Сұлтанәлі – «құрмет­ті профессор»
06.06.2023
424
0

Жазушы-драматург, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры Сұлтанәлі Балғабаев ұзақ жылдан бері Алматыда тұрса да, туған жері Сыр өңірі – Қызылорда облысымен шығармашылық байланысын үзген емес. Қаламгердің кейінгі уақыт­та жарық көрген «Сыр мен Сарысу», «Алтын сағым», «Ауыл мен Алматы» ат­ты үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы осының нақты көрінісі.

С.Балғабаев драматург ретінде де Сыр өңіріндегі театрлармен үнемі тығыз байланыс жасап келеді. Н.Бекежанов атындағы облыстық театрда қаламгердің бірнеше пьесасы сахналанған. Сондай-ақ жаңадан ашылған Қызылорда қалалық жастар театрына арнап «Қыз­ыл­­­ор­даның қыздары» ат­ты пьеса жа­зып, ол туынды да кезінде көрермен көңілінен шыққан.
Қаламгер жақында жерлестерінің өтінішімен «Бағаналы батыр Тауасар» ат­ты жаңа пьеса жазған болатын. Тауа­сар туралы тарихи деректер Қазақ­стан ұлт­тық энциклопедиясында, Ақселеу Сейдімбектің еңбектерінде, басқа да тарихи құжат­тарда кез­деседі. Қы­зыл­­ор­далық белгілі журналист Әзиз Батыр­беков осы мәлімет­тер негізінде Тауасар батыр жөнінде көлемді зерт­теу еңбек дайындаған екен. «Бағаналы батыр Тауасар» пьесасы осы тарихи зерт­теулердің негізінде дүниеге келіп, жақында облыстың Шиелі ауданындағы халық театрында сахналанды. Премьера қарсаңында Тауасар батырды ұлықтау мақсатында бірнеше салтанат­ты іс-шара өткізіліп, аудан орталығындағы бір көшеге Тауасар батырдың есімі берілді. Ал батырға арналған пьесаның премьерасы Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өт­ті. Премьераға, осы салтанат­ты іс-шараға арнайы шақырылған пьесаның авторы Сұлтанәлі Балғабаев та қатысып, қойылымның режиссері Зүлфия Шалабаева мен орындаушы актерлерге шын көңілден ризашылығын білдірді.
Қаламгер осы шығармашылық іссапарында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Гуманитарлық-педагогикалық институтына да барып, кез­десу өткізді. Кез­десуге университет­тің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Дана Абдрашева, институт­тың директоры Сағат Тайман, белгілі қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір, университет­тің бас редакторы Қали Омаров, сондай-ақ қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының және тарих, дәстүрлі өнер мен хореография кафедраларының профессор оқытушылары, жас ғалымдар қатысты.
Кез­десу барысында проректор Дана Абдрашева университет­тің Ғылыми кеңесінің шешімімен Сұлтанәлі Балғабаевқа «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрмет­ті профессоры» атағы берілгенін жария­лап, бұл жөніндегі ат­тестат­ты қаламгер-ұстазға салтанат­ты түрде тапсырды.

Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір