ЕЛІМ ДЕГЕН «ELZHAN QAZAQ BRAND»
Түс әлеті. Мақатаев көшесін бойлап келемін. Бағытым – осы көшеде орналасқан «ELZHAN QAZAQ BRAND» ұлттық нақыштағы киімдер сататын дүкен. Иелері – ағайынды Қажымұқан, Нұрмахан Елжановтар. Олар қазіргі Түркістан облысы Жетісай қаласының тумасы екен. Аталмыш компанияның өнімдерін бұл күндері он мыңға жуық адам тұтынып жүр. Мақсатымыз да сол, сонша кісінің көңілінен шығып, сеніміне ие болған компанияның жай-күйін, мақсат-мұратын біліп, өткен белестері мен алар асулары, ұлттық киімнің құндылығы төңірегінде әңгіме өрбіту еді. Алдымнан жас кәсіпкер Нұрмахан Елжан шықты.
Ұлттық киімдеріміз сандықта қалмасын
«Нұрмахан, өзің жап-жассың. Компания қашан, не себепті құрылды?» – деп сұрадым.
«Қай елге барсаңыз да, тұрғындарының болмыс-бітіміне, киім кию дағдысына қарап қайда жүргеніңізді сезінесіз. Олар ұлттық киімдеріне той-томалақта ғана сыйлауға болатын, көңілжықпас кісіңнің иығына жаба салатын бұйым деп қарамайды. Керісінше, оны құрмет тұтып, түрлі-түрлі қуаныштарда үстінен тастамай, насихаттап жүреді. Бұдан бөлек, үлкендердің «Қазақстанда бес жүз шапан бар, оның екі жүзі Алматыда, қалғаны сандықта жатыр» деген қалжыңын естігенім бар. Мәдениет – жұмсақ күш. Қай елдің өнімін көбірек тұтынсаңыз (фильмдер мен телесериалдар, музыка, әдебиет, киім-кешек, тұрмыстық бұйымдар, т.б.), ішкі-сыртқы мәдениетіңіз, болмыс-бітіміңіз соған тартып тұрады. Ал басқасын қойып, қазақтың тарихи фильмдеріне көз салыңызшы. Біріншіден, қарапайым кейіпкерлер жұпыны киінеді. Екіншіден, қысы-жазы бір үлгідегі киіммен жүре береді. Оны көрген көрермендерге бір ғана ой келеді: «Қазақтың киімдері қазіргі заманға сай келмейді және тұтыну ыңғайсыздық тудырады». Сол себепті де қазір қоғамдық орындарда кәріске, түрікке, арабқа, орысқа, т.б. ұқсағысы келетін, сондай үлгіде киінетін жастарды көптеп кездестіресіз. Осынау олқылықтардың орнын шамамыз келгенше толтыру мақсатында, қазақтың ұлттық киімі сандықта қалмасын деп 2018 жылы осы кәсіпті аштық. Аты жаман індеттің кесірінен оқшауланған уақытты есепке алғанның өзінде үш жыл ішіндегі нәтижеміз жаман емес, – деп бастады ол әңгімесін.
– Осыдан үш жыл бұрын ұлттық киімдер нарығы бос еді. Қазір де бос. Бірақ біз жоғарыда айтқан стереотиптерді бұздық. Бүгінгі таңда дизайны біздің киімдердің айырып алғысыз ұлттық киімдер сататын дүкендер шығып жатыр. Байқауымша, олардың да табысы жаман емес. Әрине, оларға дизаинды бізден көшіріп жатырсыңдар деуге де болады. Дегенмен оған уақыт жоқ. Біз өзіміздің де, олардың да қандай сапада жұмыс істейтінін білеміз. Сонымен қоса, біздің цех Қазақстанның өзінде, нақтырақ, Алматы, Түркістан қалаларында. Бұл – қазақтың ақшасы Қазақстанның өзінде қалады деген сөз. Ал «көшірме дүкендер» Қырғызстаннан тіктіреді. Соған сәйкес, қазақтың ақшасы да өзге елдің қалтасына құйылады».
«ELZHAN QAZAQ BRAND» он бес адамды жұмыспен қамтып отыр екен. Сондай-ақ жеті франшизасы да бар.
Мұхиттың арғы жағы да біздің шапанды киіп жүр
«ХХІ ғасыр – технология дәуірі. Әлеуметтік желілер де өте жақсы дамыған. Соның бір дәлелі, бізге «Инстаграмм» желісі арқылы Кореядан, Түркиядан, Польшадан, Ресейден, тіпті АҚШ-тан да жазып, тапсырыс беретін тұтынушыларымыз бар. Аталған елдердің бәріне ұлттық нақыштағы шапандарымыз бен кеудешелерімізді жеткіздік. Алыс-жақын шет елдерден келген қонақтарына сыйға тарту үшін де тапсырыс беретін кісілер жетерлік. Американың бір қаласында біздің өнімді киіп жүрген адамдарды әлеуметтік желілерден көріп, марқайып қалдық».
Әрине, бұл – мақтанарлық жайт және сапаның да көрсеткіші. Ал кейіпкеріміз жаңа өнімді шығарған уақытта оның сапасын қалай тексереді? Аталған компания өнімінің бағасы айлығы айды-айға жалғауға әзер жететін қарапайым халықтың қалтасына салмақ салмай ма?
«Жаңа үлгіні халыққа таныстырмастан бұрын бірнеше ай өзіміз күнделікті киеміз. Ондағы мақсатымыз – сапасы қандай, оңып, тозып қалмай ма, тігісі сөгіліп, астары ашылып кетпей ме, бәрі-бәрін білу және жұрттың көзін үйрету. Қазір қазақы нақыштағы шапандардың нарықтағы бағасы жиырма мыңнан басталып миллион теңгеге дейін барады. Біз соның орта бағасын ұстап отырмыз. Егер ұқыптап кисеңіз, отыз мың теңгеден бізден алған шапан екі жылдан бес жылға дейін сырын да, сынын да бермейді», – дейді Нұрмахан Елжан.
Кәсіпкердің қос қанаты – тұрақтылық пен табандылық
Нәсібіңді айырар кәсіп тауып, оны жолға қою оңай шаруа емес. Ал бизнесіңді брендке айналдыру тіпті де қиын. Кейіпкеріміз бұл жолдан қалай өтті? Кәсіп бастаймын деген замандастарына қандай ақыл бере алады?
«Ұлттық нақыштағы киім дүкенін, компанияны ашқан кезімізде «Әр қазақ қазақы киім кисін» деген мақсатымызға адал болдық. Адал болып та келеміз. Яғни біз үшін бірінші орында ақша емес, ұлттық мұрамызға деген құрмет пен адамдардың ризашылығы тұр. Сондықтан да бастапқыда шығынға батқанымызда жасымадық. Сұраныс артқан кезде де тасымадық. Киімдердің бағасын өсірмедік, тек кеткен шығынға аз ғана пайыз қосып, кәсібімізді жүргізіп жатырмыз.
Азды-көпті тәжірибемізге сүйеніп айтсақ, кәсіпкерге төзім керек. Кәсіпкердің қос қанаты – тұрақтылық пен табандылық. Осы қасиеттерді бойына дарыта алған адам ғана пайданы да көреді, ризашылыққа да бөленеді. Бір атақты тұлғаның «Мен төбелестің мың әдісін білетін адамнан қорықпаймын, бір әдісті мың рет қайталайтын адамнан қорқамын» деген сөзі бар емес пе. Мұны атам қазақ «Тама берсе, тамшы да тас жарады» дей салды ғой. Ендеше, кедергі де, қолдау да адамның өзінің кеудесінде болады. Жақсы ниетпен басталған іс жақсылыққа ғана жетелейді». Жас та болса, ойлы сөз айтқан Нұрмаханның үшбу жауабына ырза болғанымызды қалай жасырайық.
«Онда мен де бір цитата келтіріп, сұрақ қояйын, – дедім мен. – «Генерал болуды армандамайтын сарбаз – сарбаз емес» деген сөз бар. «ELZHAN QAZAQ BRAND» он жылдан кейін қандай компанияға айналады?».
«Мен өзіміздің компания он жылдан кейін жарты Қазақстанға ұлттық нақыштағы киімдерді кигізеді деп ойлаймын. Ол үшін еліміздің түкпір-түкпіріндегі үлкен қалалардан дүкендерімізді ашуымыз керек. Осыған сай, қазақтың мыңға жуық қаракөзін жұмыспен қамтитын қаржылық қуатқа жетуге тиіспіз. Әрине, мұның бәрі Құдайдың қалауы мен өзіміздің күш-жігеріміз, табандылығымыз бен тұрақтылығымызға байланысты».
* * *
Түс ауған. Мұқағали атындағы көшені бойлап келемін. Бағытым – Абылай хан, 105. Жазушылар одағының ғимараты. Мақсатым – жұмыс орныма барып, бүгінгі әңгімемізді қағазға түсіру…
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ