«Тоқтат, сары үпік!..»
29.01.2016
1974
1

photo_57008Орта мектепті тәмамдаған жылы жоғары оқу орнына түсудің сәті түспеді. Содан бастап Алматы мен Ақсуаттың (Семей облысы) екі арасын жол қылған менің «Адам жетектеген адам» деп Оспанхан Әубәкіров айтқандайын, екінші жылдан бастап «шылбырымды» қолына алған ағайым Ахметқали (Ақли) Кіршібаев болды.

Әкем Жаппастың жиған-тергенін жа­­­сырын қалтаға «тоғытып» алған
аға­йы­­мыз екеуіміз Алматыдағы Те­мір­жол вокзалынан түскеннен «түйенің таниты­ны жапырақ» деп, Киров көшесі (қазіргі Бө­генбай батыр) мен Мир (қа­зіргі Жел­тоқ­сан) көшелерінің қиылы­сындағы «Есік» қонақ үйіне таксилетіп бір-ақ тарт­тық. Ондағы кезекші былтыр сол кез­дегіше «көмекейлетіп» үйреткен, бу­ра­ның жарты етіндей орыс әйелі екен, Ақ­лиым үйдегі орысшасын аямай жұм­сап, әкелген «сәлем-сауқатты» жасырын тықпалап жүріп, он адамдық бөл­ме­­ден екі орын алды, әйтеуір. Сөмке, ша­­­бадандарымызды темір торлы тө­сек­тің астына тығып тастап, Мир көшесінің арғы бетіндегі пельменханадан екі-екі пор­циядан пельмен соғып алып, сол кү­ні ұйқының сазайын тарттырдық. Ер­теңінен бастап тағы да КазГУ-дың журфагына құжат тапсырудың әуресіне кі­рістік. Үшінші күн дегенде құжат қ­а­был­­данды деген бір жапырақ қағазды қо­лымызға алдық. Ол кезде ауылдан әкел­ген «Мінездеме», «Жолдама» секілді то­лып жатқан қағаздардағы мөр, штамп­тар сәл өшкіндеу түсіп қалса немесе қойыл­ған қол дұрыс көрінбесе, бірден ауыл­ға қайтарады. Шалғай облыстардан ке­ліп, сәл кілтипанның кесірінен құ­жат­тарын өткізе алмай, жылап-сықтап жүр­гендер баршылық. Өткізгендердікі – сол күні – той. Ақлиым екеуіміз №22 ав­­­тобуспен зообаққа тарттық. Ішін тә­уір-ақ араладық. Қас қарая бір қақпадан шы­ғып едік, қайдан келіп, қайда тұр­ға­ны­мызды білмей қалдық. Сәл жаяулап кө­ріп едік, таба алар түріміз жоқ, таксиге жармастық. Арғы жақтан екі адам алып келе жатқан біреуі қонақ үйге дейін әкеліп сап, үш сомымызды қағып ал­ды. Ол ақша – бір адамның төрт рет іше­тін тамағының құны. Аспалы жолмен барып бір күн «Көктөбені», арнайы кө­лікпен келесі күні «Медеуді» тама­ш­а­ладық.
Оқуға емтихандарды тапсырып біт­кенге дейін жететін ақшаны санап, ыш­қыр қалтама салып, аузын түйреуішпен түйреп берген Ақлиым мені бір құдайға тапсырып, ауылға қайтты.
Екі-үш көйлек, бір-екі шалбардан бас­қа шабаданды оқулықтарға толтырып келген мен қыстайғы оқыған­да­рым­­ды пысықтауға кірістім. Әрбір пән бойынша факультеттің дайындық кес­те­сінде көрсетілген үйрету сабақтары­нан да қалмаймын. Оқытушыларды сұрақ­тың астына алам. Түннің бір уағына дейін дайындалып, таңертеңгі сағат се­гіз­де қонақ үйдің астындағы «Шахта» деп аталатын асханаға таң­ертең­гілікке ба­рамын. Төменге түсе салғандағы кас­саға соқтырған тағам­дарымды алуға ба­ра жатыр едім, асхана­ның кіре бері­сін­дегі оң жақ шеттегі столда он саусағын арт­қа қайырған қалың шашына салалай сүңгітіп жіберіп, қос шынтағын столға ті­рей төмен қарап алпамса денелі ақын Мұ­қағали Мақатаев отыр екен. Менің шәр­кейімнің дыбысын естіді-ау деймін, ба­сын көтеріп:
– Әй, бала, бері кел, – деді.
Қасына жақындап, оң алақанымды кеу­деме төсей иіліп:
– Ассалаумағалейкум! – дедім. Есті­ді ме, естімеді ме, білмедім, бетіме са­мар­қау қарап:
– Оқуға келдің бе? – деді. Бұтымда үш сомдық көк трико, аяғымда шәркей, үс­тімде тор көйлек. Шашым мойнымды жа­бады. Анадайдан ауыл баласы екенім «аң­қып» тұр.
– Иә, – дедім.
– Қай оқуға?
– КазГУ-дың журфагына.
– Мына сен журфакқа?!
– ?..
– Не оқыдың, кімді оқыдың?
– Абай атаны…
– Абайды? Ол кісі не дейді?
– Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақ­тап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.

Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?

Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме…

– Тағы кімдерді білесің?
– Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жан­сүгі­ров, Бейімбет Майлин…
– Кейінгілерден…
– Қасым Аманжоловты, Қадыр Мыр­­­­­залиевты, Тұманбай Мол­да­ға­лиев­ты, Жұмекен Нәжімеденовты, Мұқағали Мақатаевты…
– Мұқағали не жазыпты?
– Жиылып ой қазағы, қыр қазағы,
Ақын боп Алматыда жыр жазады.
Біреулер жырыменен сарай салып,
Біреулер жырыменен ін қазады.

Әйтеуір бір келер деп дүр етер күн,
Алданып мен де босқа жүр екенмін.
Атаққа алаң болған, тиынға құл,
Өзім де ақымақтың бірі екенмін…

…Несіне?
Несіне мен? Несіне мен?
Жазды екем, жанды қинап, несіне өлең?!
Жүрегіме жүк арттым несіне мен,
Жүре бермей өмірдің көшіменен?!

– Тоқтат, сары үпік!
Мен басымды төмен салып, желкемді қа­сып, оң шәркейіммен еден шұқы­ла­дым.
Сәл үнсіздіктен соң мойнын бұрып, оң қолының ортаңғы және сұқ саусақ­та­рын бас бармағымен үйкелеп, ақшаң бар ма дегенді тұспалдады.
Бас шұлғыдым.
– Алып кел, – буфет жақты иегімен нұс­қады. Буфеттің сатушысы мойылдай қа­ра көздері жана ойнақшыған, қып-қы­­зыл ғып бояған еріндеріне алтын тіс­­тері сәуле шашып тұрған, шаш қойы­сы да келісті, қыр мұрынды, аққұба, қо­­с анары кеудесін шерткен қырықтар ша­масындағы толықша келіншек.
– Апай, екі жүз грамм коньяк бе­ріңіз­ші, – дедім.
– Оны кім ішеді?.. Мына сен бе? – деп сұқ саусағымен мені меңзеп, таң­дан­ған сыңай танытып, сықылықтай күл­ді.
– Жоқ, ағайыма берем.
– Іште отырған ба? Ол ағайың коньяк емес, мынаны ішеді, – деп, «Порт­вейн 12»-нің құмырасын көрсетті.
– Жоқ, ақшасын төлейтін – мен. Ко­ньяк құйыңыз, – деп өршеленем.
– Коньягың бекер қайтады. Онан да мы­наны апар, – деп, қырлы стақанға мөл­тілдете шарап толтырды да, оған ауыл­да біздің ернімізге аға, апайларымыз қаладан келгенде ғана аса сирек тие­тін жылтырақ қағаздағы бір ғана шо­колад конфетін қосып беріп, алпыс то­ғыз тиын алды. Мұқа-ағамның алдын­да­ғы столға әкеліп қойдым да, не айтар екен деп, сәл кідірдім. Ештеңе демеді. Қо­­­лымдағы талонымда соғылған тама­ғым­ды ас тасығышқа салып алып, сто­лы­ның бір шетіне қоя беріп едім:
– Жоғал! – деген дауысы саңқ етті. Селк етіп барып, қарсы беттегі ең шеткі стол­ға жайғастым. Жалтақтай қарағыш­тап қойып, тамағымды ішіп, орталата бер­генімде:
– Ей, бала! – деп, сұқ саусағымен өзі­не шақырды. Қасына бардым.
– Бар, лапша алып кел, – деді. Шай, на­ны мен лапшаны қоса соқтырып, ал­дына әкеліп қойып, өз орныма кеттім. Асым­ды асықпай ішіп болып, есікке бет­тей бергенімде:
– Тоқта, – деп, тағы шақырды. Жа­қын­дадым.
– Қасымды оқы, – деді. Мектепте жат­тағанымды сыдырта жөнелдім.
– Аманжол Рахымжанның Қасы­мы­мын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде.
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірімнің бір шетінде…

…Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламайтын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң, дұшпаныңмен,
Ақ көңіл, адал болсаң, сырласыңмын…

…Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтарсың!

Оң қолының сұқ саусағымен көкті нұсқай көрсетіп:
– Вот именно! – деді. Екі шынтағын столға тірей түнерген қалпы сәл отырып барып, маған көз жұмсай:
– Түсесің оқуға! – деді сенімді дауыс­пен.
– Айтқаныңыз келсін! – Студент атан­ғандай қуандым.
– Қайтала. – Буфет жақты мегзеді. Ал­ғашқыны қайталадым. Енді бара бер дегендей ыңғай танытты.
Сол күнгі емтиханға дайындығым да құлшынысты болды. Енді Мұқа-ағамды қонақ үйінің алдындағы жуан талдың саялы бұтақтарының астына қарама-қарсы қойылған қос скамейкадан күнде көремін. Қасында аяқ-қолы кемтар, ар­баның майланбаған дөңгелегіндей ши­қылдақ дауысты біреумен өзі тұрғылас, бірі қазақ, бірі орыс – екі Юра жүреді. Таңертеңгі сағат тоғыздарда бас қосы­сып, қас қарая тарасады. Көз алдында жүрсем де тағы да бір жақындауға батылым бармай-ақ қойды.
…Емтихан да басталды.
Шығарма жазу, қазақ тілі мен әде­биет пә­нінен мүдірмейтін мені тарихшылар та­ғы сүріндірді. Мектеп бағдар­лама­сын­дағы «СССР тарихы» мен пы­шақтың қы­рындай ғана «Қазақстан тарихы» оқу­лықтарын шырт ұйқыда жатқанда шо­шы­тып оятса да бөгеліссіз жатқа соға­ты­ныма қарамастан даталар мен со­­ғыс­тар «шежірешілеріне» жақпай-ақ қой­дым…
Алғашқы жылы «құлап» қайтқаным­да ауылдастарымның көзіне түсуден ұя­лып, автобусты ауылдың со-н-а-у ше­тіне тоқтатып, ши-шидің арасымен үй­ге бұқпантайлап барып, он бес күндей қақ­падан шықпай тығылып жатып ал­ған мен биыл:
«…Көк торғындай көктемде,
Сағым қуған ауылым.
Алыс сапар шеккенде,
Сағындырған ауылым…» –
деп әндетіп барып, жұрт арылмайтын ав­товокзалдан бір-ақ түстім. Оқудан «құ­лап» қалған сыбысым өзімнен үш күн бұрын жетіпті. Кезіккендермен шұр­­қыра­сып табысып жатырмын, «Апырым-ай, болмай қалған екен-ау!» – деп, көңі­лімді жұбатып қояды бәрі де. «Сағым қуған ауылымдағы» тіршілігім оңымен жалғасты. Ақлиым (Ақметқали ағамды қызы Толқын мен үлкен ұлы Ерланның балғын кездегі сөз қолда­нысына қарай қызметтестері де, ауылдастары да Ақли атап кеткен) мектеп директоры Самат Әмірғалиевпен сый­ластығын пайдаланып, он жылдық мектепті тәмамдағанда аудан орта­лы­ғындағы жеті жылдық му­зыка мектебін қоса бітіргенімді алдыға тарта жүріп, аудандық оқу бөліміне «му­зыка пәнінің мұғалімі» деген бұйрық шы­­ғартып, өзі оқу ісінің меңгерушісі қыз­метін атқа­ратын ХХІІ партия съезі атын­дағы совхоздың орта мектебіне алып кетті.
Мен де Мұқағали ағам секілді мұға­лім­дік қызметтің қызығы мен шыжығын бір адамдай-ақ көрдім.

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.

ПІКІРЛЕР1
Куралай 05.09.2017 | 20:20

Мен КазГУ-дин журфагынан кулап,15-20 кун уйде тыгылып жаттым.Экем:»Ел козине туспейтиндей кылмыс жасап па един?»деп,урсып-урсып уйден шыгарган.Еки рет бас редактор болдым.Мына энгимени окып,жылагым келди, коп нэрсе есиме тусти.Авторга ризамын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір