Жақсы көріну – жаман әдет
29.01.2016
3063
1

жумахметЖұмахмет Жайлаубаев,
«Жетісу» телеарнасының журналисі

«Сынған көңілімді жамаған сынық­шының құлымын» деп Шәкәрім қажы айтқандай, жылы сөйлегеннің бәрі жақсы адамдай көрінеді. Сондықтан болар тұрқы паң, жанына барсаң, құйрық-жалы бір тұтам адамдарды пір тұтып жүргеніміз. Заман азды, талғам тозды деп өзіңді ақтап алуға да болар, бірақ жамандарды көрмегенсіп, жасырғансып жатқан сайын жақсылықтың рухы жасып, жалыны кеми беретіндігі қынжылтады. Бұрынғылардың «тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деген бір ауыз сөзі бүгінде өмір қағидасына айналғандай. Қоңыздай домалаған өмірін қанағат тұтып, тірі жүргендерін тірлік, бірге жүргендерін бірлік санайтындар көп.

Нобель сыйлығының лауреаты, гуманист жазушы Т.Манн «Европада фашизм қалай туды?» деген сұраққа:
– Барлық трагедия атаулының түп төр­кіні немқұрайлықтан басталады, – деп жауап беріпті. Міне, жақсыға да жаманға да немқұрайлы қарай беретін болсақ, барар жеріміздің аты трагедия екені анық. Осындай сәттерде тәйтікке тәйт деп отыратын қарияларды сағынасың. Өз басым жақсы мен жамандық туралы әңгіме қоз­ғалса, Есенқұл Жақыпбектің мына бір өлеңі ойға орала береді:
Жақсы болу – шықпау екен шеңберден,
Жақсылардың бәрі сөйтед мен көрген.
Жамандарды жеңе алмайсың ешқашан,
Жақсы болу амалдарын меңгерген.
Міне, біздің жақсы мен жаманды айыра алмауымыздың басты себебі.
Ішкі дүниесі мен сыртқы тірлігі мүлде үйлеспейтіндер бар. Керек адамдарының алдында елпеңдеуден, жалпаңдаудан жиір­кенбейтін, басқаларды сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып отыратындарды көрдік. Оларды жаман деп ешкімге дәлел­дей алмайсың. Өйткені, жақсы болып көрінудің амалдарын меңгерген.
«Жақсылықты көтермеу, көрмегенсу жамандықты қолдау, қолпаштау деген сөз. Ал жамандықты көріп тұрып көзін шұқымау, жақсылықты жағадан алып жарға итеру емей немене?!» дейді Сағат Әшімбаев. Қазіргі заманда жамандықтың көзін шұқып абырой таппайтының анық. Дұрысы, жаманы қайсы, жақсысы қайсы айырудан қалдық деп қол қусырып отыру.
Екінші бір қыры дәуір доңғалағы айнал­ған сайын құндылықтар мен таным-түйсік­тер өзгеруде. Біз бір ғасырда бірнеше өт­кел­дерден өттік. Талшаңырақтың астында туып, тал бесікте тербеліп өскен ата әжеле­рі­міз, жартылай патриархалдық тұрмыс пен коммунистік үрдісті бойларына бірдей тоғыстырған ағаларымыз, есепсіз есіне­мейтін, нарық келіп қарық болып жүрген құрдастарымыз, Тәуелсіз мемлекетте дү­ние­ге келіп, құлдық психологиядан таза жастарымыз – бәріміз бір қоғамда өмір сү­ріп жатырмыз. Құртын қайнатып, өресін жайып, қымызын сапырып отырған ауыл адамына құнды қымбат дүние, құрық сілтер жерде базары, қамшы сілтер жерде дүкені тұрған қала адамына түкке керексіз. Ұлттық тәрбиенің дәмін татқан үлкендер үшін аса бағалы, қастерлі дүние, тал бесігі интернет, тәрбиешісі түнгі клуб болып жүр­ген жас­тарға күлкілі болып көрінуі де ғажап емес. Оған әр түрлі діни ағымда жүр­гендерді, «жаңа қазақ», «оралман қазақ» деп бөліне­тіндерді қосыңыз. Құндылықтары әр алуан болғандықтан біреудің жаман дегені біреуге жақсы болып көрінуі әбден мүмкін.
Кейбіреулердің бір-бірімен сыйласа ал­май сыйымсыз мінез көрсетуі осыдан. «Жа­мандық аяқ астында, жақсылық ағаш басында» дейді бұрынғылар. Жамандыққа ұрынуың оңай, жақсылыққа қолыңды созып еңбек етіп жетесің деген мағынаны біл­дірсе керек. Бір қарағанда, жақсылықтан жа­ман­дық көп сияқты болып көрінеді. «Егер шынымен солай болса неге мына дүние төң­керіліп асты үстіне түсіп кетпейді?» деп те ойланасың кейде. Жамандық атау­лының «жаны сірі», алайда, адам баласы үшін жақ­сы­лықтан басқаның бәрі жалған, жақ­сы­лықтың салмағы ауыр болғандықтан төрткүл дүние тепе-теңдігін сақтап тұрған болар.
Сондықтан, жақсы мен жаманның түрін түстеп, атын атап жатудың қажеті болмас. «Біреуге жұртта қалған жасығымын, Біреуге аспандағы асылымын» деп Қасым Аманжолов айтқандай, біз жаман деген адам біреу­дің аспандағы асылы екені ақиқат.

ПІКІРЛЕР1
Данабек 26.07.2017 | 09:30

Әр адамның өз сана-сезіміне және ар-намысына байланысты, Егер адам өзінің және өзгенің қателігінен сабақ алмаса ол адамға айтудыңда үйретудіңде оқытудыңда қажеті жоқ. Бала тәрбиесі бесіктен, ата-анадан және қоршаған ортадан екенін есте сақтайық. ОТАН БОЛАМЫН ДЕСЕҢ БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір