ТАЙГА КҮНДЕЛІГІНЕН (Баллада)
08.06.2024
306
0

Даража БАЛАПАН


Т.Айбергенов атындағы
әдеби сыйлықтың лауреаты,
ҚЖО мүшесі

Бұл еңбегімді бедеу үміт, тұл арман
арқалаған, репрессия құрбаны
НУ-КУ-дай рухы мықты азамат­ты өмірге
әкелген молдаван халқына арнаймын.

Тағдыр жолын –
жетектеген бір-бірін,
Баллада ет­тім:
үш өрімді – бір бұрым.
Ұлылардың ұлты жоқ,
Текті деген бір ұғым.
Автор

Ну-Ку(1)

Бессарабиядан айдаған,
Азабын үміт жалғаған,
Колонияда бар еді,
Шешесі қыпшақ, молдаван.
«Элемент» деп қауіпті,
Әкесін «Үштік» қамаған.
Әйел, бала еріксіз,
Қазақстанға жер ауған.
Бауыр, туыс атылып,
Жалғыз қалған анадан.
Көтерген қара нардай-тын,
Ауыр жүкті шамадан.
Халқына қамқор, «жау» емес,
Жаралғандай жасыннан.
Тағдырлас достар сүйеуін,
Медет тұт­ты асыл жан.
Сол күні оны құлат­ты,
Дүлей Тайга, қара орман.
Әл-дәрмен кетіп денеден,
Нұр тайды от­ты жанардан.
Оралмасын білді енді,
Саяси сүргін-сонардан.
Бұйыртса жазмыш, не шара?
Бедеу үміт, тұл арман.

Мырза қайың

Жол шетінде тұратын жалба қайың,
Атандырған тұтқындар мырза қайың.
Жонын тіліп, діңіне түтік қойсаң,
Сөлін сығып беретін арда қайың.
Ну-Ку оған мұң шағып, сырласатын,
Қабығына сүйентіп ер-маңдайын.
Жапырақтар жалбырап сездіретін
Қуат беріп, қайғысын сорғандайын.
Арқа тіреп, көзімен іздейтін ед,
Атажұрт­тың қылқанды қарағайын.
Ана жұртын еске алса, қиял кезіп,
Елестейтін жазира, дала-сайын.
Шығыстың ертегісін көп айтатын,
Анасы хаса сұлу – Хорлығайым.
Енді міне, үш сағат құлағалы,
Ойлайтын мұршасы жоқ өмір жайын.
Бойын сомдап, тербеліп көз алдына,
Елестеді, жарықтық, жалба қайың.
Есін жиып сұрады үш өтініш:
Тұрған соң, ақ сапарға көші дайын.
«Балди(2), Саиб(3), Ахали(4), тағдырластар,
Жалбырым – енді маған ана қайың.
Бәрімізге нәр беріп, сая болған,
Түбіне жерлеңдерші мырза қайың.
Тірлікте ұмытпаңдар жомарт­тығын,
Ана мейрім, құрсақты сауын қайын.
Бұл өтініш, бірінші тілге келген,
Асығады, демігіп минут сайын.
Екіншісі – Балдиім қойныңдағы,
Иткөйлекті бір иіскеп дамылдайын.
Үшіншісі – басыма белгі етіп,
Қойыңдар көк түріктің ойып айын».
Жылап аспан қоштасты жалт еткізіп
Тіршіліктің соңғы ұшқын найзағайын.
Қылбұраумен қазанат өт­ті өмірден,
Тайганың он жыл илеп қара лайын.
Алты жігіт арқалап, батпақ кешіп,
Жалбырына жеткізді бұйымтайын.
Тапсырды түбіндегі топыраққа,
Дегдарлы азамат­тың тұрымтайын.
Тұғыр етіп орнат­ты бас жағына,
Тәкаппар, қарсы бұтақ қарағайын.
Ұш жағына қондырды өзі айтқан
Ақ қайыңның безінен ойып айын.
…«Хош, Ну-Ку, қасыңда – Ана қайың,
Жоғалмадың, сен енді, ізім-қайым.
Осы орманда көктеген барлық ағаш,
Топырақтас сенімен, бәрі ағайын.
Хош, хош, Ну-Ку, аяулы мырза қайың».

Бостандық

Қырандардың қанатын қырықтырып,
Отыратын тасада шымшық күліп,
Жылдар өтіп, саяси тоң жібіді,
Кек қуаты ГУЛАГ-ты(5) тұншықтырып.
Бостандыққа ұмтылған жанкештілер,
Көтеріліс жасады күшті жиып.
Қан төгіп, азапталған сол ерлердің,
Жасымады жігері, сағы сынып.
Қан-қасап, неше жылғы жүйе шіріп.
Азат­тықтың таңы ат­ты, күні туып.
Сол күнге жете алмаған небір жайсаң,
Моласы, сұрауы жоқ, кет­ті атылып.
Ахали, Балди еліне сапар тарт­ты,
Жазасынан ертерек босатылып.
Тұлдыры жоқ Серыйы(6) қалып қойды,
Сібірдегі Шор(7) қызын жары қылып.
Саиб пен Сережадан кеш шешілді,
Жазмышына пішілген азап-тұлып.
Ну-Ку елес береді Тайгасынан,
Қайың шайқап, рухын жел оятып.
Соловкиде(8) талайдың мүрделері,
Көмілмей суда ықты, мұзда қатып.
Кесілген бас сүйектер домалайды,
Бутугычаг(9) дірілдеп, қарғыс атып.
Колыманы(10) үрейлі елес кезіп,
Қақалады әруақтар алтын жұтып.
АЛЖИРдегі(11) сәбидің жан-даусына,
Періштелер жылаған аза тұтып.
Магаданда(12) соғылса зар-қоңырау,
Рухтар жол кезеді, сүйек тасып.
Адамдар, Бостандықтың қадірін біл,
Тарихыңды зерделе, оқы-танып.
Азат­тық деп еңіреп өткен ерлер,
Ұрпақтардың шырағы тұрған жанып.

Түсініктеме:
1,2,3,4,6 – тағдырлас тұтқындардың лақап ат­тары:
НУ- КУ – молдаван ұлтының екі фамилиясының бір-бір буынынан құралған, бірі Мокану, екіншісі Чалиеску, әлде Илиеску, Кишиневтен;
БАЛДИ – Акжанов Балапан, қазақ, руы Әлім, Айнық-Сарбас, Қазалыдан;
САИБ – Санаев Ибрагим, қазақ, руы қожа, Қызылордадан;
АХАЛИ – ұлты түркімен, Мәріден;
СЕРЫЙ – ұлты неміс, Сталинградтан.
7. Шор – Кемеров облысында тұратын түркі тілдес халық.
8,9,10,11,12 – азап лагерлері орналасқан жер атаулары.
5. ГУЛАГ – қуғын-сүргін кезеңіндегі қамау орындарының, еңбекпен түзеу лагерьлерінің, жер аударылғандар қоныстарының Бас басқармасы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір