Елеусіз болған, атаусыз қалған есімдер
23.12.2022
571
0

Қайран Саха!
Бұл әңгіме бар өмірін ауылының өркендеп өсуі мен елінің тұтастығына арнаған, қарапайым еңбек адамынан совхоздың бөлімше басқару­шысына дейін көтеріліп, осы қызмет­те 30 жыл жұмыс істеген Сихымбай Көшкінбайұлы ағамыз туралы болмақ. Мәскеудің Орталық Мемлекет­тік Әскери тарихи Архивіндегі (ЦГВИА) Сихымбай Көшкінбайұлы туралы 1096 істің үш папкасы осы азамат ардагерге арналыпты.
1973 жылы Орта Азия Әскери округінің дәргейіндегі бүгінгі «Ақтөбе» және «Бәйтерек» ауылдық окугтеріне кіретін №10 «Бәйтерек» совхозы шаруа елдімекен жайы, «Жаңаталап», «Марьяновка», «Габаевка» елдімекендері Қырғыз ССР-ның Қайнар, Бақайыр айылдары және қырғыздың 2 бөлімшесімен біріктіріліп, сегіз елдімекеннің бірігуімен ірілендірілген үлкен совхоз құрылуы туралы Мәскеу өз ұсынысын Қаз ССР-і мен Қырғыз ССР-нің үкіметіне жолдаған екен. Ірілендірілген осы совхоздың орталығы қырғыздың Қайнар айылы болып белгіленеді. Совхоз негізінен Орта Азия Әскери округі әскерінің ет-сүт, көкөніс-жеміс, астық пен дәнді дақылдар өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етумен айналысуы үшін жоспарланыпты. Бұл шешім территориялық-әкімшілік-шаруашылық талабы мен суармалы жерлерді сумен қамтамасыз етіп, шаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану үшін туындаған еді.
Ал бұның ар жағындағы территориялық аймақтарды бөліп-еншілеу кезіндегі ұлт­тық мүдде, республикалардың мемлекет­тік және ұлт­тық қауіпсіздігі, ұлт-аралық мәселелердің сұрақтары, ата-баба бейіт мазарлары, салт-сана, әдет-ғұрып деген мәселелердегі екі республиканың ара-қатынасындағы тірлікке Мәскеу пысқырып та қарамапты. Міне, осы уақыт­та Мәскеудің ұсыныс жобасына тікелей қарсы шыққан Сихымбай Көшкінбайұлы еді. Сол кездегі Орта Азия Әскери округінің штаб-пәтері Ташкент қаласында орналасқан еді. Округтің бас қолбасшысы генерал-майор Д.Т.Язовтың қабылдауына үш рет кіріп, 1973-1974 жылдар аралығында қазақтың жерінің тұтастығын дәлелдеп, Байзақ датқаның баласы Ақмолда батырдың қанша уақыт­тан бергі қыстау қонысы мен жайлауын мысалға келтіріп, 1920 жылғы жер-су реформасын көлденең тартып, 1924 жылғы Орта Азия республикаларының территориялық жеке межеленуін, ұлт­тық реңмен біртұтас қоныстануын айтып, ата-баба мазарлары туралы, оларға қатынайтын логистика мәселесін көтеріп, №10 «Бәйтерек» совхозы, «Жаңаталап» ауылы, «Марьяновка», «Габаевка» елдімекендерін Жамбыл облысы Жуалы ауданының орталығы Бурныйдан (Боранды бекет­тен) бөлуге болмайтындығы жөнінде тарихи баяндама жасаған ардагер ағамыз екен.
Бүгінгі күннің өміршең құндылықтарымен өткен тарихты саралайтын болсақ: Қазақ ССР-ның әрбір көрші республикаларымен шекаралас аудандарының территориясында осындай әкімшілік-шаруашылық-аймақтық мақсат­тағы қосылып кеткен ауылдар, аудандар қаншама? Бұл саясат 1956 жылдан бастау алып, алғаш Оңтүстік Қазақстан облысындағы аудан Мырзашөлден, соңы осы Жуалы ауданындағы Орта Азия Әскери округіне қарасты екі совхоз – Бурнооктябрьское совхозы мен №10 «Бәйтерек» совхозына кептірілген, 1975 жылы Целиноград облысының территориясында құрылмақ болған Неміс автономиясы да бар еді. Мәскеудің сондағы көксегені өзінің территориясы жағынан әлемде 9-орынды иеленіп тұрған, көлемі 2 млн 720 мың шаршы шақырым жері бар қазақ елінің тұтастығын талқандап, жерін талан-тараж етіп, айналасындағы көршілермен бітіспес дау-дамай жанжалға түсіріп, Ферғана алқабындағы қырғыз, өзбек, тәжік факторын қазаққа да таңу екен. Солай етіп, «бөліп ал да билей бер!» отарлық саясаты арқылы «ұлт­тар мәселесін» қолдан жасап, өзі төреші рөлін атқарушы болмақ екен.
Жуалы ауданының шекаралық аймағы №10 «Бәйтерек» совхозына Мәскеу тарапы 1965 жылдан назар аудара бастады. Қазақ ССР-ның «тың және тыңайған жерлерін игеруге» Ресей, Белоруссия, Украина жерлерінен келген мамандандырылған механизатор жұмысшылар Жуалы ауданына да жет­ті. Бұл славян ұлтының бесінші, неміс ұлтының үшінші рет Қазақстанға қоныстануы еді. Осы қоныстану кезінде жақсы деп есепте тұрған мамандар «Бәйтерек» елдімекеніне көшірілді. Нәтижесінде, 3 жылдың ішінде түзу көшелерде жаңа үйлер, әлеумет­тік нысандар, оның ішінде, аурухана, халық тұтынатын тауарлар дүкендері, киім-кешек дүкендері, азық-түлік дүкендері пайда болды. Елдімекен мәскеулік қамтамасыз ету жүйесіне көшірілді. Совхоз «усадьбасы» гүлденген елдімекенге айналды. Бірақ осы молшылықты, өркениет­ті көру, қызығын тамашалау неміс пен славян ұлтына ғана бұйырыпты. Арасы 2,5 шақырым еңісте тұрған «Жаңаталап» ауылының қазақтары совхоз «усадьбасында» орналасқан дүкендерге кіргізілмеді. Жастары кинотеатр мен дискотекасына жіберілмеді. Осы мақсат­та совхоз активтерінен құралған «кезекшілік» ұйымдастырылды. Осы кезеңде ұлт­тық саясат­тағы солақайлықты сынға алған, ел ардақтап «Упр» деп атап кеткен, қалың қазақтың «Сахасы» – Сихымбай Көшкінбайұлы «Ұлт­тар теңдігі» мәселесін көтерді. Өндірістік жолдамалармен қазақ жастарының жоғары оқу орындарына түсуін, қазақтан шыққан мамандарды жұмысқа орналастыру керек екенін, тіпті өндірістік қажет­тілік есебінде «Жаңаталап» ауылынан шыққан жастарды автомектептерге, «ДОСААФ» курстарына жіберіп, техниканы тізгіндеуге барынша күш-жігер салған, жөндеу станцияларында моторист-слесарьлардың қазақтан шығуына мұрындық болған техника саласындағы толағай еңбек осы «Упр» ағамыздікі. Қазақ жастарының тек совхоздың малын бағып, егінін суғарып, көкөніс пен жеміс-жидегін екпей, техникаға көңіл аудару қажет екенін ХХ ғасырдың 60-жылдары бастама етіп көтерген де осы Сахаң еді. Бұл өзекті мәселе қазекемнің бүгінгі күн тәртібінде де тұр. Астана, Алматы, Шымкент және өзге де облыс орталықтарындағы техникалық қызмет көрсету орындарындағы «автоэлектрик», «автокондиционер», «диагностик» мамандықтарындағы қызметкерлер – өзге ұлт өкілдері. Қаракөз азамат­тарымызды ондай салалардан тап­пайсың. Ал бұл күрмеуі қиын мәселені Сахаң 60-жылдары көтеріпті.
Тіпті №10 совхоздағы дискотекада ұлт-аралық жанжалда қазақ жігіті қайғылы жағдайда қаза тапқанда, осы қандас бауырының жоғын жоқтап, құнын сұрап, Орта Азия Әскери округінің штаб-пәтері орналасқан Ташкент қаласына сапар шегіп, небір әскери шенділер мен қолбасшы Д.Т.Язовтың қабылдауында «ұлт мәселесін» көтерген тағы да Сихымбай Көшкінбайұлы еді.
Осы жазып отырғанымның барлығы Мәскеудегі Орталық Мемлекет­тік Әскери-тарихи Архивінде (ЦГВИА) үш папкада егжей-тегжейлі жазылып, Сахаң туралы мінездеме беріліпті. Орта Азия Әскери округінің басшылығы Сихымбай Көшкінбайұлын бөлімше басқармалығынан алып тастайын десе, бұл кісідей жер жағдайын меңгерген, суғару жүйесін білетін, мал жағдайына қанық, ел алдында қадір-қасиеті бар маман таппаса керек. Ал өзге ұлт өкілінен шыққан өгейлер қалың қазақ қоныстанған «Жаңаталап» ауылына жүректері дауаламапты. Сонымен бірге «жеке іс» папкісінде Саха басқарған бөлімшенің «социалистік жарыста» өзге бөлімшелердің көрсеткішінен ауылшаруашылығындағы қандай өнім жағынан болсын оқ бойы алда екені, ол кісінің ерекше еңбекті ұйымдастыру қабілеті анық айтылыпты. Айта кететін жайт, «ұлт мәселесінде» мінез көрсетіп, қазақ үшін тек партбилет­ті үстелге қойғаны емес, басын бәйгеге тіккен ұлтжандылығы да жазылған.
Ендігі айтарым, елі үшін еңіреп жүріп еңбек еткен атпал азамат, атадан абадан ұл болып туған есіл ер, ел егемендігіне өз кіндігінен 5 ұлды, 5 қызды елдің ертеңі үшін тірлікке салыпты. Осы ұл-қыздардан тараған немере-шөберелер түрлі салада септігін тигізуде. Жоғарыдағы ел алдындағы еңбектерін санамалап, сараптай келе Сихымбай Көшкінбайұлының есімі «елеусіз болған, атаусыз қалған есімдердің» санын толтырмай, халық алдында аталса деген ниет­теміз. «Жаңаталап» елдімекенінің атауына тиіспей, сол елді мекендегі «Жаңаталап» орта мектебіне Сихымбай Көшкінбайұлының аты берілсе деген мақсат бар.
Әдет­те, өзге өркениет­ті елдерде көше атаулары рет­тілік санмен беріледі. Мысалы: №11-көше, №19-қиылыс. Ал қазекемнің жағдайында көше, елдімекен, оқу орындары, білім беру мекемелері белгілі бір тарихи тұлғалардың, мемлекет­тік және қоғам қайраткерлердің есімімен аталады. Жамбыл облысы Жуалы ауданы «Жаңаталап» ауылының ресми түрде көше тігіп, бүгінгі территориялық әкімшілік аймақ: орталық, – облыс, аудан, ауыл болып төрт буыннан тұратын ресми атауы 1938 жылдан бастап картаға енген екен. Ол кездегі әкімшілік атау №10 ауыл болып аталды. Алайда бұл елдімекенде бүгінгі мемлекет құрушы ұлт, жергілікті халық тұрған жоқ. Қазақ деген атауды алған бүгінгі «Жаңаталап» ауылының негізгі тұрғын рулары жаңабай, керей, қоралас рулары қырғыздың Қайнар, Бақайыр елдімекендерінің етегін ала жайғасып, төмен қарай Теріс өзені мен Айша Бибі елдімекенінің Қаратау алқабын ала көмкере сай-сала мен бастау бастарында 5-6 үйден құралған әулет-әулет болып орналасқан еді. Бұлай орналасу: 1) шаруашылық-географиялық рет­тілік, 2) қазақ қоғамының әулет­тік-патриархалдық құрылымы, 3) рулық қарым-қатынас реті, 4) әкімшілік-территориялық аймақ бөлінісі болатын.
Қазақстан Республикасының сая­си картасындағы оңтүстіктегі Орта Азия республикаларымен, солтүстігінде Ресей Федерациясымен болған территориялық өзара шекара алқабы мен межеленуін алғаш рет 1920 жылғы Қазақстандағы жүргізілген жер-су реформалары мен көрші Орта Азия республикаларымен жүргізілген 1924 жылғы территориялық межелену мемлекет­тік шекара бөлінісі айқындаған еді. Осылай бүгінгі күнгі Қазақстан Республикасының территориясы белгіленді. Еліміздің оңтүстік- шығыстағы шекарасы белгіленгенмен осы өлкедегі қазақ рулары әлі көшпелі және жартылай көшпелі тұрмысынан айныған жоқ. Қазақ даласындағы белгілі бір территориядағы жерге орнықтыру, отырықшы кәсіп пен тұрмысты енгізу 1928-1930 жылдардан бастап мықтап қолға алынды. Жамбыл облысы Жуалы ауданында орыс ұлтынан өзге, жерге орнықтырылған алғашқы елдімекен осы аты аталған «Жаңаталап» ауылында болды. Ал ұлт жағынан алғашқы қоныстанушылар – 1938 жылы Қиыр Шығыстан көшіріліп әкелінген кәрістер еді. 1953 жылы кәріс ұлты одақ ішінде көшіп-қонуға рұқсат алып, ұлт­тық диаспорасының мәдени орталықтарын құруға мұрсат беріліп, Қызылорда облысындағы колхоз-совхоздар ірілендіріліп, кәріс ұлты аты аталған облысқа көшірілгенде, орны бос қалған №10 ауылға жаңабай, керей, қоралас руларының жаппай қоныстануы басталды. Осы көштің бастамашысы болған, сай-саладағы, бастаулар басындағы қазекемнің 5-6 үйден тұрған әулет­терінің басын бір ауылға жинаған, оңтүстігіндегі қырғыздың Бақайырынан, солтүстігіндегі Айша-Бибі кесенесіне дейін шұбатылып кеткен алқаптағы қазақ жұртының қонысын бір елдімекенге біріктірген, жаңа өркениет­тің жаршысы болған, ел жанашыры Сихымбай Көшкін­байұлының еңбегін атап, халыққа көрсету – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Тіпті Жуалы ауданы бойынша елдімекендердің атаулары Алексеевка, Кантемировка, Некрасовка, Казанка, Благовещенка, Зыковка, Петровка, Братское, Юрьевка, Юсуповка, Евгеньевка, Ново-Вознесеновка, т.с.с. атаулармен аталып жатқанда, Сахаң елдімекеннің атауын Ақмолда батырдың немересі Әлім молдамен ақылдаса келе «Жаңаталап» деп атап, 1958 жылы ел ішінде жиналыс өткізіп, бұл атауды аудандық партия бюросында қорғағандығы жөнінде, осы әрекеті үшін «ұлтшыл» деген атау­дағы айдарды алғанын кейінгі ұрпақ біле ме?
Бүгінгі қазақтың блогері, кешегі қазекемнің тарихшысы есебінде архив бет­терінен Сихымбай Көшкінбайұлы туралы ақпарат­тарды ақтара отырып көзім жеткен дүние:
Түрлі саладағы шаруашылық жүйесін іс жүзінде меңгерген, бар білімі училище, техникуммен тәмамдалса да, дала академигі болып еліміздің ХХ ғасырдың 50-80 жылдардағы барақатты тірлігіне мұрындық болған аға буын әкелеріміздің еңбегінің ерендігі.
Ел тұтастығына, ел бірлігіне, территория мен мемлекет­тік шекараның беріктігіне тек орталықтағы мемлекет қайраткерлері, Ж.Тәшенов сынды азамат­тар ғана емес, жер-жерлерде ел жанашыры болған Сахаң сынды азамат­тардың көптеп болуы – аз да болса бүгінгі ел егемендігіне зор септігін тигізген.
«Шеңгел өз жерінде ғана дүркірейді» деген сөзді айтып, кейінгі інілеріне, қарындастарына келген келімсек өгейлердің кететінін, түптің түбінде түгін тартсаң, майы шығатын жерге қазекемнің ие болатыны жөніндегі ағартушылық еңбегі мен еңбек адамын тәрбиелеген, гараждық жүйені құрған Сахаңдардың жасампаз еңбегінің берекесі бар екендігі.
Қазақстан Республикасының «Мемлекет­тік тіл туралы» заңы 1997 жылы 11 шілдесінде қабылданыпты. Ал осы заңның арғы аталары жер-жерлердегі Сахаң сынды ұлтжанды азамат­тардың жер-су, тау-тас, елдімекен атауларын қазақша, қазақы иіспен атау жөніндегі өлермен әрекет­тері екеніне енді көзіміз жетіп отыр.
«Ерлік – тәрбие жемісі» деп қазекем бекер айтпаса керек. Сонау кеңестік кезеңдегі қылышынан қан тамған коммунистік жүйенің территориялық-әкімшілік, шаруашылық-қаржылық, мелиорация-ирригациялық жүйелеріне қарсы шығып, ұлт теңдігі мен ұлт­тар мәселесін көтерген бейбіт заманның батыры Сихымбай Көшкінбайұлының бүгінгі күнгі тарихтан орын алатын уақыты жет­ті.

Ғабиден Жәкей,
Алматы – Мәскеу –
Тараз – Алматы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір