ГАЙДАЙ – ҚАШАН ДА ГАЙДАЙ! ЖАРҚЫРАҒАН АЙДАЙ!..
10.02.2023
2903
0

Бір өнер туындысына ғашық боласың. Әрі сол шедеврге деген махаббатың, авторына деген құрметің баянды болады да, ол махаббатың мен құрметің өміріңнің соңына дейін, бәлкім, мәңгілікке ұласады. Бұрынғы посткеңестік әлемде соңғы дәуірдегі ұлы комедия режиссерлерінің бірі деп танылып, мойындалған Леонид Гайдайдың 100 жылдығы аталып өтіп жатыр. Телеарналар Гайдайдың «Кавказ тұтқыны», «Иван Васильевич мамандығын өзгертеді», т.б. фильмдерін үздіксіз көрсетуде.

Қайта-қайта көресің, бірақ құмарың әсте қанбайды. Көре бергің келеді.
Туынды авторы үшін онан артық бақыттың керегі жоқтай көрінетіні де рас. Шығармаң өзің өлгеннен соң да сұранымға ие болып жатса, арман не шынында да!
Жасыратыны жоқ, режиссер көзінің тірісінде мойындалды, «тірі гений» атанды. Әрі өзінің осы атаққа лайықты екенін өмірден өткен соң да мойындатып отырған жәйі бар.
Гайдайдың талантын толық ашып көрсете алды делінетін «Кавказ тұтқыны» экранға 1967 жылы шықты. Одан бері де біраз уақыт өтті. Заман, қоғамдық формация, адамның дүниетанымы өзгерді, жаңарды. Өзгермеген туындының өзі ғана.
Шедеврге деген сұраным өз алдына, кешегі уылжыған Наталья Варлей кемпір болды. Вицин де, Никулин де, Моргунов та, Гайдайдың өзі де өмірден өтті. «Жолдас Жабраил» – Фрунзик Мкртчян ертерек қайтыс болды. Влад. Этуш (Саахов жолдас) осы күні – еңкейген қария.
Ал фильмнің өзі әлі де сол жап-жас қалпында. Әлі де прокат төрінде. «Енді ондай туынды не жасалады, не жасалмайды…» деген пікірді де жиі естиміз.
Жақсыға құмарлық, еліктеу – адам табиғатына тән. Рас, Гайдайға еліктеушілер, оған ұқсауға жанын салып тырысқандар, қазақша айтқанда, тыраштанушылар болды. Бірақ ұқсай алмады.
Себебі «тірі гений» – шынында да кинемотографтағы ерекше құбылыс, ғасырда бір көрінетін ерекше тұлға болатын.
Кеңестік кино өнерінде комедия жанрында Гайдаймен теңдесуі мүмкін делінетін режиссерлер қатарында Рязанов, Данелия сияқты мықтылардың ата­л латыны бар. Алайда «Гайдай – қашанда Гайдай! Гайдай – қашан да Айдай!» деген жалпыхалықтық ұғым – әлі де мызғымас жартас қалпында!
Гайдайдың шығармашылық жолының соңғы кезеңінде Владимир Меньшов деген жас дарын жарқ еткен болатын. Меньшовтың «Махаббат пен көгершіндері» («Любовь и голуби») алдымен басқалар сияқты Гайдай қолтаңбасын қайталамауымен, халықтық сипатымен ерекшеленетін.
Өкінішке қарай, Меньшовтың да өмірі қысқа болды.
Сөз арасында бір нәрсені ескерте кетуге тиістіміз. Бұл мақаланың мақсаты – «Мосфильм» туындыларын біржақты мадақтап, насихаттау емес. Мәселе – өнердің әлемдік дәрежеде мойындалған кереметтілігінде, режиссердің талантына деген құрметте.
Тағы да бір гәп бар. Адам болған соң өзімізде жоққа қызығамыз. Құмарта тамсанамыз. Жақсыға құмарту, еліктеу синдромының («зәрулік синдромы» десе де болады) тағы бір көрініс берер тұсы да – осы.
Кезінде «Иван Васильевич…» фильмінде ерекше дарынымен көзге түскен дарынды актер Савелий Крамаровтың (хатшы Федя) Америка азаматтығын алғаны есте. Әлбетте, Батыс билігі ұлы актердің дарынына қызықты. «Иван Василь­евич…» сияқты ғажап фильм түсіруді мақсат етті. Алайда Крамаров «қолда болғанымен», оларда Гайдай жоқ еді…
Гайдайдан айырылып қалған Ресей кинемотографы да көрермен бейілін өзіне аудару үшін түрлі амал-айлаға кірісті. «Кавказ тұтқынының» көшірме ремейкін жасап көрді. Бірақ онда Вицин де, Никулин де, Моргунов та, Мкртчян да жоқ. Жетпістегі Наталья Варлей мен тоқсандағы Влад. Этушты да айдай сұлу Нина мен Саахов рөлінде көрсете алмайсың. Ең бастысы, режиссер Гайдайдың өзі де жоқ.
Ақыры, фильм шықпады. Сол ремейк­те «Жолдас Жабраил» рөлін орындаған актер Кещян да оны «фильм шықпады» деп бір-ақ ауыз сөзбен мойын­дайды. Ал Геннадий Хазанов «мұндай керемет фильмнің ремейкін жасау үшін алдымен ойланып алу керек еді, «калька» жасау­дың қажеті жоқ еді» деп, екінші «Кавказ тұтқыны» туралы ойын қысқа, қысқа да болса нұсқа қайырады.
«Кеңестік фильмдердің алтын қоры» атанған режиссер қолтаңбасының енді ешқашан қайталанбайтыны осылайша белгілі болды.
Ұлы режиссердің қара басына қатысты да небір пікірлер бар. «Иван Васильевичте…» орталық рөлдердің бірін сомдаған Леонид Куравлев Гайдайдың басқа режиссерлердей емес, сценариймен, оның авторының пікірімен қатты санасатынын айтады.
Жалпы, кино түсірілімі барысында режиссер мен сценарист қостағаны – шешуші фактордың бірі болып табылады. Л.Куравлев «Иван Васильевич…» фильмі туралы «алдымен сценарий жақсы болды. Гайдай онымен санасты» деп еске алады.
Осы ретте Сергей Герасимовтың Шолоховтың «Тынық дон» эпопеясы бойынша түсірілген аттас фильмі еске оралады. Ол – шынында да киноклассиканың нақ өзі еді. Фильм түсірілгеніне алпыс жылдан асса да әлі де маңызы мен мазмұнын жоймай келеді.
Ал оның құпиясы, сыры неде?
Рас, Герасимов әлем мойындаған мықты режиссер болатын. Ал Нобель сыйлығының лауреаты, түпнұсқаның авторы М.Шолоховтың беделі одан жоғары болмаса, кем емес-ті. Ол өз шығармасының режиссер қиялына сай өзгеру­іне, өзгертілуіне әсте көне алмайтын.
Сондықтан эпопея үтір, нүктесіне дейін өзгертілмей, сол, бастапқы жазылған қалпында экрандалды. Соның арқасында кеңестік, тіпті әлемдік кинемотограф тарихындағы ең үздік туындылардың біріне айналды.
Кино маманы болмағандықтан, қателесуіміз де мүмкін, бірақ аса өзекті дәл осы жайтқа байланысты біздің де өз пікіріміз бар. Ол Оралхан Бөкейдің «Сайтан көпірі» мен режиссер Дамир Манабаевтың «Сайтан көпірі» арасындағы айырмаға қатысты.
Біздіңше, режиссердің дайын, оның үстіне мойындалған прозалық шығарма негізіндегі сценарийден ауытқығысы келмеуі де мүмкін. Бірақ күрделі психодраматизмді кино тілінде игеруге шамасының жетпеуі ықтимал.
Бар гәп осында дер едік.
Ал Леонид Гайдай бұл мәселеде аса шебер болған.
Ұлы режиссерге қатысты әңгімемізде кинемотографтағы «актер таңдау» машығы туралы да айта кету парыз.
Танымдық әдебиет Гайдайдың бұл мәселеде өте әділ болғанын айтады. Режиссердің әйелі Н.Гребенщикова да үлкен фильмдерде орталық рөлдер сомдаған, атақты «Муму» психодрамасында Катеринаны ойнаған, жиырмадан астам киноға түскен белгілі актриса. Бірақ біз оны атақты күйеуінің бір ғана фильмінде – «Брилянтовая рукада» ойнағанын көреміз. Онда да қосалқы рөл. Бас кейіп­кер Горбунковтың әйелі рөлінде ғана.
Актрисаның өзі де «Ленямен өмір сүру оңай болды деп айта алмаймын» деп ашық мойындайды.
Ерлі-зайыптының, еркек пен әйелдің қарым-қатынасына қатысты өнер адамдары арасында небір қызықтар болып тұрады. Сәкен Жүнісов ағамыздың көп әйелінің бірі актриса болғаны белгілі. Актрисаның жайы әммеге аян, ол кейде сахнаға не экранға басқа бір еркектің әйелі болып шығады. Эротикалық көріністерді айтпағанда, дүйім елдің алдында некелі әйеліңнің басқа біреумен құшақтасып, Құдай сақтасын, тіпті сүйісіп тұрғанын көруден өткен қандай әбестік болуы мүмкін?!.
Әлбетте, Сәкен сері жаман әйелге үйленбейді, әрі екібастан намысын таптатпайтын кісі. Актриса жеңгеміз де көрікті болғанға ұқсайды. Сәкеннің мінезін жақсы білетін жеңгеміз махаббат туралы спектакльдерде ойнаудан басын алып қашады екен.
Сондай бір эпизодты көріністе залда көрермен болып отырған, онсыз да жуастар санатына жата қоймайтын Сәкен серінің қызғаныштан қаны басына теуіп, сахнаға атып шығып, әйелін құшақтап тұрған актерді қанжоса етіп сабаған оқиғасы да болған…
Әрине, ондайда әйел де жазасыз қалмайды. Жеңгеміз де біраз төмпеш көрген сияқты. Бірақ ел-жұрт жабыла жүріп, Сәкенді басқаннан кейін спектакль қайта жалғасады.
«Менің рөлім – сол сәтте әйелдің жылайтын рөлі еді. Рөлімді қайта жалғастырып, Сәкеннің төмпеші бар, ағыл-тегіл егіліп тұрып шын жыламаймын ба. Көрермен «міне, шын талант, шын актриса!..» деп дүркірете қол соққаны-ай сонда…» деп еске алыпты актриса жеңгеміз.
Ал Гайдайға келсек, өз әйелін өз киноларына жолатпауын былай қойғанда, кеңестік кино тарихында жалаңаш әйел бейнесін экрандаған тұңғыш режиссер де сол.
«Кавказ тұтқынында» сымбаты да, сәні де келіскен Наталья Варлейге дейін экранға жартылай жалаңаш шыққан актриса жоқ. Фильмнің осы бір эпизодын біздің ауылдың клубында көргенімізде ақ жаулықты апаларымыздың «Астапыралла!..» деп сыртқа тұра қашқаны, жеңгелеріміздің жер шұқып, төмен қарағаны, керісінше, ағаларымыздың көзін жұмып, тамсанғаны еске түседі.
Оны да – режиссердің көрермен көңілін тап баса білуі деп бір қоялық.
Гайдай әлемі – бай, Гайдай – әлемі сан қырлы. Кинотану ғылымының қазір режиссер феноменін зерттеуге, зерделеуге шындап кіріскені байқалады. Гайдайдың фильмдерінің ұлттық киносын әлі де болса өркендете алмай отырған бізге де қатысы бар. Себебі, шеберлікті үйрену – парыз. Әсіресе біздің жағдайда…
Гайдай – қашан да Гайдай! Қашан да жарқыраған Айдай!.. Оған режиссердің көрерменін қанша көрсе де жалықтырмайтын ғажайып туындылары куә!..

Өмірзақ МҰҚАЙ

Суреттерде:
режиссер түсірген
фильм кадрлары

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір