Дүниедегі ең ұлы сопы ақын
Өз шығармашылығымен парсы, тәжік, араб әдебиеттерін ғана емес, әлем әдебиетін де байытқан «Мәуләви», «Мәулана», «Руми» деген лақап аттармен танымал Жәләледдин Мұхаммед Балхи (1207-1273 ж.ж.) –парсытілдес сопы шайыр. «Шайыр» ұғымы Мәуләвидің деңгейі мен дәрежесін таныту үшін жеткіліксіз болғандықтан оны хәкімдердің, мистиктер мен данышпандардың қатарында да атаған жөн.
Ол һижри қамари жыл санағы бойынша 604 жылы рәби-әл-әууал айының 6-сы күні (григориан күнтізбесі бойынша 1207 жылдың 30 қыркүйегі) Үлкен Хорасан аумағында дүниеге келіп, 672 жылдың жәмәди-ас-сани айының 5-і күні (1273 жылдың 17 желтоқсаны) дүние салды.
Кейінгі жеті ғасырда ирандықтарға, ауғандарға, тәжіктерге, гректерге, Орталық Азия мен Оңтүстік Азия мұсылмандарына Румидің рухани мұрасы қатты әсер етті. Оның өлеңдері әлемнің көп тіліне аударылды. Мәуләвиден поэзия жанрында «Мәснәуие мәнәуи», «Диуане Шәмс Тәбризи», рубаилар, проза жанрында «Фиһи ма фиһи» немесе «Мағалате Мәуләна», «Мажалесе сабаа», «Жеті құтба», «Мактубат», «Хаттар» деген еңбектері мұраға қалды. Шығармаларының көпшілігі парсы тілінде жазылғанымен, ол өлеңдерінде түрік, араб және каппадокиялық юнан (грек) тілдерін де аздап қолданған.
Румидің өмірі мен шығармашылығында Шәмс әд-Дин Мұхаммед Бен Мәлек Дад Тәбризи деген тұлғаның әсері айрықша болғанын айту керек. Себебі һижри қамари жыл санағы бойынша 642 жылы 37 жасында Шәмс әд-Дин Мұхаммед Бен Малек Дад Тәбризимен кездесуі Мәуләнаға ерекше әсер етті. Осы қысқа кездесуден кейін оның өмірі күрт өзгерді. Мәуләнаның оған ынтасы ауғаны сондай, ілім мен уағызды тастап, поэзия мен ән-күйге, сопылардың биі – «самаға» бет бұрды. Содан бастап поэзия мен ақындық қабілеті күшейіп, мистикалық жалынды жырларын, «Диуане Шәмс Тәбризи» атты еңбегін жазды. Мәуләнаның рухани жандүниесі мен көңіл күйін алапат өзгеріске душар еткен Шәмс Тәбризи ғұлама, көпті көрген адам болған.
Ағылшын аудармашысы Риналдо Николсон Мәуләвидің «Диуане Шәмс Тәбризи» шығармасын «таңғажайып әдеби құбылыс» деп атап, шайырды «дүниедегі ең ұлы сопы ақын» деп таныған.
Мәуләвидің «Мәснауие мәнәуи» шығармасы – парсы тіліндегі ең тамаша өлеңдердің бірі, әрі оның ең маңызды шығармасы. Алты дәптерден тұратын өлеңдер жинағында жиырма алты мың бәйіт топтасқан. Көптеген зерттеушілер «Мәснауие мәнәуиді» мистикалық поэзияның ең озық туындыларының бірі санайды.
Мәуләвидің «Мәснәуи» кітабын жазудағы мақсаты ойдан хикая шығару болған жоқ, керісінше, хикаяларды өзінің хикметке толы ойларын анық жеткізу үшін жазды. Бұл кітапта 424 хикая бірінің соңынан бірі тәмсіл тәсілінде келіп, адамның Құдайға жету жолындағы қиындықтарын баяндайды.
Шығарма мәснәуи өлең формасында жазылған. «Мәснәуи» деп әдебиетте бір уәзіннен тұратын, әрбір бәйіті тәуелсіз ұйқасқа ие, яғни әрбір бәйіттің екі мысырасы ұйқасатын көп бәйітті өлең формасы аталады. Мәуләвидің замандасы шираздық Сағдидің «Бустан» шығармасы да – мәснәуи үлгісіндегі дүние. Фирдоусидің «Шаһнамасы» да мәснәуимен жазылған. Алайда Мәуләвидің мәснәуиінің деңгейі осы формада жазылған шығармалардың бәрінен жоғары. Кітаптағы әртүрлі хикаялардың орналасуында нақты жүйе мен бірізділік жоқ. Негізгі кейіпкерлері – пайғамбарлар мен патшалар, шопандар мен құлдар сияқты әртүрлі дәреже мен деңгейдегі, кәсіптері де әр алуан адамдар. Шығармада жан-жануарлар да маңызды рөл атқарады.
«Мәснәуие мәнәуидің» алғашқы кітабының бірінші он сегіз бәйіті «Нейнама» деген атаумен белгілі. Шығарма «Нейнаманың» «Тыңда, мына сырнай шағымданып, айырылысу туралы айтады» деген бәйітінен басталады. Бұл – алты дәптердегі тұжырымның тобықтай түйіні. Кітаптың алғашқы он сегіз бәйіті «ней» – «қурай» немесе одан жасалған «сыбызғы» сөзімен басталып, үрмелі аспап – сыбызғымен байланысты болғандықтан «Нейнама» деп аталған.
«Нейнаманың» он сегіз бәйіті – шын мәнінде «Мәснауие мәнауидің» сығындысы, қысқаша мазмұны. Ирандық ғалым доктор Зарринкубтың айтуынша, «Нейнама» – «Мәснауи» кітабының бастауы, оның алты дәптеріндегі құпияларының қысқаша қорытындысы. Мәснәуидегі хикаялар мен тәмсілдердің барлығы «Нейнаманың» жалғасы саналады. Шығарманың өн бойындағы хикаялардың мазмұнын да осы бәйіттердің қатпарларынан іздеуге болады.
«Нейнамадағы» «ней» – қурайдан жасалған музыкалық аспап сыбызғы емес, сопы шайырдың өзі. Ол өзінің ғашығы – Аллаға қосылу жолындағы мұң-наласы мен қайғысын оқырманға тікелей емес, сыбызғы арқылы жеткізген.
Айнаш ҚАСЫМ
Кереңнің науқастың көңілін сұрауы
Бір керең науқастанып қалған көршісінің көңілін сұрамақ болады. Іштей басқаларға саңыраулығы жайлы ештеңе айтпауға, науқас оның естімейтінін байқамауы үшін алдын ала сауалдарын дайындап, науқастың да беретін жауаптарын тұспалдауға әзірленеді.
Сөйтіп, ойша өзі мен науқастың арасындағы сұхбатты дайындайды. Ішінен: «Мен оның халін сұраймын. Ол: «Құдайға шүкір, тәуірмін», – дейді. Мен де Құдайға шүкіршілік білдіріп: «Тәуір болуың үшін не іштің?» –деп сұраймын. Ол тамақ немесе дәріні атаса керек. Сол кезде мен оған: «Ем болсын! Емшің кім?» – деймін. Ол емшінің есімін атайды. Мен: «Оның қадамы құтты. Науқастардың бәрін жазып жатыр. Біз оны тәжірибелі тәуіп санаймыз деймін», – деп ойын жинақтайды.
Саңырау осындай оймен көршісіне барады. Келген бетте хал-жағдайын сұрайды. Алайда көршісі оның ойына керісінше бағытта сөз өрбітіп, аурудан өліп бара жатқанын айтады. Керең Құдайға шүкіршілік білдіріп: «Не ішіп жатырсың?» – дейді. Науқас: «У! Өлтіретін у!» – деп жауап береді. Саңырау: «Ем болсын!» – дейді. «Айтпақшы, тәуібің кім?». Науқас: «Әзірейіл!» – дейді. Саңырау: «Өте тәжірибелі тәуіп. Қадамы мүбәрәк болсын», – дейді. Енді кетуге жиналғанда, науқастың жағдайы нашарлап: «Бұл адам – менің дұшпаным!» деп айғайға басады. Бірақ көршісі оны естімегендіктен, науқастың көңілін сұраған өзінің теңдессіз әрекетіне көңілі марқаяды.
(«Мәснәуие мәнәуи» шығармасынан)