ҚОШ, САТИРА САЙЫПҚЫРАНЫ!
Қазақ әдебиеті, ұлт журналистикасы ауыр қазаға ұшырады. Қараша халықты уытты әзілімен, сырлы да зілді сатирасымен қуанта да, жұбата да білген, зерттеу мақалалары, тосын сұрақтарға толы сұхбаттары арқылы небір дүлдүл тұлғалардың тағдырын айшықтап, таным өресін, кісілік келбетін кестелеген, не жазса да өзіндік қолтаңбасын қалдырған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпен Әмірбек 72 жасында бақи дүниеге аттанды.
Қазақ сатирасын сахнаға алып шыққан саңлақ кім еді? Көпен Әмірбек еді.
Алғашқы фельетондары өзге жұрт тіліне аударылып, ұлт сатирасының деңгейін өзгелерге мойындатқан кім еді? Көпен Әмірбек еді.
«Көпен келе жатыр…» деп, тұтас жұртты аузына қаратқан кім еді? Көпен Әмірбек еді…
Иә, Көпен Әмірбектің «…келе жатқаны…» мереке, думан болатын. Енді сол сатираның сайыпқыраны Көпен Әмірбек келмеске аттанды. Көпен кетіп барады…
Қош, ұлтына күлкі сыйлаған саңлақ!
Белгілі сатирик Көпен Әмірбек 72 жасында өмірден өтті. Ол – 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Ешкіқора ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Отырардағы халық театрында еңбек жолын бастаған.
1973 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, Владивостокта екі жылдық әскери-партия мектебінде оқыған.
1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен бүкілодақтық жас сықақшылар фестиваліне қатысып, «Правда» баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинақта әзіл-сықақтары жарияланды.
«Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттерінде сатира, фельетон бөлімінің меңгерушісі, «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» журналында жауапты хатшы, Республиканың Бас прокуратурасы мен Жоғарғы Сотта баспасөз хатшысы болып ұзақ жылдар қызмет істеді. «Ара» журналының бас редакторы, «Қазақ» радиосы директорының орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасында сатира кеңесінің төрағасы болған.
Әр жылдары жарық көрген «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін» атты әзіл-сықақ, пародия кітаптары арқылы оқырмандарға кеңінен танылды. «Тамаша» ойын-сауық отауының белсенді авторы болып, өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменнің көзайымына айналған.
Президент гранты мен «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Ойлы әзілімен халықты күлкіге кенелте жүріп, күлкі әлемінің королі атанған қаламгер елінің, қаламдастарының жүрегінде сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшылығы
ӨЛМЕС ТУЫНДЫЛАРЫ МЕН КЕЙІПКЕРЛЕРІН ҚАЛДЫРДЫ
Қарымды қаламгер Көпен Әмірбек ағамыз өмірден өтіпті…
Ардақты ағамыздың иманы жолдас болсын!
Ағалы-інілі араласып едік. Таяуда ғана туған бауыры Ерсұлтаннан жағдайын сұрап едік. Айығып кетер деген үміт басым еді, тағдырға шара жоқ…
Қазақ журналистикасы мен сатирасына үлкен еңбек сіңірген, сахнада да өзіне тән әзіл-сықағымен көрерменін баурап алған көрнекті қаламгердің әлі де берері мол еді.
«Ара-Шмель» және «Ара.кз» журналы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газеттерінде өнімді еңбек етті. Ұлттық арнада, «Хабарда», «Тамаша» ойын-сауық отауында оның қаламынан шыққан туындылар жоғары бағаланатын. Қоғамдағы олқылықтар мен орынсыз істер, Абай айтқандай, ызаланып күлуге тиіс жағымсыз жайттар Көпен ағаның назар-нысанасынан тыс қалған жоқ.
Шығармашылық адамының шын бақыты – өндіре жазу, оқырманын ояту, сезіміне әсер ету болса, Көпен Әмірбек бұл тұрғыда өлмес туындылары мен кейіпкерлерін қалдырып кетті.
Бақұл болыңыз, сатира саңлағы…
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
ҚР Ақпарат және қоғамдық
даму министрі
КӨПЕНІМ-АЙ, КӨПЕНІМ!..
Осыдан жарты ғасыр бұрын «Ара» журналына шегір көзді, жылы жүзінен шуақ шашқан ақсары жігіт қызметке алынып, менің қол астымда істеді. Тапсырманы тап-тұйнақтай етіп, тәмамдап тастайтын. Езуінен күлкісі төгілген. Қаршадай болса да қарт қаламгерлердей қаламы жүйрік, санасы сергек, іскер жігіт болатын. Жазғандары – тотияйындай уытты, қиястар мен қисықтарды қалақайдай шағатын. «Тамашадағы» туындылары көрермендерін тамсандырып, «Көпен келе жатыр!» деген келемежі кең қошаметке ие болған еді.
Осыдан он күн бұрын маған телефон соғып, сатириктер жөнінде антология құрастырып жатқанын, сырқаттанып қалғанын айтқан еді. Бақсам, бұл қоштасар алдындағы ақырғы тілдесуі екен ғой. Қайран шәкіртім-ай, мейірімсіз ажал сені арамыздан алып кеткенін қарашы! Қабырғам қайысып, үмітім майысты.
Мыңбай РӘШ
МІНЕЗІ ЖАЙДАРЫ, ӘЗІЛІ ӘДЕМІ ЕДІ…
Ей, өмір-ай! Қуаныш-шүкіршілігіміздің шырайына кейде өкініштің дақ салып кететінін қайтерсің. Бірге туысқан інімдей жарасып жүрген Көпенімнен, міне, көз жазып қалдым… Өзі аралас-құралас болған үлкен-кішіге, қай мамандықтың иесі болса да, жайдары мінезімен, әдемі әзілімен қадірлі еді. Екпінді қалам еңбегімен қазақ сатирасының қатардағы сарбазынан төрдегі сардарына айналды.
Қайран Көпенді мың қазақ жүзбе-жүз таныса, миллион қазақ кітаптарынан таныды. Қайсы жинағын оқысаң да, әзіл-сықағымыздың тарихын парақтағандай, аға-құрдас-іні әріптестерімен әдемі әзілін естіп отырғандай боласың. «Сәкеңмен бәріміз де сырлас едік», «Сөйле десең, сөйлейін», басқа кітаптары да сондай мән-мазмұнымен, авторының тіл шұрайымен, әзіл қуатымен құнды. «Сәкеңі» – кешегі үлгі-өнегеміз, ұстазымыз Садықбек Адамбеков. Аталған кітап – ескірмес естеліктер жинағы.
Көпеннің бір кітабы «Із» ғой. Баршамызға самал күлкісімен, жігіт болып туғандай инабаттылығымен құрметті болған Үмбетбай Уайдаұлы хақындағы хикаяты. Біз, Алматыда тұратын, жасымыз шамалас сатириктер: Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Оспанхан Әубәкіров, Үмбекең бар төрт-бесеуміз ары дегенде екі аптада кездесіп, күлкі жәрмеңкесін қыздырып, бір жасап қалатынбыз. Бірде, «Аққу» кафесінде отырғанымызда, Көпен келіп кіріп, сәлем берді. Оспанхан, қуақы сөз айтарында әуелі күліп алатын әдетінен жаңылмай: «О, менің көккөз такси інім келді, төрлет!» деді. Көңілді күлкіміз ду етті. Көпен қосыла күлді. Көпенді көрген сайын сол сәт көз алдыма келетін. Енді… не дейін… жаның жәннатта болсын, Інім… Менің де сағынышыма айналдың.
Ағаң Ғаббас (Қабышұлы)
ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАЛЫҢ ӘСКЕРІН ТЕҢСЕЛТІП КЕТТІ
Қазақ руханиятының аспанынан тағы бір жұлдыз ағып түсті. Суық хабар жауынгер жанр – сатириктер қауымын былай қойғанда, қазақ журналистикасының қалың әскерін де теңселтіп кетті. Амал не, адам баласы сол, ішке алған демінің қашан шықпай қалатынын білмейді… Құс тұмсығындай қысқа ғұмырда тылсым, жұмбақ әлемге кеткенінше тыным білмей, өз жолы мен өрнегін салып бағады. Соның бірі – көп қырлы гауһар тастай шығармашылығы сан қабаттан тұратын, сөзі мірдің оғындай, тілінің уыты бар Көпен Әмірбек еді. Оның биологиялық өмірі аяқталып, рухани өмірі басталды.
Ол өзі таңдаған мамандыққа адалдық танытты. Еш қажымастан журналистиканың «қара жұмысын» да атқарып, бөкен жастық жастанып, төрінде де отырды. Өзінің еңбек жолын «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Білім және еңбек», «Ара-Шмель» газет-журналдарынан бастап, ҚР Бас прокуратурасы мен Жоғарғы сотында баспасөз хатшысы қызметін тізгіндеді. Қазақ радиосында басшылықта болған жылдары әуе толқынының сапасы жақсарып, аудиториясы кеңейді. «Шалқар» радиосында журналистиканың заманауи болмысына арналған «Төртінші билік» деген хабар жүргізді. Оның қаламынан туған жолсапар очерктері мен сұхбаттарын оқырмандары күтіп отыратын. ҚР Президентінің журналистика саласындағы сыйлығының екі дүркін иегері атанып, әріптестері мен іні-қарындастарына үлгі бола білді.
Қазақ білімінің қара шаңырағы – ҚазҰУ сатира сардары, журналистика жүйрігі атанған Көпен Әмірбектей түлегімен әркез мақтанып, оның мұраларын жас ұрпақтың жадында жаңғыртып, мектепке айналған тұлға тәлімін бойына сіңірер буын тәрбиелей бермек. «Көпен Әмірбек оқулары» секілді ғылыми-танымдық жобалар айналымға еніп, ол келешек кадрлардың кемелденуіне үлес қосары анық. Ақ парақпен алысып, қолы мүйізгек болғанша қаламын тастамаған қаламгердің әр ісі, жүрген жолы өнеге.
Абзал азаматтың рухы шат, алды жарық болсын!
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
журналистика факультеті
КӨПЕН КЕТТІ…
Менің аға-досым Көпен Әмір-Бек қазақ әзіл-сықағының сайыпқырандарының бірі еді. Оның жазғандары өз алдына, ойын-сауық отаулары емес, жеке тұлғалар арасында сахна сатирасын қалыптастырған Көпен ғой. Ұлт әдебиетінің, мәдениетінің, өнерінің, қоғам қайраткерлерінің портреттерін пародиялай, эпиграмалай сахналық тұлғаларға айналдыруы – Көпеннің «өзегін өртеген» жанрына қосқан өлшеусіз үлесі. «Паһ, шіркін, пародия!», «Көпен келе жатыр» театрландырылған әзіл-сықақтары қазақ жұртына дүрліктіре қол соқтырғаны рас. Ол сахнаны «өз отауына» айналдырып қана қоймай, облыс орталықтарында, республикамыздың ірі-ірі қалаларында қағытпа, қалжың фестивальдарын өткізуді де дәстүрге айналдыра бастаған. Оның ісін ілгерілетіп әкететін шәкірттері де баршылық.
Әмір-Бектің Оспанханымен, Садықбекпен, Темірбек Қожакеевпен, Ғаббаспен, Үмбетбаймен, Қажытаймен жүргізген сұхбаттарында сатираның, сахналық сықақтың әр алуан проблемалары туралы түйдек-түйдек мәселелер қамтылатын.
Көпен, Сенің келе жатқаның күлкі сүйер ел-жұртыңа қуаныш сыйлаушы еді, кетіп бара жатқаның… жанымызды жылатты.
Иә, Көпен кетті. Жаны жәнатта болсын!
Еркін ЖАППАСҰЛЫ
Қаламгерлік
ажарына сүйсінуші едік…
«Көпен келе жатыр» деп қуана қарсы алып, тәтті әзілмен әдіптелген әңгімесін тыңдап, адами сүйкімі мен қаламгерлік ажарына сүйсінуші едік… Жалған дүние… Енді сол Көпен кетіп барады… Аспанға… ақ бұлттар арасына… Қош, досым… сырласым… Мұңдасым… Бақұл бол, дүниеге міндет қылмай, күңіренбей күліп келген, «көк көзім»… Иманың жолдас болсын!
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ
Қайран Көпен…
Қайран Көпен! Арман қуып Алматыға келіп, алдымыздан Бақыттың, Жазғұмыр Жастықтың балмағыз бағының киелі есігі айқара ашылғандай болып, ҚазМУ-дың журфагына бірге түсіп едік…
Онсыз да сыздауы көп жылауық жүрекке тағы бір сызат түсті. Не айтарымды да білмей, тағдырдың қаталдығына деген қапалығымды да, наразалығымды да, өкпе-ренішімді де жеткізерлік бір ауыз сөз таба алмай отырмын. Алла жаныңа Жаннаттан мекен бергей, Көпен досым!
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Хош,
сатира сардары!
Ертеде танысып-білісіп, кейіннен жақын жолдас болып кеткен Көпен Әмірбек дүниеден өтті дегенге сене алмай, жаным ауырып отыр. Осыдан 3-4 ай бұрын ғана Алматыға келгенінде арнайы жолығып, біраз шүйіркелесіп едік. Шағынғанды ұнатпайтын, қиындықты күлкімен жеңіп жүретін аяулы жан сол жолы біраздан бері ауырып жүргенін айтып қалып еді. Міне, сол дерт алып тыныпты. Сырлас, сыйлас жақынын кім қияды, амал қанша… Сатирада өз даңғылын салған сардардың жатқан жері жайлы болсын! Алланың ісіне шара бар ма?..
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ