ҚАДЫР АҚЫН  ЕСКЕРТКІШІ ТҮБІНДЕГІ ТОЛҒАНЫС
22.01.2016
1609
0

Ақ Жайығың сол баяғы қалпында,

Аман-есен жүріп жатыр халқың да.

Өзің болып, көзің болып сайрап тұр,

Том-том болып қалған кітап артыңда.

 

Ден қоюда жас, жасамыш, қарт бүгін,

Осы жолда, аға, өзіңнен артты кім.

Шашпа-төкпе болған жоқсың тірлікте,

Ғажап бірақ ой дегенде мәрттігің.

 

Абай дейміз жырдың алтын діңгегі,

Сендік сөздің болған емес бір кемі.

Алпыс жылдай арғымақтай арқырап,

Оза шауып, алдың барлық жүлдені.

 

Алға бастап арман атты ақ құсың,

Өлең болды өмірдегі басты ісің.

Ескерткіш боп отырсың сен тұғырда,

Алшаң басқан ақын бұл күн – тас мүсін.

 

Көнеміз ғой, көнбесіңе шара жоқ,

Күрсінеміз дала болып, қала боп.

Құлазыған көңілдерге – сол медет,

Елің-жұртың мойындады дара деп.

 

Ойдан-қырдан ағылуда жұрт қалың,

Даналыққа бір бас ию – ұққаным.

Ақындардың татқаны кіл бал емес,

Арыстардай уды сен де ұрттадың.

 

Жазғаныма кімнің айтар дауы бар?

Текті ғана халқы үшін ауырар.

Ақын деген көпке уағыз айтпайды,

Керегіңді өлеңінен тауып ал…

 

Кіндік қаның тамса-дағы Жайықта,

Алатауда сіңіп кеттің ғайыпқа.

Енді, міне, ескерткіш боп оралып,

Айналаға қарайсың сен байыптап.

 

…Десек-тағы жер де аман, су да аман,

Қайда бастап бара жатыр қу заман.

Әр кәллада оқшау-оқшау ойлар бар,

Әр кеудеде бір-бір жүрек тулаған.

 

Біреулер жүр өз-өзінен дүрсініп,

Ал біреулер немқұрайды – жүр сұлық.

Қысқа жібі келмеген соң күрмеуге,

Біреулер жүр аттам сайын күрсініп.

 

Сол баяғы өзің көрген тіршілік,

Дара құлап, қылтияды бір шыбық.

Түн келеді еске салып бақиды,

Фәни болып жарқ етеді, Күн шығып.

 

Солай, аға, біздің жағдай баяғы,

Қарттар қаусап, жастар өркен жаяды.

Біреулердің тасы өрге домалап,

Біреулердің көктен келіп аяғы…

 

Асау аттай жалына қол апармас

Заманамен келеміз біз сапарлас.

Түске дейін аман-саулық сұрасқан,

Түс қайтқанда кетіп жатыр қатарлас.

 

Қимас кетсе,  қалай ғана жан шыдар,

Жүрек жылап, көзден жасың тамшылар.

Қайғы қанша еңсені езіп тұрса да,

Аржағында бір қуаныш бар шығар…

 

Ойлағанға бір тұтам ғой сұм жалған,

Сондадағы пенде шіркін қуды арман.

Тіршілікте титтей қызық көре алмай,

Аз ба адам барлығынан құр қалған.

 

«Шамаң барда асып қал да, тасып қал,

Нысанаға іліккенді басып сал».

Осы ойлармен өзгелерден озам деп,

Көп ішінде жүріп жатыр пасықтар.

 

Өмір күрес алаңы ғой бақ сынар,

Мыңнан біреу бас жүлдені ап шығар…

Қасиетін төңірегіне паш етпей,

Көп ішінде жүріп жатыр жақсылар.

 

Көлденеңдеп алуан-алуан құбылыс,

Қисық болып шығар кейде түзу іс.

Періштенің көзі тайып кеткенде,

Өз дегенін істеп тынар ібіліс…

 

Бәрін, аға айтып қалай тауысам,

Көлеңкеден күнгей жаққа ауысам.

Қараулардан қашық жүріп қашан да,

Ақжүрекпен құшақ жая қауышам.

 

Жаратушы пенделерін бөле ме?..

Жақсы-жаман келеміз бір кемеде.

Аға, өзің жазған жырлар – бір әлем,

Бүгін, ертең, болашаққа – өнеге.

 

Бұл жұмыр жер адамзаттың тұрағы,

Адам барда, сарқылмас ой бұлағы.

Сендік өлең қазынасы халқының,

Халқың барда, ол салтанат құрады!Орал қаласында.

Айтқали НӘРІКОВ,
Қазақстан мәдениет саласының үздігі.
Орал қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір