МІР ОҒЫНДАЙ МІРЖАҚЫП
09.09.2025
524
1

Дәл осы күндері алаш жұрты жапырыла 140 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан аса көрнекті қалам Һәм қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының шығармашылық қызметі сан-салалы. Оны Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі ғана емес, бірегейі, дарынды ақын, талантты жазушы, көрнекті көсемсөзші, кемел аудармашы және бірқатар оқу құралдарының авторы ретінде жетік білеміз.

Отырғандар (солдан оңға қарай): Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов. Тұрғандар (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов. Қызылорда, 1926 жыл

Тума талант иесін қазақ даласына кең танытқан шығармашылық қызметі 1906 жылы Петерборда екі саны шығып, өкімет тарапынан тұтқындалып, өртелген «Серке» басылымында «Жастарға» деген өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» атты публицистикалық мақаласы жарияланудан басталады. Түпнұсқасы табылмай тұрғандықтан біреулер газет, екіншілер журнал деп жүрген бұл басылым татардың «Улфат» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрген. Аталған туындылар жас Міржақыпты жатса да, тұрса да халқының болашағы толғантқанын танытады. Өнер-білімнен кенже қалған, сахарада көшіп-қонып, мал бағып, «қыс күйлі, жаз жайлы болсыннан» басқа тілегі жоқ, бейқам жатқан қараңғы еліне қарлығаштың қанатындай су сеуіп, көңіліне сәуле шашуды мұрат тұтады. Оның 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы – соның айқын дәлелі және жарқын жемісі. Міржақыптың есімін күллі қазаққа, алты алашқа танытқан бұл кітап халық арасына тез таралып, көпшіліктің өтініші бойынша келесі жылы Уфа қаласында екі рет баспа жүзін көреді. Бірақ кітаптың төңкерісшіл рухтағы идеясы, азат­тық күреске шақырған үні патша өкіметіне ұнамайды. Сөйтіп, отаршыл биліктің кемшілігін сынап, қаймана қазақты оқу-білімге үндеген, бірлікке, еңбек етуге шақырған автор идеясы монархиялық үкіметтің жергілікті жандарм басқармасы тарапынан қылмыс деп саналып, жауапқа тартылады. Ол жөнінде автордың өзі «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 233-санында былай деп жалпақ елге жария етеді: «Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ!» атты өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді. Сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым».
Бір ғажабы, «қалың елім қазағым» деп күндіз күлкі, түн ұйқы көрмей қызмет еткен Жақаңды түрме тауқыметі мұқалтпай, керісінше, шыңдай түседі. Ол абақтыда жатқан кезінде де уақытын босқа өткізбей, ізденумен болады. Соның айқын дәлелі Троицкіде белгілі ақын һәм ағартушы Мұхамеджан Сералиннің жетекшілігімен қазақтың тұңғыш журналы «Айқап» шыға бастағанын қуана қабылдап, оның жұмысына белсене араласады, өлеңдері мен мақалаларын үзбей ол да отырады.
«Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, енді жату жарамас-ты».
Бұл – бұдан бір ғасырдан аса уақыт бұрын өз заманына орай жазылған рухты сөз. Небәрі жиырма үш жастағы ақынның ебіл-себіл боп, отарлық езгіден еңсесі түскен халқына жанашырлықпен жеткізген жүрек жалыны.
Ақынның қазақ даласын дүр сілкіндірген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағына еңген жырлары түгелдей осы сарында жазылған. Онда ғашықтық, лирикалық тақырыптағы өлеңдер жоқ. Жинақтың аты айтып тұрғандай, халқының азат­тығын аңсаған, өнерге, білімге құлшынуын, озық елдермен иық теңестіруін армандаған ақ ниет, шынайы тілек жырланған.
Ақын халқына өмірдің ағысын ұқтыруға ой салып, жол нұсқайды. Дәуір шындығын бұра тартпай, қаз-қалпында жырлайды. Қазақ елінің азып-тозуына себепкер патшалық Ресей монархиясының озбырлығын айыптайды:
«Патша айтқан, әділдікпен билеймін деп,
Дініне һәм жеріне тимеймін деп.
Оқ атпай, қылыш шаппай бағынған соң,
Қалайша қадіріңді білмеймін деп.
Қалдырып осылардың һәммесін де,
Шығып тұр біздің тұста бұл күнгі заң», –
деп кезіндегі уәде шарттың бұзылғанын, зорлықтың барған сайын артып, елдің тозып бара жатқанын жырлайды. Әділдікті көксейді. Әділетсіздіктің себеп-салдарына ой жібереді. Туып отырған қайшылықты дәлелдеуге тырысады, халыққа оның сыр-сипатын ұқтырғысы келеді. Түп-төркінін ашады. Сөйтіп, жинақтың «Сөз басында» айтылғандай: «Әркім өз қолында барына жомарт болғаны секілді, мен де аз мағлұматымша бишара халқымызға пайда келтірмек мақсатымен осы кітапты жаздым» деп хал-қадірінше халқына қызмет етуге ұмтылады. Кітап халық арасына тез тарап, авторына зор бедел әкеледі. Оның айғағы ретінде сол кездері Троицкіде шығып тұрған «Айқап» журналының 1912 жылғы 1-санында жарияланған мына бір деректі тілге тиек етуге болады: «Өткен 23 декабрьде Семейпалат окружной соты Меряхуп Дулатовтың ісін қарады… Окружной сот кешкі сағат 7-де Меряхуп Дулатовты уголовный уложение 1–3-статьясының
6-пункті бойынша айыпты деп тауып, бір жыл крепостке хүкілі етті. Соттан бұрын жарым ай түрмеде отырғаны есеп емес…»
Мұны оқыған қазақтың көзі ашық зиялылары ақынның қайғысына ортақтасып, үн қатады. Мәселен, 1911 жылы жазылған «Тұтқын» деген өлеңінде дарынды ақын Мағжан Жұмабаев:
«Қайғыланба, сорлы тұтқын, еш кетпес,
Күн батқанмен, таң атпайтын түн жетпес.
Ер жүректі азаматтың басына,
Бұл жалғанда нелер келіп, не кетпес?» –
деп жырлап, рухани серіктестік танытқан. Сол секілді Ахмет Байтұрсынұлы да оның зердесі мен кісілігін терең сезініп, 1912 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Маса» деп аталатын екінші жинағында оған «Ақын ініме» деген өлең арнап, былайша тебіренеді:
«Жай жатсаң жаңылмайсың, адаспайсың,
Күресте кім кетпейді ғапыл, інім.
Ат қойған аз-көбіне қарамастан,
Ақылға біздер жарлы пақыр, інім».
«Зер қадірін зергер таниды» демекші, кейіннен Міржақып та Ахмет Байтұрсынұлының ақындығын пір тұтып, азаматтығына басын иіп, «Сөз ақыры» деген өлеңін жолдайды. Онда:
«Ақын аз Байтұрсынов Ахметтей,
Сөзі алтын, мағынасы меруерттей.
Оқыған ғибрат алып жас жігіттер,
Һәммесі өз халқына қызмет еткей», –
деп, оның талантты қарымын жоғары бағалап, сол кездегі қазақ жастарына одан ғибрат алып, еліне қызмет етуін тілейді. Шығармашылық осы байланыс мақсат­тары ортақ, армандары бір қос алыпты бір-бірімен жақындастырып, кейіннен бірігіп күресуге жол салады. Міржақып 1913 жылы Орынборға айдаудан босанып келгеннен кейін бұрыннан пікірлес ағасы Ахмет Байтұрсынұлымен бірлесіп таза қазақ емлесімен «Қазақ» атты бейресми газет шығаруды қолға алады. Шын мәнінде, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» (А.Байтұрсынұлы) қызметіне адалдығымен қазақ журналистикасының арғы-бергі тарихында теңдесі жоқ басылымда оның жүздеген көсемсөз үлгілері, өлең-жырлары мен прозалық туындылары жарық көрген.
Ойы ұшқыр, қаламы жүйрік журналист ретінде танылуына оның «Қазақ» газетінде Ахмет Байтұрсынұлымен бірге еңбек еткен кезеңі ерекше із қалдырады. Бұл ретте бұған дейін «Оян, қазақ!» жыр жинағымен және 1910 жылы жарық көрген «Бақытсыз Жамал» романы мен 1913 жылдың басында Орынборда басылған «Азамат» атты публицистикалық сарындағы өлеңдер жинағымен танылған көрнекті қалам қайраткерінің журналистік қызметі «Айқап» журналында шыңдалғанын айтпай кетуге болмайды. Журналда оның өлеңдері мен мақалалары үзбей жарияланып тұрған. Сан-салалы ғылымнан хабары бар, табиғат берген дарынды ол, сол кезден бастап-ақ қазақты толғантқан мәселелермен ұштастырып, журналистік қарым-қабілет, шеберлігін танытқан. Оның «Айқапта» жарияланған «Хан Абылай», «Қапастағы ұрының мінәжаты», «Жазу тәртібі» тағы басқа мақала, өлеңдерін оқи отырып, осылай ой түюге құқылымыз. Десе де қалам қайраткерінің өнімді еңбек еткен, шығармашылық шабыт шалқарындағы кезі «Қазақ» газеті қызметінде болған тұсы. Ол газет жұмысын ұйымдастыруға қатысып, оған жетекшілік етумен бірге қаламымен де аянбай қызмет үлгісін көрсетті. Оның газеттің әр нөмірінде мақала, өлең, әңгімесі жарияланып тұрған. Тіпті кейде екі-үш туындысы бір санында қатар жарық көріп, оқырманын тәнті еткен кездер де жоқ емес. Мұндай жағдайда кәсіби журналистерге тән әдеп сақтап, бүркеншік аттарын кәдеге жаратқаны көрінеді. Сонымен қоса ол, «қырағы көз» патшалық цензурадан із жасырып, басылымды сақтап қалу үшін де керек болған. «Мадияр», «Арғын», «Тургайский», «Азамат», «Қауіп Қатеров», «М.Д.», «Түрік баласы» деп қол қойған материалдар – «Қазақтың» ең бір құнды жарияланымдары. Бұлар Міржақып Дулатұлының бүркеншік аттары екені бүгінде толық анықталған. Мәселен, алдыңғы үшеуінің төркіні жөнінде автордың өзі былай деп, төрт жол өлең шумағы арқылы құлаққағыс етеді:
«Болады Тургайский уәләятым,
Тайпам – арғын, мадияр – асыл затым.
Бұл сөздің мүхаррирі һәм наширы
Дулат-оғлы Мир-якуб – өзім атым».

Зайыбы Ғайнижамал, қызы Гүлнәр, Міржақып. Орынбор, 1923 жыл.

Ал «Азамат» осы аттас өлеңдер жинағы шыққаннан кейін, «Қауіп Қатеров» айдау, абақтыда жүрген кезінде, «М.Д.» абореватизм әдісі арқылы бүркеншік аттары екені ешқандай күмән келтірмейді. Мұндай лақап ат таңдау тәсілдері қазақ журналистикасында отызыншы жылдарға дейін кең қолданылып келген өнімді жол екенін айта кету ләзім. Ал «Түрік баласы» деген бүркеншік аттың М.Дулатұлына қатысты екенін деректанушы-ғалым, профессор Қ.Атабаев өзінің «Қазақ баспасөзі – Қазақстан тарихының дерек көзі» деген еңбегінде (229–230-беттерінде) дәлелдеген.
Қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің хас шебері Жақаң қалам тартпаған тақырып жоқ десе болғандай. Ол өз шығармалары арқылы XX ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында қалыптасқан қайшылыққа толы күрделі әлеуметтік-рухани ахуалды терең және толық бере алған. Қандай күрделі тақырыпқа барса да және қандай жанрда қалам тартса да, сол тарихи кезеңдегі қазақ шындығын терең меңгеріп, оның ең өзекті мәселелерін жанынан өткізіп отырып жазған.
Біздің зерделеуімізше, Міржақып үшін газет те, шығармашылық еңбек те түпкілікті мақсат жолындағы күрес құралы болатын. Ол қандай мақсат десеңіз, отаршылдық озбырлық пен ортағасырлық мешеу феодалдық тәртіп үстемдік құрған қазақ қоғамын ояту және өзгерту еді. Ал Қазақ елін азат ету арқылы дамудың жарқын жолына салу ғұмырлық мұраты болатын. Мір оғындай Міржақыптың көлемді дүниелерінен бастап, шағын хабарларына дейін сол мүддеге қызмет етуімен үлгі.

Қайрат САҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика
мәселелерін зерттеу институтының директоры,
ф.ғ.к., профессор, алаштанушы-ғалым

ПІКІРЛЕР1
Аноним 31.10.2025 | 09:58

Алаш Қайраткерлерінің жанқиярлық ерлігі мен еңбегін жиі жарыққа шығару керек. Алаш Арыстарының Ұлтшылдығы мен Ұлтқа қызметі және жазған еңбектері бойынша билік басындағы «ұлтсыздарға» ай сайын 3 мәрте саяси сабақ өткізіп, санасын серпілту керек. Жас Ұрпаққа ұлттық тәрбие беру үшін «Алаш Қайраткерлері» деген арнайы оқулық жазып, білім бағдарламасына енгізу керек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір