КӨРЕРМЕН ӨЗ ДӘУІРІНІҢ КЕЙІПКЕРІНЕ ЫНТЫЗАР
22.01.2024
71
0

Қазақстан Жазушылар одағы әдебиеттің түрлі жанрларына арналған кеңестер өткізіп, алқалы басқосулар ұйымдастырып келеді. 11 қаңтар күні Одақтың Баспасөз орталығында Драматургия кеңесінің мәжілісі болды. Кеңес төрағасы, жазушы-драматург С.Асылбекұлы тізгінін ұстаған бас қосуға кеңес мүшелері, белгілі жазушы-драматургтер: С.Балғабаев, Р.Мұқанова, Д.Рамазан, М.Омарова, Ә.Байбол, Қ.Мұрат, театртанушы-ғалым А.Мұқан және сыншы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының хатшысы Ә.Бөпежанова қатысты.

Драматургияда қиялдан шындық қымбат

– Қазіргі қазақ драматургиясы­ның басты мәселелері қандай?

Сұлтанәлі Балғабаев: Қазіргі қазақ драматургиясының жай-күйі мен проблематикасы туралы сөз қозғасақ, әңгімеміз міндетті түрде театрға барып тіреледі. Өйткені жаңадан жазылған кез келген драмалық шығарманың тағдыры театрға тәуелді. Яғни жаңа пьеса дарынды режиссердің қолына түссе, театр сахнасынан жарқ етіп көрініп, көрерменнің көңілінен шығып, драматург-автордың аты жан-жаққа дереу тарайды. Мұны өз басымнан өткен жағдайға сүйеніп айтып отырмын. Мен жас кезімде поэзиямен айналыстым, сосын прозаға ауысып, үш-төрт кітап шығарып кәдімгідей жазушы атандым. Ал пьеса жазып, драматург боламын деген ой қаперіме де кірмейтін. Осылайша, отыз жастан асқан кезімде аяқ астынан «Қыз жиырмаға толғанда…» дейтін тұңғыш пьесамды жазып, оны Мәдениет министрлігіне өткіздім. Бірақ шынымды айтсам, бұл жазғаным біреуге керек болады деп мүлдем ойламаппын. Сөйтіп жүргенде, атақты Райымбек Сейтметов бұл пьесамды өзі жетекшілік ететін Жастар мен балалар театрының репертуарына қабылдап, оны сол кездегі жас режиссер, қазіргі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбаев сахнаға шығарды. Және бұл спектакль көп ұзамай көрермендерді ең көп жинайтын қойылымның біріне айналды. Осыдан кейін өзім де жазған пьесамның соңынан театрға келіп, әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызметке орналастым. Драматургияға шындап бет бұрып, «Ең әдемі келіншек», «Біз де ғашық болғанбыз», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Сағыныш пен елес» сияқты көптеген пьеса жаздым. Ол пьесаларым Қазақстандағы қазақ, орыс, ұйғыр театрлары мен көршілес республикалардағы өзбек, қырғыз, қарақалпақ театрларында сан рет сахналанды. Сөйтіп, драматургияда біршама табысқа жеттім деп айта аламын.
Бірақ менің мұндай жетістікке жетпеуім де әбден мүмкін еді. Яғни алғаш жазған пьесамды ешкім керек етпесе немесе сәтсіз қойылып көрермен көңілінен шықпаса, драматургияға бұдан кейін мүлдем жоламай кетуім анық болатын. Жалпы, бұл – жалғыз менің ғана емес, көптеген драматургтердің басынан өткен жағдай. Сондықтан да драматургия туралы сөз қозғағанда әңгімені міндетті түрде театрмен байланыстыра айтқан жөн.
Роза Мұқанова: Қазір мораль тыңдау қызықты емес, оқиға қызық, көрініс қызық, қабылдайтын сана қызық. 
Бірін-бірі жат санаған қоғамға бейтаныс бір кейіпкердің енуі қызық. Драматургияда қиялдан шындық қымбат. Бүгінгі тыңдаушы да, көрермен де – жаңа адам. Бұдан 70 жыл бұрынғы көрермен емес, талғам да, сұраныс та, мәдениет те өзге. Оған өкпе арта алмайсың. Әр көрермен өз дәуірінің кейіпкеріне ынтызар.
Өткен ғасырларда ойшылдар әдебиетті әдептілікке тәрбиелеудің формасы деп қарастырып келді. Заман, дәуір өзгергенмен бұл қағида өзгерген жоқ. Бірақ сана қақтығысы, сана шайқасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде адами құндылықты бұрмалауға, өзгертуге тосын құлшыныстар да пайда болды. Ізгіліктен гөрі қатыгездікті дәріптеу, көрермен санасын қатыгездікпен жаныштау, мейірім, адамгершілік әлемін күйрету басым. Театрларда осындай ­спектакльді ұсыну, осыған жол беру бар. Театр басшыларында, өкінішке қарай, осындай қойылымдарды қолпаштау, қолдау бар. «Бұл – режиссердің көзқарасы, қолтаңбасы, ерекшелігі», – деп жауып-жасырған кейіп танытып жатады.
Серік Асылбекұлы: Биыл алдағы көктемде «Қазақстан Республикасының Мәдениет туралы заңы» еліміздің басты заң шығарушы билігі Парламентте қаралмақшы деп естідік. Міне, осы заңда мемлекетіміздің театрлары мен драматургтерінің мәртебесі нақтылы анықталып, театрлардың репертуарларына жаңадан енген әрбір пьесаның авторына төленуге тиісті қаламақының мөлшері нақтыланып, театрға спектакльге билет сатудан түскен қаражаттың қанша па­йызы сол қойылымға басты арқау болған пьесаның иесі – драматургке төленетіні заң жүзінде айқындалып көрсетілсе. Сонда театр әкімшілігі мен автордың арасындағы экономикалық қарым-қатынас ешқандай дау-дамайсыз заң аясында шешіліп отырар еді.
Аманкелді Мұқан: Мен бұл тұста мәселенің екі аспектісіне назар аударғым келіп тұр. Драматургия театры бар жерде туады. Драматургия –театрдың азығы. Театрымыз бар, жоғары кәсіби деңгейдегі режиссерлеріміз жұмысын жасауда. Театр­ларымыз бүгін репертуарына қандай материалды азық етуде?
Театр өнері дамып, жан-жақта фестиваль­дерде, форумдарда, лабораториялар мен өзге де театрға қатысты іс-шараларда үздік жұмыстар көрсетіліп жатыр. Демек, бүгінгі драматургияда театр үшін қажетті пьесалар жазылып жатыр деген сөз. Иә, қазір түрлі деңгейдегі театрлар сап түзеді, саны да біраз өсті. Ал, жазылған пьесалардың негізгі адресатына толық жетуі кемшін түсуде. Тіпті қаттырақ айтсақ, театр режиссерлері жас, заманауи драматургтеріміздің шығармаларына салқындық, селқостық танытуда. Сол драматургтың – автордың не жазып жатқанының есеп-қисабын алып, оны театрларға таратып, ұсынатын, насихаттап отырған ешбір мекеме жоқ. Оны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі де, облыс, қала әкімшілігі де жасап, тап басып барлап, кем-кетігін түзеп отырған жоқ.
Әлібек Байбол: Мен өз тарапымнан екі ұсыныс білдірсем деймін. Бірінші – кезінде академик Рахманқұл Бердібай негіздеген Халық университеті үлгісіндегі бір бейресми өнер орталығы қажет. Онда Алашқа аты мәлім ақын, жазушы, драматург, сыншы, режиссер, киногер, суретші, әнші, күйші, мүсінші, тоқымашы, биші, т.б. атаулы өнер иелері өз тәжірибесімен бөліссе, жастарды шығармашылыққа баулыса.
Екіншіден, балалар драматургиясын қолға алған абзал. Осы бағыттағы байқаулардан Бас жүлде, сондай-ақ 1, 2, 3 орын алған туындылар сапасына, көркемдік құндылығына, идеясына қарай орталықпен қатар өңір-өңірдегі театрлардың репертуарына ұсынылса, я міндеттелсе. Өйткені балалар драматургиясына қалам тартатын автор санаулы, ал театр жаңа туындыға, бүгінгі заман тынысын көрсететін көркем шығармаға сусап отыр.

Қазақстандық театрларда ұлтжандылық жоқ

– Ондай туындылардың репертуардан көріне бермеуінің мәні неде болуы мүмкін? Жалпы, бүгінгі театр сахналарында қо­йылып жүрген спектакльдердің мазмұнына, көркемдік сипатына көңілдеріңіз тола ма?

Роза Мұқанова: Біздің қазақ театрларында көшірме спектакльдерді көркемдік жетекшілер ажырата алмайды.
Драматургия әдебиетке ұқсас болғанымен табиғаты бөлек. Мылжыңдаған көп сөзділік, тамсанған тәтті сөз, күрделі құрмалас сөйлемдер, ақындықпен арындаған ұйқас, сапырма сөз – драматургияның табиғатына жат. Драматургияның тілі бөлек, тәсілі де бөлек. Әр сөзі атылған оқтай нысанаға дөп тиіп отырады. Ке­йіпкердің мінез-құлқын баяндап, тәпсірлеп отыруға мұрша жоқ. Драматургия бильярд тақтасындағы шашырап түскен тастар сияқты, әр кейіпкердің орны бар, соғылған сайын ойыншыны ширата түседі, ширықтыра, шиеленістіре түседі. Осы тасты автор ең соңында тиянақтап жинап шығу керек. Сюжет құрылымы осы әдіс-тәсілмен дамиды. Қазіргі драматургия шашылған жерінде бытыраған қалпы жатады. Конкурсқа түскен пьесаны оқысаң, проза оқып отырғандай боласың. Қанша конкурстар өтіп жатыр, іштерінен суырып алып, мынау сахнаға дайын екен дейтіндей бір шығарма оқи алмай келемін. Жас драматургтер пьеса жазған болады, бірақ жазғаны – пьеса емес. Ізденбейді, еңбектенбейді, өтірік жазады, жанын салмайды. Кейде жүлде беріп тұрғаныңа ұяласың.
Сұлтанәлі Балғабаев: Бұл ретте жаңадан жазылған пьесаның репертуарға қабылданып, сахнаға шығуының қазіргі жағдайы ойландырады мені. Бұрын әрбір жаңа пьесаны қабылдауды Мәдениет министрлігіндегі репертуарлық-редакциялық коллегия атқаратын. Кейін коллегия таратылды. Қазір жаңа пьесаларды қабылдап, драматургтерге қаламақы төлеуді театрдың өзі жүзеге асырды. Бұл – театр өнерін де, драматургияны да алға бастырмайтын, болашағы күмәнді мәселе. Өйткені драматургиялық шығарманың көркемдік сапасын ең алдымен бұл саланың арнайы мамандары анықтауы керек.
Театр – өнер көрсететін орын ғана емес, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде қаржы түсіріп, пайда табатын да мекеме. Алайда театрларда бұл мәселе бүгінгі нарық талабынан кенже қалған. Қойылған пьесалар қалай жүруде, оған көрермендердің келуі қандай? Бұл мүлдем әңгіме болмайды. Және театрлардағы билет бағасының да тым төмен екендігін айта кеткен жөн. Жалпы, халықтың театр­ға аз келетіндігі – билет­тің қымбат-арзандығына байланысты емес, көрерменнің көңіліне ұнайтын қойылымдардың аздығынан екендігін де мойындаған жөн.
Мадина Омарова: Жоғарыда айтылған пікірлерге толықтай қосыла отырып, өз тарапымнан тағы да сол отандық драматургтердің мемлекет тарапынан болсын, театрлар тарапынан болсын, расында, үлкен қолдауға зәру екенін айтпақпын. Театр саласында жүргеніме он жылға жуық уақыт болды, автор ретінде көптеген өнер ордаларымен байланыстамын. Осы тәжірибеме сүйеніп, бүгінгі қазақстандық театрлардың репертуарына көз жүгіртер болсам, қойылымдардың сексен пайызға жуығы шетелік авторлардың туындылары екенін көремін. Орыс театрларында бұл жағдай жүз пайызды құрайды. Соңғы уақытта өткен театр фестивальдарында да жүлдені осы шетелдік авторлардың шығармалары бойынша сахналанған спектакльдер қанжығаға байлап отыр.
Бұның себебі неде? Қазақ драматургтері, Әуезовтен бастап, бүгінгі күнге дейін қалам қарымын театр өнеріне бағыттап жүрген авторлар осал ма? Әрине, олай емес. Бұның нақты себебі біреу ғана – біздің қазақстандық театрларда ұлтжандылық жоқ. Жеке адамдар болса – болар, бірақ халық алдына шығарып отырған жұмыстарының ертеңгі берер жемісі, көкіректерде қалар ізі туралы жете ойланбайды. Бұл мәселенің театр басшыларына да, актерларға да, театртанушыларға да қатысы бар, солардың жауапкершілігіндегі проблема. Осыдан келіп, қазақ халқының жыр жауһарларын, олардың сахналық нұсқаларын жасаған ұлы драматургтердің шығармаларын бұрмалау, бар кие-қасиетінен айыру тәрізді күпір істер орын алады. Осыдан келіп, әр мемлекеттік мекеме пайдаланып отырған әйгілі «Отандық өнімді таңдаңыз» атты ұранға (шетелдік өнім қаншама сапалы, керемет болса да, өз еліңнің экономикасына қолдау көрсет деген патриоттық меңзеу) қайшы іс-әрекетті жүзеге асырады.
Әр театрдың негізгі саясаты отандық авторларға басымдық беру, классикаға айналған туындылардың идеясын, сұлу болмысын көздің қарашығындай сақтап қалу болуға тиіс.

– Бұндай кері үрдістің тамыры қайда жатыр?

Мадина Омарова: Білімсіздікте… Осы білімсіздік салдарынан шетелге еліктеп-солықтау, өзгенің қаңсығын таңсық көру сияқты үрдіс етек жайып келеді. Бұны тоқтату керек. Және оған бұл жерде отырған бірнеше адам емес, жалпы ел болып, өнерге қызмет етуге бел буып, осы жолды таңдаған ұлтжанды адамдар – баршамыз бірге білек қосып қана тосқауыл бола аламыз. Отандық өнімді, яғни өз авторларымызды таңдайық, осылайша өзіміздің ұлтжандылығымызды танытайық дегім келеді.
Содан кейін барып драматургтердің қаламақы мәселесі, оның заң жүзінде белгіленген, бекітілген сомасының бол­уы маңызды. Себебі авторға қаламақы төлер кезде әр театр өзінің қаржылық мүмкіншілігіне, ар-ұят деңгейіне қарай нөл теңгеден бастап бес миллион теңге аралығында еркін көсіледі. Нөл теңге деген – түк те төлемейді, «қойып отырғанымызға, керісінше, сен рахмет айт» деген сөз. Оған да келісіп жүрген драматургтер бар (әсіресе жастар немесе кәсіби емес авторлар). Бұл жағдай қатаң түрде заңмен реттелуі керек.
Думан Рамазан: Драматургия – өте күрделі жанр. Пьеса жазу оңай емес. Қаншама еңбектенесің, қиналасың, есіл еңбегің, қайран уақытың зая кеткендей болады. Ал сол жанкешті еңбегіңнің өтеуі болмаса, әрине, еңсең түседі. Мәселен, «Жошы хан» тарихи драмам Астанадағы Қаллеки теарында аншлагпен өтіп жатыр. Бұрын сахналанған тарихи драмаларымнан авторлар қоғамы арқылы әр қойылған сайын тамшыдай болса да тиын-тебен түсіп тұратын. Қазір оның өзі су аяғы құрдымға кетті. «Айғайлай-айғайлай қасқырдан да ұят болды» демекші, оны айта-айта шаршадық. Кейбір театрлардың көпшілігі ақша жоқты сылтауратып, тіпті мүлде қаламақы төлегісі келмейді. Керісінше, талантты драматургтен, үздік шығармадан ақша аямау керек. Бұл автордың өсуі мен еңбектенуіне үлкен серпін береді. Тағы бір жақсы шығарма тудыруына ықпал етеді. Ал бізде драматургтерден ақша үнемдейміз деп, меселін қайтарады. Осыдан кейін драматургия қалай дамиды?! Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Сондықтан әл-әзір қазақ драматургиясы қарыштап дамып кетеді дегенге сенбеймін.
Аманкелді Мұқан: Бүгінгі театр репертуарында қазақ авторларының, қазақ­стандық авторларының туындыларының пайыздық көрсеткішін еселеп арттыру керек. Қазіргі хал мәз емес. 5 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің отандық театр репертуарын сараптауы көрсеткендей, біздің барлық театрларымыздың №1 драматургы – Шекспир, №2 драматургы – Чехов. №3 драматургы – Айтматов. Содан кейін егер мерейтойлы жылы болса, ұлы Абай арқылы М.Әуезовтің пьесалары 3-сатыға көтеріледі, болмаса. ол да жоқ. Қазақ халқының төл авторлары қайда қалды? Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтен бастап, кеңестік дәуірдің орта буын мықты авторларымызды қайта оқу, қайта ашу арқылы рухани құндылық кеңістігін кеңейтуіміз керек, өшкен есімдерді театр рампасында қайта тірілтуіміз керек.
Думан Рамазан: Бұл – үлкен мәселе. Қазақ театрларының көпшілігінде әлемдік драматургтердің шығармалары көбірек сахналанып жүр. Тіпті топан судай басып кетті десе де болады. Әрине, үздік шығарма қойылуы керек, оған ешкім шектеу қоймайды. Дегенмен қазақ театры негізінен жергілікті драматургтердің шығармаларына арқа сүйеу керек қой деп ойлаймын. Жақсы шығарма жоқ деп, ауызды қу шөппен сүрте беруге болмайды. «Дайын асқа – тік қасық» болмай, жас драматургтерді іздестіріп тауып, шығармаларын оқып, жетпей жатқан жері болса көрсетіп, ынталандыру, қолдау-қуаттау бағытында да жұмыстар жүргізілуі тиіс. Қазақ аса талантты халық. Ендеше, бұл салада да дарындар шықпауы мүмкін емес. «Бұлақ көрсең – көзін аш» демей ме, тек сол бұлақтардың көзін бітемей, керісінше, жарқырата ашуға күш салу керек. Ниет керек, көзқарасты өзгерту керек.
Драматургиялық шығармалардың сапасына да баса көңіл бөлу керек, әрине. Бірақ сапа қай кезде көтеріледі? Драматургтердің саны артқанда, пьесалар көп жазылғанда ғана көтеріледі. Сан көп болған жерде, сапаның артпауы мүмкін емес. Сондықтан драматургиялық шығармалардың көбірек жазылуына ұйытқы болып, соған жағдай жасап, мүмкіндік тудыруымыз керек.Қазақ театрына қай жағынан болсын заман талабына сай өзгеріс, жаңалық, сілкініс қажет. Онсыз қазақ театры заман көшінен қалып қояды.

Өнер өмірдің ұлы ақиқатына қызмет етеді

– Ал осы проблемаларды шешудің, реттеудің жолын табуға бола ма?

Сұлтанәлі Балғабаев: Әрине, әбден болады. Біз соған жақындап келеміз. Бұл ең алдымен креативті индустрияның біздің өмірімізге, нақтырақ айтқанда, рухани тыныс-тіршілігімізге кеңінен ене бастауынан туындап отыр. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда осы жөнінде үлкен мәселе көтеріп, креативті индустрияны дамыту туралы нақты тапсырма берді. Мен бұл туралы 15 қыркүйектегі «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған «Креативті индустрия: әдебиет пен өнер» атты мақаламда жан-жақты айтқанмын. Енді оның бәрін қайталу орынсыз. Тек креативті индустрияның шарт-талаптары алдағы уақытта театрларға да жететінін еске салғым келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігі қазірдің өзінде бұл жөнінде айтарлықтай күрделі әрі маңызды жұмыстарды қолға алуда. Министр Аида Балаева осыған байланысты бірнеше рет арнайы әңгіме өткізіп, креативті индустрияны дамытуға қатысты басталған жақсы істерді жұртшылыққа таныстырды. Енді бұл айтылған мәселелер толығымен жүзеге асады деп сенеміз.
Міне, осы жаңалыққа орай, театрлар ендігі жерде өз жұмыстарын креативті индустрияның шарт-талаптарына сәйкес жүргізуге тиіс. Бұл үшін ең алдымен театрлардың бұрынғыдай бюджеттен тегін қаржы алып, оның қайтарылымы туралы ешқандай есеп бермей, тып-тыныш жұмыс істей беруі келмеске кететінін түсініп алу керек. Яғни театрлар өздеріне бюджеттен бөлінген әрбір тиынды дұрыс жұмсап, мүмкін болғанша пайда табуға ұмтылуға тиіс. Сөйтіп, креативті индустрияның бір секторы ретінде экономикамыздың дамуына өз үлесін қосуы қажет. Дүниежүзіндегі барлық театрлар осылай жұмыс істейді. Біз де соған біржолата көшеміз.
Театрлардың пайда түсіретін негізгі көзі – көрермен. Ал көрерменді көбейту үшін бірінші кезекте репертуар мәселесін қолға алу қажет. Сахналанатын әрбір пьесаның көркемдік сапасы барынша жоғары және айтар ойы, көтерген мәселесі көпшіліктің көңілінен шығатындай болып, соның нәтижесінде көрерменді көптеп жинап, қаржылық жағдайды жақсарту жүзеге асуға тиіс.
Осыған орай және бір мәселені айта кеткен жөн. Соңғы уақытта театрлардың тыныс-тіршілігі туралы сөз болса, «бұл өнер ұжымы қанша фестивальге қатысып, қандай бәйге алды?» деген мәселе бірінші кезекте үлкен мақтанышпен айтылатын болды, тіпті ай сайын құрғатпай фестивальге қатысатын театрлар да бар екен. Ал сонда толып жатқан фестивальды өткізу мен қатысуға бюджеттің қанша қаржысы жұмсалатыны туралы ешқандай сөз болмайды. Егер бұл әңгімені шетелге барып айтсаңыз, «Мына кісі не айтып тұр, ай сайын фестивальге баратын қаржыны қайдан табады?» деп таңғалатыны даусыз. Себебі өркениетті елдердегі театрлардың негізгі міндеті фестивальге қатысып, бәйге алу емес, керісінше көрерменді көп жинап пайда табуға арналады. Әрі бұл жөнінде нақты мәлімет те айтылады. Ал «біздің театрларға жылына бюджеттен қанша қаржы бөлінді, ол қаржы қайда жұмсалды, спектакльдерге қанша көрермен келіп, қандай пайда түсті?» деген ашық ақпарат ешқашан берілмейді.
Жақсы драматуриялық шығарма болмаса, ұлттық театр өнері ешқашан алға баспайды. Сондықтан драматургтерге ерекше қолдау, қамқорлық өте керек. Бұл жөнінде сөз болса, тиісті орындар «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын мақтанышпен көлденең тартады. Өйткені бұл сыйлықтағы жеті номинацияның біреуі драматургияға арналған. Әрине, бұл дұрыс. Дегенмен сыйлықтың әр номинациясына бір ғана бәйге беріледі. Драматургия номинациясы бойынша бұл бәйгеге биыл 34 шығарма қатысқан екен. Оқып, танысу барысында олардың бәрі болмаса да оншақтысының театр сахнасына қоюға жарайтынын анық байқадық. Олардың арасынан Исраил Сапарбайдың өлеңмен жазылған «Адам ата-Хауа ана» пьесасы жалғыз бәйгені иеленді. Ал қалған жақсы пьесалардың болашақ тағдыры не болады? Ең болмаса, шорт-листке ілігіп, ең таңдаулы бес пьесаның қатарында соңғы турға өткен шығармалардың театр сахнасына жолдама алуы шешілсе, дұрыс болар еді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің креативті индустрияны дамытуға қатысты қолға алған жоспарында шығармашылық саладағы жастарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінетіні атап көрсетілген. Бұл жаңалықтың драматургияға да қатысты екендігі даусыз. Болашақта өз мамандығын шебер меңгерген драматургтер тек театрға ғана емес, мәдениет пен өнердегі түрлі іс-шараларға өте қажет болады. Сондай жағдайда бұл сұранысты қалай өтейміз? Бүгінгі таңда біздегі болашақ драматургтер мен болашақ киносценаристер «Кинотеледраматургия» мамандығы дейтін курс бойынша Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде бірге оқытылады. Мен Өнер академиясында біраз жылдардан бері осы кинотеледраматургия мамандығы бойынша курс жетекшісі болып, шәкірт тәрбиелеп келемін. Бұл шәкірттерімнің арасында драматургиядан айтарлықтай жетістікке жеткендері баршылық. Бірақ оларға қолдау көрсетуде ойландыратын біршама жағдайлар бар. Мысалы, біздің Академияда кинотеледраматургия мамандығына бөлінетін грант санаулы – бар болғаны, бес-алтау ғана, Астанадағы универсиетте бұдан да аз деп естиміз. Және аты көрсетіп тұрғандай, курстың аты «Кинотеледраматургия» болғандықтан оқу бітіргеннен кейін әлі бес-алты студенттің әрі кеткенде екі-үшеуі ғана драматургияның жолына түсіп, басқалары киносценарист болып кетеді. Ал бүгінгі таңда Қазақстандағы мемлекеттің қарауындағы театрлар 70-тен асады. Оның үстіне, соңғы кезде әр өңірде жастар театрлары да жеке шаңырақ көтере бастады. Жекеменшік театрлар да барынша көбеюде. Міне, осылардың бәріне жақсы пьеса жазатын, ең болмағанда, театрдың әдебиет бөлімінің жұмысын дұрыс жүргізетін, яғни драматургияның қыр-сырын меңгерген кәсіби мамандар керек екені анық. Осыған орай болашақта кинотеледраматургия мамандығына бөлінетін грант санын қазіргіден әлдеқайда көбейту қажет. Сондай-ақ киносценаристер мен театр драматургтерін бөлек, жеке-жеке курс етіп дайындаудың мүмкіндіктерін де ойластырған жөн.
Роза Мұқанова: Тағы бір ескеретін жайт – театрдың көркемдік жетекшісіне байланысты. Менің ұғымымда көркемдік жетекші – театрды шығармашылық тұрғыда дамытатын интеллектуалды тұлға. Ол әдебиет бөліміне келіп түскен пьесаның жақсы, жаманын ажырата білуі керек. Әр әртістің, әр режиссердің, әр қалам ұстағанның жетегінде жүретін, өз пікірі жоқ адам театрды алға жетелей алмайды. Театрдың репертуарлық саясатын жасайтын да, театрдың шығармашылық деңгейін көтеретін де – көркемдік жетекші. Театрларда ұлт әдебиетін, тіл мәдениетін жетік игерген, драматургтермен шығармашылық тандемде жұмыс атқаратын, драматургтің шығармасының талап-тілегін жүзеге асыратын, режиссер табатын, керек десеңіз, сырттан әйгілі режиссерлерді шақыруға беделі жететін көркемдік жетекші болуға тиіс. Біздің көркемдік жетекшілер жақсы жүріп жатқан спектакльдерге, керісінше, кедергі келтіруге, гастрольдерге жібермеуге тырысып бағады. Кереғарлық, «өзіміз білеміз, өзіміз шешеміз» пиғылы басым.
Театрға жаңа леп, жаңа серпін керек. Режиссерлерде де, драматургтерде де ізденіс аз. Режиссурадағы «жаңалық» классикалық туындының көзін ағызып – соқыр, мұрнын кесіп – пұшық қылғаннан әріге бара алмай отыр. Жаңа кейіпкер, жаңа идея, жаңа сана үстемдік құруға тиіс.
Аманкелді Мұқан: Мұндай мемлекеттік маңызы бар мәселе (театрдың репертуарлық саясатын назарда ұстау мемлекеттің идеологиясы деп білемін) орталықтандырып, барлық жазылатын пьесаларды бір қолдан өтетіндей етіп тізіп, сарапқа салып, қысқа және толық рецензиясы мен түйінін жазып, қағаздық үлгіде және электронды «Заманауи Қазақстан драматургиясы» альманағын немесе өзге атаумен жылына бір немесе екі рет шығатын болса, көп мәселе шешімін табар еді.
Серік Асылбекұлы: Сонымен қатар сонау алағай да бұлағай тоқсаныншы жылдары еліміздің орталық бюджетіндегі қаржыны үнемдеу деп аталатын саясаттың кесірінен жергілікті әкімшіліктердің қарамағына өтіп кеткен облыстық драма театрлар бұрынғыдай қайтадан Мәдениет министрлігінің қарамағына берілсе, еліміздегі мемлекеттік театрлардың репертуарлық саясаты осы әкімшілік құрылымның жанынан құрылған Көркемдік кеңестің шешімімен реттеліп отыратын, кезінде өзін-өзі ақтаған тиімді басқару жүйесі құрылар еді. Сонда өз кезегінде мәдениет, театр саласына тікелей қатысы жоқ жергілікті әкімшіліктердің қалауымен әртүрлі тарихи, идеологиялық тақырыптарды қолдау деген желеумен сол өнер ордаларының сахналарын жаулап алған қазіргі көркемдігі төмен спектакльдердің көбейіп кетуіне тосқауыл болары сөзсіз. Осы арада қасиетті, ұлы Өнер қолдан жасалған әртүрлі күмәнді идеологиялық клишелерге емес, тек өмірдің ұлы Ақиқатына, болмыстың шынайы шындығын көрсетуге қызмет ететінін үнемі қаперімізде ұстағанымыз абзал болмақ екендігін баса айта кетуге тиіспіз.
Қолғанат Мұрат: Аға буын драматургтердің пікірін қостай келіп, бір-екі ауыз ұсыныс айтсам деймін. Біздің елімізде соңғы жылдары Темірбек ­Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жүйелі маман даярлау­дың негізінде Д.Исабеков, С.Балғабаев, С.Елубай, Ш.Құсайынов сияқты белді драматургтердің шеберханасын бітірген жас драматургтер шоғыры пайда болды. Бұл сөзімізге қазіргі таңдағы қазақстандық заманауи драматургияны осы жас буынның жазып жатқаны жыл сайынғы Республикалық драмалық байқауларда жүлделі болып, Қазақстан театрлар қайраткерлері одағының жыл қорытындысында марапат алып, Қазақстан театр сыншылары бірлестігі жасаған мониторингте үздік драматург жүлдесіне иегер болып жатқаны, сонымен қатар Республикалық «Drama.kz» фестивалінде пьесалары оқылып, Халықаралық «Режиссер. Драматург. Старт» сияқты фестивальдерде қойылғаны дәлел. Соңғы жылдары Республикалық театрлардың ішінде үлкен буыннан жас буынға дейінгі қазақ драматургтерін көптеп сахналап жатқан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры болып тұр. Айтқым келген ұсынысым — ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен осы Қазақ ұлттық драма театрында жас драматургтер мен режиссерлердің лабораториясы жұмыс істесе және ол министрлік тарапынан қаржыландырылса, әлі талай талантты жастардың өсіп шығатыны және олар қазақ руханияты мен өнеріне сөзсіз қызмет ететін анық.
Әлия Бөпежанова: Бүгінгі айтылған, көтерілген мәселелердің барлығы өзекті. Өткен жылы көктемде «Қазақстан Республикасы мәдени саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданғаны белгілі. Онда бүгін айтылған жайттардың біразы қамтылып, шешу жолдары қарастырылған. Тұжырымдаманы іске асыру – қазақстандық театрлар репертуарына ұлттық авторлардың шығармаларын молынан, сондай-ақ көптен бері қойылмаған жауһарларды енгізу және репертуарды қазіргі заманғы туындылар есебінен жаңарту; жас таланттарға жоғары халықаралық тануға қол жеткізуге мүмкіндік беретін қолдау қамтамасыз ету, т.б. көптеген нәтиже беруі тиіс. Дегенмен де Тұжырымдаманы әлі де қайта қарау, толықтыру қажеттігі туралы Республика Парламентінде сөз болды. Ал, драматургтардың ғана емес, жалпы жазушы қауымының ортақ аса өзекті мәселесі қаламақы, авторлық құқықтың қорғалуы «Мәдениет туралы» заңда баптар жетілдіріліп, жазушының мәртебесі айқындалып, тетіктері нақтыланғанда ғана шешімін табатын болуы керек. Қазақстан Жазушылар одағының Басқармасы бұл мәселелерге байланысты өз ұсыныстарын берді.
Қазіргі әдебиет, демек, драматургия жанрының жандануына республикалық ресми және қоғамдық байқаулардың да әсері бар. Дегенмен де бір өлшемді пьеса, қанша жеңімпаз болсын, мейлі, театрға да, режиссерге де, көрерменге де онша қызық емес болар. Театрлар, айталық, Шекспир, Чехов, т.б., берірекке келсек, Айтматовты жиі қоятын болса, бұл – бір есептен, көп өлшемді, ауқымды да терең шығармаға деген зәруліктен емес пе екен.
Соңғы жылдардағы бір статистикаға қарағанда, дәлірегі Халықаралық театр сыншылары бірлестігі жасаған мониторинг театрларда негізінен бүгінгі тақырыпқа жазылған пьесалар көп қойылатынын анықтапты (өнертану докторы Бақыт Нұрпейістің бүгінгі қазақ сахнасының ахуалын жан-жақты сөз еткен, арада ұш жыл өтсе де өзектілігін жоймаған мақаласы «Қазақ әдебиетінде», 06.04.2021, жарияланған.) Бұл – жақсы тенденция. Енді сапаның артуы, бір өлшемділіктің көп өлшемділікке, айталық, жеке өмірге үңіле отырып та қоғамдық үлкен ой айтуға, кең ауқымдылыққа бетбұрыс болса игі. Көркем әдебиеттің, оның ішінде драма жанрының да алдында тұрған басты міндет – бүгінгі қоғамның заманның, көкейкесті мәселелерін ауқымды да терең қозғау. Өйткені қоғамымызда саяси-экономикалық, рухани-әлеуметтік аса өзекті мәселелер шаш-етектен екені белгілі. Ал, бүгінгі маңызды ойларыңыз, айтылған ұсыныстар Одақтың алдағы жұмыс жоспарларында да ескерілетін болады.
Серік Асылбеков: Жыл басындағы алғашқы бас қосуымызға келіп, ой бөлісіп, пікір-ұсыныс білдіргендеріңізге ырзашылық. Түптеп келгенде бәрі жанрдың дамуы, ұлттық театрдың дамуына деген жанашырлықтан. Кеңес тарапынан атқарылатын жұмыстар да ортақ мүдде үшін.

Дайындаған
Мөлдір Райымбекова,
Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір