Рәміздерімізге құрмет бір реттік іс-шарамен шектелмеуі керек
27.02.2023
176
0

Елімізде мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын 4 шілдеде салтанатты түрде аталып өтеді. Осынау айтулы датаны қазақстандықтар білмейді емес, жақсы біледі. Қоғамды көбіне мазалайтыны: көпшіліктің, әсіресе жас буын өкілдерінің мемлекеттік рәміздерге деген құрметі өз деңгейінде ме?! Бұл жөнінде шыны керек, ауыз толтырып айта алмаймыз. Неге? Оның себептері әртүрлі. Меніңше, рәміздер жөнінде түсінік және ақпараттық жұмыстар жыл бойы, жоспарлы түрде жүргізіле бермейді. Тек Рәміздер күні қарсаңында және сол күндері мемлекеттік органдар мен жергілікті мекемелер бір реттік іс-шаралар өткізумен шектеледі. Одан кейін рәміздерге деген құрметіміз келесі жылға дейін назардан тыс қалып жатады. Бұл – басты кемшілігіміз. 

Мемлекеттік рәміздерді басты құндылықтарымыз ретінде құрметтеу – отандастарымыз үшін азаматтық парыз болуға тиіс. Сондықтан оның мән-мағынасын ашып көрсетіп, қадір-қасиетін мейлінше сипаттап жазудың, бүкіл ел деңгейінде биік қойып, қастерлей білуіміздің маңызы өте зор. Рәміздерге немқұрайды қарайтындарға, қадір-қасиетін түсіретіндерге біржола тосқауыл қоятын кез келгенін қоғам мүшелері де, осы іске жауапты мекемелер де терең түсінуі керек. Бұл – кезек күттірмес әрі күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі. Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі. Ал Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Тәуелсіздіктің осы үш символы халқымызға ерекше рух береді. Әрқайсымыздың кеудемізге мақтаныш ұялатады. Өйткені бұл – бабаларымыздың орындалған арманы», – деген сөзін басшылыққа алып, тың бастамаларды жүзеге асыру қажет.
Соңғы уақытта мемлекеттік рәміздерді кеңінен қолдануға басымдық берілуде. Президент мемлекеттік рәміздерді пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау қажеттігіне баса назар аударғаннан кейін заңнамаға тиісті толықтырулар енгізілді. Қазір Туды әртүрлі іс-шараларда болсын, көпшілік жүретін жерлерде болсын, бекітілген талапқа сай іліп қоюға, қастерлеуге рұқсат етілген.
Дегенмен оның да өз жөні, өзіндік қатаң талаптары бар. Оны сақтау – бәрімізге ортақ. Атап айтсақ, отандастарымыздың патриоттық сезімдерін арттыру, қазақстандықтардың жетістіктерін қолдау мақсатында Ту көрнекті жерлерге ілінгені дұрыс. Сондай-ақ өзіміз тұратын үйдің балконына, терезесіне немесе көлігімізге Ту ілуге заң бойынша рұқсат. Бірақ заңнамада белгіленген стандарттар сақталуы – шарт.
Ең маңыздысы, мемлекеттік рәміздер заңмен қорғалады. Еліміздің Қылмыстық кодексінде «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» деген 372-бап бар. Онда: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – деп (ҚР 03.01.2023 ж. № 188-VII Заңы; мәліметтер «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінен алынды) тайға таңба басқандай атап көрсетілген. Ендеше, заң талаптарын жадымызға тоқып алғанымыз абзал.
Туды құрметтеу – көптеген дамыған елдерде әлдеқашаннан бар дәстүр. Мысалы, Түркияға барған сапарымызда оған талай мәрте көз жеткіздік. Ол жөнінде кезінде мерзімді баспасөзде мәселе көтеріп, жан-жақты жаздық. Түрік бауырларымыздың патриот­тығында шек жоқ. Ту – олар үшін мемлекеттің өзі, түріктің жаны. Бізде де солай болуға тиіс. Әрине, бәрі бірден бола қоймас, түбі қазақ баласы Туды қадір тұтып, абырой белгісіндей көріп, спорттық жарыстардағы жеңістерінде және еліміздің мәртебесін асқақтатын халықаралық, ел ішіндегі іс-шараларда биікке желбірете береді деп сенеміз. Бір сөзбен айтқанда, үлкеніміз-кішіміз болып, мемлекеттік рәміздерді қадірлей білейік. Себебі мемлекеттік рәміздер – еліміздің абырой-ожданы.

Нұрлан ҚАЛҚА,
ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір