«ҚАРАҒАНДЫ КӨКТЕМІ»
12 вагон. Мейрамхана. Ғалым Боқаштың Мұқағалидың өлеңіне жазған әні көңілді тербеп тұр. «Күн қайда асығады?» Біз қайда асығамыз? Біз – Алматыдан аттанған бес ақын, Қарағандыға бара жатқанбыз. Өйткені ертең жүректер бүр жарып, жан гүлдемек. «Қарағанды көктемі» атты поэзия фестивалі өтпек!

Сәуірдің жиырма бірі күні поэзия фестивалінің шымылдығын «Сарыарқа» әні ашты. Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай Қазақстанның қиыр-қиырынан келген хас һәм жас ақындарды, Түркия мен Әзербайжаннан келген қаламгерлер Екбер Қошалы, Иылмаз Окуклу, Селим Юкайды жалынды жырларымен қарсы алды. Шараның салтанатты ашылу рәсімінен соң «Аймақтағы жас ақын-жазушыларды шығармашылық қолдау және әлеуметтік жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Баяндама оқыған, сөз сөйлеген аға буын жастардың мәселесін талқылап, әдеби-шығармашылық үдерістерге тоқталды. Қорытындысында қордаланған бірқатар мәселені негізге ала отырып, тиісті орындарға хат жолдайтын болып тарқасты.
Мұнан соң «Карлаг» мұражайына бардық. Карлагты халықаралық деңгейде көтеріп, оған поэма да арнаған ақын Ғалым Жайлыбай қонақтарды кіреберістен жертөлесіне дейін өзі аралатып, қанша жылғы ізденісін ортаға салды. Әсіресе осынау қасіретті мекенді алғаш көрген жас қаламгерлердің жүрегіне шер байланып, қайта жолға аттандық. Сол түні зар қысқан жүректен өлең ақтарыларын бәріміз де іштей түйсіндік…
Мұң шымылдығын Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті түрді. Бұлай болатын себебі – сол ғимаратта ғаламат жыр кеші өтті. Кеш тізгінін әдебиет сыншысы, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғап қолына алды. Біз Жансая ағамыздың терең біліміне, тамағынан сөз сауған шешендігіне таңдай қағыстық. Ал аға буын арқырап өлең оқыды. «Қара өлеңнің қағбасы» атанып үлгерген кенді шәрдің көгінде жыр жұлдызы жанды. Кеш барысында ҚЖО Басқарма Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Ербол Алшынбай, Руза Алдашева, Жоламан Айткен, Салтанат Қайырбекқызы, Әлия Іңкәрбек қатарлы ақындарға Жазушылар одағының куәлігін табыс етті.
Ертеңіне «Қасым үйін» араладық. Содан соң кезек жастарға тиді. Жас перілер жыр оқыды. Фестиваль қорытындысында, ҚарУ ректоры Нұрлан Дулатбеков, Роза Аспанқызы мен Абзал Мақаштың кітаптарын шығарып беретін болды. Соңында сөз алған Шаһизада Әбдікәрімов поэзия мерекесіне жиналған жас қаламгерлердің осалы жоқ екенін, жастар антологиясының жарық көруіне демеуші болатынын айтты.
Нарық заманда руханиятты да ұмытпай «Қарағанды көктемі» фестивалінің өтуіне мұрындық болған Қарағанды қаласының әкімдігінен бар облыс үлгі алса екен. ҚЖО-ның Қарағанды облыстық филиалының директоры ақын Жанат Жаңқаштың да ұйымдастыру қабілетін атап өтпесек қиянат болар.
Мәртебелі поэзия жасасын!
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ