«Электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады»
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысына барған сапарында жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен денсаулығына айрықша көңіл бөлу қажеттігін айтты. Қоғамды дендеп бара жатқан сол дерттің бірі – электронды темекі мен алкоголь өнімдерін тұтынатын жастардың мәселесіне тоқталды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай.
Бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынған. Бірақ бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейтуі керек.
Қоғамда энергетикалық сусындарды жастарға сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек.
Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзі бар. Біз ұрпақтың денсаулығын және тәрбиесін бүгін ойламасақ, ертең кеш болуы мүмкін», – деді Президент.