ЖЕҢІЛГЕН ЖЕҢІС
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында қазақ тілінің қолдану аясы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын айтып, «Өз тілің бірлік үшін, өзге тіл тірлік үшін» деді. Біз бұған келісеміз, келіспеске амалымыз да жоқ. Бірақ «Не үшін келісуіміз керек?» деген заңды сұрақ туады. Білгіңіз келсе, ары қарай оқи беріңіз.
Кәсіпкер Рамиль Мухоряпов «Қазақша жауап қайтару – ұлтшылдық және мәдениеттің төмендігі» деп айтқаннан кейін қазақ қоғамы жұдырықтай жұмыла қалдық, тілімізге тіл тигізген кісәпірдің кәсібін құлдыратуға, нәтіміздің нәріне түкіргенді тезге салуға бір ананың баласындай кірісіп кеттік, нәтиже де жоқ емес. Қызылды-жасылды ұранмен, даурықпа науқаншылдықпен түк өнбейтінін түсіндік. Бастысы, тіл үшін біріктік, қазақ екенімізді, елді құраушы ұлт екенімізді сезіндік. Ал сіз Рамильдің не нәрсеге арқа сүйеп осындай бассыздыққа барғанына ой жүгіртіп көрдіңіз бе? Біз бұл сұрақтың жауабын іздедік. Таптық та.
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жарияланған 2021 жылғы ҚР халқының ұлттық санағының қорытындысын назарларыңызға ұсынайық.
Елімізде 19 186 015 адам тұрады екен. Оның 70,3 пайызынан астамын, яғни, 13 497 891-ін қазақ; 15,6 пайызына жуығын, нақтыласақ, 2 981 946-сын орыс; 3,2 пайызынан көбін, дұрысы, 314 047-сін өзбек; 2 пайызынан астамын, яғни 387 327-сін украин; 1,5 пайызынан асып жығылатынын, таза саны, 290 377-сін ұйғыр; 1,2 пайызына жуығын, дәлірек, 226 092-сін неміс; 1,1 пайызынан көбін, дұрысы, 218 653-ін татар; қалған 5,1 пайыз шамасын басқа ұлт өкілдері құрайды. Осылардың қаншасы мемлекеттік тілді меңгермегеніне де үңіліп көрдік. Қазақстанда тұратын 13 497 891 қазақтың 0.4 пайызы (539 916-сы), 3 миллионға жуық орыстың 74,9 пайызы (2 233 478-і), 600 000-нан асып жығылатын өзбектің 28 пайызы (171 933-і), 387 327 украинның 76,3 пайызы (295 531-і), 290 377 ұйғырдың 28,3 пайызы (82 177-сі), 226 092 немістің 74,8 пайызы (169 117-сі), 218 653 татардың 49,5 пайызы (108 233-і), демек жалпы халықтың 17,8 пайызы (3 426 306-сы) қазақ тілін меңгермеген. Бұл – ресми ақпарат ғана.
Ал өкпелейік. Айтыңызшы, кімге кейиміз? Асылы, кісіге өкпе артпау керек шығар. Сондықтан қара бояуды адам баласына емес, заттарға жағайық. Мәселен, Тәуелсіздік алғалы бері ең маңызды бөліктері орыс тілінде «сөйлеген» жолдауларға, «Қос тіл – қос қанатың», «Үш тұғырлы тіл» сынды ұрандарға, кез келген дәмхана мен мейрамханаға кіре қалсаңыз алдыңызға топ ете түсетін Ресей Федерациясының тілінде жазылған ас мәзіріне, мемлекеттік тілді таңдауға мәжбүрлеп уақытыңды ұрлайтын банкоматтар мен терминалдарға, қазақшасын адам түсініп болмайтын ресми құжаттарға, қазақ сөзімен орысша сөйлем құрап, сарнап тұрған теледидарлар мен ұялы телефондарға, т.б. Бұл тізімді жазып біту мүмкін емеске айналып бара жатқандай. Дәл осыны көріп-біліп отырып қалай бірікпейсің?! Ана тіліміздің шетқақпай көрмеуі үшін қалай ғана бас құрап, әрекет етпеуге болады?!
Тақырыптан ауытқып бара жатыр екенбіз. «Өзге тіл тірлік үшін» дегенді түсінуіміз тіпті оңай болды. Себебі туғалы сезініп келе жатқанымыз – осы. Сөзіміз дәйексіз болмасын, басымыздан өткен жағдайлардың бір-екеуін айтып көрейік.
«Алматы жастары» қалалық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы басталғалы қанша көгенкөздің арманы орындалды. Бұл – көңіл қуантатын жайт. Осы бағдарламаға біз де қатысып көргенбіз. Әйткенмен сайттың әуелі орыс тілінде ашылғаны былай тұрсын, қазақ тілін таңдағанымызбен, құжаттарымызды үш күн жүктей алмадық. Содан соң әлеуметтік желіге кіріп, атақты бір блогердің парақшасында жазылған пікірді оқыдық та, жағамызды ұстадық. Онда былай жазылған: «4 сағат өтінім бере алмай отырды сіңлім. Сөйтсе, өтінімді орыс тілінде ғана қабылдайды екен» (сөзбе-сөз ұсындық. Суретті де тіркедік).
Жалма-жан «RU» тетігін басып, жүктеу батырмасын түрте салғанымыз сол еді, санап үлгермей қалдық, жүктелді де кетті. Міне, біз тірлік үшін өзге тілдің керек екенін кезекті рет осылай сезінгенбіз…
Мұның алдында, ЖОО қабырғасында жүрген кезімізде санақ басталған. Біз белгілі бір себептермен санақтан өтпедік. Қайбір күні аудиторияға қолына планшет ұстаған бір әйел кірді. Санақтан өтпегендерді іздеп, тіркеуге келген екен.
– Аты-жөніңіз кім? – деді ол.
– Асылан Қуанышұлы.
Бірнеше сұрақтан кейін планшетке көз тастап едім, санақты ол орыс тілінде жүргізіп отыр екен.
– Неше тіл білесіз? – деді бір уақытта.
– Қазақ тілін ғана – деп жауап бердік біз. Бірақ планшетке «қазақ тілі, орыс тілі» деп жазып жатқанын көріп: – Мұныңыз не? – деп сұрадық.
– Нешінші курс оқисың?
– Төртінші.
– Орыс тілін білмесең, төртінші курсқа қалай жеттің? Бұған дейін мектепте, осында түскенде орыс тілі сабағын өттің ғой, бағаны қалай алдың? Ендеше, мен «қазақ тілін ғана біледі» деп жазайын да, үстіңізден тексеріс жүргізейік.
Аузыма құм құйылды да қалды. Рас-ау орыс тілін білмей, қалай тіршілік кешіп жүргенмін?.. Міне, саған «өзге тілдің тірлік үшін керек» екендігі…
Сөйтсек, қазақ тілін «құдай» да түсінбейтін болып шықты. Әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, осыған көзіміз жетті. «TIK-TOK», «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінде «Шүкір», «Бұйырса», «Бәрекелді» деген сөздерді арабша айт, сонда сауабы күштірек болады деген сөздер жазылған суреттер мен видеолар өріп жүр. Бұдан бөлек, 2022 жылдың қазан айында туған қыз балаларға ең көп қойылған есімдерге назар салыңызшы, 10 есімнің 4-еуі ғана қазақы.
Осы орайда бір дінтанушының айтқаны есімізге түсіп отыр. Ол бүй дейді: «Құдай адам баласын ұлт-ұлтқа бөліп, әрқайсысына бөлек-бөлек тіл мен діл, дәстүр мен таным берді. Солай болуын қалады. Ендеше, сіз тіліңізді, я ұлтыңызды менсінбей, басқа бір ұлтқа айналғыңыз келсе, дәстүр-салтыңызға қарсы шықсаңыз, біліңіз, сіз құдайға қарсы келіп жатырсыз. Мұныңыз – құдайға ұнамсыз қылық».
Тақырыптан тағы да ауытқып бара жатыр екенбіз. Әлеуметтік желілердегі мемлекеттік мекемелердің ресми парақшаларын шамамыз келгенше ақтарып шықтық. Шүкір, түгелге жуығы мемлекеттік және ресми тілде қатар ақпарат таратады екен. Мұндай парақшалардың көбінің қазақшасының өзі оңып тұрмағанын да байқадық: калька аударма, әріптік-грамматикалық қателерден көз сүрінеді. Ал «Қостанай облысы ӨКҚ/РСК Костанайской области» парақшасы тек орыс тілін ғана қолданатыны көңілімізге тиді.Дүкендерге де бас сұқтық.Ондағы «Сырнай нанды», «жас пиязды», т.б. алғымыз келмей, «лепешка сырнаяны», «свежий лукты» жедік.
Дәмханаларға барып, жалынып-жалпайып қазақ тілінде жазылған мәзірді алдырдық. «Туздықтар» мен «тістейтіндерінен» жеріп, безіп шықтық. Тағы бірнешеуінде де сол кеп. Қазақшасы дұрыс мейрамханалардан ауқаттануға қалтамыз көтермеді. Үйге келсек, жұбайымыздың «гранат» жегісі кеп әзер отыр екен. Сөйтсек, біз арзандау жемістерді ғана қазақша, қымбаттауын орысша айтады екенбіз ғой. «Анар», «алмұрт» деген жеміс атаулары шығарма жазғанда ғана есімізге түсетіндей ме, қалай?..
ҚР Конституциясының 7-бабында:
«1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», – деп жазылған. Білген адамға үшбу баптың 1-тармағы да қате жазылған. Дұрысы: «Қазақстан РеспубликасыНЫҢ мемлекеттік тілІ – қазақ тілі» болуы керек еді.
Спортшылардың түсінігінде мынадай сөз бар: «Екінші орын алғанға құтты болсын айтпа. Өйткені 1,3-орындарды ғана жеңіп аласың. 2-орын жеңілген адамға ғана беріледі».
Иә, біз ана тілімізді Мемлекеттік тіл деп бекіттік. Жеңдік. Бірақ мемлекеттік тілге қажеттілік туғыза алмай отырмыз. Бұған кісі баласының жазығы жоқ әрине, бар бәле заттарда ғана болып тұр.
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ