«ЕЛІМ» ДЕП СОҚҚАН ЖҮРЕКПЕН…»
21.05.2024
278
0

ҚР Ұлттық кітапханасында публицист-жазушы, Қазақстанның Құрметті жазушысы, белгілі ұлт қайраткері Талғат Айтбайұлының 70 жасқа толу мерейтойына байланысты «Елім» деп соққан жүрекпен…» атты дөңгелек үстел жиыны өтті.
Оған алматылық зиялы қауым өкілдері мен Желтоқсан көтерілісінің қаһармандары қатысты. Қазақстан Жазушылар одағы атынан Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы құттықтау сөз сөйлеп, дәстүрлі үлгімен мерейтой иесіне шапан жапты. Жиын аясында қаламгердің «Мың бір күн, мың бір түн» романы, кейінгі 30 жыл бойы қоғамдық-саяси тақырыпта жазған эсселерінен тұратын «Өтпелі кезең көзімен», «Айтар ойым болған соң…», «Жүрегіме жүгіндім…» публицистикалық кітаптарының және «Алматы. 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарының 17 томы мен 24 жылдан бері үзбей шығарып келе жатқан «Жыл – он екі ай» журналының биылғы жылғы кезекті 2-санының тұсаукесер рәсімі жасалды. Одан кейін таяу уақытта 90-ға толатын әйгілі селекционер-ғалым, үш бірдей елдің академигі, «Нан мен тер» сыр-сұхбат романының кейіпкері Рақым Оразалиев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаев, химия ғылымының докторы, академик Қажымұқан Арынов, саясаткер-журналист Рысбек Сәрсенбай, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлы, режиссер, танымал театр сыншысы Ерсайын Төлеубайұлы, публицист-жазушы Көлбай Адырбек, жуалылық жерлесі, ақын Сәбит Дүйсебаев, 15 жылға сотталып, соның он жылдан астам уақытын түрме торында өткізген Желтоқсан батыры Роза Ақашқызы, желтоқсаншылардың «Қайсар жүрек» қоғамдық бірлестігінің басшысы Шара Ергебаева және басқалар Т.Айтбайұлының қаламгерлік еңбектері жайлы ой қозғап, лебіздерін білдірді. Тараздан арнайы келген Қазақстан ардагерлері Жамбыл облыстық бөлімінің бастығы Сейітхан Қуантаев жазушыны «Қазақстан патриоты» медалімен марапаттады. Дөңгелек үстел отырысын тарихшы-ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбай жүргізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір