Абайға арналған алқалы жиын

Алматыдағы Қазақстан жазушылары кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай, «Абай – ұлы даланың ұлы ойшылы» атты дөңгелек үстел өтті. Мерейтойлық шараны белгілі абайтанушы-ғалым, профессор Серікқазы Қорабай кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
Дөңгелек үстелде ақындар Әділғазы Қайырбеков пен Саят Қамшыгер қазақтың бас ақынына арнаған өлеңдерін оқыса, танымал журналист, сазгер Серік Жанболат, жазушы Әбділдабек Салықбай, «Алматы» телекомпаниясы бас директорының бірінші орынбасары, филология ғылымының кандидаты Базарбек Атығай ұлы ақын шығармашылығы туралы ой өрбітті. Абайдың талантты шәкірті Шәкәрімнің шөбересі Нұрлан Зиятов ризашылық тілегін білдірді, дәстүрлі әнші Саят Нұрғазин Абай әндерін тамылжыта орындады. Мәслихат барысында әсіресе Серік Жанболаттың Абай шығармаларын модельдеп насихаттау туралы тың ұсыныстары тыңдаушылардың зор қызығушылығын тудырды.
Жиынға Әуезов ауданындағы білім беру мекемелерінің ұстаздары мен шәкірттері, Радиоэлектроника байланыс әскери инженерлік институтының сарбаздары қатысты. Білім беру мекемелерінің оқытушылары Хакім Абайдың жастар тәрбиесі, педагогика, ағарту жөніндегі ой-пікірлері туралы қысқаша хабарламалар жасаса, олардың шәкірттері Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін шырқады. Әуезов ауданындағы Татар, Әзербайжан мәдени орталықтарының, басқа да мәдени мекемелердің өкілдері ұлы ақынның қазақ, орыс, француз тілдеріндегі жырларын оқып, жиынға қатысушылар қосыла отырып әндерін шырқады.
Жиын соңында Әуезов ауданы әкімдігі Тілдер және мәдениет дамыту бөлімінің жетекшісі Айгерім Исалиева мен Орталықтандырылған кітапхана жүйесі ардагерлер кеңесінің төрағасы Елена Ағайса жылы лебіздерін айтып, белсене атсалысқан қатысушыларға аудан әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
Дөңгелек үстелде «Абай мұрасы – халық мұрасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Абай атамыздың туғанына 180 жыл толу мерейтойы Қазақстан жазушылары кітапханасында осылайша басталып, Абай әндері Алматы аспанында қалықтады.
Аружан Сіләмбек,
кітапхана қызметкері