САҚ-САҚ КҮЛГЕН САТИРА!
Аймұханбет
БЕЙСЕМБЕКОВ
МЕН ЖАЗБАЙМЫН САТИРА ЕРІККЕННЕН
«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»
АБАЙ
Мен жазбаймын сатира еріккеннен.
Қоғамдағы былықты көріп келем.
Жазайын деп, жазбаймын бұл «сайтанды»,
Ашынғаннан қаламға ерік берем.
Шырылдатып шындықты тіліп айтам!
Шұбарланған, қорланған – тілімді айтам!
Баспанасыз, жұмыссыз қара қазақ,
Озбырлығын биліктің біліп айтам!
Мен жазбаймын ермек қып сатираны.
Жанға батар жерімнің сатылғаны.
Бар халықты басқарып, Мемтіл білмей,
Мәңгүрттердің билікте отырғаны.
Мемтіл мынау билікке болған мазақ.
Парламенті шет тілде заңын жазад.
Гандурастың артында қалып жүріп,
30 елден қазағым қалай озад?..
«Сын түзелмей, ешқашан мін түзелмес»,
Мәңгүрт билік бұл сөзді құлаққа ілмес.
Қара халық қалт-құлттап сорлап жүрсе,
Жемқор билік байыған оны көрмес.
Биік қойып бәрінен арды ойлаған,
Сатираның пірі еді қайран бабам!
Болыс пенен байларды сықақ қылған,
Ұлы Абайдың жонында қамшы «ойнаған».
Қоғам жайын Абайдай жаза алсам,
Өкінбес ем, сол үшін жазалансам.
Өз басыма еш нәрсе сұрамаймын,
Шындықты айтам – билікті мазаласам.
Бірге жылап, халқыммен бірге күлем!
Кенемесін кеудемді қайтып өлең?!
«Бас кессе де, тіл кеспес!» – дегендейін,
Айтарымды мен сірә, айтып өлем!
ҚАЗАҚ ПЕН ӨЗБЕКТІҢ ТІЛ ТУРАЛЫ АЙТЫСЫ!
Қазақ:
Өз ағам, өзбегімнен айналайын!
Төрге шық! Ақ дастарқан саған дайын!
Қазы-қарта, жал-жая алдыңда тұр,
Мінеки, қымыз, шұбат, құрт пен майым!
Тіл барда ұлыс та бар, халық та бар,
Ана тілмен әрбір ұлт бақыт табар.
Тіл туралы айтысқа қош келіпсің,
Ал, бастайық қолға алып, домбыра, дутар.
Өзбек:
Уа, қазағым! Тегі бір, ділі де бір,
Бір Аллаға сыйынған діні де бір.
Ұлы дала ұрпағы Көктүріктің,
Бірге туған, бауырым – тілі де бір.
Басқа – басқа, дәл сенің тілде нең бар,
Қос тіліңнен маңдайда қалың сор бар.
Дүниеде бір ел бар ол – сен қазақ,
Мазақ етіп Мемтілін – өзі қорлар.
Орыс тілсіз кірмей ме ақылдары?
Бар жиында билік орысша гәпірәды.
Қорқытып Путинменен басшыларды,
Қазақты масқара етті-ау, қатындарың.
Қазақ:
Қос тіл! – деп жүріп,
күрмеліп қалды тіліміз.
Сөзіміз – орыс, ал қазақ – бірақ түріміз.
Енді билік кіргізуде үш тілділік мектепке,
Не болар екен ертеңгі біздің күніміз?!
Өзбек:
Не болушы еді, 30 жыл жүрсің «шүлдірлеп»,
«Аюдан» қорқып,
«артыңды» қысып күбірлеп!
7-бапты өзгертпей еш оңбайсың, әй, қазақ!
Үш тілге көшу – ұлтыңды сенің бүлдірмек!
Ей, баурым, қазағым! Болып па едің
Төшкенде?
Сөйлеспейді өзбектер сендердей «шатып»
қос тілде!
Алматы мен Астанаң
толған «шала қазақтар»,
Шыныменен қазағың орыс тілге көшкен бе?!
Қазақ:
Мемтілім менің – мақтаным әрі ардағым,
Өзбектей зорлап үйретуге бармадым.
Кесірі соның мінеки, билікте орыс тілділер,
Орындалмай келеді,
Мемтілге көшу – арманым!
Өзбек:
Басқа ұлт қайтер тіліңді,
сөйлемей жүрсе, қазағың,
Білмеуші ме едің өзбектің
баяғыда айтқан мазағын!
Орыс болам десеңіз,
алдымен қазақ бол!» – деген,
Құтылмай құлдық санадан,
тартасың тілдің азабын!
Асың мен тойда еліріп,
біріңді-бірің мақтай бер.
Үш тілге қосып тағы да,
қытайдың тілін жаттай бер.
Атасы менен немере аудармамен сөйлескен,
Тілінен безген қазақтан, ия,
Аллам сақтай көр!
Қазақ:
Ашуландырма Өз-әкә, Қазақ деген Барысты,
Ақылды қазақ ойлайды, сонау 50 алысты!
Тілінен ұлт безбейді, ұлыларды тудырып,
Тәрбиелеп өсірген, Абай, Мұхтар, Қанышты!
Тіл қадірін, Өз-әкә, сен айтпай-ақ білеміз!
Атау менен жарнама – тек қазақша ілеміз!
Үкімет басы бастаған –
ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН орнаса,
Бір тілді мемлекетте сендердей,
біз де өмір сүреміз!
Өзбек:
Әй, Қаз-аға, солай деп, көтерсеңші көңілді,
Бүгін менен жеңіліп, «қаратпа жерге» еліңді.
Үйреніңдер өзбектен құрметтеуді өз тілін!
Сығалатпай есіктен,
МЕМТІЛГЕ БЕР ТӨРІҢДІ!
ӘЙ, ЕРКЕКТЕР…
Еркекті Алла, ерке етіп жаратқан.
Ақылшы етіп әйелді
қабырғасынан таратқан.
Ал, ақылы басындағы мида емес,
Асқазанда – тойып ішкен тамақтан.
Он бесінде оянады санасы,
Үйленгенше ақылшы – әкесі мен анасы.
Ал, өлгенше «қанын ішіп» сорлының,
«Миын жейді» қатын деген «данасы».
Еркектерді «бала деген қырықта»,
Қаңғып кетсе, еркектерге ұрыспа!
Қатын-бала оңай емес асырау,
«Басы қатып» жүрген шығар жұмыста?…
Еркек аңқау, тез түседі «торларға»,
Сол «торлардан» босап қайтар ол зорға.
Қазір не көп, жалғыз басты әйел көп,
Соның бірін алған шығар «қамқорға».
Еркектерге ақыл кірер алпыста,
Оған дейін тізгіндерін тарта ұста.
Анда-санда босатыңдар байлаудан,
«Миын шұқып» ұрса бермей байғұсқа.
Әзілден соң, айтсам сөздің дұрысын,
Еркек – қорған, әйел – бақыт, ырысың,
Бәйбішемсіз бір күн қалсам – жетіммін,
Әй, еркектер, әйелсіз күнің құрысын!