ОЙЫНҚҰМАРЛЫҚ ОРҒА ЖЫҒАДЫ
25.04.2024
86
0

Соңғы онжылдықта коммерциялық құмар ойындардың бұрын-соңды болмаған өсімі байқалады. Заманауи технологиялардың арқасында әртүрлі виртуалды ойындар, соның ішінде құмар ойындар да қолжетімді болған. Техологияның дамып кеткені сонша, ойыншылар аз уақытта депозит жасап, ақшаға ойнау үшін ұялы телефондарын пайдалана алады. Міне, осылайша бүкіл әлемде онлайн құмар ойындары айтарлықтай дамып кеткен. Ойын орындары, онлайн казинолар мен ойын автоматтарының жақында орналасуы және ойын бизнесі субъектілерінің маркетингтік стратегияларының нәтижесінде ойыншылар саны күн сайын артып келеді. Осылайша, лудоманияның бүкіл әлем бойынша жаңа алаңға таралатыны анық.

Гэмблинг (gambling) сөзбе-сөз аударғанда «ақша үшін ойнау» дегенді білдіреді. Бұл сөз ағылшынның «game» – «ойын» сөзінен шыққан. Аталған құбылыс МКБ-10 (аурулардың халықаралық классификациясы, оныншы қайта қарау) – да құмар ойындарға тәуелділік, F63 (әдеттер мен импульстардың бұзылуы) және F63.0 (патологиялық құмар ойындар) деген кодтармен белгіленген. Ғылыми әдебиеттерде гэмблинг құмар ойын, патологиялық құмар ойындар, құмар ойындарға тәуелділік, азартомания, лудомания сияқты терминдермен де сипатталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бұл ауруды – МКБ-11-ге, яғни жеке тұлға функциясының бұзылуымен немесе күйзеліспен байланысты клиникалық жағдай ретінде тіркеуге алған.
Дүниежүзілік статистика бойынша Қазақстанда да құмар ойынға тәуелділер саны артып келеді. Казинолардың, букмекерлік кеңселердің және басқа да «азарт дилерлердің» қызметтері салыстырмалы алғанда спорт, мәдениет немесе өнер саласындағы қызметтерден айтарлықтай асып түседі. Құмар ойындар мен бәс тігулерді ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемі спорт, демалыс және ойын-сауық саласындағы көрсеткіштен 21,3%-ға, кітапханалар, мұрағаттар, мұражайлар және басқа да мәдениет объектілері қызметтерінің көлемінен 9 есе және шығармашылық, өнер және басқа да ойын-сауық салаларындағы көрсеткішінен 12 есеге артық. Ойланатын жай емес пе…
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі елдегі құмар ойынға тәуелді азаматтың орташа қарызын 10 млн теңгеден астам деп бағалауда. Ал отбасы институты бойынша әрбір 10 ерлі-зайыптылардың 7-еуі құмар ойындарға тәуелділіктен ажырасып, қылмыстық құқық бұзушылықтармен суицид оқиғалары жиілеп кеткенін айтады. Психология ғылымдары гэмблингті ойынға патологиялық құштарлық (pathological gambling), қызығушылық сферасының бұзылуы, құмар ойындарына компуль­сивті бейімділікке, ойынға бақыланбайтын психологиялық тәуелділікпен сипатталатын ауру жағдайы ретінде қарастырады. Психология ғылымында құмар ойындарды тәуелділік (оны алкоголизм және нашақорлықпен теңеу) және обсессивті-компульсивті күйзелстің бір түрі ретінде қарастыратын екі көзқарас бар.
Құмар ойындарға тәуелділіктің дамуына жеке тұлғаның биологиялық және психикалық ерекшеліктері, қоршаған орта, өмір сүру салты, ата-ананың тәрбиесі және басқа да себептер әсер етеді. Адамның денсаулығына, психикалық жағдайына және жалпы әл-ауқатына қатысты мәселелер – құмар ойындарға тәуелділікті қалыптастыратын ең күшті қауіптердің бірі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Кейбір биологиялық факторлар, генетикалық және экологиялық қалыпты қоса алғанда, құмар ойынға тәуелділікті арттыруы мүмкін. Бәсекеге құмарлық, импульсивтілік және алаңдаушылық сияқты белгілі бір тұлғалық сипаттамалар да құмар ойындарға тәуелділіктің жоғарылауына ықпал ететіні сөзсіз. Сонымен қатар компульсивті құмар ойындар нашақорлық, депрессия, мазасыздық және тұлғалық күйзелу сияқты адамның психикалық жай-күйіне байланысты болуы мүмкін. Көптеген жағдайларда құмар ойындарға тәуелділіктің қалыптасуына бірнеше арандату факторлары қатысады, олардың бірі ретінде мидың жұмысы мен адам психологиясына (нейропсихология) байланысты екені дәлелденген.
Сонымен қатар, құмар ойындарға тәуелділіктің алғышарттары арасында көбінесе отбасындағы психологиялық жарақаттың салдары және басқалардан үстем болу қажеттілігі, шешілмейтін мәселелерден құтылуға ұмтылу, осалдық, ашушаңдық, өзгенің сынына төзбеушілік, депрессиялық тұлғалық бұзылулар және басқа да тәуелділіктерді атап айтуға болады.

Құмарпаздың «жасырын аурулары»

Құмар ойындарға тәуелділік кейде «жасырын ауру» деп аталады, өйткені оның есірткіге немесе алкогольге тәуелділік сияқты айқын физикалық белгілері жоқ. Әдетте, құмар ойындарға тәуелділіктен зардап шегетін адамдар бұл жайды тіпті өздері де мойындамайды немесе елеусіз қалдыруға тырысады. Лудомания ауруының белгілері – клиникалық маңызды ақауларға әкелетін тұрақты және қайталанатын құмар ойын мінез-құлқы бар, сонымен қатар төменде көрсетілген 4 немесе одан да көп симптомдары бар индивид.
Қажетті құмарлыққа жету үшін үнемі ақша сомаларын ұлғайтып отрады;
Егер ұтылса, құмар ойынды тоқтата алмайды және қайта ұтқысы келеді;
Құмар ойындарды азайтуға немесе тоқтатуға тырысқанда мазасыз немесе ашуланшақ болады;
Құмар ойындарға тәуелділік дәрежесін жасыру үшін өтірік айтуға бейімделеді;
Маңызды қарым-қатынастарға, жұмыс орындарына қауіп төндіреді немесе жоғалтады;
Құмар ойындардан туындаған қаржылық жағдайларда ақшаны табу үшін басқалардан қарыз сұрайды;
Бақылаудың болмауы. Адам жеңген кезде (ол көпті қалайды) немесе жеңілген кезде де (қайта жеңу керек) тоқтай алмайды.
Ойын туралы ойға толықтай сіңіп кетеді. Ойыншы ставкаларды жоспарлап, стратегияларды ойлап табудан басқа ештеңе істемейді. Егер үзілсе, ол қатты ашуланады;
Ойын белсенділігі жоғары болады;
Ойынға байланысты өтірік. Ойын аппаратына жету үшін туыстарын немесе достарын алдау қалыпты жағдайға айналады;
Ұйқының нашарлауы және мінез тұрақсыздығы байқалады;
Бұл симптомдар адамның тұрақсыз эмоционалдық қалыбымен тікелей байланысты.
Құмар ойындарға тәуелділікті емдеу адам өзінің ауруын мойындағаннан басталады. Бұл – емдеудің ең қиын кезеңінің бірі. Кейбір жағдайларда антидепрессанттар немесе көңіл-күй тұрақтандырғыштары сияқты психикалық ауруларды емдейтін дәрілер құмар ойындарды азайтуға көмектеседі. Құмар ойындарға тәуелділікті жеңуге арналған ұзақ мерзімді емдеу көбінесе мінез-құлықты өзгертуге және қолдауға бағытталған.
Жеке адамның қажеттілігі мен ресурстарына байланысты емдеу стационарлық бағдарламаларды, амбулаториялық бағдарламаларды немесе кейбір жағдайларда стационарлық емдеу мекемесін қамтуы мүмкін. Айта кететін бір жай, кейде емдеуге қарамастан, адам басқа ойыншылармен араласқанда немесе нақ ойын ортасында болған кезде құмарлық дертіне қайта ұшырауы мүмкін.
Бұл орайда бірінші ұсынылатын қадам – ​​адаммен сөйлесу. Сіз оны тәуелділікке қарсы тұруға мәжбүрлей алмасаңыз да өз көмегіңіз бен қолдауыңызды ұсына аласыз. Сондай-ақ, сіз адам дайын болған кезде, оның тәуелділігін емдеу үшін кәсіби көмекке жүгінуге шақыра аласыз. Тиімді емдеу әдісі – оқшауланған стационарлық емдеу, мұнда когнитивті мінез-құлық терапиясы және мотивациялық тәсілдер кеңінен қолданылады.
Құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу ең алдымен отбасында, баланың жасөспірім кезінен жүргізілуі керек. Ата-аналар баласына құмар ойындарға неге араласпау керегін және мұндай
әуестіктің салдары қандай болуы мүмкін екенін түсіндіруі маңызды. Құмар ойындарға тәуелділікті елемесеңіз ертең орны толмас өкінішке қалуыңыз әбден мүмкін!

Маржан ҚАЙРАНБАЕВА,
психолог
Астана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір