«ҚазАҚ» ПА, ӘЛДЕ МАЗАҚ ПА?..
Фельетон
…Өткен жылы аяғын ақсаңдай басып, таяғын тоқылдақтай тоқылдатса, мына мешін жылы тағалы аттай тақылдатып «Ассалаумағалейкөм, Қалжыңқалталықтар! Мешін жылдарың мамыражай болсын!», – деп Мыңбай ағамыз кіріп келді. Қашан да оспағын оңқалатып, мысқылын мөңкітіп жүретін Мәкеңе:
– Әлеукүмассалам, қоржыныңыздың бүйірі қампайып кетіпті ғой…
– Е, қарап жатамын ба, естігенімді есептеп, көргенімді кесектеп қоржыныма тоғыта берген едім, «буаз» болғанын байқап қалып сендерге қарай асықтым. Күлкі-мүлкі туа қалса кіндігін «Қалжыңқалтаға» кестірейін дегенім ғой…
– Жөн, жөн, кәні, төрге шығыңыз, жайланып отырыңыз. Жаңа жылға арнаған сый-сыяпатыңыз бар шығар, суыртпақтай отырыңыз…
– Бар болғанда қандай, – деп сықақшы ағамыз мысқылдай күліп, қоржынынан «тәйт, әрі»-сін суырып алды. Анау-мынау емес, қаламгерлер мен өнерпаздарды өкіндіріп жүрген көкейкесті мәселені кеңінен көсепті.
Кәні, оқырман оқи бастаңыздар!..
Түбі түскір, тіл безелтіп, ерін кезерткен текетірес насырға шауып барады. Сойылды сөздер, қылайланған көздер. Дөдәңді көр» – деп бәсекелесіп алған пәлелер. Ұланасыр ушығып алған, бәсеңдер түрі жоқ. Сіздің қоғам «анауский», біздікі «мынауский» деп төпеседі. Бір құмалақ бір қарын майды шірітетін секілді. Ата Заңымыздың осыдан аттай алты жыл бұрын, дәлірек айтсақ, 2009 жылы қабылдаған 46-1 бабы төңірегінде дау-дамай дүрілдеп кетті…
Пісімілләсі кеңестік кезеңде басталып, Сағат Әшімбаев іспетті айтулы азаматымыз басшылық еткен, Еліміз егемендік алғаннан бергі тұста мәрт жазушымыз Марал Ысқақбай төрағалығымен жалғасқан ҚазАҚ яғни, Қазақ Авторлар қоғамы көркем әдебиет пен өнер саласы қайраткерлері мен өкілдерінің шығармаларын мәдениет, өнер сарайлары мен театр сахналарында, теледидарлар мен радиода орындауларынан түскен қаржыларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, қызғыштай қорып келген қастерлі орын екені әзелден әйгілі.
Ресейдің РАО-сын айтпағанда күллі ТМД елдерінде (тфә-тфә, тіл тимесін) ҚазАҚ-қа тең келетін мекеме көрсем бадырақ көзім ағып түссін. Штаты шағын, кеңсесі қораш демесеңіз «ҚазАҚ» қазақстандықтарды айтпағанда әлемнің екі миллионнан астам авторларының құқығын қорғайтын сенімді қоғам екінін дүн-дүние мойындағалы қашан!
– Әу, қабақ шытардай не болды сонша? Жерден жік шықты ма? – деген сауал қоярсыз, бәлкім.
– Иә, жік шықты, екі құлағы тік шықты…
– Неге?..
– Гәп осы «неге» де.
– Ендеше айтарыңды дұрыстап шегеле! – дерсіз.
– Шегелейін…
– Дәлел келтірсеңіз…
– Келтіремін… «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қырсықтың басы әлгінде айтқан Ата Заңымыздың 2009 жылы қауырт қабылданған 46-1 бабында болып тұр.
Осы бір асығыс бекітілген бап «ҚазАҚ»-тың көз майын тауысып, төңіректің төрт бұрышынан бал жинаған арадай сыйақыларын авторлардың алақанына салатын құқығын қапияда қаптаған «қарақшылардың құзырларына ұстата салды. Қаламгерлердің сыйақыға төленетін қаржыларын уыстап алып, уыстап шашып, өз керектерін күйттегендер көбіктей көпіріп, тарақандай қаптап кетті.
Қастерлі ҚазаАҚ-тың қыр-сырынан хабарсыз, қырсықтарына құрық бойламайтын көлденең көкаттылар да солар.
Гәп мынада. Жоғарыда аталған бап бойынша, аккредациядан өткендер қолдарынан келмесе де, қоныштарынан басады. (Қап! Қалай қабылданған бап) – деп саныңды бірден соғасың. Қараңызшы: әлгі бап «қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, тап сұғанақтар үшін жасалған секілді. Небәрі оншақты қысықкөз қушыкештер қауышып, қолма-қол қоғам құруды қалпақпен-ақ ұрып алатын болды. Бітті! Қиыны жоқ тіпті. Әділет министрлігінің аккредация комиссиясынан сырғытып өте шығасың да, миықтан күліп, ешкіммен келісім-шарт жасаспастан жер жүзіндегі жазғыштардың қаламақыларын қалт жібермей қобырата жинап аласың. Аккредиттеу дегеніңіз – бәз біреудің ақшасын жолын тауып, амалдап алу үшін немесе сауда-саттығын сарт-сұрт жүргізуге хұқығы бар өкіл деген сөз. Ал керек болса! Бұл бап сайып келгенде жаһандық һәм Қазақстанның ішкі заң-зәкөндеріне кереғар кесапат болып шыққанын қайтерсің.
Көгілдір экраннан жиі көретін пираттар, яғни теңіз қарақшылары іспетті бүгінде еліміздің жер-жерінде қаламгерлердің қалталарын қағатын қияңқы қарақшылар аяқ сүріндіреді.
Тауық тұмауы, шошқа тұмауы, Эбола деген елдерді кезгіш жұқпалы індет секілді аккредация күннен-күнге асқынып барады. Саясаты күннен-күнге ушыққан, ахуалдары әлсіреп, «астарынан су шыққан» Украинада авторлардың 21 қоғамы «шекелері қызып» тұрған көрінеді.
Айтып-айтпай не керек, соңғы кезде біздің республикамызда авторлық құқық туралы түсініктен адыра қалған қоғамсымақтар саңырауқұлақтай қаптап, мойындарын соза бастаған сыңайлы.
– ҚазАҚ (Қазақстан авторлары қоғамына) отандық 2800 автор мүше. Жер шарындағы 150-ге жуық елдің 2 миллиондай авторларнының құқығын қорғаумен айналысса; «Абырой» қоғамына 300-ге де жетпейтін мүше бар.
САП-та (Союз авторов песен) бар болғаны 15 қазақ авторы…
НСП дейтіннің (Национальный союз правообладателей) аты бар да заты жоқ. 2015 жылдан аккредация куәлігі барлығы болмаса не ішкергі, не тысқарғы авторлар қарасын шырақ алсаң да таппайсың.
Ол ол ма, бұрын тек орындаушылар құқығын қорғап келген «КОУПИ» деген қоғамға да енді авторлар қаламақысын жинауға рұқсат беріліп аккредиттелген.
Әу, Әділет министрлігіндегі құрметті заңгерлер:
– Қоғамның авторлармен байланысы…
– Шетелдік қоғамдармен жасасқан шарт…
Авторлар қаламақысы дер кезінде жиналып, сыйақылары төленді ме?..
Осы секілді сауалдардан сырт айналып, куәліктерін қалай болса солай заңсыз үлестіре салған. Осыдан кейін: Бұл не? Заң орнындағы заңгерлердің сауатсыздығы ма, әлде жауапсыздығы ма? – деген зәкөнни сұрақты сорайтуға тура келеді.
Айтпақшы, әлгі саңырауқұлақша самсаған «қарақшылар» авторлардың мүддесін аяққа таптап, 41-1 бапты ап, заңды түрде белгіленген сыйақы мөлшерін заңсыз запыран құстыра төмендетіп, қалыптасқан тәжірибенің тұқымын тұздай құртып отыр.
Әу, ағайындар, авторлар құқығымен айналысуға тиіс қоғамдардың сандарына емес, сапасына қарайтын сәт әбден жеткен еді ғой. Қартаймас жан, өзгермес заң жоқ. Зердемізге залалын тигізетін мұндай заң кімге керек?
…Кеңестік кездің өзінде де қыруар қызмет атқарған авторлардың қоғамын напақалы қамқоршыдай санаған қаламгерлер есіңе оралады кейде. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Әбішев, Құсайынов, Ақтановтардан бастап Қалтай Мұхаметжановқа дейін Қоғамнан алған сыйақыларын әспеттей айтушы еді ғой, көңілдері де қарындары да тоқ болатын. Жасырып жабары жоқ, құмырсқадай қаптаған кейінгі қоғамдардың кәсіби ақын-жазушылар, драматургтер, әйгілі әншілермен байланыстары да жоқтың қасы. Бұ кезде шөп те өлең, шөңге де өлең болып кетті ғой. Әсіресе, эстрадалық шоулардан: «Әні де сөзі де пәленшеевтікі», – дегенді жиі естисің. Үстіне әйел көйлегін киіп, сатира деп санайтындар самсап барады. Талғам атаулы арзан күлкі, жалған атаулыға ауысып кеткендей… Оған «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» да жоқ.
ҚазАҚ-тың намысын қорғап бұрынғы һәм бүгінгі басшыларының бармағын жер, баспаған таулары жоқ:
Республика Парламенті Сенатына;
Республика Парламенті Мәжілісінің Төрағасына;
ҚР Әділет министрлігіне;
ҚР Бас прокуратурына.
Өзге де лауазымды орындарға арнайы хаттар нөпірлеткеніне де талай уақыт болды.
Амалы не, жылдар жылжып, айлар ағындап жатса да нақты жауап, шындық шешім шығарылмай шерменде жүрген кейіпте. О, тоба, жазушылар мен өнерпаздардың жанайқайларына жоғарғы жақтағы лауазымды ағайындар не дер екен?
Оқырман қауым, Сіздер не дейсіздер?
Қысқасы, қоғам құрылғалы бергі қарт мүшесі ретінде тоқетерім: дүңгіршекшілер, «әләуләйліңді» доғарсаң қайтеді? Тойтаңдамаңдар, тәйт, әрі! Әділ шешімді құзырлы қазылар таяуда-ақ айтады. Сендерше қарашаңырақ ҚазАҚ-қа қажеті мазақ па?..
***
Қолына домбырасын алып, қоңыр даусына басып авторлар қоғамының қашаннан бергі аптабына күйіп, аязына тоңғанын сездірмей, қашан да ағынан жарылатын көзіқарақты, білгір де білікті майталман Бас басшы Марал Ысқақбай мен жігері тасыған жас басшы Байғали Есенәлиев мырзалардың шерлі шумақтарына құлақ түрелік:
Марал ЫСҚАҚБАЙ:
– Ау, бармаған жер, баспаған тау қалған жоқ,
Төре біткен еш көңіл аударған жоқ.
Біз отырмыз бас қатып, балтыр сыздап,
Бар сенімді үмітке аударған боп…
Байғали ЕСЕНҒАЛИЕВ:
Оу, қоғамына автордың
Қажет емес көшірме.
Қырсықты құдай атқырғын.
Қасиетті қария қоғамның
Қарасын, әсте өшірме!
Біздің ұжым ҚазАҚ па?
Қамсыздарға мазақ па?..
Заңсыздықты көргенше
Түскенім жөн тозаққа…
Аллау-акпар!
Авторлардың жанайқайын жеткізген
Қожанасырдың қырқыншы қосшы баласы,
Қазақстан Авторлар қоғамының мүшесі
Мыңбай РӘШ.