Қасым ханның қабірі қалай табылды?
24.02.2023
552
0

Сарайшықты зерттеуде тарих ғылымдарының докторы, этнограф Ахмет Уәлханұлы Тоқтабай өзіндік із қалдырған ғалым. Өткен ғасыр соңында Сарайшыққа келіп, Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы құрамында этнографиялық зерттеулерін жүргізді. Сол сапардың нәтижесінде 1998 жылы 21 наурызда «Егемен Қазақстан» газетіне «Сарайшықтың аққу көлі» атты мақаласы жарияланды. Мақалада көптеген тың этнографиялық деректер келтіріледі. Мақаланы түйіндей келе ғалым: «Сөйтіп, Сарайшықты зерттеу келешекте екі үлкен мәселені туғызады. Біріншісі, хандар тарихы, хандар тарихын алып бәйтерек дейтін болсақ, хан әулеттерінің бүкіл түркі ұлыстарына таралу жолын қарау арқылы осы елдердің саяси тарихын жасауға септігін тигізері даусыз» деген екен.

Мақалада атыраулық қоғам қайраткері Ш. Қаржауовтың: «Әкем Мырзағали 1937 жылы қайтыс боларда мені хан бейітіне, Қасым ханның жанына жерлеңдер. Бейіт­тің жанында мешіт болуға тиіс деп өсиет етті. Әкемнің өсиетін орындайын деп мәйі­тін Гурьевтен (Атыраудан) Сарайшыққа әкелдім.
Сұрастыра жүріп 90-ға келіп қалған бір ноғай шалына кездестім. Ол Қасым хан бейітінің баспалдақпен түсетін жартылай жер асты мешітінде екендігін айтты. Мешіттің бір қабырғасы түгелдей шымылдықпен жабулы тұр, ары қарай қазсаң хан бейітінің үстінен шығасың. Әкемді сол жерге жерлеп, моласын соқтық. Інім Қаржауов Нығмет те сол бейітке жерленген, маңайы темір қоршаумен қоршалған» деп еске алғанын жариялайды.
Осы деректерді негізге алып 2020 жылдан бастап «Сарайшық» музей-қорығы «Хан моласы» нысанына археологиялық қазба салып, зерттеу жүргізе бастады. Ең қызығы, ескі сызбада белгіленген «Хан моласы» орны А.Тоқтабайдың мақаласында келтірілген Мырзағали Қаржауов жерленген жер екені анықталады. Осы арада Нығмет Қаржауовтың да темір қоршаулы бейіті орналасқан. Демек, А.Тоқтабайдың өткен ғасырдың соңында жүргізген зерттеу­лері дәлелдене түсті. Қазба нәтижесінде археологтар «Хан моласы» нысанынан екі элиталық зиратты анықтады. Алдымен киіз үй тәріздес етіп күмбезді келген сағана орнынан күмбезі толық бұзылған, үш бұрышы сақталған қыш кірпішті қабірхана ашылды. Еденіне дейін қыш кірпіш төселген. Сағананың ішкі көлемі 4х4 м-ге тең. Қыш кірпіштерінің көлемі 22х22х5, 23х23х5 см. Кірпіштерді қалау­ға және қабырға сылағына ақ ғаныш пайдаланылған. Сағана аузы дромос тәріздес, ұзын дәліз түрінде салынған, ұзындығы 3,70 м. Ішінен 30-дың үстінде адам сүйектері шықты. Қазба орнын кеңейту барысында дәл осындай екінші сағана да табылды. Тек оның еденіне қыш кірпіш емес, ғаныш қабаты төселген. Сағаналардан табылған барлық ересек адамдар сүйектерінен генетикалық зерт­теуге ғылыми үлгілер алынды. Оның нәтижесі болашақта белгілі болады. Радиокөміртек әдісімен жерленген адамның жасын анықтау үшін Литваның Вильнюс қаласындағы лабораторияға да ғылыми үлгі жіберілді. Бұл ғылыми үлгімен жұмыс жасаған мамандардың сараптамасы 457 жасты көрсетті, бұған ±30 жас қосылады. Яғни, біздің есептеуімізше 1493 жылға сәйкес келеді, нақтырақ айтсақ, 1463-1523 жылдардың аралығын көрсетіп тұр.
Екінші сағанадан мата қалдығы табылып, оны реставратор Т.Крупа зерт­теуден өткізді. Зерттеу нәтижесінде «бедерлі» (рытый) барқыт матасы екені белгілі болды. Таза жібектен алтын жалатылған күміс түсті жіптер пайдаланылғаны анықталды. Зерттеушінің болжауынша, мата XV-XVI ғасырларға жататын Осман империясының өндірісі болуы мүмкін. Сол кездегі әлемдік үрдістегі сәнге сай одан тек бай, беделді адамдар ғана киім тіктірген. Табылған жәдігер Сарайшықтағы «Хан моласы» сағананың ерекше мәртебесін және элиталық екенін көрсетеді. Егерде Ахмет аға 1997 жылы екі көзі су қараңғы болып қалған Ш. Қаржауовтан әкесі мен інісінің жерленгені туралы әңгімені жазып алмағанда Қасқа жолды Қасым ханның қабірі қазір табылар ма еді?
2023 жылы Ахмет ағамен Қарақалпақстанда архивте кездестік. Ханның қабірі жайында тағы да пысықтап сұрастырғанымда ол кісі Қасым ханның Сарайшықта жерленгенін белгілі орыс тарихшысы Карамзинде жазып кеткен деді.
Қазақ хандығын Орталық Азиядағы қаhарлы мемлекетке айналдырған Қасым ханның мүрдесі, өмірі мен қызметін зерттеу­дің негізі Ахмет Тоқтабайдың ізденістері нәтижесінде қаланды.

Амангелді ЖҰМАБАЕВ,
«Сарайшық» мемлекеттік
тарихи-мәдени музей-қорығы
ғалым хатшы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір