АБАЙ СӨЗІНІҢ СӘУЛЕСІ ҚОНҒАН…
Өз заманының мықты адамына шәкірт болып, ұстаз айтқан сөзді бар махаббат-мархабатымен қабылдап, ынта-шынтасымен орындау ең бір ізгілікті, жемісті іс екенін Қайым өміріне қарап түсінесің. Және сондай тұрақты ізденімпаз болудың қиындығын сезесің. Алға қойған мақсаты, істеуге тиіс қызметі елге ауадай қажет уақытта жолындағы кедергілерге қарамастан, қазақтың сертіне берік серкесі сияқты тек алға ұмтылған халық перзентінің туғанына жүз жыл. Сөзі мен ісі бір, тілі мен жүрегі бір, сырты мен іші бір дегдар адамның еңбегі бағаланбай жүр деп зар жылай беруіміз қаншалықты дұрыс. Ең әділ уақыт-ағзам оны бізсіз-ақ өз биігіне көтеріп әкетеді. Абай сөзінің сәулесі көкейіне қонған, Мұхтар алақаны маңдайын сипаған Қайым Мұхамедханұлының ғалымдық қажыры, азаматтық болмысы еш әлсіремей, көз алдымызда жарқырап тұр.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ
Туған ел – алтын бесік, ұшқан ұям,
Көз жұмылмай тұрғанда қайтіп қиям?
Тарта гөр, Семейімнің топырағы,
Төстіктей жеріңе мен еркін сиям.
Қайым. Карлаг, 1952 ж.
***
«Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл».
«Қиянатшыл өмірден жүрегі қырық жамау болған» ақын осы өлеңді тек өзінің басындағы хәлді ойлап, өз жанын ғана айтты десе сенбес едім. Дүние тіршілігінің бар құбылысын жүрегімен сезген данышпанның тура сол сәттегі көңіл-күйін өлеңнен аңғару қиын да емес. «Адамзаттан досы жоқ, жалғыз-ақ қаламына сырын айтар» пенде баласы Абайдың көңіл-күйіне тап келгенде, осы сөзді айтқысы келетінін білгендей. Бұл өлең Абайды үлгі көрген жиырмасыншы ғасырдың басындағы оқыған қазақтардың өмірінің соңғы сәттерінде ақырғы рет ойларына алған жыр жолдары емес пе екен?.. Әлде елуінші жылдардың ішінде қайта қуғынға ұшыраған азаматтардың жүрек сөзі ме?.. Өлшеулі ғұмырын әділет жолына, қазақ ғылымы мен білімінің өркендеуіне, әлемнің саяси картасында қазақ деген ұлттың бар екендігін мойындатуға арнаған қайран ерлер жазықсыз жапа шегіп, құрбан болып бара жатқанда ауыздарына кәлимадан басқа қандай сөз, ойларына өлімнен басқа не келгені анық белгілі болмаса да, қалдырған мол мұраларына қарап, осылай өзіңше топшылайсың. Сол күйге Абай ситуациясымен тап келгенде ғана айтар сөз емес. Басқа бір мағыналық реңкпен түсінуге талпынсақ, алаштықтардың да «жүрегі ызалы, қолы долы, сиясы улы, тілі ащы». Кеңес үкіметі үшін! Кейде соларға қарата: «жек көрсеңдер өзің біл, мен ұлт алдындағы қызметімнен танбаймын» деп тұрған Абайдағы бірбеткейлік сезіледі.
Абайдың өмір сүру салты, мінезі, сөзі тірі кезінде-ақ кейінгілерге үлгі бола бастады. Ақын шәкірттері де, оның ішінде балалары да бар, айналасына ерекше үлгілі жандар болды. Абайдың сөзін әңгімесіне тұздық етпейтін жан Семейде болмаушы еді. Бәлкім, Абай туған қасиетті топырақ болғаннан кейін де бұл қала алаштықтардың астанасы болған шығар… Көпестердің, жер аударылған орыс демократтарының дені сол қалада тұрды. Ғылым, өнер ордасына айналды. Тұңғыш қазақ газет-журналдары шықты. Әлихан, Ахмет, Міржақыптар Алашорда үкіметінің жиындарын өткізді. Олар Семейге келген сайын тоқтайтын бір үй бар еді. Ол – Мұхамедхан Сейітқұлов шаңырағы. Оның кітапханасында әлем классикалары, сирек қолжазбалар мен сол кездегі «Тәржіман», «Айқап», «Шора», «Абай», «Уақыт», «Дала уәлаяты», «Қазақ», «Патша географиялық қоғамының жазбалары» сияқты мерзімді басылымдар, Абай мен Шәкәрімнің тұңғыш жинақтары, дін, философия кітаптары болған. Мұхтар Әуезовтің де Семейге келген сайын соқпай кетпейтін бір қастерлі мекені еді. «Қарагөз», «Еңлік-Кебек» пьесаларының алғашқы дайындықтары Мұхамедхан ақсақалдың үйінде өткен. Сол кездері Әуезов Семейдегі мұғалімдер училищесінде оқитын. Қайым бес-алты жастағы бала. Күллі ғұмырына жететін тапсырма беріп, азаматтық, ғалымдық жолдың бағдарын көрсеткен ұстазын алғаш рет сол кездері көрген. «Абай» журналы, «Сарыарқа» газетінің шығуына демеушілік жасаған Мұхамедхан Сейітқұлов 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып кетеді.
Әуезовтің «Еңлік-Кебегіне» дайындық кезін Қайым ұстазы туралы мақаласында еске алады. Қайымның анасы Мақыпжамалға Мұхтар: «Сізде қазақ әйелі мен қызының киімдері бар? Болса, келініңіз екеуіңіз киіп көрсетсеңіздер», – деп өтініш айтады. Қазір бізге жеткен Мақыпжамал, Фархинұр аналарымыздың ұлттық киіммен түскен суреттері қойылымның суретшісіне көрсету үшін түсірілген еді.
Оқымысты әкеден тәрбие көрген, Алаш қайраткерлерінің қызмет жолын бала кезден көріп өскен Қайымның ғалымдық жолы Әуезов берген үш тапсырмамен басталған. Үш тапсырма: Абай өлеңдерінің текстологиясын, Абайдың ақындық мектебін зерттеу және Абай музейін ашу.
***
«Сөзі аз, мағынасы көп, терең» (Ахмет Байтұрсынов) ақын сөзі қаншама зерттеу еңбектерге негіз болды. Мәңгілік екі томдықты түсіндіру үшін, талдау үшін жазылған қыруар кітаптың саны нешеу болса, әркімнің өз тануындағы Абайы сонша. Ақындықтан асып, философ, ойшыл, тіпті экономикадан хабардар Абайдың рухани дидары сол екі томдықтан жарқырай көрінеді. Сол еңбектердің бәрінің айнасы болған Абай өлеңдері мен қара сөздерінің әр сөзін, әр әріпін жанұшыра қорғаған Қайым да сол зерттеулерге қызмет қылғандай. Ол әуелі Абайға қызмет етті. Қайымның идеалы – Абай. Бірақ ол ақынға еліктеп, сөз айтуға құштар емес. Ақын өлеңінің мән-мағынасын ашып, қара сөзінің түп-төркінін де түсіндірмейді. Бар қызметі: идеалының шығармаларын қорғайды. Бір үтірі, әрпі, сөзі өзгеруіне жол бермейді. Егер біз бүгін ақын өлеңдерін ғылыми түсінігімен қоса түпнұсқадағыдай оқып жүрген болсақ, ол сөзсіз Қайымның еңбегі. Бұл жолда оның алдындағы үлгі тұтары – Мұхтар Әуезов. 1933 жылы Әуезов құрастырған Абай жинағында ұстазы ғылыми түсінікті қалай жазса, шәкірт-Қайым сол жолдан бір танбайды. Тек өлеңнің жазылған уақытына мән беріп қана қоймай, сол кездегі Абай басындағы хәлді, елдегі саяси ахуалды, өлеңнің жазылуына әсер еткен жәйтті түгел талдап тарқатады. Абай туралы естеліктердің бәрін өте дәл қолданады. Көкбайдың: «Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды» – дегенді мен қылып қойып, өзін айтып еді» деген сөзін келтіреді. Сол Көкбай естелігінде 1880-1886 жылдар аралығында Абай өлеңдерін Көкбай атынан жариялап келгенін, 1886 жылы «Жаз өлеңін» кейін ақын өз өлеңдерін өзі соғымға «сатып алғандығын» аса бір ілтипатпен жазады. «Жаз» өлеңіндегі ауылы Абайдың өз ауылы, Абайдың астындағы аяңшылы, Абайдың Әбдірахметтен алған аяңшыл Күреңтөбел аты. Айқайшы шалы сол жылы өз ауылымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс алып жүрген жас жігітіттер өзінің балалары – Ақылбай, Әбдірахман болатын…» деген шәкірт естелігіне қоса Бармақ деген кісінің қандай адам болғандығын архив материалдарымен дәлелдеп көрсетеді.
Ғалым еңбегінен пенде-Қайымды мүлде көрмейсіз. Бар ынта-ықыласымен, жан жүрегімен беріле жазатын еңбегінде кісі атаулыны күстәналамайтын салмақты мінезі, бір адам туралы оғаш пікір айтпайтын ұстамды мәдениеті, тек дәлел мен дәйекке сүйенетін ғалымдық болмысы тұтас бітімімен ерекше. Кімнің үстінен кім арыз жазғанын жатқа білсе де, пенде баласына оларды жамандап сыр ашпаған беріктігі мен кісі артынан өсек айтпайтын қасиеті жазуынан-ақ байқалады. Сірә, мұндай кеңдік шын білімдар адамдарда ғана кездесетін сирек құбылыс болса керек. Тұрағұлдың естелігінде өзінің кеңігеніне шүкірлік айтатын Абайды, арызқойларға «түсіністікпен» қараған Мұхтарды еске алсақ, бұл тұрғыдан Қайым да өз идеалы мен ұстазына адал. Гетеше айтқанда, Қайым ғұмырының фактілері шындығымен қоса мәнділігімен мағыналы. Ол шынайы ғалымның, зерттеушінің үздік нұсқасын көрсетіп кеткендей. Ондай ғалымдыққа ілуде біреудің жететіндігіне Қайым өмірі дәлел. Профессор Айгүл Ісмақова «Қазақстан» арнасы түсірген Қайым туралы «Жарқын бейне» бағдарламасында: «2009 жылы Қайым Мұхамедхановтың текстологиялық зерттеулерін отбасылық архивтегі түпнұсқамен және 1995 жылы шыққан Абайдың екі томдығына жазылған ғылыми түсініктермен салыстырып, алғысөзін қайта жазуға мәжбүр болдым. Себебі, 1995 жылғы екі томдықтағытүсініктер Қайым еңбегі негізінде болса да, өзгертулер енгізіліп, бірнеше автордың аты аталған. Соны Қайым қолжазбасымен салыстырғанда, 99 пайызы Қайым Мұхамедханұлының еңбегі екенін көргенде, мен жанындағы авторларға жанашырлықпен қарадым», – дейді. «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген сөздің айқын мысалы Қайым еңбегін пайдаланғандар. Хәкімнің 150 жылдық мерейтойында Қайымды қалап сұрап алып, бар шаруаларын бітіргенде кәрі адамға ешкімнің қайырылмай қоюы, қазір ойласақ, ақылға оғаш сияқты. Бірақ тек өмір емес, қайшылыққа толы адам жаны да қиянатшыл. Өмір бойы зерттеп келе жатқан Абайының 150 жылдық мерейтойына шақырылмай қалған кездегі көңіл-күйін, жанына батқан әділетсіздікті, Қайымға деген немқұрайлылықты қазір қалай түсіндіруге болатынын білмейсің. Сол жасында Қайым ақсақал өмірдегі қиянаттардың бәрін көрген дана қарт. Өзінің шақырылмағандығы көңіліне ауыр келсе де, оған кеңдікпен қарағандай әсер етеді. Бірақ сол тойда Қайым шәкірттері төрде «абайтанушы» ретінде қалай дәті шыдап отырды екен. Тіпті, қарт Қайым төсек тартып жатқанда шәкірттерінің кейбірі хәлін сұрауға жарамапты. Күнделікті күнкөрісі мен денсаулығы қиындаған соң, туған жері – Семейіне қайтуды дұрыс көріп, сондағы ағайындардан жаттық көрмеймін деген ойының да ақталмағанын Тұрсын Жұртбайдың естелігінен оқып едік. 1952 жылы Карлагта жазған: «Тарта гөр, Семейімнің топырағы, Төстіктей жеріңе мен еркін сиям» деген өлең-дұғасымен осы оқиғаның арасынан әлдеқандай байланыс іздеп, әлек боласың…
Аттай қалап шақырып алып, Семейге жалғыз өзі шығарып салып тұрған шәкірті (Т.Жұртбай) кейін Семейге барып, ұстазымен сөйлескенде де келіп-кетіп жатқан кісінің жоқтығын айтқан ғалымның жан қайғысына ортақтасады. Қайым тағы да идеалы – Абайына жүгінеді. Ешкімнің артынан жаман сөз айтпай, ренішін ішінде ғана сақтап, әлсіздіктерін кешіреді.
Жан қысылса, жай таңдап,
Жанды еріткен жайдары-ау.
Жан жай тапса, сен неге
Жат мінезсің жабырқау?
Құдай ғана еңбекті жемейді. Қайымның еңбегіне ортақтасқандарға бізге де жанашырлықпен қараудан басқа амал қалмайды тағы. «Әрбір қораш «Меннің» өзінен зор көгірегі бар» (Т. Шапай) екен. Оны мойындауға ешкімнің дәті де шыдамайтыны анық.
Текстология мен ғылыми түсінікке қоса Абай өлеңдері мен қара сөздеріндегі араб-парсы сөздерін теріп, Абай шығармаларының сөздігін жасады. Біз оқып жүрген Абайдың екі томдығына Әуезовтен кейін ерекше еңбек сіңірген адам – Қайым. Және осы екі ғалым адамға бұл салада теңдесер біреу бар ма екен…
Әдебиет пен өнер әлемінде де – шымқай саясат. Жылап туып, кейіп өлу арасындағы сапарында Қайымның жеке басына да, шығармашылығына да төнген қауіп қазір біріміздің басымызда жоқ. Сол қиындыққа қарамастан, Абай, Шәкәрім, Махамбет шығармаларын шала зерттеушілерден туған қауіптен қорғаумен жүріп-ақ, бар ғұмырын сарп етті. Қайымның ақындық, драматургтік қабілеті көркемдіктің ең жоғары деңгейіне жете алған жоқ. Онымен айналысуға уақыты да тапшы болды. 1951 жылы «Абайдың ақындық мектебі» диссертациялық жұмысын қорғатпай ғана қойған жоқ. Кеңес елінде «Ленин, Маркс мектебі ғана болуы мүмкін. Басқа мектеп жоқ…» деп қарсы шыққан ағайындардың дауы ушығып, Қайымның өзі 25 жыл бас бостандығынан айырылды. Үйіндегі бар құжаты тәркіленіп, кейбіреуі өртелді. Қорғағалы жатқан жұмысынының кей беттерін КГБ-ның адамдары жыртып тастаған. Түрмеден шыққаннан кейін де өз бағытынан тайған жоқ. Ыстық камера, суық камера, тырнақтың көбесіне ине тығу сияқты азаптардың бәрін көріп шыққаннан кейін де, Мұхтар Әуезовке: «Мұха, мен жалғыз адамдық камерада жаттым. Менікі люкс қой» деп күле еске алуы да өткенге қарайламай, тек прогреске ұмтылған шығармашылық қажыр болса керек. Өзінің қандай қиындық көргенін көп айтпайтын, кісіні әбден танып алғанша сыр ашпайтын Қайым түрмеден шыққанда Әуезов күтіп алыпты. Ол кезде Әуезов өзінің «қателіктерін» мойындап, мақала жазған екен. Қарсы алып тұрған ұстазына тік қарап: «Сіз де сенімсіз екенсіз ғой» депті. «Әй, Қайым, сен нені түсінесің? Түрме саған ештеңе үйретпеді ме? Олардың аңдығаны сендер емес, менмін ғой. Мен өзім үшін емес, сендер үшін осындай әрекетке бардым. Сендерді сөйтіп қорғадым. Егер мен қасарыса берсем, сендерді қысады. Мен жұмсарсам – сендерге де жұмсарады. Мұны тактика дейді», – деп ұстазы сырын ашыпты. Бұл кезде Қайым ұстазының әу баста берген үш тапсырмасын орындаған, сүйікті шәкірт еді. Әуезов басымен вокзалға барып, қарсы алғандығының өзі мойындау, құрметтеу еді.
***
Қазаққа өнер-білімнің есігі енді ашылып, жазу мен оқуды жаппай меңгере қоймаған кезде өтірік пен шынның арасын ашып беретін адамның туғаны керек еді. Әсіресе, Абай, Шәкәрім өлеңдері әдеби айналымға ене бастаған уақытта әр түрлі қолжазбалардағы шығармаларды бірімен-бірін салыстырып, дұрысын халыққа ұсыну міндеті тұрды. Қайым Абай өлеңдерінің қолжазбаларын, оған қатысты шыққан әр материалды тасада қалдырмаған. Кей ғалымсымақтар орта жолдан абайтануға кірісіп кеткенде, олардың ашқан «жаңалықтарын» әлдеқайда бұрын зерттеп қойғанын да нақты дәлелдермен айғақтайды. Белгілі абайтанушы-ғалым Зәки Ахметовтің қателігін дәлелдеп, жазған мақаласынан Қайымның Абайды, оның ақын шәкірттерін ең жақсы білетін адам екендігі көрінеді.
Абай өлеңдеріндегі болыс, ұлық, сот дегендердің әрқайсысын әр түрлі мағынада қолданғанын, сол сөздерді пайдаланғанда Абай нені айтқысы келгенін тәптіштей жазады. «Патшалық системаның әкімшілік орындарын кейде «ояз», кейде «орыс» деп (бұнда орыс халқын айтпай, қазақ ортасындағы сол кездегі әдет бойынша ұлықты орыс деп атаған) шенейді» деуінде Абай заманындағы тіл қолданысының қандай болғандығын да түсіндіреді.
Абай өлеңдерінің ең жақсы қолжазбасы Мүрсейіт Бікіұлынікі. Бікі Ысқақпен көрші болған, туыстай араласқан адам екен. Мүрсейіттің жазуы әдемі анық болған соң, Кәкітай арнайы тапсырма беріп, ақысын төлеп жаздырған. Абай өлеңдерін басып шығаруда Тұрағұл мен Кәкітайдың еңбегін айрықша атап, олар туралы жеке мақала жазған Қайымнан кейін бұл тақырыпқа барған адам жоқ сияқты… Мүрсейіттен басқа Самарбай, Дайырбай сияқты адамдар да Абай өлеңдерін көшіріп жазған. Сол кездерде ұзатылған қыздың жасауына Абай өлеңдерін қосып беру әдеті болыпты. Уәсилә, Әсия, Рахилә сияқты тағы бес-алты қыздың жасауына арнайы көшіріліп, қосылған қолжазбалардың барлығы Абай өлеңдерінің қолжазбасы ретінде пайдаланылған. 1886 жылы Мағауия, Кәкітайлардың ұсынысымен Абайдың көзі тірі кезінде өлеңдері жинала бастағанын да жазады. Алайда, көп өлеңдері қағазға түспеген. Ел ішінде жатталып қалған, бірақ жинақтарына кірмей жүрген өлеңдерді жатқа білетін адамдар арнайы хат жазып, Қайымға жіберіп отырған. «Абайдың жаңа табылған сегіз өлеңі», «Абайдың жаңа екі өлеңі» сияқты хаттар Қайымға жиі келетін болған. Тіпті, кейбіреуі ақын өлеңдеріне теліп, басқа біреудің де өлеңдерін жіберетін. Солардың бәрін Абайдікі қайсы, басқанікі қайсы, зерттеп жазу қаншалықты күш-жігерді қажет ететінін ғалымдықпен айналысып жүрген адамдар бізден гөрі жақсы түсінер. Мақсат Абайдың жаңа өлеңін табу емес, сол арқылы өздерінің атын шығарғысы келетіндердің де барын ескеріп, Әуезовке өтініп, арнайы мақала жаздырған. Мұхтар сол мақаласында: «Тегінде Абай шығармаларының аздығынан кенде болып жүргеніміз жоқ. Барын барша бажайлап барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз» деп жазған болатын.
Қайым жинаған естеліктердің бәрінде Абай әділ, тура адам. Сол әділдік, туралықтан өзі де айнымайды. Мұздыбай Бейсенбаев деген кісінің «Абай және оның заманы» кітабының қолжазбасына жазған ұзақ пікірі әдебиет, ар, Абай алдындағы Қайымның адалдығын аңғартады. Әлдеқашан белгілі мәселелер мен жарыққа шығып қойған құжаттарды өзі тапқандай жазатын авторды ұятсыздығы үшін жазғырады. Дәлелді, дәлдікті, тек қана құжатқа сүйенгенді жақсы көретін Мұхамедханұлы жөн-жосықсыз жорамалдарға бармайды. Және кез келген мәселеде Әуезовтен аттап кетпейді. Кім қай пікірді бұрын айтса, кім қай құжатты бұрын тапса, солардың бәрін сілтемесімен береді. Өзгелерден де соны талап етеді.
Қайым құдды бір қателіктерді түзеу үшін туған жан сияқты. Бұқар жырау, Махамбет, Шоқан, Абай, Шәкәрім шығармалары мен өміріне қатысты жазған текстологиялық және зерттеу еңбектері архив материалдарымен, естеліктермен салыстырып, әбден сүзгіден өткізіп барып жазылған дүниелер. Қайым ондайда ішкі сезіміне берілмей, салқынқанды жазады. 1977 жылы шыққан Абайдың екі томдығына байланысты жазған мақаласында да құрастырушыларды аямайды. Ондағы хронологиялық тәртіптің бұзылғандығын, ғылыми түсініктердегі қателіктер мен өлеңдеріндегі қате жазылған сөздерді соған дейінгі жинақтармен, қолжазбалармен түгел салыстырады. Шәкәрімнің 1988 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген жинағы мен 1912 жылы Шәкәрімнің өз редакторлығымен Семей қаласында «Ярдам» деген татар баспасынан шыққан «Қазақ айнасы» жинағын салыстырып, көптеген қателіктерді ашына жазады. Жинақтағы «Құдай» сөзін қайта-қайта басқа сөздермен ауыстырып жазғанын дәлелдейді. 1988 жылғы Шәкәрім жинағының редакторы И.Сапарбай, құрастырғандар М.Жармұхамедов, С.Дәуітов, редакция алқасы З.Ахметов, Ш.Елеукенов, М.Қаратаев сияқты қазір аты белгілі ақын-жазушы, ғалымдар. 1988 жылғы жинаққа дін туралы өлеңдері мүлде енбеген. Осындай «өзгертулерді» Қайым қатты жек көрген.
Шәкәрім Қайымның ең жақсы білген, қатты құрметтеген адамдарының бірі. Абайдың ақын шәкірттері туралы жазғанда ешкімге бұра тартпайтын Қайым көңілі Шәкәрімге келгенде жұмсарып сала береді. Абайдың:
«Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз»,
Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз».
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз», – деген өлеңінде Көкбай, Әріп, Шәкәрім бар. Бірақ Қайым Әріп пен Көкбайды айтып, Шәкәрімнің атын атамайды. Бұл Шәкәрімнің ақындығына пәлендей нұқсан келтірмейтінін де біледі. Бірақ көңілі қаламайды. Ақылбай туралы жазғанда да оның жас кезінде қатты сауықшыл болғанын айтып келіп, кейін Абайдың ақылына тоқтағанын жазады.
Қайымды оқып отырып, Абай заманына барасыз, ақын шәкірттерімен етене жақындасасыз. Ғалымның мақалаларымен таныссаңыз Шәкәрімді, Ақылбайды, Мағауияны, Тұрағұлды, Әріпті, Көкбайды, Әсетті, Әубәкірді, Уәйісті, Төлеуді оқығандай боласыз. Қайым олардың не жазғандарын ғана айтып қоймай, кімнен үйренгендігін, оған Абай қандай пікір айтқанын келтіріп, шығармаларын түгел мазмұндап береді. Мұқа мен Әлмағамбеттің әнін тыңдап, Баймағамбеттің әңгімесінен әсерлене бересіз.
***
Қайым білмейтін кітап, оқымаған газет, ақтармаған архив материалы жоқ сияқты. Тек өлең-жырларға байланысты құжаттарды ғана емес, шежірені де жан-жақты індеткен адам. Шәкәрім шежіресіне байланысты барлық материалды сүзгіден өткізген. Бізге қызық болған бір дерегін келтірейін. Оны Қайым Шәкәрімнің «Қалқаман – Мамыр» дастанындағы:
«Кішік деген – бабаңның өз атасы,
Мәмбетей – ол Кішіктің бір ағасы.
Мәмбет сопы, Кішіктің шешесі бір –
Қатаған Тұрсын ханның ханышасы»
деген шумақты тарқатып айтқанда сөз қылады. Осы жердегі«ханышасы» деген сөз «қызы» деген мағынада екен. Осы Тұрсын ханның ханышасына байланысты Шәкәрім шежіресінде: «Атамыз Сарымен бір туысқан Әлі деген інісі бір сартта қызметкер болып жүгенде, Есім хан қатаған елінің ханы Тұрсынды өлтіріп, Ташкентті қайта алыпты деп хабар келіпті. Мұны естіген соң, Әлі сарттың жемге байлаған екі атын мініп, елге қарай қашыпты. Жолда келе жатып, әкесінің өлгенінен бұрын сейілге шығып жүрген Тұрсын ханның қыздарына жолығып, оларға сырын айтпай, елге келіп, елден кісі алып барып, Айбике, Нұрбике, Қоңырбике деген Тұрсын ханның қыздарын, қанша нөкер қыз һәм жасау, жолдастарыммен алып келген соң, Әліге көріп-бастап барған жүлдесіне Қоңырбикені барша киім, шатыр-сайманымен берген соң, жасау, киімдерін өзі алып, Қоңырбикені ағасы Сарыға беріпті. Сол Қоңырбикеден біздің сегізінші атамыз – Кішік мен Мәмбет сопы туыпты» дейді. Қайым осы шежіредегі Айбике, Нұрбикенің тарихын айтады. Арғындағы Шаншар деген кісі Айбике мен Нұрбикені алыпты (Шәкәрім арғын шежіресін де жазған). Шаншардың Айбикеден туған төрт баласының бірі – Келдібек. Келдібектің алты баласының бірі – Қазыбек би. Абайдың бәйбішесі Ділдә Қазыбек бидің ұрпағы екені баршаға мәлім. Енді Нұрбикеден туған үш баласының бірі – Бертіс. «…Оның үш баласының бірі – Бектемір. Бектемірдің баласы – Мешеке. Мешекенің балалары: Қазанғап, Битен, Шитен. Қазанғаптың баласы – атақты күйші, домбырашы Тәттімбет. Битеннің балалары: Тонтай, Қонтай. Тонтайдан – Тұрпан. Тұрпанның қызы Ұлжан – Құнанбайдың әйелі». Абай әулеті ата, ана жағынан да кіл қаракөктің тұқымы екен. Құнанбай балалары мен немерелеріне қыз айттырғанда да осы үрдісті қатты сақтаған. Абайға Ділдәні, Тәкежанның әйелі Қаражан да бидің ұрпағы. (Ол туралы Қайым Абайдың «Анасы өлген балаға жоқтау» өлеңіне жазған ғылыми түсінігінде толық айтады. Тәкежанның Мақұлбай деген баласы ерте өлгенде Абай жоқтаған екен. Ол баласы ерекше зерек, ақылды болыпты. Көп деректерде Мақұлбай мен Абайдың Ысқақ асырап алған баласы Әкімбайдың атын шатастырып, сол өлеңді Әкімбай өлгенде айтылған жоқтау деп шатастырып жүріпті. Оны Қайым Ғабитханның Халиоллоға жазған хатын келтіріп, екеуінің екі бөлек бала екенін дәлелдейді. Мақұлбай мен Әкімбай қатар туған балалар екен. Екеуі де жас шағында дүниеден озған). Ысқақтың әйелі мұрын руындағы Тана мырзаның қарындасы. Ақылбайдың әйелі мұрын руынан шыққан, Құнанбай сияқты аға сұлтан болған Қисық деген адамның немересі. Осы деректерден Құнанбай ұрпаққа қатты мән бергендігі байқалады.
***
Әуезовтің жүйрік мініп түскен, алпыс жылдығындағы әйгілі суреті көзге жылы ұшырайтындығы туған елінің ортасында ерекше нұрлы, қуанышты келбетінен шығар. Қайымның осы алпыс жылдық туралы жазған мақаласында сол кездегі Семей көрінісі көз алдыңызда тұрады. Әуезов Семейдегі әр үйді білетін, әр көшені білетін адам. Әр шаңырақтың тұсына тоқтап, кімнің үйі екенін, онда кімдердің тұрғанын түгел айтқанды жақсы көреді екен. Бұл туған елге деген сағыныштан туған әдет болса керек. Әуезов сонда халықтың алдына шығып сөйлеген сөзінде көзіне жас алыпты. «Тірі болсам, тағы келермін» депті. Бірақ қайта туған жерін көріп, қараған мен изенін иіскеу жазушы маңдайына жазылмапты. Сол суреттегі Қайым да ерекше қуанышты, арманы орындалған адамдай шат. Көңілінде алаң жоқ, бақытты жан. Қартайғанша ат үстінен түспеген қазақтай, өлгенінше қаламын суытпай өткен ғалымның біздің есімізде қалатын дидары сол суреттегідей жарқын.
***
Алаш қайраткерлерінің еңбегін алғаш кириллицаға түсіріп, тұңғыш өмірбаяндарын жазған Қайымның он томдығын оқып отырып әр түрлі ойға қаласыз. Бірінші томында зар заман ақындарына Абайды қарсы қойып сөйлесе, екінші кітабында солардың әрқайсысы туралы жақсы пікірдегі мақалалары бар. Орыс демократтары туралы жазған мақалалары соншалықты терең болмаса да, өзінің орыстардан үлгі алғандығын айтады. Бұл орыс жазушыларын ұлықтау емес, солар арқылы өзін қорғау тактикасы екендігін анық байқатады. Он томдықта бірізділік жоқ. Бір кітаптағы кей мақалалалары екінші кітапта, тіпті бір кітапта екі рет қайталанады. Бұл Қайымның емес, он томдықты құрастырушылардың шала-шарпы қарағандығынан болса керек. Өткен жылдары Қайым үйінде болғанымызда, оннан да көп томға жүк болатын қолжазбаларды көрген едік. Бәлкім, ғалымның жүз жылдық мерейтойына оның көп томдығын қайта жүйелеп, баспаға ұсыну керек шығар деп ойлаймыз.
***
Кеңес үкіметінің түрмесі сағын сындыра алмаса да, белгілі дәрежеде беті қайтып қалғандығы мақалаларынан аракідік байқалып қалады. Туғанына жүз жыл толған ғалымның жолы бұралаңға толы. Жары Фархинұрдың, он баласының бақыты үшін күрескен әке – Қайымның да, балаларының да бақыты оның Қайым Мұхамедханов болып қалыптасуында шығар. Семейдегі Ленин көшесі Қайым атына берілсе деген өтініш облыс әкімі Даниал Ахметовтың құлағына жетіпті деген хабар бір жақсылықтың нышаны болар. Тірісінде ардақтай алмаған қасиеттіміз тек Қайым емес. «Мұхтардан менің қай жерім аяулы» деген ой үнемі оның серігі болғанына бір күмәніміз жоқ. Абай мен оның ақын шәкірттеріне, Мұхтарға соққан сайын Қайымның да том-том еңбегін бір парақтамай өте алмайтынымыз анық.
Дүниеден өтерінде «Көкбай… Көкбай… Енді қандай сұрақтарың бар?» деп үзіліп кетіпті. Енді ештеңе сұрай алмайтынымыз, оның ештеңе айта алмайтыны болмаса, жазылған еңбегі сөремізде тұр. Сұрағымыз болса еңбегінен табамыз. «Адам бір күні өлетінін біледі. Бірақ ешқашан өлмейтіндей өмір сүреді» деген сөз рас-ау. Өкініші таусылмайтын өмірден әлі қанша ғұлама көшеді… Бірақ олардың ізі, сөзі қалады. Қайым сияқты…