Салтанат ӘБДІҒАЛИ: КІТАП МАҒЫНАЛЫ ӨМІР СҮРУГЕ ҮЙРЕТЕДІ
19.11.2022
661
0

Бүгінде он мыңнан астам тұрақты мүшесі бар, жас жазушы Салтанат Әбдіғали жетекшілік ететін «Кітаптар әлемі» жобасына екі жыл толып отыр. Осыған орай, ұлттық руханиятымызды өркендетуге лайықты үлес қосып жүрген жоба жетекшісін әңгімеге тарқан едік.

– Аз уақыттың ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын үлкен-кішіні кітап оқуға тартуда, қазақ әдебиетін насихаттауда елеулі жұмыс атқарып келесіз. Айтулы топты ашу туралы ой қалай туды?
– Халқымызда «Кітап – өмір ұстазы» деген керемет нақыл сөз бар. Кітаптың ең алдымен адамға өмірін мағыналы сүруге, өзін тануға, терең ойлауға және жан дүниесін байытуға жасайтын ықпалы зор. Ұлы Абайдың:
Пайда ойлама, ар ойла
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге –
деген жыр жолдарында үлкен ой жатыр. Мектеп қабырғасында жүргенде кітапты ерекше сүйіп оқып, әдебиетке әуес болып өстім.
«Адамды адам еткен – кітап, азамат еткен – кітапхана», – деп қазақтың біртуар жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңгі болашағы мен келешегі – жастарды кітап оқуға ынталандыру екендігі, мәдениеттің мәйегі – кітап екендігін санасына құю – бір мемлекеттің ғана шаруасы емес, әрбір көкірек көзі ояу саналы азаматтың парызы деп санаймын. Осыдан екі жыл бұрын дүниеге келген жобаның басты мақсаты – көпшіліктің кітап оқуға деген қызушылығын арттыру, қолдан келгенше қазақ ақындары мен жазушыларының шығармаларын насихаттау болатын.
Бүгінгі таңда біздің өмірімізде әлеуметтік желілердің басымдылығы үлкен. Осыдан екі жыл бұрын ғаламторды тиімді пайдаланып, мақсатымды жүзеге асыру үшін жеке парақша аштым. Сондай-ақ «Кітаптар әлемі» жобасы дүниеге келді. Тікелей эфир, ютуб арқылы қазақ қаламгерлерінің шығармаларына қысқаша шолу жасап таныстыруды қолға ала бастадық. Бұл жоба үлкен мен кішінің қызығушылығын арттыра түсті. Бүгінгі таңда тобымызда мектеп оқушылары, студенттер, зейнеткерлер, өнер және әдебиет қайраткерлері бар. Олардың бәрі де республикамыздың түкпір-түкпірінде тұрады. Игі іске бәрі де атсалысып, жұмысымыз жандана түсті.
– Көпшілікті кітап оқуға ынталандыруда тағы да қандай рухани шараларды жүзеге асырып жатырсыздар?
– Әрдайым ізденіс таныту – уақыттың талабы. Біз әртүрлі қызықты шараларды ұйымдастыруға айрықша көңіл бөлеміз. Барынша сөз өнерінің барлық түрін қамтып, мысалы, мақал мен мәтел сөздерден ойын ойластырып, шешендік сөздер жаттап, демалыс күндері жазбаша айтыс өтіп тұрады. Сондай-ақ кітаптардан үзінділер жасырып, түрлі ойын түрлерін ұйымдастырып отырамыз. Әр апта сайын сенбі күні топ мүшелері өздері оқып жүрген кітаптарын ұсынып, талдау жасайды. Кейде қаламгерлердің шағын шығармасын ортада жариялап, ой бөлісеміз. Былтыр күз айында өзіміз насихат жасаған авторлар шығармасынан жұмбақ жасырып, наурызда ұлтымыздың рухани құндылықтарын дәріптеп, белсенді оқырмандарды сыйлықпен марапаттадық. Биыл жаз айларында «Бірге кітап оқиық» онлайн байқауын өткіздік. Нақтырақ айтсақ, мамыр айында жазушы Адам Мекебаевтың «Аспан асты, жер үстіндегі зұлмат» кітабын бір ай бойы оқырмандармен бірге оқып, сексенге жуық қатысушы кітапқа талдау жасап, видеоларын жолдады. Онлайн байқау ережесі бойынша ең мықты шолу жасаған бес оқырманға қаржылай сыйлық бердік. Маусым айында қаламгер Қарауылбек Қазиевтің «Иманжапырақ» кітабын оқыдық. Тамыз айында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шығармаларын жатқа оқу бәйгесі өтті. Жиырма оқушы жүлделі орынға ие болды.
– Осы орасан жұмыстарды түсініп, бағалап, қолдау көрсетіп, рухани дүниеге демеушілік жасаған жомарт жандар бар ма?
– «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, осы орайда Ақтау қаласында тұратын кәсіпкер Бақыт Жұмабек ағамыз үнемі белсенді оқырмандарды ынталандырып, қаржылай көмек беріп келеді. Одан бөлек, Астана қаласындағы «Фолиант» баспасының ұжымы үлкен демеушілік жасап, оқырмандарға тегін кітап таратып, игілікті істің ұйытқысы болып жүр. Сондай-ақ өзім еңбек ететін Халықаралық «Түрік әлемі» телестудиясы да үлкен рухани демеушілік жасап келеді.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Сөз соңында ерекше белсенділік көрсеткен топ мүшелерін атап өтсеңіз?
– Алға қойған жоспарымыз көп. Еліміздің барлық өңірін аралап, мектептер, жоғары оқу орындарында студенттермен кездесу өткізіп, насихат жұмыстарымызды кеңінен жасасақ деген ойымыз бар. Қазірдің өзінде көптеген оқу орындары, мектептер шақыруда. Көктемде осы игі істі нақты қолға алсақ деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге қыс айларында «Жылдам кітап оқиық» онлайн байқауларын ұйымдастырмақшымыз. Қазақта «Арық сөйлеп, семіз шық» деген қанатты сөз бар. Алдағы уақытта атқаратын жұмыстар көп. Жоғарыда атап өттім, «Кітапқұмарлар» тобының мүшелерінің бәрі де ойлы бастамаға барынша қолұшын созып келеді. Мен оларды бөліп-жармай-ақ қояйын, бәріне де ризамын. Ең бастысы кітап сүйетін, әдебиетті қастерлейтіндер көбейіп келеді.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір