«ТАМАША» мен ТЕАТР – КӨЗІМНІҢ АҒЫ мен ҚАРАСЫНДАЙ…
28.10.2022
989
0

Асылбек Боранбай – қазіргі қазақ театр өнеріндегі талантты үлкен шоғырдың шоқтығы биік тұлғасы. Ердің жасына еңкеймей жеткен шығармашылық жолында түрлі сахналық образдарды, қым-қуыт тағдырлы қаһармандарды, өмірдегі ең бір нақты да айқын кейіпкерлерді сомдаған дарынды актер өзіндік дара қолтаңбасымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық даралығы – ойнақылық пен шынайылық, тереңдік пен еркіндік…

Алматыға да «Тамашаның» оқуына түсемін деп келгенмін

– Аға, өнер жолына қалай келдіңіз? Бойыңыздағы талант ұшқыны бала кезден бастау алды ма, әлде өсе келе пайда болды ма?
– Өзім Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келдім. Кілең әншілер мен жыршылардың, термешілердің ортасында өстім.
«Аралым – айдын шалқарым,
Құт-береке өнген жер.
Тарихта қалған таңбасы,
Көсем де көңіл бөлген жер.
Талай тарлан ерлердің
Кіндік қаны тамған жер.
Нұрмағанбет, Нұртуған
Асылдай жырын жазған жер.
Жақсыбай мен Дәріқұл
Аққудай даусын созған жер.
Аяулы қазақ ақыны –
Зейнолла туып-өскен жер.
Әлемге болды әйгілі
Әбдіжәміл жазған «Қан мен тер», –
деп жырда өрілгендей,туған топырағымның өзі нағыз өнер дарыған мекен еді. Нұрмағанбет, Нұртуған, Жақсыбай сынды дүлдүлдер мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтей қара сөздің қара нарының кіндігі кесілген киелі аймақта мен де көзімді, көңіл сарайымды аштым.
Жыршылар үйге келіп, таңды таңға ұрып жыр айтатын. Термешілер термелеткенде рахат­тана тыңдайтынбыз. Сол кісілердің бойындағы өнер жұрнағы маған да дарыған болуы керек, әншілігіміз де бар, күйшілігіміз де бар, күй де шығарамын. Әзіл-қалжыңға бала кезден әуес болып, «Тамашаның» тарландарына еліктедім. Кішкентайымнан өнерге келуді армандап жүріп, театр деген қасиет­ті қара шаңырақты таныдым. Яғни, айтайын дегенім, мұндай өнер ата-бабаларымнан берілген ғой маған.
Негізі, ата-анам, бауырларым өнер ауылынан алыс (мамандық жағынан). Бірде: «Бойымдағы өнерге деген сүйіспеншілік, әншілік, күйшілік қайдан келген?» – деп сұрағанымда, атамның: «Арғы атаңнан дарыған болуы керек. Кезінде, аруағынан айналайын, Шәріп деген атаң қобызын алып, ел аралап, халықтың алдында жүретін», – дегені бар.

– Балалық шағыңыз қалай өт­ті?
– Біздің өңірдің құмы қандай керемет еді?! Құм кешіп ойнайтынбыз. Бала кезімде Арал теңізінің жағасы қыз-қыз қайнап жататын дәуірін көріп үлгердім. Морфлот деген болатын, теңізшілер жүретін. Теңіздің жағасы түрлі елдерден, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген демалушыларға толатын. Судың бергі, арғы жағынан отыратын орын таппайтынбыз. Адамдар лек-легімен келіп жататын. Сол ауылдың баласы бола тұрып, орын таппағаннан айдалаға барып шомылатынбыз. Қайық­тар жүретін. Қазір үйдегілерге айтып отырамын: «Біздің Арал деген Анталия секілді болған екен ғой», – деп…
Шалдың баласы болдым. Үш ай демалыста Алматыға ағаларымның үйіне кеткенмін. Сонда хабар келді. Ол турасында ауыр қабылдай ма деп ағаларым маған айтпаған. Іштей әлденені сездім. Жолға шықтық. Аралға жеткенше түрлі күй кештім, қимайсың, күлесің, не сезініп тұрғаныңды түсінбейсің… Үйге жақындағанда аулада көп адамның жиналғанын көріп, үйге кірместен еңкілдеп жыладым. Бүкіл ағайындар мені күтіп тұрған екен, атасының баласы деп. Менің жылағанымды көріп, олар тіптен көзжасына ерік берген еді. Атам өмірден өткеннен кейін менің де еркелігім сап тыйылды. Бірден есейіп кет­тім.

– Театрда рөл сомдап, одан «Тамаша» ойын-сауық отауының саңлақтарымен сахналас болуға жол қалай ашылды?
– Мана айтқанымдай, бала кезден «Тамашаны» көріп өстік. «Тамаша» болады деген кезде бүкіл отбасымызбен, ата-ана, бауырларымызбен дастарханды жайып қойып, теледидардан көз алмай тамашалайтынбыз. Құдайберген, Тұңғышбай, Тоқсын, Мейірман, Уайыс ағаларға қызыға қарайтынбыз. Менде сол кезеңнен бастап «Тамашаға» барсам, сол әртістермен үзеңгілес болып өнер көрсетсем деген үлкен арман пайда болды. Әрі осы арманымнан қайтпайтынмын. Алматыға да «Тамашаның» оқуына түсемін деп келгенмін ғой. Сөйтсем, актерлықтың +оқуын оқытатын театр институты деген бар екен ғой бұл жерде. Сол оқуға түстім. Осылайша, театрға қадам бастық. Кілең майталмандарды көрдік. Аты аңызға айналған ақсақалдар мен аналарымыздың өнеріне куә болдық. Осы қара шаңырақта, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрында еңбек етіп келе жатқаныма отыз жылдан асты.
Театр институтына Тұңғышбай ағаның шеберханасына оқуға түстім. Ұстаздың жетекшілігімен дипломдық спектакль ретінде «Турандот ханшайым­ды» қойғанбыз. Кейін бұл қойылымды Әзірбайжан Мәмбетовтің шақыртуымен Әуезов театрында да сахналадық. Дәл осы спектакльді «Тамашаның» бас режиссері Лұқпан Есенов көріп, мені аңғарып қалған екен. Кейіннен Ерболат Қуантқанов деген дыбыс режиссеріне: «Ана баланы ертіп кел», – деп сәлемдеме айтып жіберіпті. Бұл кісі де (Ерболат Қуант­қанов) Аралдың тумасы еді, мені алдына салып жүріп «Тамашаға» алып келді. Лұқпан аға ары қарады, бері қарады, домбыра шерткізіп, гитара тартқызды, әзіл айтқызды. Сөйтіп, ойын-сауық театр­ының ұжымына қабылдады.
Арман дегенді көрмейсіз бе? Жетелеп «Тамашаға» жеткізді мені. Оған қоймай, «Тамаша» ойын-сауық отауының көркемдік жетекшісі болып, өзім қызыға қараған, еліктеген, солардай болсам деген ағаларымды басқардым. Есіміміз де осы «Тамаша» арқылы танылды. Бәрі де арман мен ниет­тің күші ғой. Қазір балаларыма да: «Армандаңдаршы. Армандасаңдар, Алланың өзі соған жеткізеді», – деп айтып отырамын. Бүгінгі балалар армандамай ма деп қорқамын, шынымды айтсам.

– Ал осы өзіңіз армандаған «Тамашаның» нағыз қайнаған ортасына келген соң, рөлдеріңізді, образыңызды бірден игере алдыңыз ба?
– Ең алғаш Құдайберген, Тоқсын, Мейірман ағалармен қосылып, Мұхтар Шерімнің «Қайыршылар» қойылымында ойнадым. Сондағы рөлім ұтымды шықса керек, ертеңінде бірден танылып кет­тім десем, артық айтқаным емес. «Иә, иә, не больды?» – деп тілін бұрмалап сөйлейтін кейіпкердің рөлі болатын.

Жанр таңдамаймын

– Болмысыңызға үйлесетін образдарды өздеріңіз таңдайтынсыздар ма?
– Жо-жоқ. Лұқпан ағамыз өзі үлестіретін рөлдерді. Ол кісінің мықты режиссер ретіндегі көрегендігі де сонда. Ойнай алады-ау, шығара алады-ау деп сенім артатын, белгілі бір образды бергенде. Сол сенімнен шығуға барымызды салатынбыз.

– «Тамаша» мен театрда қатар жүрдіңіз. Қарама-қайшы кейіпкерлерді кейіптеу қиын болмады ма?
– Екі сахнаны қатар алып жүру уақыт жағынан қиындау болатын. Дегенмен екеуіне де барынша үлгеруге тырыстым. Ал әртүрлі күйді, қарама-қарсы жанрдағы кейіпкерлерді бейнелеу, керісінше, қат­ты ұнайтын. Театр сахнасына шыққанда, қайғылы реңктегі ауыр рөлдерді ойнасам: «Ой, театрдың әртісі ғой», – деп, күле отырып, қол шапалақтайтын алғашында бәрі. Кейін үйренді ғой…
Жалпы, отыз жылдан астам уақыт театрда өнер көрсетіп келем. Жалғыз комедиялық жанрда ғана емес, драмалық, трагедиялық шығармаларда да ойнаймын. Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінде» Сырымды, Қалихан Ысқақ пен Шахимарден жазған «Қазақтар» қойылымында Қасым ханды, «Атилла» спектаклінде үлкен генералдарды, «Ревизорда» Хлестаковты, «Томиристе» Кир патшаны, т.б. кейіпкерлерді сомдадым. Жанр таңдамаймын.

– «Тамашамен» қатар театр сахнасында да өнер көрсетіп келе жатқаныңызды өзіңіз де айтып өт­тіңіз. Осы екі сахнаның өзара парқы қандай?
– Театр мен «Тамашаны» ешқашан бөліп-жарған емеспін. Көздің ағы мен қарасы секілді, құстың қос қанаты іспет­ті театр мен «Тамашаның» екеуі де – мен үшін аса қастерлі. Әрине, «Тамаша» арқылы бойымдағы кішкентай ғана өнерді қалың көрерменге паш етуге мол мүмкіндік алдым. Біздің өсіп-өркендеу жолымызда бұл ортаның ықпалы зор болды. Әлі күнге дейін ел сыйлап, халықтың қошеметіне бөленіп жатсақ, іштей «Тамашаға» алғыс айтып тұрамын. «Тамаша» қандай ыстық болса, театр да баға жетпес байлығыма айналып, екінші шаңырағымдай болып кеткен. Өмірімнің көп бөлшегі осы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық театрымен байланысты. Театр арқылы күнбе-күн көпшілікпен қауышып, көрерменмен сырласамыз. Ішіміздегіні ақтарып, мұңымызды айтамыз. Осы қасиет­ті қара шаңырақта Сәбира, Хадиша апаларымыздың, Шолпан Жандарбекованың, Шахан Мусиннің, Нұрмұхан Жантөриннің, Ғабдолла Сүлейменовтің, Әнуар Боранбаевтың, Фарида Шәріпованың көзін көрдік, осынау дара талант­тармен сахналас болудың өзі – зор мәртебе. Мұнда қаршадай бала кезімде келіп, қазір елуді еңсерген ел ағасы болып отырмыз. Сомдаған рөлдерімнің барлығы да жаныма жақын. Актердің арманы ешқашан таусылмайды. Король Лирді ойнағым келеді, мысалы. Біржан салдың, Ақан серінің шау тартқан, қартайған кездерін сомдау да – үлкен армандарымның бірі.

Өмірдегі Асылбек пен сахнадағы Асылбек – жер мен көктей

– «Тамашадан» бөлініп, өз отауыңызды тігуге не себеп болды? «Т­тТ» театрының қазіргі беталысы қалай?
– «Тамашаның» қадір-қасиеті айрықша. Мұнда жиырма жылдан астам уақыт қызмет жасаппын. Әр сәулелі сәт жадымда. «Тамаша» арқылы Сейіт Кенжеахметов, Шона Смаханұлы, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Әлімбек, Көпен Әмірбек сынды мықты авторлармен жұмыс жасадық. Лұқпан ағадан көптеген өмірлік сабақ алдық. Халықтың жанын жадырататын, күлдіріп отырып жылататын, ойландыратын қойылымдарды ағаларымызбен бірге сахналау көңілімізге қуаныш сыйлайтын. Марқұм Лұқпан ағамыз бірде мені шақырып алып: «Ішкі, сыртқы жағдайды толықтай білетін, осында жұмыс істейтін актерлармен, өзге де мамандармен жақсы қарым-қатынаста жүретін өзіңе аманат­таймын», – деп «Тамашаны» маған тапсырғаны рас. Әлбет­те, ағалар кеткеннен кейін де «Тамашаның» жұмысы жүріп тұрды. Бірақ дәл ағалардың көзі бар кездегідей болмағаны анық. Ағалар кеткеннен кейін осынау күлкі отауын ары қарай алып жүру маған қиынға соқты. Шәкірт тәрбиелеу керек болды, басқа арнаға бұру керек болды. Іштегіні дөп басып жазатын баяғыдай сатириктер де некен-саяқ. Осындай себептердің әсерінен өз театрымды қалыптастырып, өз бетімше спектакль­дер қойғым келді. Нәтижесінде арда ағаларымыздың жолын берсін, солардың ізін жалғастырайық деген ниетпен бес жыл бұрын «Т­тТ» (Танымал тұлғалардың толқындары) театрын аштым. Жыл сайын кеш өткізіп тұруға тырысамыз. Өткен жылдардағы әлемдік пандемияның әсерінен кейбір жоспарларымыздың жүзеге асуы біраз іркіліп қалды, алда үлкен концерт өткіземіз деп ойлаймын.

– Көбіне халықты күлдіріп, әзілге құрылған сахнаның нағыз өз адамына айналған адамдар өмірде салмақты болады деседі. Бұған көзқарасыңыз қандай? Сіз қандай адамсыз?
– Рас. Қанша адам болса, сонша түрлі мінез-құлық бар ғой. Тіпті бір анадан туған балалардың өзі бір-біріне ұқсамайды. Актерларды көбі «ахаху, сахахудың» адамы, жүрген жері – ойын-сауық, сахнаға шыға салады да күлдіре салды, не деген оңай мамандық» деп ойлайды. Бұл мамандыққа терең бойлай алатын жан ғана қандай қиын да күрделі сала екенін түсінеді. Адам өмірін, адам тағдырын сахнаға алып келу, жан дүниені зерт­теп, зерделеу екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Әзілдің королі» атанған Құдайберген ағамен ұзақ жылдар бірге жүрдім, гастрольдік сапарларға бірге шықтық. Сонда дастархан басында немесе репетиция кезінде ол кісінің қат­ты бір ерекшеленіп күлдіріп, күліп отыратынын байқамайтынмын. Ал сахнаға шыққанда жарқырап кететін. Айналасына шуақ шашып, пәленбай мың адамды талантының күшімен саф күлкіге қарық қылатын. Сол сияқты Мейірман, Уайыс ағалар да, Тұңғышбай ағамыз да былайғы өмірде бос жыртыңға жол берген емес. Керісінше, олар томаға-тұйық келетін, әрқашан ой үстінде жүретін. Мен де өз ортамда, дос-жарандардың ортасында көңілді жүргеніммен, өмірде салмақтылаумын. Өмірдегі Асылбек пен сахнадағы Асылбек – жер мен көктей десем болады.

Сатира өгей баланың күйін кешуде

– «Қазір дұрыс сатира жазатын адам жоқ», – деп қалдыңыз. Мұның себебі неде болуы мүмкін?
– Өкінішке қарай, біздің қоғамда әзілге, сатираға оң көзбен қарамайды. Аталмыш сала өгей баланың күйін кешіп жүр. Театр басшысы ретінде, осы бағыт­ты көп зерт­теген адамдардың бірімін. Сонда көз жеткізгенім, басқа мемлекет­тер сатираға ерекше мән береді. Көптеген елдерде мемлекет­тік деңгейдегі сатиралық театрлар бар. Бір емес, бірнешеуден… Мысалы, бір Мәскеудің өзінде жүзден астам әзіл-сықақ театры жұмыс істейді, әрқайсының өз көрермені, өз авторлары, драматургтері мен сатириктері бар. Әрқайсының мемлекет тарапынан қарастырылған жеке сахналары бар. Қазақстанда, өкініштісі сол, мемлекет­тік деңгейдегі сатира театры жоқтың қасы. Әзілдің бәсін, сатираның деңгейін көтеру үшін елде, кем дегенде, бір-екі мемлекет­тік театр болуға тиіс деп есептеймін. Шымкент қаласында ғана облыстық әкімдік деңгейіндегі сатира театры бар, басқа қалаларда, өнердің ордасы – Алматыда, Елордамыз – Астанада тіптен жоқ. Мемлекет­тік деңгейде көңіл бөліп, мемлекет­тік деңгейде театр ашып бермейінше, сатираның көсегесі көгереді дегенге сенбеймін. Жекеменшік әзіл-сықақ театрларының саны жиырма төртке жуықтап қалады. Әрқайсы өз күнін өзі көріп, өз көшін өзі сүйреп жүр. Өздері жазатын болды, өздері режиссерлік жасайды, өздері ойнайды. Өз шеңберінде ғана күнелткен ұжым ісі қалай алға бассын?
Мысалға келтіріп отырған Мәскеу­дегі Евгений Петросянның немесе Константин Райкиннің, Владимир Винокурдың театрында бір концерт­те он шығарма қойылатын болса, бес жүз автордың жазғанынан таңдалып, іріктеліп алынады екен қойылым мәтіндері. Яғни бір театрдың өзіне бес жүздей автор жазады, соның ішінен ең мықты дегендерін ғана таңдап алып көрерменге ұсынады. Бізде жиырма төрт театрға, әрі кетсе, үш-төрт автор жазатын шығар, оның өзі бәріне жетпейді, жазатын кісілер де тұрмыс қамымен сатираға қат­ты көңіл бөле қоймайды.

– Киноға түсіп жатыр екенсіз. Бүгінгі қазақ киносының беталысы туралы не айтасыз?
– Иә, актерлық тұрғыдан жаңа қырымды ашып көру үшін кино әлеміне еніп кеткендеймін. Көптеген ұсыныстар түсуде. Көбіне түсіп те үлгердім. Әзіл әлемінде көріп үйренген көрермендер басқа сипат­та танып: «Сізге кинода ойнаған жарасады екен», – деген пікірлерді де айтып қалады. Отандық фильмдер үлкен дәрежеге жетіп жатыр. Әлі де көп жұмыс істеу керек, әлбет­те. Шетелдік аренада да көпті тамсандыратын күндер алда екеніне күмәнім жоқ. Бұл арнада да аузы дуалы, еліне, халқына ақыл айтып, дұрыс бағдар бере алатын, өзі салмақты, сөзі өтімді ақсақалдың, салиқалы қария­ның рөлін сомдағым келеді.
– Түйткілді мәселелерді күлкімен әдіптеген актер ретінде, азамат ретінде қоғамдағы қандай мәселелер ойландырады сізді?
– Елін, жерін сүйетін, Отанының, мемлекетінің дамығанын қалайтын әрбір азамат қоғамдағы кез келген жағдайға бей-жай қарай алмайды, меніңше. Қазақ тілінің мәртебесі шегеленіп, өзіне лайық­ты тұғырына қонса екен деп тілеймін. Шұрайлы тілімізді шұбарландырмай, әр қазақ баласы қазақ тілінде таза да көркем сөйлесе, Қазақстанда қазақ тілінсіз күн көру мүмкін емес болатындай міндет­тер қойылса, ұлт­тық мәртебеміз де биіктей түсер еді.

– Кітап жиі оқисыз ба?
– Кітап оқығанды, оқып қана қоймай, ондағы әр детальды ой елегінен өткізіп, түйсінгенді жақсы көремін. Ұзақ жолда, қол бос кезде міндет­ті түрде қолыма кітап алып, жаңа автормен танысқанды жөн санаймын. Әдебиетіміз өте бай. Әуезовтен бастап, І.Есенберлин, Ғ.Мүсірепов, М.Мағауин сынды қазақ жазушыларының, Достоевскийдің, Лев Толстойдың шығармаларын сүйіп оқимын. Абай туындылары, қара сөздері жаныма қуат береді. Қадыр Мырза Әлінің, Төлеген Айбергеновтің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың, Жарасхан Әбдіраштың жырлары ерекше әсер етеді. Жуырда Пауло Коэльоның «Алхимик» кітабын оқып бітірдім. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын бала кезімізде жастанып оқитынбыз. Әлі күнге дейін қайталап оқып тұрамын. Кино көріп отырғандай боласың. Сахнада хандарды, рөлдерді сомдаймыз ғой. Бұл тектес кейіпкерлерді сомдауға бет алған кездерімде міндет­ті түрде осы кітапты оқимын. Оқыған сайын, репетицияға дайын болып барамын. Жазушының шеберлігі, сөздің құдіреті болса керек.

– Отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Ата-анам ауылда, қара шаңырақта тұрады. Бір бауырым, бір қарындасым бар. Балалы-шағалы, үбірлі-шүбірлі болып өсіп-өніп жатыр, шүкір. Жұбайым Гузель ұстаздық етіп, шәкірт баулиды, филология ғылымдарының кандидаты. Ұзақ жылдар бұрын ортақ достарымыздың отырысында танысқан­быз. Отау құрып, жұбымызды жазбай келе жатқанымызға да отыз жылға жуықтапты. Менің жанымды түсінетін, өмір жолымда да, өнер жолымда да әрқашан қолдау білдіріп отыратын ақылды жан десем, артық айтқаным емес. Төрт қызымыз, бір ұлымыз бар. Әсел ат­ты қызым тұрмыста, жиен немереміз өмірге келді. Айдана қызымыз оқуын, магистратурасын тәмамдап, сүйікті мамандығында еңбек етуде. Үшінші қызымыз менің жолымды қуып, Жүргенов атындағы өнер академиясында, Тұңғышбай ағадан дәріс алып жүр. Боранбаевтар династиясы жалғасатын сияқты, Алла бұйыртса (күліп). Ұлымыз – ҚазҰУ студенті. Әкесінің қызы, әкесінің еркесі – Айша мектепте оқиды. Анасы екеуміздің ермегіміз – Айшатайымыз қасымызда.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбат­тасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір