АЙКӨРКЕМ (Баллада)

Маралтай Райымбеков
Поэзия – жүрекпен еститін живопись,
живопись – көнілмен көретін поэзия!
Леонардо да ВИНЧИ
Бір көрсем деп ем мен сені,
Болса егер, жаным, бас аман.
Тұлғаңды мәрмәр еңселі,
Талғампаз Тәңір қашаған.
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
* * *
Армансыз күндер балауса,
Белгісіз, ізсіз қала ма?
Құлыншақ қиял құйғытып,
Кететін безіп далаға…
Қылқалам, қағаз өңгеріп,
Жеті бояумен дос болып,
Оқуға түскен жыл еді,
Ауылдан келіп қалаға.
Алдымда тұрған сынақты
Албырт та көңіл аңдап па,
Пикассо деген – ол менмін,
Шагал да және Ван Гог та!
Палитрамды көргендер:
– Бояуды батыл қоясың!
– Ренуар сезімдеріңдей!
Жататын бәрі таң ғап та…
Қастеев, әлде Телжанов,
Шарденов – менің тірегім,
Қазақтың байтақ өнерін
Төлепбаев деп білемін.
Леонардо, әлде Рафаэль,
Түлкиев болмақ кемінде,
Кеудеде арман бұлқынған
Асаудай арда жүрегім!
Бозбала шақтың осылай
Қол бұлғап алыс айлағы,
Ұлылар тұрды алдымда,
Ұлылар мені қайрады.
Бір сиқыр ғалам ашылып,
Алдымнан ақ нұр шашылып,
Бір арман мені баурады,
Бір арман мені байлады.
Санамды жаулап күні-түн,
Қойды ғой дертім басылмай,
Шілдеде жауған бұршақтай,
Ақпанда түскен жасындай.
Сипаты айдай тылсым,
Моно Лизадай жан тауып,
Кенепке бояу құлатсам,
Леонардо Джокондасындай!
Табылар дедім, расы,
Бітімі бүтін жан аз ба?!
Ақ өлең сынды дидары
Құйылып түсер қағазға.
Іздедім сондай көркем жан,
Іздедім көше, вокзалдан,
Болмауы, сірә, мүмкін бе,
Гүлғасыл бір қыз Таразда?!
Талғамға талас жүре ме,
Таңғалып тұрсыз неге сіз?
Билесе сезім сананы,
Ықтияр бар ма, көнесіз.
Этюднигімді арқалап
Кеземін даңғыл, бульварды,
Жібектің көшін іздеген
Төлеген құсап Шегесіз.
Аспаннан кейде іздейміз,
Жақында жоқтай, біз бәрін,
Басталып кетті осылай,
Аяғы мұңды ізгі әнім.
Кенеттен бір күн есіттім,
Пединститутта Жамбылда,
Жаһаннан асқан сипаты
Айкөркем атты қыз барын.
Айыра алмай шатастым,
Қуаныш пенен қайғыны.
Боттичеллидің «Шолпанын»
Көргендей көңіл ләйліді.
Турандот үшін өртенген
О, бейбақ, байғұс Калафтай,
Ең алғаш көрген сәттегі
Мәжнүндей болдым Ләйліні…
Ай көрсем, сәлем қыламын,
Күн көрсем, көркемдігіңе…
Ұйқысыз қанша түнімді
Арнадым саған, білдің бе?
Ал қара түнде алқоңыр
Ақ сезім баурап жүректі,
Жанардан тамған жасыма
Пәкизат құрбым күлдің бе?
Сен тұрдың көкке қарасам,
Ай болып, айнам, мөлдіреп,
(Ойсыз бір қалған сәтімде
Ойлай бер мені өлді деп!)
Сен тұрдың тауға қарасам,
Шынардай дара құздағы,
Өзіңе үнсіз ынтыққан
Үмітім шамдай сөнді көп.
Өлгем жоқ үміт сөнгенмен…
Айпара аппақ қанатын,
Ұжмақта жүрер үр қыздың
Тірлікте көрдім манатын.
Түр бермесең де тірлікте,
Тілдесейік те бір сәтке,
Бір сәтке бері бұрылшы,
Ей, менің, жарық жәннатым!
Есіңде сенің қалды ма,
Өшті ме мүлде санадан,
Перінің қызы секілді
Жалт етіп сонда қараған.
Көрді ме оны басқалар,
Көрмеген болар, сірә да,
Қараған кезде көзіңнен
Рақман нұры тараған.
Кездескен кезде кездейсоқ
Сеземін, ұғам парқыммен,
Біздерді бөліп тұратын
Салқын бір рай, салқын дем.
Соншама жақын болдың сен,
Соншама алыс болдың сен,
Соншама сара ақылды,
Соншама сұлу қалпыңмен.
Бейнеңді сенің салғым кеп,
Бояудың жұмсап асылын,
Өрекпіп кеудем бұлқынды
Таластай асып-тасыдым.
Айкөркем десе – Айкөркем,
Күнкөркем десе – Күнкөркем,
Жүрекке қонып күрең мұң,
Жүректен көшті жасыл үн!
Жолымды менің не кесті,
Қарғады ма екен көк мені,
Жолымды менің не кесті,
Арманға қолым жетпеді.
Ақ жұлдыз сынды көктегі,
Дариға, дүние көктемі,
Қаншама қолқа салсам да,
Дидарын бейнелетпеді.
Тоқтатқым келді мен кенет,
Қоңыраулатқан көшімді,
Жинай алмадым ақжайнақ
Есеңгіреген есімді.
Салынбай қалды бір бейне,
Алынбай қалды аспанда Ай.
Шараппен басып күйікті,
Шараптан алдым өшімді.
Қылқалам қара жамылды,
Налалы тағдыр басы бұл.
Дәруіш болып дүнияны
Қаңғырып кетті асыл ұл.
Тәкаппар ару талғамы
Дарынды қалды танымай,
Салынбай қалды осылай
Қазақтың Джокондасы бір!
Таппады менің тағдырым
Өмірден мынау жай, тыным,
Қайтара алмадым, қайтейін,
Өнердің ізгі қайтымын.
Білген жоқ ғазиз көңілім,
Білген жоқ мүлде сол кезде,
Құдайдың салған бейнесі
Қайта қай-та-лан-бай-тынын!
Ақ қағаз жайып алдыма
Қарандаш алып ұштамай,
Отанын мүлде талақ қып,
Құстардай қайтқан қыстамай.
Сұлулық, сенен жеңілдім,
Сұлулық, саған тұтқынмын,
Кеттім мен, сосын, қолыма
Қылқалам қайта ұстамай.
Таппады менің тағдырым
Өмірде мынау жай тыным,
Қайтара алмадым, қайтейін,
Өнердің ізгі қайтымын.
Айкөркем білген екен ғой,
Жаһанда жалғыз екенін,
Жаһанда жалғыз туғандар
Жаһанда қайталанбайтынын!