ҚАЗАҚ СӨЗДЕРІН ІРІТПЕСЕК ЕКЕН
07.10.2022
534
0

Тіліміздің ажарының кіре бастағаны ма, әлде кетеуінің кете бастағаны ма, сөз оралымдарын дұрыс пайдалана алмай жүрген секілдіміз. Мәселен, қайсыбір баспасөзде «үлкен қазақ басылымы» деп жазылып жүр. Осы қолданыстың өзі оқырманды шатастыру ғой. «Үлкен қазақ», «кіші қазақ» деген ұғым жоқ. Сөз орнын дұрыс таппаған соң, тіркестер іріп, мағына өзгеріп тұр. Бұл сөйлем «қазақтың үлкен басылымы» болып қалыптасуы керек еді. Осы түйткіл ары жалғаса береді…

Мәселен, «М.Әуезов атындағы қазақ драма театры», «Бас Сәулет, құрылыс академиясы» дегендерді миға тықпалап жүрміз. М.Әуезов қазақтан бұрын туған жоқ қой. Сондықтан «Қазақтың М.Әуе­зов атындағы драма театры» болып жазылуы керек. Өнер ордаларының атаулары осындай бір ізбен қалыптасуға тиіс-ақ. Сәулет құрылыс академиясы Алматы қаласы астана болып тұрғанда құрылған. Әрі өзге облыстарда филиалдары бар, орталық академия. Ендеше «Сәулет, құрылыс Бас академиясы» аталуы қажет. Сондай-ақ көше атаулары да өз мағынасында емес. «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» деп жүрміз. Садағасы кетсін! Біріншіден, «Н.Назарбаев атындағы даңғыл» болуы керек. Себебі даңғылды Нұрсұлтанның өзі немесе әкесі салдырып берген жоқ қой. Алматы сынды үлкен шаһарға жас та болса сүйрелеп әкім ғып әкеліп қойған құрметінің қайырымына Бауыржан Байбек Елбасына көзі тірі кезінде көше атын бергізіп жіберіп, абыройы асқақтап шыға келді. Жалпы барлық көшелер мен даңғылдарға таңылған есімдерге «атындағы» сөзі міндетті түрде тіркесуге тиіс. Көше, даңғыл аттары халық, мемлекет, үкімет мойындаған әр саланың қайраткер тұлғаларына беріледі. Көшені еншілеген тұлғалар оны өзі салған жоқ, кейінгі ұлт ұрпақтары сол қайраткерге құрмет көрсетіп отыр.
Бауыржан Байбек Алматы қаласының «тұтқасы» болып, бишігін үйіріп жүріп мың жыл бойы жинақтаған әсем де сұлу шаһардың көркін бүлдірді. Не бір еңселі ғимараттарға көрік беріп тұрған темір қоршауларын аямай қираттырды. Ашық қала жасаймын деп, тыржалаңашқа айналдырды. Соның кесірінен емханалардың алдына ит пен мысық қаптап кетті. Олар ауруды азайта ма, әлде өршіте ме, білмедім. Тіпті жаңбырдан, қардан қалқалап тұратын аялдамалардың паналы тұрақтарын да қопартып тастап, оның орнына төбе жапқышы көкке қайқиған, суықты, суды ішіне тартатын қондырғысымақтар орнатты. Аялдама тұрақтарына жалғас су, сусын сататын дүңгіршектер де көзден бұл-бұл ұшты. Кәрі-құртаңдар мен жас балалар күннің шыжыған ыстығында қайдан таңдай жібітерлерін білмей сабылды.
Сол тұста көшелердегі газет-журнал сататын дүңгіршектер де «жоғалды». Қайсыбіреулері басқа салалы сауда көзіне ауыстырылды. Яғни, ұлт рухания­тына қиянат жасалды.
Енді мынаған қараңыз – Тимирязев көшесімен құлдилай бері түсіп келе жатқандағы Әуезов атындағы көшемен қиылысар тұстағы аялдама «Атакент халықаралық іскерлік, ынтымақтастық сауда орталығы» деп аталады да, Әуезов көшесіне бұрылып барып тоқтайтын аялдамаға тағы да осы атау берілген. Неге Әуезов есімімен аталмайды? Әлде Мұхтар атамызды «менсінгісі» келмейтін біреулердің шешімі ме екен? Олай дейтінім – қаладан жоғары кетіп бара жатқан №98 автобустың «№12 қалалық ауруханасы» (дұрысы: «Алматы қалалық №12 ауруханасы» болуы керек) аялдамасынан кейінгі Әуезов көшесіне бұрылып тоқтаған тұсы «Сәтпаев көшесі» делінген. Бұл жерде де Әуезовтен қашқақтау бар. Себебі – түсініксіз. Қазақтың М.Әуезов атындағы драма театрының қарсы алдындағы машинажолдың жағалауынан әрегірек қойылған ағаш орындықтардың арқалығына «Өмірден сергіп алыңыз» деп қаңылтырға жазылып, шегеленіп қойылған. Сонда ол орындықтардың өмірден сергітетін қасиеттері болғаны ма? Айта берсең, жаза берсең, таусылар емес. Қазақ сөзін оңды, солды шашып жатырмыз. Бұларды бақылап, барлап отырған ешкім жоқ. Құда да, құдағи да тыныш. Әкімдіктің осы саладағы бөліміндегілер ай бағып отыр ма, шошқа тағалап отыр ма?
Ішке сыймай жүрген осындайларды айтайын десең, құлақ асар жан таппайсың. Әдетте қалаға келген жаңа әкім «таққа» отырғанына бірер ай болған соң осындағы әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерін шақырып, кездесу өткізіп жатушы еді, Ерболат Досаев, сірә, ой үстінде жүр-ау әзірге.
Жалқыдан жалпыға кетпей, тізгін тарта тұрайық. Басында бастағанымыздың түйіні: қазақ сөздерін ірітпесек екен!

Еркін ЖАППАСҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір