БЕРЕКЕСІ ЖОҚ «БИЗНЕС»
05.07.2024
56
0

«Бастапқыда бәрі қызығушылықтан басталады. Адамның бойындағы азарт оянып кетсе, айналып өте алмайсың.

Бастапқыда міндетті түрде ұтады екенсің… Ұтып-ұтып бір емес, екі казиноның есігін жапқам. «Бастысы – ұтылмай қайту» деген қағида болатын өзімде. Бір кездері көлік те ұтқам. Басқа шығынды есептемегенде, ойынға деп сексен мың доллар ұстап жүретінмін. Бір казиноның есігі жабылған соң екінші үлкен казиноға кіріп ойнай бастадым. Алты айдан кейін ол жерге де кіру мүмкін болмай қалды.
Алғашында жарты сағат, бір сағат ойнап, шамалы ұтқаннан кейін қайтып кететінмін. Бірте-бірте орнымнан тұра алмай қалатын дәрежеге жеттім. Қанағатым бітті, шыдам да бітті. Сонда ең бірінші рет отыз мың долларға ұтылдым. Бір столда жиырма төрт сағат отырып ойнағанмын ғой. Отыз мың долларды төрт рет ұтылып, төрт рет қайтарып алып, соңында шаршап қалдым. Шамам жетпейтінін білдім де, ақыры ұтылыспен қайттым. Кейін он бес мыңмен барып үстіне қосымша он мың доллар ұттым. Алайда кешегі ұтылған сомаға бес мың доллар жетпей тұрды. Соның орнын толтырсам, болды, қоям деп ойлағанмын. Солайша, әр барған сайын бірталай ақша қалдырып отырыппын. Бірталай қарызға баттым. Араласып, сыйласып жүрген кісілердің бір ауыз сөзге келмей берген ақшаларын ұтысқа тігіп жібергем. Бір кісімен бірлесіп кәсіпке деп ұстап жүрген елу мың доллар да сонда кетті ақыр аяғында. Өтірік айту басталды. Тәуелділіктің жеңіп алатыны сондай, ақша да, бәрі де бітсе де, сол жақты айналып жүріп аласың. Басқалардың ойнағанына қарап тұрасың…
Болды қойдым, тойдым, жетеме жетті деп біраз жүрдім де, әлгі жерге ойламаған жерден қайта барып қойдым. Ол орта ендігі маған бөтен емес болып қалған еді. Жұмыс істегің келмейді… Артық ештеңе ойлағың келмейді… Тез ақша табу… Бүкіл жауапкершілікті бойыңнан алып тастағың келеді… Тек, өзіңнің қара басыңды ғана ойлайсың… Казиноға екінші рет аяқ басқанда біршама уақыт өтті ғой, ми тыныққан шығар, қарыздарымды жабам деген дәме болған. Алайда ғимараттардың басшыларын шақырып алып: «Қайтып келсем, енді мені мұнда кіргізбеңіздер», – деп ерікті түрде барлығының есігін жаптырып кеткем. Өйткені бәрібір ойың бұзылады да тұрады екен. Осы қадамды жасағаннан кейін басымнан ойын деген дүние өздігімен кетіп қалды.
Десе де, әттеген-ай дейтінім, қарыз төлеу жолында көп адамға жексұрын болдым. Көптеген жандармен қарым-қатынасым дұрыс емес болып қалды. Алған сабағым да, таяғым да көп. Екі жүз мың доллардан астам ақшаға өмірлік сабақ сатып алдым…
Ол жерде әртүрлі санаттағы адамдар жүреді. Журналистер де, бизнесмендер де бар. Бірқатарына сұрақтар қойып, әңгімеге тартқанымда байқағаным, жетпіс пайызы – отбасынан ажыраған, отыз пайызы кезінде мықты кәсіпкер болған. Қазір бәрінен айрылып, далада қалған ғой. Тіпті ойынға арбалып, дымсыз қалған казино басқарғандар да көп. Ішімдікке, есірткіге салынғандар да, қашып кеткендер де, сағы сынып, кезбеге айналғандар да, ажал құшқандар да бар».
Бұл – танымал әнші Бағлан Әбдірайымовтың құмар ойынның құрығына түскен шағы жайлы айтқан ащы шындығы. Бір мәселе мың мәселеге жол бастап, адам баласын мың-сан әуреге салатынын көріп отырмыз. Мамандардың мәліметінше, азарт ойынның азабын арқалайтындардың қатарын көбіне тәуекелшіл, белсенді, іскер, бір орында тағат тауып отыра алмайтын беймаза адамдар толтырады екен. Талай табысты бизнесменді де құрдымға кетірген құмарлық дүниежүзі бойынша үлкен мәселеге айналған. Мұндай опасы жоқ ойындарға әр қилы мемлекеттерде түрлі заңнамалық тыйымдар жасалып, шектеулер қойылған. Соған қарамастан, шыр айналдыруын толастатпай келе жатқан құмарлықтың құрығы ұзын болып тұр. Елімізде де лудоманияға қарсы күрес жүргізіліп келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді», – деп, аталған дерттің залалын нақтылап айтқан болатын. Заң жобасы да әзірленді.
Құмар ойын құрығына ілінгенді қылмысқа итермелейтіні де көпке аян. Ұрлық-қарлық, әлімжеттік, ажырасу, отбасындағы қатыгездік, зорлық-зомбылық, тағы басқа түйткілдерге итермелейтін індет әскерге де дендеп енген.
Сөз басында келтірген әнші Бағлан Әбдірайым үш жыл отқа сүйреген былықтан шығып, тәубесіне келгенін айтады. Бәс тігуден басталатын онлайн ойындар, ойын автоматтары, спорттық ұтыстар, қай-қайсысынан да сақ болуға үндейді. Кішігірім ұтыстан басталған дерт казиноның есігіне тап қылып, ауқымды мәселелерге бір-ақ әкелетінін тынбай жазып та жүр. Өнер иесі жас жеткіншектерге, жігіт ағаларына, кімге де болсын ой салсын деген мақсатпен қос фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынды. «Zero», «Қарыз» деп аталатын киноларда көптің көкейіндегі мәселелер экрандалған. Идеяның қалай туғаны жөнінде әншінің өзінен сұрап көрдік.
– «Қарыз» фильмінің сценариінде менің басымнан, қасымдағы жандардың басынан өткен, қоғамда өршіп тұрған қарыз мәселесін, отбасы, құмар ойын мәселелерін қамтып жаздық. Айналамыздағыларға ой салатын, әр адам ер азаматтың жауапсыздығы отбасына қалай әсер ететінін, отбасындағы қиын кезеңде әйелдің рөлі қандай болу қажеттігін түйсінсе деген мақсат болды бізде.
Тіршілік етіп жүрген соң кез келген адам баласында арман, мұрат болады. Арманнан идея туады. Идея жұмыс істеуге, ойындағысын жүзеге асыруға талпындырады. Ал құмар ойынның ең басты зардаптарының бірі ойлау қабілетіңнен айырып, зомбиға айналдырады, идеяңды ұрлап алады. Идеясы жоқ адам қандай құрдымға болса да елітіп кете береді.
Мұндай жағдайда көбіне ата-аналар да қателікке ұрынып жатады. Баласына жаны ашып қарызын жауып береді. Жылап жүріп: «Енді ойнама», – деп, баласының: «Ойнамаймын», – дегеніне сенеді. Баласы көп өтпей қайтадан казиноның табалдырығын аттап тұрады. Сондықтан құмарлыққа салынған адам қарызын біреу төлеп беретініне үміт артып қойып, теріс жолдың жетегінде кете бермеу үшін кішкене салқынқандылық танытып, қарызын төлеуден бас тарта білген жөн. Керісінше, оның ішінде толып қалған сөзін, өкінішін тыңдап, артынша жақсы сөздермен демеп, алға ұмтылдыратындай, жігерлендіретіндей сөздер айтқан дұрыс. Жақсы тұстарын, мықтылық танытқан кездерін есіне түсіріп, қайтадан адам қатарына қосылуына жағдай жасап беру керек, яғни қарыздарын жауып, проблемаларын шешіп берген сайын процесс ұзаққа созыла береді.
Құмар ойынға салынғанның бәрін бірдей сипаттау мүмкін емес, әрине. Біреу­ге сөз, біреуге таяқ әсер етеді, енді біреуге өмірді өзі сабақ болады дегендей… Не сөз, не таяқ өтпейтін халге жеткен кезде адамға өзі ғана көмектесе алады. Өз-өзін қамшылап, өзіне көптеген сұрақ қойған жан өзін тұңғиықтан да алып шығар еді, – дейді «Жігіттер» квартетінің әншісі.
Жуырда өткен БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде де ел Президенті: «Сонымен қатар тиісті Заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы Заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, Заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді», – деп қоғамды алаңдатқан дерт жайлы мәселе көтеріп, Мәжіліс пен Сенат депутаттары әзірлеген Заң жобасына жақын уақытта қол қоятынын жеткізген. Елімізде талайды сансыратып, құнсыз ақшаға құныққандардың қамбасын толтырған казинолар мен сол санаттағы ойын түрлеріне көп ұзамай нүкте қойыларына біз де сенеміз.

Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір