Тылсымнан тамыр тартқан сыршыл ақын
19.11.2022
476
0

Көне Үргеніш!
Елеңдер іш,
Сен десем!
Тереңге өріс
Тартар едің – тергесем!
Самарқандқа
Тиіп қамшың – сермесең,
Бұхарадан бұрын оздың төрге сен…
Енді неге
Тұрсың толып шерге сен?!
…Қоңыраттан
Қалған сынық құмыра,
Құм астынан
Қатады тіл құмыға.
Құбыладан
Жалғап зорға шұғыла,
Күбірлейді
Нәжмеддин Кубра

Бұл – тарихтың тереңіне көміліп, Ақсақ Темір аяусыз суға батырған көне де көрікті Үргеніш. Үргенішті іздеп барып, жоқтап тұрған Төреғали ақын. Жақын маңнан шуылдап ағып жатқан Әмудария абат қаланың жойылып кетуіне өзі себепкер екенін іштей сезіп, асығыс ағып барады. Жошының көне астанасын аңсап келіп, таба алмай тағдырға базына айтып тұрған ақынды жұбатып, шұғыла боп шашылған Нәжмеддин Кубра ғана…
Төреғали ақынның өлеңдерінің дені тарихқа терең бойлап кетеді. Бүгінгі поэзиямызда өз өрнегін, өз стилін қалыптастырып, оқырманын ойландырып та, толғандырып та жүрген Төреғали Тәшенов тарихты жазғанда қиял қуып, ертегі жазбайды. Тарихтың өзімен үндесіп, тарихтың өзімен тілдесе отырып жыр толғайды. Бұған жарыққа шыққан жаңа жыр кітабы «Айттым құлдық, Қаламқасты» оқып шықсаңыз, көзіңіз жетеді.

Ата-бабамыз деп жүр ғой
Алтайдан өрген,
Аңсаумен Тәңір тауларын
қартайған кеудем.
Қаратауда қап қойған қадым
заманда,
Жолаушыдаймын жұртына
қайта алмай жүрген.
Немесе:
Қаузасам қадым заман хатыменен,
Жаралған Күн нұрынан,
заты да ерен,
Бұхарай-Шәріптің бас мешітіне
Шыңғыс хан кірді дейді атыменен.

Алтайдан қанша жерді ат тұяғымен таптап келген Шыңғыс қаһан мешітке де атпен енді. Астамсығаннан емес, «астапыралласынан» жаңылғандарды тәубесіне түсіру үшін. Іліміне ақылы сай бас имаммен пәлсапалық аз айтыстан соң аттан түсіп, ізет жасады.
Ақынның «Хижра һәм Шолаққорған қасіреті» тарихи дастаны да түркі даласына исламның дендеп ене бастаған тұсындағы қоғамдық толқуларды нанымды көрсетеді. Тірідей қорғанға қаланып кеткен Өтеміс батыр тағдырын саралап, соттауды ақын оқырманына қалдырады.
Тарихи тақырып – таусыла қоймайтын шексіз әлем ғой. Төреғали поэзиясы да тарихи жырлармен өлшене қоймайды. Заманауи тақырыптарды, бүгінгі ел ішінде болып жатқан өзекті мәселелерді жырмен қозғап, жүрекке жеткізуді де ақын басты міндетім деп қарайды. «Кептеліс», «Қордай қырғыны», «Тажал мінді есегіне» деген өлеңдері қоғамда болып жатқан дүрбелеңді сөз етсе, «Электронды «концлагерде» отырған достарыма» деген өлеңі бүгінгі болып жатқан жаһандану үрдісі мен техникалық даму қарқынына байыппен барып, сақтана әрекет етуге үндейді. Бір емес, бірнеше өлеңдерінде Төкең техника мен технологияның қарқындап дамуы – ет пен сүйектен жаралған адам денсаулығына кері әсер беретінін де жоққа шығармайды.
Төреғали Тәшенов – жалтақтап айтып, жағымпазданып жаза алмайтын ақын.
Оны Төкеңнің саяси жыр жолдары мен публицистикасынан анық байқаймыз.
«Қара құзғын: аты – адам,
заты – жын,
Қорым қазған харам байлық, тақ үшін.
Отаныңа,
Таңда махшар болғанда,
Не айтпақсың,
Сұрағанда хақысын?!
Тәңірсіндің
Тие қолға бек тізгін
Тура аузынан түскендей боп
тек түздің.
Көк бөріні көн тулақ қып көп құзғын,
Шектен шықты бетсіздігі тексіздің!
(«Қанды қаңтар.
Қара құзғын» өлеңінен).

Қай жаққа қарасаң да – ұрғашылық!
Қатын би боп, сиыр тұр пұлға шығып.
Тіліңе де тиісіп, дініңе де,
Тепсінеді тұл қатын, тұлғасынып.

Ән – ұрғашы, өлең де,
жыр да – ұрғашы,
Сұлу, жылтыр, сенбесең,
сөз тыңдашы.
Саясат та – ұрғашы, бизнес, заң да,
Осы шығар, сірә да, құрдым басы…

…Ұрғашылық дегенім – бұл ғасыр, ұқ!
Жетегінде етектің жүр басылып.
Қасиетті әйелде не құным бар?!
Қоғамға айттым, қылма деп
ұрғашылық!
(«Ұрғашы» өлеңі).

Заманның залымына, саясаттың сайқымазағына дәл осылай етегін түріп айту, езуін тіліп айту – Тәшенов стиліне тән құбылыс. Бұл – ақынның сөзі емес, елдің буырқанған ашу-ызасы, ішінде қайнап жатқан кегі, мұңы мен шері.
Осы ғасырымыздың басында билік басындағы бір бәдік-шешен «Жәңгірді Махамбеттің өлеңімен ғана бағалаймыз ба?» деп жаңалық ашқан. Не залда отырғандардың, не қасында тұрғандардың бірде-бірі «Махамбеттің өлең қып айтып тұрғаны – халықтың ашу-ызасы ғой» деп айта алмады.
Жуырда ғана шыққан жыр жинағында ақынның лирикасы да, поэтикасы да, пәлсапасы да тұнып тұр. Жырсүйер қауым тұщынатын, әлдекімдер ұшынатын ақ туындылар топтамасы. Барлық ақынның жырына арқау болған ғашықтық сезім, өліп өшкен өлермен шумақтар, қартая қоймаған зор махаббат, хор сұлулары Төреғали жігітті де зыр жүгіртіп, сансыратып, желекті нуға, шілікті сайға, айдаланың адырына жетелейді. «Айттым құлдық, Қаламқас» деп атының өзі айқайлап тұр.
…Көріп қойды жас жігіт бар болғаны,
Сол сұлудың жүрегінен Алланы.
Көрген сәттен ессіз құлай асық боп,
Қыр соңынан қарға адым қалмады.

Шын ғашықтың саф ниетін
байқар күн,
Сынағы аса ауыр еді сайқалдың.
«Ата-анаңнан безін,
Тәрк ет,
Олардан
Артық сүйсең мені!» деді тарпаң қыз.

Жетсе ілімің,
Хикметін ұғып көр,
Жатпас деме тау астында бұғып көл.
Құрбан еткен жар үшін ең жақынын,
Аталарың жынды болған жігіттер!

Шіркін, мына дүниенің
ғажабы аз ба-ай,
Мен Тәңірді таныдым жаңа, жазбай.
«Жылытыңыз жаңбырдан!» деп өзіңіз
Тығылдыңыз бауырыма бала қаздай.
Ұрымтал тұс – уақыт ұтары көп,
Уысымда жүзім жүз, жұқа жүрек.
Оңашада от кеудем отықпаған,
Құлын демді құныға жұтады кеп.

Қаратаудың теріскейінде туған қара баланың туған жеріне арнаған сағынышқа толы лирикалық жырлары бір төбе. Туған ел, атамекенін жырламаған ақын бар ма екен, сірә?
Біресе көк мұнартып,
Біресе қоңыр тартып,
Құбылған қайран тауым
Шоқтығы артық.
Тепсінген Теріскейдің рухындай,
Тұр әнеу өр ашуың көкті шарпып.
(«Қаратау» өлеңінен)
Түспеген оттан қазаны елдің,
Сағына қалсам, саз әнім менің.
Өр кеудесінен тау самалы ескен,
Сүйемін сені Созағым менің.
(«Созағым менің»)

Бұл өлеңге дарынды сазгер Әділбек Нысанбаев ән де жазды. Бүгінгі таңда Теріскей жастарының сүйіп орындайтын әндерінің біріне айналды.
Осы кейінгі жыр жинағы хақ жолына бой ұрып, қажылық парызын өтеп қайтқан ақын-қажының діни пәлсапаларымен толықтырылған. «Қағбада қаза болған қаралы аққу», «Мүбәрак түні Меккенің», «Рахман жаңбыры» тағы басқа өлеңдері ұлы дініміздің қадір-қасиетін жырлайды. Діни фанатизм мен жасанды құлдық ұрудан аулақ. Шынайы толғау, пәлсапалық пайымдаулары тұп-тұнық, өрімтал өлеңдер.
Ұзақ жылдар республикалық басылымдарда істеп, алуан тақырыпқа қалам тартқан журналист Тәшенов өзекті де өткір мақалаларымен оқырмандарын тәнті етіп келді. Кезінде қылмыс әлемінің серкесі атанған Сары Алмасты журналист Тәшенов ұлт батыры ретінде көрсетіп, ұлт намысын жоқтаушы азамат ретінде суреттейді. Оның журналистік зерттеуі оқырманын қапысыз сендіріп, ақиқатқа иландырады. Мұстафа Шоқай легио­нында болып, диверсант боп елге түскен қазақ азаматтары да – тәуел­сіздік үшін күресіп жүрген күрескерлер. Кеңестік қанқұйлы жүйеден түңіліп, нағыз көсем-серкеге ілескен саналылар. Төреғали Тәшенов мақалаларының дені еліміздегі және шетелде болып өткен болып жатқан тылсым оқиғалар мен жұмбақ жерлерді зерттеуге олардың сырын ашуға бағытталады. «Байқоңырдың қаралы баспалдақтары» мақаласында бұл аймақтың жайдан -жай космодром мекені болып таңдалмағаны, тылсым сырларға толы өлке екенін ашады. «Гагарин туралы құпия», «Қапшағайдың тиімділігі көп пе, зияны көп пе?», «Қазығұрттың төбесінен неге ұшақ ұшпайды?» «Ватикан ба, Батый хан ба?», «Ұлы Маңғыттың соңғы тұяғы», «Шамбала – жердегі жұмақ», «Хан Тәңірі – қазақ жерінің Шамбаласы», «Фотография тағдырға әсер ете ме?» – тізе берсек, таусылмайды.
Сонау патшалы Ресейдің заманында-ақ бүлініп бұрмаланған тарихымыз бен кеңес кезеңінде уланған санамызды бірден қалпына келтіре қою екіталай нәрсе. Шындықты шырмап, ақиқатты алқымнан алған қанқұйлы жүйе қазаққа не жасамады? Осы олқылықты толтыру үшін, елдің санасын ояту мақсатында ұлттық ғылым мен бірге ұлттық журналистикамыз да, әдебиетіміз бен өнерімізде барлық мүмкіндіктерін сарп етіп жатыр. Солардың бірі – біз айтып отырған ғылыми-танымдық мақалалар. Осындай тылсым сырға толы жұмбақ мақалалары мен саналы адамға ой салатын танымдық зерттеулері арқылы ақын-журналист ұлттық публицистикамызға тың серпін жаңа леп әкелді. Жетпіс жылдық кеңестік бұғауда еркін айта алмай, еркін жаза алмай кеткен шығармашылық тұлғаларымыздың есесін осындай білімі мен білігі табиғи дарынына сай түсіп жатқан ақын-жазушыларымыз бен журналистеріміз қайтарды. Қазақ журналистикасы әлі де сын мен тежеудің ықпалынан толық шығып кетті дей алмаймыз. Өйткені тоқыраудан толық шығып, коррупцияның шырмауығынан арылып бола алмай жатырмыз. Сол себепті де өткір де өзекті мақалаларымыз біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жататыны жалған емес. Осы тақырыптары үшін Төкең дос та тапты, жау да тапты. Бірақ өз дегенінен қайтпай, қарымы да дарыны да дардай ақын-журналист болып қалыптасты. Қандай тақырыпқа, қай стильге жазса да тылсымнан тамыр тарта отырып, ел тарихына, өткен мен бүгінге базына айтады. Мақалалары мен эсселері жинақталған «Сана мен саясат» кітабын оқыған саналы жан рухани азықтанып, танымын кеңейтетіні даусыз.
Бүгінгі күні алпыс деген айтулы жасты алқымдап, ертеңге қарай жетілген шығармашылық рухпен, саналы білікпен қадам басқан ақын-журналистен әлі де тұщымды да танымды туындылар күтетініміз анық.

Аспандияр ӘДЕНҰЛЫ,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір