Бақытымыз да, намысымыз да — Желтоқсан!
15.12.2025
114
1

Желтоқсан куәгері, «Желтоқсан ақиқаты» ҚБ Алматы облысы бойынша төрайымының орынбасары, бүгінде еңбек сіңірген ұстаз Роза Чинтемирова

Қазақ даласында ғасырлар бойы болған қанды шайқас, алапат жорықтардың бәрі тәуелсіздік үшін жасалған қадам екенін тарихтан білеміз. Соның ішінде 1986 жылы 16-желтоқсанда болған оқиға соңғы әрі нақты қадамы болды десек артық айтқандық емес. Бұл көтеріліс тарихтың бір парағы ғана емес, бұл – қазақ халқының рухын көтерген, тәуелсіздікке бастама болған естен кетпес оқиға. Осы атаулы күнге орай Евразия техника-экономикалық колледжінде «Тәуелсіздік бізге аманат» атты патриоттық кеш өтті. Іс-шараны Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты №20 кітапхана мен «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалы бірлесе ұйымдастырды.

Жастардың бойында патриоттық сезім қалыптастыру, Тәуелсіздіктің тарихи маңызын түсіндіру және 1986 жылғы Желтоқсан қаһармандарының ерлігіне құрмет сезімін күшейту мақсатында өткен кездесуге желтоқсан куәгері, «Желтоқсан ақиқаты» ҚБ Алматы облысы бойынша төрайымының орынбасары, бүгінде еңбек сіңірген ұстаз Роза Чинтемирова қатысты.

Мемлекеттік Гимнмен ашылып, Желтоқсан қаһармандарының рухына арналған бір минуттық үнсіздіктен соң сөз алған құрметті қонақ  сол кезеңнің оқиғалары туралы естеліктерімен бөлісіп, сол жастардың ел болашағын сақтаудағы рөліне тоқталды.

– 1986 жылы 21 жасар студент едім. Дінмұхамед Қонаевты қызметінен алып орнына шеттен адам қояды деген шешімге қарсылық білдірген жастардың ішінде мен де болдым. Қазіргі кездегідей жылдам хабар ала алмаймыз ғой. Бір-бірімізден естіп, наразылығымызды білдіріп орталық алаңға жиналдық. Жиналғандар көп болды. Дәл осы күн оқиғаның қызған шағы болды. Алаңға әскерилер мен курсанттарды әкеле бастады. Әлі күнге дейін көз алдымда. Біз «әр ұлттың өз көсемі болсын» деген қағиданы ұстанып, ешқайда кетпедік. Ұрып-соқты, таяқ жедік. Қан суша ақты десем өтірік емес. 54 қызды апарып, ішінде мен де бармын, қамады. Сол жерде сұраққа алды, тергеді, қинады. Бір-бірімізді сатпадық. Түнгі 2-лер шамасында бізді босатты. Ертесінен бастап сергелдең басталды, жиналысқа салды, «тәртіпсіз, нашақор» деп айыптады, оқудан шығарды. Араласып жүрген, дос-жаран, мұғалімдер теріс айналды. Ата-анамызды сөкті. Сол күнгі алған соққының да, суықтың да зардабын әлі тартып келемін. Қалай десек те қазақ жастары үшін қасіретті күн қазақ халқының ерлігі мен бірлігін әлем таныған күнге айналды, — деп Роза апай сол сұрапыл күндерді көзіне жас ала отырып жеткізді. Желтоқсанның жаңғырығы есінен кетпеген куәгер тәуелсіздіктің қанмен келген ерекше сәт екенін баса айтты.

№20 кітапхана меңгерушісі Л.Мәулітшәріпқызы

Желтоқсан куәгерімен болатын патриоттық кеш  әдеби, музыкалық нөмірлермен жалғасты. Оқу орнының жастары ән шырқап, би билеп, өлең оқып, кештің шырайын кіргізді. Кеш соңында сөз алған оқу орны директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қарлығаш Салимовна мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Серікқызы жылы лебіздерін білдірді. Ал ОКЖ қарасты №20 кітапхана меңгерушісі Л.Мәулітшәріпқызы кеш қонағына алғысын айтып, сый-сыяпат көрсетті.

«Атамекен» әнімен аяқталған кештен әр жас «тәуелсіздік» деген бақытты алып берген желтоқсан жастарының алдындаз мәңгі қарыздар екенін сезініп тарқасты.

М.Маулина,
журналист 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.12.2025 | 12:03

Керемет. Тән жарасы жазылар ау, жан жарасы не болар.
Желтоқсаншыларды әрдайым ардактайык. Тағзым етейік. Дарыптейык.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір