ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ БИЛІК
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова әдебиет және мәдениет қайраткерлеріне жыл сайын берілетін президенттік және мемлекеттік стипендияларды тапсыру салтанатына орай Алматыға келген сапарында Қазақстан Жазушылар одағына арнайы ат басын бұрып, қаламгер қауымның хал-жағдайымен танысып, ақын-жазушылармен мәжілістес болып қайтты. Мемлекеттік хатшы қатысқан бұл жиында қаламгерлерді алаңдатып жүрген мәселелердің бәрі дерлік айтылды. Ұлттық діл мен идеология, мәдениет пен әдебиеттің жай-күйі талқыланған басқосуда қазіргі әдеби ахуал, қаламақы алу мәселесі, жазушылардың әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ, баспаналы болудың жолдарын қарастыру да сөз болды…
Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының жұмыстарымен танысып, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» және «Простор» журналдарының редакцияларын, Әдебиетшілер үйін аралап, ұжымның және ғимараттың қазіргі жай-күйімен де танысып шықты.
Көркем әдебиетпен қатар, Қазақстанның рухани-мәдени саласын одан әрі дамытудың өзекті мәселелері талқыланған бұл жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, сенатор, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Нұрлан Оразалин, Қазақстанның Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, төрағаның орынбасарлары, Жазушылар одағының басқарма мүшелері, белгілі ақын-жазушылар, әдеби басылымдардың басшылары, әдеби кеңестердің жетекшілері қатысты.
Сөз басында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова жазушылармен кездесуге арнайы бұрылғанын, ел өмірі, болашағы үшін бірқатар мәселенің басын қайырып ақылдаса келгенін айтып, шығармашыл зиялы қауым өкілдерінің ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыруға, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтетін мерекелік іс-шараларға белсене қатысатынына сенім білдіріп, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы негізінде Қазақстан халқының игілігін, абыройы мен ар-ұжданын паш ететін терең мазмұнды жаңа шығармалар дүниеге келеді деп үміттенетінін жеткізді.
Жазушылар одағының басқарма Төрағасы Нұрлан Оразалин Мемлекеттік хатшыны Жазушылар одағы тарихымен, ғимараттың қазіргі жағдайымен қысқаша таныстырды:
– Әдебиетіміздің алыптарының бірі Ғабең – Ғабит Мүсіреповтің: «Мемлекет аман болса, жазушыларға бір үй табылады ғой. Бірақ солай екен деп Жазушылар одағына үйді күттіруге болмайды» деген сөзімен, жазушыларға арнайы салынған, 1960 жылдардан бері қарай талай қаламгердің ортақ үйіне айналған ғимарат – осы. 1973 жылы Әнуар Әлімжанов Жазушылар одағына басшылық жасаған тұста Азия, Африка елдері әдебиетінің үлкен жиыны Алматыда өтті де, сол басқосу үшін Жазушылар одағының ғимараты кеңейіп, Сіз аралаған мәжіліс залы орналасқан қосымша ғимарат – Әдебиетшілер үйі тап сол уақытта салынған еді. Жазушылар одағының ғимаратынан бөлек, Алатау бөктерінде әл-Фараби атындағы Шығармашылық үйі бар, бәрі өзіміздің иелігімізде. 1990 жылдардың аумалы-төкпелі уақытында Жазушылар одағы ғимараты қолдан-қолға өтіп кете жаздап, аға қаламгерлеріміздің араласуымен аман қалған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына өтініш айтып, ол кісі өтінішімізді құп алып, Президентіміздің тікелей көмегімен ғимаратты күрделі жөндеуден өткіздік. Бүгінгі күні бұл ғимарат – қаламгерлердің ортақ үйі. Қазақ көркем сөз өнерінде қолтаңбалары ерекшеленген ақын-жазушылардың іздері қалған, алақандарының табы сақталған, арман-тілектері айтылған, шығармашылық жоспарлары жасалған аруақты мекеме. Одақ үйінің әлгінде ғана өзіңіз аралаған әр бөлмесінде арыстарымыздың естеліктері қалғанын байқайсыз.

Уақытыңызды бөліп, қаламгер қауыммен, Жазушылар одағы құрылтайшылығымен шығып жатқан газет-журналдар редакциясы ұжымымен кездесуге келгеніңізге айрықша алғыс айтамыз, – деген Жазушылар одағының басқарма Төрағасы мұнан кейінгі сөз кезегін басқарма мүшелеріне, жазушыларға берді.
Басқосуда ақын-жазушылар кітап, газет-журнал оқу мәселесі, жалпы оқу мен оқырман тартудың күрделілігі, қаламгерлерге деген мемлекеттік саясаттың жаңаша қарқын алуы, мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың сапасын жақсарту жөніндегі проблемаларды, шынайы көркем әдебиетке мемлекет тарапынан жасалар қамқорлық, БАҚ-та мемлекеттік саясатты жүргізуге бағытталып өткізілетін байқаудың дұрыс ұйымдастырылуы, кітапханалар мен мектептерде көркем әдебиетті, әдебиетті насихаттайтын газет-журналдарды жаздыртудың мәселелері туралы өз ойларын айтты. Елдің әлеуметтік, мәдени жағдайларын зерттейтін орталықтардың жоқтығы, қаламақы мәселесі, жаңа жазылған көркем шығармаларды насихаттау мен оқыту, жас қаламгерлерге пәтер беру, т.б. мәселелерді кеңінен әңгімеледі.
Қаламгерлер және Жазушылар одағы құрылтайшылығымен шығатын газет-журналдар басшыларының сөзін мұқият тыңдаған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова алдағы жылдары қазақ әдебиетінің жағдайын жақсарту үшін бірқатар іс-шаралар атқарылатынын, басқосуда көтерілген мәселелердің барлығы да тиісті орындарға жеткізіліп, шешімін табуға мұрындық болатынын айтты:
«Болашақта арнайы заң жобасын қарастырып, лотореядан түсетін табыстың белгілі бір пайызын мәдениет пен әдебиетке бөлсек деген жоба бар. Оның механизмдері толық қаралып біткен соң, ол заң да өз күшіне еніп қалар деп ойлаймыз. Пәтер мәселесіне байланысты Алматы қаласының әкімі Б.Байбекпен сөйлесіп, келіссөздер жасап көруге болар. Жаңа буын әдебиетшілер, қаламгерлер өсіп келеді. Оларды мемлекет тарапынан қолдау керек деп ойлаймын. «Шетелдегі қазақтарға ақпаратты жүргізу» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» журналдарын Халықаралық каталогқа енгізу мәселесін де қолға алуға болады. Интеллектуалды, көркем, керек материалдар басылған газет-журналдардың өтімділігі неге төмен деген сауалды болашақта қарастыратын боламыз», – деп сөзін түйіндеді.
«Жазушылар ұлттық мүддені, Елбасы саясатын әрдайым қолдап келеді. Тәуелсіздік бізге қалай керек болса, тәуелсіздікті баянды етуге біз де сондай қажет екенімізді сезінеміз. Өзге шығармашылық одақтардың ішінде материалдық-шығармашылық мүмкіндіктері сақталып тұрған ұйым – осы Жазушылар одағы. Біздің де өз мәселелеріміз, мемлекеттің қолдауын қажет ететін жобаларымыз бар. Олардың барлығын сізге арнайы хат ретінде табыстағанбыз. Бүгінгі айтылған мәселелерді де хатқа түсіріп, сізге жолдайтын боламыз. Әдебиет – біздің қастерліміз. Ол – дәуірдің үні, моральдық-психологиялық атмосфераны қалыптастыратын күш. Қоғамдық ұйым ретінде, менің ойымша, біз, біріншіден, қазіргі уақыттың талабынан шығып, көркем дүниенің кем-кетігін түгендеп отырмыз деп ойлаймын. Сіз жазушылар айтқан мәселелердің біразымен ғана таныстыңыз. Ол айсбергтің үсті ғана, қазір қордаланған мәселелеріміздің тоғыздан бірі ғана айтылды. Қалғандарын өзара кеңесіп, бөлім-бөлім бойынша жазып, сізге ұсынайық», – деген Н.Оразалин көркем әдебиетті насихаттау барысында тек ел ішілік мәселелермен шектеліп қана қоймай, халықаралық та байланыстар жасалынып жатқанын атап өтті.
«Сізді халықаралық әдеби байланыстармен хабардар етейін. Қазақстанның Ресейдегі Елшісі М.Тажиннің қолдауымен Қазақстан-Ресей әдеби байланысы нығайып, тәуелсіздіктен кейінгі уақытта жазылған шығармалардың біршамасы орыс тіліне аударылды. Болашақта бұл барыс-келіс жалғасады деп ойлаймын. Қазақ хандығығының 550 жылдығы мерейтойында, ел мұраты, ұлт тұтастығын насихаттау үшін Еуразия тобымен бірігіп, екі үлкен шара өткіздік. Қазақ қаламгерлері арасында, атап айтсақ, проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша жаңа шығармаларға бәйге жариялап, жүлде алған шығармаларды жеке кітап етіп бастырдық. Сенат депутаты ретінде мәселе көтеріп, баспанасыз қаламгерлерді екінші кезектегі жеңілдетілген пәтерлер беру жөніндегі тізімге енгізген едік. Әзірге нәтиже жоқ. Өзіңіздің тікелей араласуыңызбен осы баспана жайын, жазушылардың қаламақы мәселесін шешіп беруіңізді өтінеміз», – деді Н.Оразалин.
Кездесу Қазақстан мәдениеті мен өнерін дамытудың өзекті мәселелерін талқылаумен аяқталды.
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ,
Суреттерді түсірген Борис БУЗИН.