизские литературные связи». Алматы: «Наука», 1974. – 160 стр.
11. Мұса А. «Қазақ-қырғыз жырларындағы бірлестік». Алматы: «Атамұра», 2011. – 304 бет.
12. «Поэты Казахстана. Ленинград: – 178 бет. «Советский писатель», 1978. – 608 стр.
13. «Поэты Киргизии». Ленинград: «Советский писатель», 1980. – 672 стр.
14. Сатылғанов Т. «Таңдамалы шығармалар жинағы». (Құрастырғандар: А.Ақматалиев, О.Сооронов; аударған Ж.Әскербекқызы). Астана: «Ғылым», 2015. – 178 бет.

 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір