КЕМЕЛ ТОҚАЕВТЫҢ БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНГЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?
11.03.2025
471
0

Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының тусырап жатқан тыңына түрен салып, оны белгілі бір биікке де­йін көтеріп кеткен жазушы Кемел Тоқаевтың өмірі мен шығармашылық жолын зерт­теп жүргеніме біраз жыл болды. Балалық шағы кеңестік ашаршылық пен кәмпескеге тап келіп, қазіргі Жетісу облысының солтүстік батыс жағындағы Қаратал ат­ты туған жерінен Бішкекке қарай үдере көшкен Тоқа әулетіндегі сегіз жасар Кемел Тоқаев тағдырының тауқыметін енді қайтып ешкімнің басына бере көрмесін.

 Тоқа қария Бішкек маңына көшіп келіп, кендір алқабының шетіне қоныстанады. Жергілікті жұрт «Қырық кепе» деп атайды екен ол жерді. Кемел мен Қасым әкесі Тоқа мен анасы Әфузадан осы жерде тірідей айырылады. Біреудің сиырын сойысуға кеткен әкесін іздеп шыққан аға­йынды екі баланы сол тұстағы «бас ал десе, шаш алатын» шолақ белсенділер Меркідегі балалар үйіне күштеп өткізіп жібереді.
Ұрда-жық белсенділер бейкүнә балалардың «Біз жетім емеспіз. Біздің әке-шешеміз де бар, үйіміз де бар», – деп шырылдағанына да қарамайды. Сөйтіп, қос перзентінің не өлі, не тірі екенін білмей Тоқа мен Әфуза қайғыдан қан жұтып қала береді. Кемелден үш-ақ жас үлкендігі болса да, бастарына іс түскен соң Қасым інісіне бас-көз боп, қамқоршысына айналады. Балалар үйіне үйренісе келе «Қырық кепеде» қалған ата-анасына барып, өздерінің аман-сау екенін айтуды ойлап, жолға шығады. Бірақ Қасым ол сапардан інісі үшін қуанышты жаңалық емес, қайғылы хабар алып келеді.
Яков деген орташа шаруасы бар орыстың анау-мынауын істеп бергені үшін Тоқа мен Әфуза соның ауласының түкпіріндегі кішігірім үйшікте тұрып жатқан. Жұмысқа құмбыл Тоқаны сол күні Яков Бішкектің базарына ертіп шығады. Әйелі Әфузаның: «Көңілім бір жамандықты сезгендей алағызып тұр. Түнде жаман түс көрдім, бармай-ақ қойшы», – дегеніне қарамастан, Тоқа оны-мұнысын пұлдап қайту үшін Яковтың арбасына отырып, базарға кетеді.
Әфуза бұл кез­де сал ауруынан төсек тартып жатқан. Бір қадам ат­тамақ тұрмақ, төсегінен тұруы мұң. Ал үш-төрт жасар қызы Бибігүл қаз-қаз басып жүре бастаған. Сол тыным таппай жүріп ошақтағы отқа түсіп кетеді. Біресе еңбектеп, біресе қаз-қаз басып жүрген кішкентай сәби ошақтың не екенін, от­тың не екенін біле ме? Сол ошақ ішінен құлындағы дауысы құраққа шығып шыңғыра бастаған кез­де тұрайын десе, төсегінен тұра алмайтын анасы қол созым жердегі жалынға оранып жатқан қызын құтқару үшін жер тырмалап еңбектегенімен кеш қалады. Сөйтіп, екеуі де ошақтағы от ішінде жан тапсырады. Осы оқиғаға базардан келе салып куә болған Яков қайғырып отырып, Қасымға бәрін айтып береді. Шарбағының түкпіріндегі үлкенді-кішілі болып жатқан анасы мен қарындасының қабірін көрсетеді. Әкесін сұраған Қасымға:
–Тоқа екеуміз базардан бірге келген­біз. Көңірсіген иістен бір жаманшылық болғанын жүрегіміз сезді. Сөйтсек… Қайте­й­ін, бәріңнен айырылып жалғыз қалған әкең сол замат дүниеден баз кешіп, басы ауған жаққа безіп кет­ті. Қанша іздесем де таппадым. Біреулер «Шу өзеніне өзін-өзі тастап жіберді» деді. Анық-қанығын білмеймін, – деп мұңаяды.
Бұл қасірет Қасымды бұрынғыдан да есейтіп жіберді. Ата-анасынан шындап айы­рылған ол енді інісін алып, Меркі балалар үйінен басқа, үлкен бір қаладағы балалар үйіне барғысы келді.

* * *

Күні кешеге де­йін аға­йынды Қасым мен Кемелдің Меркі балалар үйінен ке­йінгі өмірі Шымкент қаласындағы Қорғасын зауыты жанындағы орташа мектеп-интернат­та өт­ті деген дерекке сүйеніп келдік. Басқалар да осылай жазды. Ал мына дерек ата-анасынан айырылған екі ұлдың Меркі балалар үйінен ке­йін Леңгір балалар үйінде тәрибеленгенін дәлелдейді.
«Түркістан облысының мемлекет­тік архиві» коммуналдық мемлекет­тік мекемесінде сақтаулы тұрған «Копии приказов по областному отделу народного образования 23.06.1937. – 27.12.1937 годы» деп орыс тілінде жазылған пәпкідегі құжат­ты (Қор № 176, Тіз № 1, Бум № 56, Іс №121) «сөйлетсек», архив деген абыз мынандай нақты деректердің ұшын шығарады.
Латын және кириллица әрпімен жазылған, сиясы оңа бастағандықтан әрең оқылатын бұрыштамадағы (штамп. – К.С.) «Qaz.SSR – КазССР» деген жазуға шұқшия үңіліп, суретке түсіріп алдық. Ол бұрыштама (штамп) М. И. Калинин атындағы Қорғасын зауытының орташа қазақ мектебінің оқушыларының тізімі жазылған қағаз-құжатқа басылыпты.
«I/XII.1937. Гор ОНО. При сем препровождается список бывших воспитанников д/дома согласно в/форсив… (ары қарай жазылмаған). На бывших воспитанников детдомов школы Каз. Ь.С. (бұл жердегі сөздер де түсініксіз. – К.С.)»
Бір-екі парақ қағаздың бас жағына осындай сөздер жазылған құжат­тағы тізімде «Токаев» деген фамилия 16-нөмірлі болып тұр. Одан ке­йінгі «Из какого детдома передан» деген бағанда (графада. – К.С.) «Ленг. д/д» деп жазылған. Ленгір балалар үйі ол кез­де «Ворошилов атындағы балалар үйі» деп аталғанын да осы құжат­тан білдік. «Возраст» деген бағанда «16» деп көрсетіліпті. «В каком классе» деген бағанды «VIII» деп толтырған. «Имеет ли родители» деген бағанға «Брат» деп жазыпты (бұл – ағасы Қасым Болтаев туралы айтқаны). «Адрес родители» деген бағанға «жоқ» деген сызықша (–) белгісі қойған. Бұл дерекке, әрине, жүрек ауырады. Құжат мектеп директоры мен хатшысының қолымен және мөрімен расталған. Барлығы 38 оқушының тізімі жасалыпты.
Талай жылдан бері архивте көпшілік назарынан тыс қалып келген осы алты ауыз сөз жазушы Кемел Тоқаевтың өмірбаянына тың дерек қосты. Сөйтіп, Кемел Тоқаев пен оның ағасы Қасым Болтаевтың Меркі балалар үйінен ке­йін Леңгір қаласындағы «Ворошилов атындағы балалар үйінде» тәрбиеленгені кеш те болса нақты құжатпен анықталып, белгілі болды.

* * *

Осы мақалаға дерек пен дәйек іздеп, жолға шыққан сапар барысында анықтағанымыз, Леңгір балалар үйі 1928 жылы ашылыпты. Үш жылдан ке­йін (2028 жылы) құрылғанына 100 жыл толғалы отырған тарихи ғимарат кезінде Леңгірдегі «мен» деген үш байдың үйі болған екен. Тарихи деректерге жүгінсек, тура 1928 жылғы 27 тамызда Қазақ АССР-і Халық кеңесі мен Орталық атқарау комитетінің қаулысымен күшіне енген бай-құлақтарды тәркілеу дүрбелеңі басталғаны белгілі. Қазір сол үш үйдің екеуі бұзылып кетіп, тек біреуі ғана қалыпты. Біз аман қалған үйдің жылдар сынағына шыдас беріп, бүгінгі XXI ғасырға қаз-қалпында жеткеніне кәдімгідей қуанып қалдық.
Балалар үйінің аты 1928 жылдан бері ара-тұра өзгеріп тұрған. Мысалы, 1952 жылы «Ленин атындағы балалар үйі» болса, одан ке­йін «№15 Бірінші мамыр» балалар үйі болып өзгерген. 2000 жылы «№2 Төле би балалар үйі ММ», 2015 жылдың 29 қаңтарынан бастап «№2 Төле би балалар үйі КММ», ал 2019 жылдың 15 наурызынан бастап «Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» КММ» болыпты. Құдай қаласа, бұл деректерге енді 1937 жылдары Леңгір балалар үйінің «Ворошилов атындағы балалар үйі» деп аталғаны туралы тарих қосылды.
– Мемлекет­тік білім стандарт­тарының талаптарына сәйкес және «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және Жасөспірімдер үйі туралы» Заңына сәйкес, 3 жастан 18 жасқа де­йінгі ешкімі жоқ және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру бойынша жұмыс істеп отырмыз. Бүгінде баланың жалпы саны – 64, ешкімі жоқ бала – 13, ата-анасының қарауынсыз қалған бала – 51, ұл – 29, қыз бала – 35, қызметкерлеріміз – 71, мұғалім саны – 32. Сондай-ақ педиатр, медбикелер жұмыс істейді. Негізі, 70 балаға де­йін қабылдай аламыз. Жетпіс бала 10 отбасы болады, – дейді Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Жәнібек Лебаев.
Үш байдан тәркіленген үйлер тұрған үлкен ауладан 1971 жылы заман талабына сай
2 қабат­ты балалар үйі салыныпты. Балалардың негізгі бөлігі сонда тұрып жатыр. Бай-құлақтардан тартып алған үш үйден бұзылмай аман қалған жалғыз үйдің ішін аралап, оның көненің көзіндей болған есігі мен еденін, терезелерін көріп, жүзжылдық тарихтың мұрты бұзылмай қаз-қалпында тұрғанына қуандық. Мысалы, Меркідегі балалар үйін іздеп барғанымда, бір кез­дері жазушы Кемел Тоқаев алғаш рет тап болған Қарабай байдан тәркіленген үйдің орнын сипап қалып едім. Түркістан облысы, Төле би ауданы, «Бірінші мамыр» ауылы Д.Қонаев көшесі №73 үйдегі «тәркіленген ғимарат» болса, сол күйі тұр. Керемет тарихи жәдігер емес пе?!

* * *

Сонымен, қазақ детективінің тұңғышы ретінде аты алты Алашқа мәшһүр болған Кемел Тоқаев өміріндегі тағы бір беймәлім тарихтың парағы ашылды.
– 1940–1960 жылдары бұл балалар үйінің жеке шаруашылығы болыпты. Тәрбиеленушілер еңбек етіп, өздерін өздері тамақпен қамтамасыз еткен екен деген де дерек бар. Біздің балалар үйіне бұрынғы тәрбиеленушілер келіп тұрады. Қайбір жылы Ресей елінен орыстың екі егде әйелі келіп, ауламыздан екі түп жаңғақ талын іздеді. Екі кейуана сол жаңғақ талдың қабығын сипалап, жапырақтарын аялай ұстап, діңгегін құшақтап, осында өткен балалық шақтарын еске түсіріп, көздеріне жас алды, – деген Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Жәнібек Лебаев сөзінің дәлелі ретінде балалар үйінің ауласындағы екі түп жаңғақ талдың тарихы туралы әсерлі әңгіме айт­ты.
Екі түп жаңғақ талды біз де барып көрдік. Көріп тұрып, сол жаңғақ талдың түбінде жазушы Кемел Тоқаевтың да балалық шағы өткен шығар, ағасы Қасым екеуі алыстағы ауылын, қапияда көз жұмған ата-анасын, қаз-қаз басқан қарындасын сағынып осы екі түп жаңғақ талдың түбіне отырып сырласқан шығар деп ойладым. Екі түп жаңғақ тал аға­йынды Қасым мен Кемел сияқты көрініп кет­ті.

* * *

Тәркіленген үш үйден қалған, көненің көзіндей балалар үйінің ішін аралап жүріп осы шаңырақта тәрбие алып, ке­йін елге белгілі азамат болған адамның өмірі жайлы мәліметпен де таныстым. Ол – Жолдияр Әдірбеков. Жолдияр аға балалар үйінен түлеп ұшқан соң, Кентау қаласындағы қалалық комсомол ұйымының хатшысы болып еңбек жолын бастапты. Одан ке­йін Жоғары партия мектебін, Халық шаруашылығы институтын инженер-экономист мамандығы бойынша бітіріпті. Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитетінің сыртқы байланыс жөніндегі төрағасы да болыпты. Көпсалалы «Ордабасы» концернінің бас директоры, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутат­тығына сайланған. «Шымкентмай» ААҚ басқарған. Осы қызмет­терде жүріп өзін қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай, маңдайынын сипап өсірген балалар үйіндегі тәрбиешілерін, ұстаздарын еске алып, балаларға үнемі көмек қолын созып отырыпты. Озат оқушыларға стипендия таға­йындапты. Жоғары оқу орындарына түсуге көмектесіпті. Балалар үйіне қаржылай қолдау көрсетіпті.
– Біз бұрын сол ардақты ағамызды еске алып, мақтан тұтушы едік. Әрине, әкесінің игілікті жолын жалғасытырып жүрген ұлына да ризамыз. Енді «Қазақ әдебиеті» газетінің тілшісі сізден, осында белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың тәрибеленгенін естіп, тіпті қуанып отырмыз. Енді ол кісіге де арнайы бұрыш ашып, кітаптарын қоямыз. Кемел аға туралы бұрынғы соңғы қызықты, ғибрат­ты, материалдарды жинастыра бастаймыз. Өмірбаянын зерт­тейміз. Балалар үйінің сыртына «Бұл үйде қазақ әдебиеті детективінің тұңғышы, белгілі жазушы Кемел Тоқаев тәрбиеленген» деп жазып қоямыз. Демеуші табылып жатса, балалар үйінің жүз жылдығына орай, ауламыздан ескеркішін де ашармыз, – деді Төле би отбасы үлгісіндегі балалар ауылының директоры Жәнібек Лебаев.
«Айтқаныңыз келсін, ниет­теріңізге жетіңіз!» – дедік біз, бала Кемелдің Жетісу өңірінің сонау Қараталынан басталып, Бішкектегі «Қырық кепе», Жамбыл облысы өңіріндегі Меркі, Оңтүстік Қазақ­стан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы) Ленгір және осы облыстың орталығы Шымкентке де­йін жалғасқан қиын-қыстау күндерге толы өмір жолының қилы-қилы тағдырын ой елегінен мұңая өткізіп тұрып.
P.S. Жазушы өмірінің тарихы мен дерегін іздеп шыққан осы сапарыма ұйытқы болған генеолог Нұржан Садырбекке, Ленгірге де­йін үзеңгі жолдас болған Шымкент қаласының тұрғыны Өмір Шыныбекұлы бастаған азамат­тарға алғыс айтамын.

Көсемәлі СӘТ­ТІБАЙҰЛЫ,
Түркістан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір