Желтоқсан айы туралы не білесіз?
Өткен желтоқсан айынан осы желтоқсанға дейін бір жыл өте шықты. Уақыт шіркін аттай шауып, тоқтаусыз заулап барады. Дегенмен осы бір жыл шиеленістер мен уақиғаларға толы болды… Иә, өткен күндерге салауат. Енді айтайын деген ойыма көшейін.
Қазақ жыл есебі бойынша қараша айының 20-нан кейін Желтоқсан кіреді. Ал желтоқсан айы өткен жылдың соңы немесе келер жылдың басы болып есептеледі. Сол үшін қазақ желтоқсан айына ерекше мән берген. Қазақ желтоқсан айында қыз ұзатпаған, келін түсірмеген, ас бермеген, қонақ шақырмаған, қонақасы бермеген. Дәлірек айтқанда той жасамайды. Неге? Себебі, бұл ай жылдың соңы болғандықтан, малшы қауымның барлық есеп-қисап қорытындысы осы айға қатысты. Бұл айда малдың арық-тұрағын, кәрі-құртаңын сорттайды, сатады, айырбастайды. Сөйтіп, келер жылға қыстан шыға алатын, күйлі, семіз, дерт-дербезден аман малдарды іріктеп, қыстаулыққа орналастырады. Отарға айдатады. Барлық адам қарбалас тірліктен босай алмайды. Осыны ескерген қазақ халқы желтоқсан айын «сапар айы» деп те атайды. Ал желтоқсанның екінші жартысынан бастап ауыл біткен жаппай соғым союға кіріседі. Әдетте соғымға ту сиыр, ту бие, қар суымен жіберілген құр ат және ту қойлар сойылады. Төрт ту қой бір ту сиырға, не жылқыға бағаланады. Әр ауылдың пысық, әлекедей жаланған қасапшылары болады. Ірі қараны сойып, бұзушы төрт жігіттен кем болмайды. Олардың бауыздау пышағы, тері сыпыратын пышағы, ет бұзатын, омыртқаның жігін айыратын жұмыр істігі, жілік бөлетін саймандары толық болады. Малдың батасына ауыл ақсақалдары тұтас шақырылады. Батадан кейін-ақ соғым сою басталады. Бауыздалған малдың қасына ит, мысық, құстарды жолатпайды. Қан-жын, безінде жегізбейді. Құсқа шоқытпайды. Малдың ішек-қарнын ақтарып болғаннан кейін бірнеше түйір етті істікке шаншып, отқа қақтап, үйдің иесі ауыз тиеді. Бұл – соғымымызды отбасымызға бұйыртып жегізсін деген ұғым. Содан кейін, керексіз заттарды ит-құстың жеуіне береді. Ал алдымен ит немесе құс ауыз тисе, соғым өзімізге бұйырмай, ит жемі болып кетеді деп ырымдаған. Бір көңіл бөлетін нәрсе – соғым сиыр болса, қан-жынын терең қазып, исі шықпастай көміп тастайды. Өйтпегенде ауылдың сиырлары қан-жынға келіп, өкіріп, ауылды басына көтеріп, азан-қазан қылады.
Малдың терісі сыпырылып, қолын санын ажыратқан соң бірнеше жігіт мойын етінен қуырдақ турауға отырады. Соғымшылардың сойғаны жылқы болса, сүйексіз шынтақ қазы жасайды. Ал сиыр болса, шұжық жасайды. Соғым сойылып болған соң жұрт мәре-сәре болып, қуырдаққа отырады. Қайтар шағында соғымшыларға қолкесер деп мол қуырдақтық ет береді. Қолына ақтық байлайды. Ауылда бірде-бір отбасы соғымсыз қалмайды. Егер шынымен жағдайсыз, жоқ-жітік отбасы болса, ауыл ақсақалдары бардам адамдарға міндеттеп, 4-5 қой жинап береді. Соғым сою науқаны жарты айға созылады. Осы жарты айда соғым сойылып болу керек. Өйтпегенде желтоқсанның 22-сі күн мен түн теңелгеннен кейін қатты аяз басталады. Ет пен терінің арасын аяз алып, мал арықтай бастайды. Сондықтан қазекең желтоқсан айын осы бір қарбаластықты ескере отырып, «сапар айы» немесе «соғым айы» деп те айтады. Ал енді малын жайғастырып, соғым сойылып, отын, жем-шөп бәрі қамтамасыз болғаннан кейін көңілі тоқ, шат-шадыман жұрт соғым басына шақыруды бастайды. Міне, бұл бірер айға созылатын үлкен науқан, үлкен мейрам. Осы орайда халқымыздың соғым айы дәстүрін жаңғыртып, желтоқсан айының қалаған бір күнін «соғым мерекесі» күні қылса деген тілегім бар.
Сламхат Сейтхамза