ҚҰСТАР АРАСЫНДАҒЫ ХИКАЯ
29.01.2016
2335
0

_MG_7310Балапан БАЗАР

ҚҰСТАР АРАСЫНДАҒЫ ХИКАЯ

– «Қаздар, қаздар!
– Га-га.
– Жем жейсің бе?
– Да-да.
– Қаптың аузын ашайын,
Ал келіңдер, шашайын!..».
Деген өлеңді бәрі біледі.
Бүгінгі бала,
Кешегі кәрі біледі.
– «Қаздар, қаздар!
– Га-га.
– Сайлауға келесіңдер ме?
– Да-да.
– Қаптың аузын ашайын,
– Ал келіңдер, шашайын!…».
…Сайлауда,
Осы өлең боп тұр байлауда.

***

Бүркіттер – қияда,
Тауықтар – жерде,
Қарлығаш – ұяда.
Үйрек-қаз – суда,
Бұлбұлдар – нуда.
Қыран құс – торда,
Сұңқар жүр зорға…
Бәрін тізіп,
Несіне созбалаймыз.
Құстардың жайын айтып,
Біз неге қозғамаймыз?!
Құдайға шүкір,
Бау десең, бауы бар.
Тау десең, тауы бар.
Ең бастысы – бақ бар.
Бақта тақ бар.
Бірақ,
Баққа кіру қиынның – қиыны.
Ол үшін болу керек тиыны.
Бақтың сәні – құс.
Біздің де айтпағымыз
Дәл осы тұс:
Не көп, қарға көп.
Бірі кетсе бірі
Қарқылдайды жарға кеп.
Әуені: «Ғақ-ғақ!».
Оған тосыннан
Көк қарға мен сауысқан,
Сосын ала қарға қосылған.
Ылғи,
Торғайдың төбесінде –
Қырғи.
Торғайларда үн жоқ.
Шиқылдаса күн жоқ.
…Шынын айтсын қай құс?
Күн көру керек байғұс.

***

Бір қарға
Мәуелі баққа қонып алды.
Бір талдан ұрлап,
Екіншісінен жонып алды.
Көнгенін «жеп»,
Көнбегенін қаңғытты.
Төбеде отыр-е-е-еп,
Төменге қарай саңғытты.
Қазір бәрі сезеді:
Тап-таза бір бұтақ жоқ.
Кілең қарғаның тезегі…
Кім ұтылды, кім ұтты?
Былғамау керек шыбықты!

***

Таудағы орын босап еді.
Босағаны осы-ақ еді.
«Адамның досы,
Лайықтысы осы!
Аты қандай – аты,
Жарасып тұр заты.
Көгершін, Көгершін!» деп алдады.
Оған сенген құстар
Дауысқа да салмады.
Бірден келісті.
Бірақ шешім теріс-ті.
Негізі таудың иесі
Сұңқар болу керек еді.
Бірақ билік жек көрді.
Сөйтіп оның орнына
Өткізіп жіберді кептерді.
Жақында тағы сайлау өтеді,
Арасында бір-екі тауық бар.
Сол тауықтар өтіп кете ме деп,
Құстардың арасында үлкен қауіп бар.
Өйткені қоқиланған қоразы
Қанатымен қорғалап жүр.
Тау мен тауға ұшпаса да
Екі ортада жорғалап жүр.
…Біздегі бір нұсқа,
Ұқсайды осы құсқа.

***

Білмеймін қанша жасады
Құзғынның қулығы
Ойы-бой, бастан асады.
Қызығы,
Шыжығы:
Әуелі өзі дем береді.
Сосын жем береді.
Өтіп кеткен соң көмейден
Тексеріс, тінту көбейген…
Айтпағым менің бұл емес,
Құстардың күні құрысын,
Күн емес!
Болмасын әсте күпірлік.
Адам болғанға мың тәуба,
Шүкір… шүкір… шүкірлік!..

 

Түсінікті

Бір лектор
Былай деп тұр:
«А» дегенің –
Ағайындардың санаты.
«Б» дегенің –
Солардың бір қанаты.
«В» дегенің –
Шамалы кісілікті.
«Г» дегенің…
– Ағай,
Ар жағы түсінікті!..

«…»

– Мырзалар,
Өшкеніміз жанып,
Өлгеніміз тіріліп жатыр.
Құдайға шүкір,
«Ұлттық» деген ұғымға
Бетіміз бұрылып жатыр.
Мысалы,
«Ойнас» деген ойын бар.
Ол да «ұлттық!» –
Деп Тыртық
Өзінше құнт ғып,
Дәстүрді «жаңғыртып» жүр.
Жаңғыртқаны бар болсын,
Жетімдерді көбейтіп,
Шетелге қаңғыртып жүр…
Сосын,
«Құлақтан тебу» деген
Тағы бір ойын бар дейді.
Оны естіген апамыз:
«Әй, әдірам қалғыр,
Ойындарың осылсын,
Қане, қойыңдар!» дейді.
Ал жұрт: «Тебе-тебе,
Құлағымыз «іскен» дейді.
Сіздерге – өтірік, маған – шын,
Біздің құлақ ондайға «піскен» дейді.
…Айтпақшы,
Тағы бір ойын шығыпты.
Оның атын «Тендер» деп жүр.
Мұны естіген апамыз:
«Әй, оңбайсыңдар, сендер!», – деп жүр.
…Тендер…
…Жеңдер!..
…Асқынып тұрған «ауру»…
Оны кім емдер?!

 

Диалог

– Қайдасың?
– «Левыйдамын».
Өзің ше?
– «Правыйдамын».
– «Левыйға» келсейші.
– Жоқ, бара алмаймын.
– Неге?
– Ол жаққа баруға
«Правыйдың» ақшасы жетпейді…

 

Қадірсіз кадр

«Бір»,
«Екі»,
«Үш»,
«Төрт»,
«Бес»,
«Алты»,
«Жеті»,
«Сегіз»,
«Тоғыз!»
Соларды басқаратын,
«Нөл» деген кадр бар.
Өздерің білесіңдер,
Онда қандай салмақ,
Қайбір қадір бар?!
Басқасы – басқа,
Жұмысты қалай тартады?..
– Сүйеушің мықты болса,
Сенің де қадірің артады.

Қырғидың қылығы

Қарлығаш деген құс бар.
Оның істеген ісін,
Көре алмайды құстар.
Ұясын қара – сәулетті.
Балапандарын көр – дәулетті.
Бірақ іштарлық деген қойсын ба?!
Бір күні Қырғи,
Қарлығаштың соңына түсті.
Өзі ұйымдастырған арыз
Өзінің қолына түсті.
Ұшса ұшып,
Қонса қонып,
Жолына түсті…
Арызда:
«Қарлығаш күнде шөп алады,
Біртіндеп тасып, көп алады.
Шөп – орманның байлығы.
Әйтпесе, зәулім ұя салуға
Жетпейді оның айлығы!»
Деп көрсетілген.
Содан тексеру басталды.
Бірінші Қарға тексеріп кетті.
«Ұяң бұзылады» деп ескертіп кетті.
Артынан Сауысқан кеп кетті.
Ол бұйырғанын «жеп» кетті.
Торғай салығын салып кетті.
Шымшық жиғандарын алып кетті.
Қысқасы, құзғынның бәрі соңында;
Мойнын үзіп, желкесін қиғысы келеді.
Сөйтіп, Қырғидың алдында
Абырой-бедел жиғысы келеді.
Жемқорлықты өстіп тыйғысы келеді.
Әділдік күткен Бүркіттен.
Бірақ ол да қорқытып, үркіткен.
Ақыры бұл жайт,
Сұңқарға мәлім болды.
(Әрине, арасында
Құзғындардың сөзін сөйлеген
Бір-екі зәлім болды).
Сұңқар ешкімді тыңдамады.
Қылықтарына күліп жіберді:
«Өтірікті ойдан тапқаны үшін,
Адал құсқа жала жапқаны үшін»
Мойындарына бір-екі статья іліп жіберді.
Тағы бір ескергені:
Заңсыз тексергені.
Қысқасы, бәрін күлкі етті.
(Қырғидың арты бүлк етті).
Сөйтіп, Қарлығаштың ісін
Өзгелерге үлгі етті!

***
Жылайық, мейлі, күлейік,
Әділет барын білейік!

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір