ТҮНЕККЕ ЖАРЫҚ ТҮСІРГЕН «ЕКЕУ»
02.10.2022
1637
0

Әртүрлі әдеби, мәдени орындардағы басқосуларда «қазір жастар кітап оқымайды» деген сыңайдағы кінәлауларды естіп қаламыз. Маған жастарды қойып, осы әріптестеріміздің көбі әдеби, мәдени газет-журналдардағы, сайт­тардағы және әлеумет­тік желілердегі жарияланымдармен шектеліп жүргендей көрінеді кейде. Неге десеңіз, қазір не көп, әр түрлі тақырыптағы, әр қилы жанрдағы кітаптардың тұсаукесері көп. Алайда сол кітаптардың қайсысын, қай әріптесіңіз бастан-аяқ мұқият оқып шығып, әр деталіне тоқталып, жіліктей талдап жатыр? Тұсаукесерде ол кітап туралы жалпылама ақпарат қана беріледі. Ал жіліктей талдаған баяндама жасалмайды. Неге? Уақыт жоқ. Көпшіліктің алтын уақытын алуға хақыңыз жоқ. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында жылына бір рет өтер әдеби жыл қорытындысында да әрбір жаңа кітапты бірер сөйлеммен, ұзаса бірер абзацпен ғана атап өтіп жатады. Әйтпесе, кейбір кітаптардың жалпылама, топтама кітап ішінде авторы мен атауы ғана аталады. Тағы да сол сылтау: бәрін бірдей талдауға немесе оны тыңдап жатуға уақыт жоқ.

Осы уақыт жоқ деген сылтаумен қазір әріптестеріміздің өзі бір-бірін сирек оқуға көшкен бе деп қаласыз. Оның өзінде әркім өзі жазатын жанрдағы немесе тақырыптағы қаламдастарын көбірек оқиды: ақын ақынды, жазушы жазушыны, сатирик сатирикті, т.б. Ал ақынның прозашыны немесе, керісінше, прозашының ақынды оқуы сиреп бара жатқандай ма, қалай? Бұған әр түрлі басқосуларда өзің бұрын дидарын көрмеген ақын-жазушы мінберге шыққанда қасыңдағы әріптесіңнен «бұл кісі кім?» деп сұрай қалсаң, оңай көз жеткізесің. Көп болса, аты-жөнін ғана біледі. Ал қандай кітап жазғанын, оның не туралы екенін сұрасаңыз, қиналады. Оның үстіне жарнамасы күшті қаламгерлердің тез танылып, момын, біртоға, қарапайым әріптестеріміздің көзге ілінбей қалатыны тағы бар.
Осы сияқты әрқилы себептермен бұрын жазушы Әбділдабек Салықбайдың жекелеген әңгімелерін оқығаным болмаса, тұтастай шығармашылығын білмейді екенмін. Сол олқылықтың орнын толтырудың орайы осы мақаланы жазарда келді. Осы мақсатпен автордың екі кітабын оқып шықтым. Біріншісі – «Түн түнегіндегі екеу» («Қазақ тарихы» баспасы, 2010 жыл). Екіншісі – «Ілияс мінген Қарагер» («Алматы-болашақ» 2020 жыл). Кейінгісі балалар мен жасөспірімдерге арналған.
Алдымен «Түн түнегіндегі екеу» деген кітапқа үңілейік. Бұл кітап 2010 жылы Қазақстан Жазушылар одағында талқылаудан өтіп, белгілі драматург-жазушы Нұрлан Қами баяндама жасап, «қазақ прозасына қосылған қомақты үлес» деп бағалапты. Алдыңғы буынның өкілдері, марқұмдар Б.Шаханұлы, Ж.Ахмадиев жылы пікірлер айтып, одан кейін А.Естен, Г.Шойбекова сынды прозашылар, Ғ.Жандыбаев, Ә.Қайран, Т.Тәшен, С.Қажи сияқты ақындар өз ойларын ортаға салыпты. Оқып шықтық, тұщындық. Алайда онымен мақаламызды жазып болған соң танысқандықтан, ол пікірлердің ешқайсысын пайдаланбадық.
Ең әуелі автордың әскери өмірді бейнелеген үш әңгімесіне тоқталайық. Бұларды бір жерге жиып, триптих деп берсе де болғандай екен. Себебі үш әңгіме де лирикалық кейіпкер Нұрбектің (прототипі автордың өзі болса керек) атынан бірінші жақта баяндалады. Сонымен, алғашқы әңгіме – «Шақыру билеті». Тақырып – жастық пен сүйіспеншілік, пікір қайшылығы мен махаббат машақаты. Шығармада Оңғар мен Назымның студент­тік кезі мен қазіргі сергелдең шағы сөз болады. Нұрбектің алдында осы екеуінің ара ағайындық, төрелік сұрап жазған хат­тары жатыр. Енді бұл екеуіне бөлек-бөлек жауап жазу керек. Нұрбектің ширыққан қиялы қиянды кезіп, қиырды шарлап, өткен күндерге ойысады. Оқиға қос ғашықтың алғаш кездесіп, тіл қатысуынан басталып, сыр болып шертіледі. Танысқан алғашқы күндер, тереңге тартып күн өткен сайын қоюлана түскен от­тай ыстық сезім мен қимас көңіл жарыса жөнеледі. Арадағы бір-біріне алмасқан хат­тар арқылы әртүрлі себептер, кедергілер көлденеңдейді. Алдымен семейлік қыз Назымның көңіліне жарықшақ түседі. «Оңғарға салсаң, әй-шәйға қаратпай мені Түркіменияға алып қашып кетпек. Ал менiң «қашып-пысып» күйеуге шыққым жоқ. Өзiң ойлашы! Әке-шешемнiң ең бiр «үмiт күтiп, жолына қараған қызы» бола тұрып, менiң өзiм оларды жерге қаратып кетсем, осыдан артық қандай опасыздық болмақ?» деп жазады Назым Нұрбекке. Яғни қыз жігітке «мені алсаң, қолдан ал» деген талап қояды. Ал Оңғардың ата-анасының талабы: не қияндағы қызыңды алып қашып кел, не туған жердің қызын ал! Міне, әрқайсысы өз ата-анасының талабын қисынды санаған қыз бен жігіт­тің арасы осылай ашыла түседі.
Ақыры Оңғардың қолдан ала алмасына көзі жеткен қыз артынан екі елі қалмай қойған жігітпен көңіл қосады. Назымды жанының бөлшегіне балап жүрген Оңғар алғашында алып-ұшып, өзін қоярға жер таппай тыпырласа да, артынан әлдеқандай себеппен оның да суынғанын, басқа бекімге белін буынғанын аңғарамыз. Өйткені әңгіме соңындағы Нұрбекке келген тойға шақыру билетіндегі Оңғардың сыңары Назым емес, бейтаныс бойжеткен болып шығады. Адам жаны қандай күрделі!.. Айтылған серт, берілген уағда қайда қалды?!.. Бұл әңгіме кәдімгі «кинодағыдай» жасанды емес, «өмірдегідей» шын күйінде әсерге бөлейді. Содан ба екен, бұл туынды кезінде қазақ радиосынан «Махаббат туралы жыр» деген тақырыппен инсценировкасы жасалып, Оңғар, Назым және автор болып, рөлдерге бөлініп, музыкамен көркемделіп беріліпті. Тыңдап отырсаңыз, кейіпкерлермен бірге жүргендей толқынысты, тебіреністі күй кешесіз. Оқырманнан авторға хат­тар да жауыпты…
Келесі «Білінбей өткен бір ғұмыр» әңгімесінде КСРО кезіндегі әскери өмірден мұра болып қалған, ең нашар, ең жиіркенішті «әлімжет­тік» (дедовщина) дәстүрінің зардабы сөз болады. Сол социализм дәуірінде автордың мұндай тақырыпқа қалам тербегені нар тәуекелге барғанын көрсетеді. Әскери өмірдегі теңсіздік пен әділетсіздікті шығарма нысаны етіп көркем әдебиет­тің тәсілімен жеткізу жеңіл шаруа емес. Әңгіме кейіпкері Жұмағазы шығарма соңында өзіне қиянат қылған жендет­терден қарымтасын қайтара алмағанына ашуланып, асылып қалады. Шығарма: «Жұмағазы жарымжан болып қайтқаннан кейiнгi iшқұса халiн, томаға-тұйық түйiлiп жүргенiн, өзiн түсiне алмаған көп пендеге деген кейiстiгiн – бәрiн-бәрiн ұмытып, жымиған күйi көз жұмыпты дейдi. Тұзақтан шешiп алғанда, сүйегiн жуғанда, ел-жұртымен бақұлдасқан соңғы сәт­те езуiнде бейкүнә да момақан күлкi табы тұрыпты… Әйтеуiр бұл дүниедегi түсiнбестiк атаулыға жымиып қана жауап қататын Жұмағазы о дүниеге де жұмбақ жымиыспен ың-шыңсыз ғана ат­танып кетiптi», – деп аяқталады. Аяйсыз бейкүнә жанды. Толғанасыз, күрсінесіз. Біз білмейтін қаншама момын бүгін де бұл өмірден «ың-шыңсыз ғана ат­танып» жатыр.
Ал «Әскери эпидемия» деген үшінші әңгімеде әскердегі өзбек жігіті Махмұт­тың қалыңдығы Гүлфайрузды қыстағындағы біреулер алып қашады. Махмұт дереу пойызға жүгіреді. Мақсаты – қалыңдығы өз ықтиярымен кет­ті ме, соны білу. Оны командирі Нұрбек тоқтатып, бөлімшеге алып қайтады. Мұнда автор экспериментке барып, телеграфтық стильмен жазған. Яғни он-онбес бет­тік әңгімені екі-үш бетке сыйғызған. Ақыры «опасыз» қызға керзі етіктің табан табы басылған «хат» кетеді. Осы әңгімелерді оқып отырып, жазушының сонау ерте кездің өзінде өзі жүрген ортадан тақырып тауып, өмірді өз тілінде оқи білетін, әрі тоқи білетін ерекшелігінің болғанын аңғардық. Әңгімелерін саясат­тың, социалистік идеалогияның сұранысымен емес, шындықтың жүйесіне қарай жазғанын сеземіз. Өйткені оқып отырып, сенеміз, иланамыз, авторлық шеберлігіне тәнті боламыз. Ескі газет­тің тігіндісін ақтарып отырып, осыдан 32 жыл бұрынғы «Лениншіл жас» газетіндегі (23.12.1990) бір жазбаға көзіміз түсті. Онда жазушы Захардин Қыстаубаев: «Әбділдабек Салықбайдың қалыптасып келе жатқан өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Пәтуа», «Әскери эпидемия» деген екі әңгімесі де бүгінгі жауынгер өмірінің кей қырын боямасыз, иланымды көрсете алған. Баяндау аз. Оқиға көбіне кейіпкерлер диалогы арқылы дамиды», – деп жазыпты. Бұл пікір «Шақыру билеті», «Білінбей өткен бір ғұмыр», «Әскери эпидемия» деген әңгімелердің сыр-сипатын дөп басқан деп білеміз.
«Құлпытастың киесі» деген әңгіме маған өте таныс болып шықты. Олай дейтінім, бала кезімде Шоқан Уәлиханов туралы Сәуірбек Бақбергеновтың «Ақбоз ат­ты ару» деген романын оқып едім. Одан кейін де Шоқан туралы көптеген деректерге қанық болдық. Одан да қызығы, Шоқанның басына қойылған, әлгі бөлінген құлпытастың түпнұсқасын Кербұлақ ауданы, Шоқан ауылындағы мұражайдан көргенмін. Қабір басындағы қалпына келтірілген ақ мәрмәртасты да әлденеше рет көрдім. Міне, осы тарихи оқиғалар мен ел аузындағы аңыз болған жағдай Әбділдабектің әңгімесінде көркем түрде кестеленіпті. Автор осы шығармасында бір нәрсені астарлай отырып, Шоқанның басындағы құлпытасты бүлдірген Матвей емес, ертеректе шоқынып кеткен қазақтың баласы екенін алға тартады. Оның өлі мен тіріні ажырата алмайтын, аруақты сыйламайтын, дәстүрден жұрдай болуының астарында сондай тегінен айныған мәңгүрт­тік, азғындаудың төбесі қылтияды. Осы әңгімедегі көлденең ой екінші бір параллель желіде тағы да алға жылжиды. Матвейдің әкесі Кирилл Медунов өткен бір күрделі кезеңде Ресей асып «адасып» кеткен болса, бүгінде арамызда жүріп-ақ, айдың күннің аманында тілінен, тегінен, ата жолынан адасып, мәңгүрт­теніп жатқан қанша қара көздер жүр!.. Олардың да күні ертең құлпытасты құлатып, салт-дәстүрімізді жермен жексен етпесіне кім кепіл?!.
Келесі шығарма – кітапқа атауы берілген «Түн түнегіндегі екеу». Бас кейіпкер төсекке жатқанда біреу еді. Ұйқыны аңсаған, алаңсыз бір демалуды көздеген ол қаншалықты тынығайын деп тырысса да, ұйықтай алмайды. Ұзақ дөңбекшудің соңында ол екеу болып, бірін-бірі қуа сыртқа шығады. Екеуінің де есімі жоқ. Қашқан жеткізбей, қуған жете алмай іші кең, өзі жап-жарық, не іздесең алдыңнан табылатын нәпсіге керектің бәрі бар ақ сарайға тап болады. Сол кезде «Ұйқы» мен қуғыншы бетпе-бет келіп, текетіреске түседі. Осы тұста «ұйқы» бас кейіпкердің рухына, шарықтаған қиял әлеміне айналады. Қуып келгені тәннің қажетімен жүрген «Нәпсіге» өзгереді де, екеуі ашық айтыс, терең тартысқа ойысады. Рух нәпсіге ауыр-ауыр сөздер айтып, кемшілігін айпарадай етіп әшкерелейді.
– Әй, жарқыным-ай, оқымадым дегенше, тоқырадым десеңші! Оқымасаң, ойыңа ой қосылып, санаңа сәуле түсе ме? Сөз сыңайыңа қарағанда кітапты былай қойып, әлгі атаған басылымдарды да оқып жарытпағансың ғой? – дейді одан ары тағы да қандауырдай қадалып.
– Ей, бейшара-ай! Құдайдың қарызға берген бес күнін қайсы біріне жеткізбексің? Ең әуелі әдебиетке, оқырманға қарыздар екеніңді білмесең, қалам ұстап нең бар?! – деп, ең негізгі түйінді аша түседі. «Шындық жеңер еді, егер біздің әрқайсымыз өз бойымыздағы жалғандықты жеңе білсек» деп, адам жанындағы әлсіздікті ашады. Міне, осылайша жан мен тәннің сыйыспай майдандасатын сәт­терін терең сезінген қаламгер «Түн түнегіндегі екеу» арқылы үлкен бір философиялық ойды жеткізеді. Оны жәй ғана жеткізбейді, көркем әдебиет­тің элемент­теріне орап отырып, санаңа сәуле етіп түсіреді. Көп адам осы ақиқат­тың байыбына бара бермейді. Адам деген – жаратылыс, жүргенде біреу болып көрінгенімен, ылғи да екеу. Өйткені жан тәнге қонақ, тән – жанның қабы, ұясы, керек кезінде екеуі бірлесіп жүреді, ұйықтайды, қызмет етеді. Уақыты біткен сәт­те тәнді тәрк етіп, жан шығып кетеді, оны біздер «өлім» немесе «ажал» дейміз. Тіршілікте осы тән мен жанның, немесе рух пен нәпсінің байланысын дұрыс шешкен адам өмірде қателеспейді, тоқырап күйремейді. Адамның ылғи да екеу болып жасайтынын білмеген пенде Рухтың тілін алмай, нәпсінің жетегіне еріп адасады, арандайды. Негізі, рух – ешқашан қателеспейтін, адамды алға жетелейтін қозғаушы күш. Ал нәпсі – адамға берілген сынақ, иманның өлшеуіші. Пенденің сүрінер тұсы осы жер. Автордың бұл әңгімесі өте тереңнен қозғайтын, жаратушы мен жан иелерінің байланысын ашып берген құнды шығарма.
Ал «Ақынның ажалы» әңгімесін «Түн түнегіндегі екеудің» заңды жалғасы деп қабылдадым. Пенде қолдан жасалған аздырғыш арақты неге ішіп кетеді? Тіпті талант­ты ақын, елді аузына қаратқан шешен, жазғаны меруерт-моншақтай сауылдаған сөз зергері болмашы бір кедергілердің бетін қайтара алмай адасады. Өзін тежей алмай алқаштың кебін киеді. Мәселе оның рух пен нәпсіні ажырата алмай, өзінің мүмкіндігін бағалай алмай, жүрегіндегі жүйрік періштенің тілін алмауынан омақаса құлайды. Жазушы «Ақынның ажалы» арқылы бүгінгі күннің ащы шындығын ашып берген. Қоғамдық дерт болып, халықтың өміріне сіңіп кеткен ұлтқа залалды кінәрат­ты көркем тәсілдермен оқырманға ұтымды жеткізіпті. Құрғақ ақыл айтылмайды. Тек мәселеге әр тараптан, әр қырынан қарай білетін кейіпкерлерді сөйлетеді де, ой түйінін, мәселенің шешімін оқырманның өзіне қалдырады. «Апырай, Асекеңнің, Асқар Сүлейменовтің «Бесатарын» еске салатын сияқты ма, қалай?» – деп сұрадым автордан. «Бесатардың арғы жағында Р.Акутагаваның «Ормандағы оқиғасы» мен В.М.Гаршиннің «Суретшілері» тұрған жоқ па?» деп жымиды Әбекең. Ол осы форманы қазақ топырағына жерсіндіруге үлес қосып жатыр екен ғой деген ой келді. «Ал, Әбділдабек Салықбайдың «Тамызда тамған тамшы» әңгімесінің кейіпкері Нұрғазы сазгерді осынау күні кешегі көне күйшілердің ізін басқан бүгінгі заманның күйшісі деп танисың. «Көңілін бір әуен еліт­ті ме, бөгде нәрсенің бәрін сырып тастап, соған ғана ден қоятын» өнерге бар тірлігімен берілген талант иесі. Автор, қыстыққанда жүрегі бұлқына тулаған кейіпкерінің шабыт­танар сәтін көрсетуге күш салған»,– депті әйгілі сөз зергері Сайын Мұратбеков. Біз оқыған «Ақынның ажалы» деп аталатын әңгімеден де осы жайтқа тап боламыз. 45 жасында өмірден өкінішті жағдайда озып кеткен ақын Ахметбек Оңдасыновты сурет­тегенде дәл осындай «қыстыққанда жүрегі бұлқына тулаған кейіпкерін» айнытпай оқшаулап жеткізеді.
Әдебиет­тегі тағы бір үлкен сала – балалар әдебиеті. Әр тақырыпта жазатындар көп, дегенмен балалар әдебиетіне қалам тербейтін жазушы аса мол емес. Өйткені бұл – өте күрделі, өте нәзік сала. Ол үшін психологиялық білім, бала жанын түсінетін сезім, соның бәрін қиыннан қиыстырып алып шығатын шеберлік қажет. «Балаларды нұсқай отырып, үлкендерді нысанаға аламын» деп көрнекті жазушы Шыңғыс Айтматов айтқандай, балалар тақырыбының ылғи екі жағы болады. Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Марат Қабанбай секілді жазушыларды тұтастай бала да, дана да оқитыны сондықтан. Жазушы Әбділдабек Салықбай да – осы күрмеуі қиын, күрделі тақырыпқа қалам тартып, оқырмандарына үлкен олжа салған қаламгер. Оның «Ілияс мінген Қарагер» деген жинағын оқып отырып, осы ойымызды мықтап бекіт­тік.
Хас суреткер, сыршыл ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың балалық шағынан дерек беретін «Ілияс мінген Қарагер» деген әңгіме – Ә.Салықбайдың шығармашылыққа деген сүйіспеншілігінен туған риясыз еңбек. Көркем ойдың даңғылы, поэзияның жүйрігі, «Құлагер ақын» атанған Ілекеңнің балалық шағы туралы әдемі әңгімені өре отырып, дала заңын, ұлт­тық ат спортын, дүбірі жер жарған аламан бәйгені, үніне аспандағы ұшқан құс үйірілген әнші Әсет­ті көз алдымыздан өткізіп, мөлдіретеді. Болашақ даңқты ақынның бала кезіндегі жұтынып тұрған шабондоз қалпын алдымызға алып келеді. Мақаншы өңіріндегі Сабаздың сазында өткен, Сүлеймен бидің асындағы аламан бәйгеде бала Ілиястың жарысқа қосылған 300 ат­тан үшінші болып мәреге жеткен құт­ты қадамы сөз болады. Осы тұста жазушының өзі де жылқыға жақын, ат­тың сыр-сипатына қанықтығын көрсетеді. Бұл әңгімені қолға алғанда өзімнің де 7 жастан 12 жасыма дейін шабондоз болып бәйгеге шапқаным есіме түсіп, рақат­танып тұрып оқыдым.
Жалпы бұл әңгімеге елу-алпыс бет­тік бір хикаят­тың жүгі сыйып кеткен. Онда «Қазақ» газетін шығаруға аса мол қаржы бөлген әйгілі қазақ меценаты Мамановтардың Қарағашта қала салдыруы, мұнаралы мешіт пен кең сарайдай мектептің іргесін көтеруі, атақты Сүлейменнің асы, Сараның ақындығы мен Ақан серінің Құлагерінің ахуалы, аққуға әнін қосқан Әсет­тің өнері, қазақтың қанын қыздыратын аламан бәйгенің жай-күйі сынды әрқайсысы бір-бір әңгімеге жүк болар жеті-сегіз оқиға бала Ілиястың көз алдынан кино кадрларындай сырғып өтіп жатады. Осының бәрі қою оқиғалы Голливуд фильмдерінің «экшн» әдісімен он-ақ бетке сыйдырылған. Міне, бұл әңгіменің Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің бас жүлдесін жеңіп алу себебі де осы деп білеміз. Сондай-ақ осы жинақтағы «Бір қап ұн», «Доңыз жылғы оқиға», «Айдана мен Ақжолтай» секілді әңгімелерде баланың балдан тәт­ті қылығы мен бейкүнә мінездері арқылы елдегі момын жұрт­тың өзгешелігін сурет­теп береді.
Бұл кітаптағы ерекше тоқталуды қажет ететін шығарма – «Ақтық айқас» хикаяты. Автор бас кейіпкер Санжардың спортқа әуестігінен бастап, оның жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болғанға дейінгі күрделі өсу жолын сенімді сурет­тейді. Осы жолдағы ата-ананың міндеті, отбасындағы бағыт беруші, алғашқы бапкері болып саналатын әкенің орны да қалтарыста қалмайды. Ал спортқа баулитын бапкердің еңбегі мүлде бөлек. Осы әңгімені оқып отырып, жазушының өзі жас кезінде спортшы болған-ау деген ойға келесің. Әр спорт­тың өзіне тән қыры мен сыры бар, өзінің жеке тілі бар, осының бәрін жік-жігімен жеткізіп, мінсіз алып шығыпты. Спорт саласындағы табысқа жетудің кілті – икем мен ықылас, еңбек пен талант. Одан да маңыздысы, бапкер ғана аша алатын сенім мен ниет. Балуан­ның күшті, айласы басым, жат­тығуы орнықты болғанымен, оның мақсаты белгісіз, ерік-жігері әлсіз болса, ондай спортшыдан қайран жоқ. Кез келген сәт­те сынуы, тоқырауы мүмкін. Осы хикаят­ты оқып отырып, автордың тағы да адам жанына соншалықты жақын, соншалықты шөгел зерт­теуші екеніне таласым қалмады. Жалпы Әбділдабек шығармаларының көпшілігі адам бойындағы әлсіздіктер мен нәпсіге қарсы күреске арналыпты. Жеңіске жетудің кілтін ұстататын өміршеңдікке ие. Әрине, оны жалаңаш қалпында емес, көркем ойға, әдемі формаға, шебер тәсілге орап, шымшымдап жеткізеді.
Партизан жазушы, көрнекті тұлға, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов ата: «Балалар әдебиетінің классиктері Сапарғали Бегалин, Бердібек Соқпақбаев сияқты аталарыңның жазып үлгере алмай кеткендерін сен сияқты талант­ты жастар жазар деп сенемін», – деген екен осыдан 23 жыл бұрын. Атамыз қателеспепті. Әбділдабек содан бері «Интернат­тың баласы», «Ілияс мінген Қарагер», «Ақтық айқас», «Наркескен» сияқты сүбелі шығармаларын жас оқырманға ұсынды.
Әбділдабек Салықбайдың тағы бір сүйекті шығармасы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт үшін жанын аямаған Жұмабек Тәшеновтің өмірінен жазылған «Наркескен» хикаяты дер едік. Ол «Жұлдыз» журналының 2021 жылғы 3-4 сандарында жарық көрді. Әрі әлеумет­тік желіде оқырманның ыстық ықыласын туғызып, едәуір талқыланған ауқымды еңбек. Шығарманы жазу барысында тарихи материалдарды, ел аузындағы аңыздар мен ақиқат­ты сұрыптаудан өткізіп, көркем шығарма етіп кестелепті. Бұл еңбегі Жұмабек Тәшеновке сөзден соғылған алып ескерткіш екені анық.
Жоғарыдағы шығармаларды талдай отырып, жазушы өмірден көрген-білген оқиға мен құбылыстың сыртына емес, ішкі сырына, астарына зер салатынын анық сезесіз. Әбділдабектің шығармаларын оқи отырып, «Жазушы – адам жанының инженері» деген қағиданың айна-қатесіз шындық екеніне көз жеткізесіз. Ол сомдаған кейіпкерлерді өзіңнің айналаңнан танисың, олардың сөзінен, іс-әрекетінен қаламгердің түпкі мақсаты көрінеді. Талант, идея, шеберлік, қажырлы еңбек деген төрт­тіктің тығыз бірлестігі жазушының болмыс-бітімінен айқын аңғарылады. Әбділдабек дүрмектің, жарнаманың, ат шығарушылардың санатынан емес. Ол – үнсіздіктің, көп ойлайтын, аз сөйлейтін, аз жазатын, бірақ саз жазатын қаламгерлердің қатарынан. Міне, сол жазушы Әбділдабек Салықбай 60 деген асуға шығып, елге есеп беретін кезге де келген екен. «Мерейтойыңыз құт­ты болсын, Әбеке!» дей отырып, келешекте қаламгерден «Наркескен» хикаятынан да күрделі, одан да қомақты салиқалы шығармалар күтеміз.

Дәулетбек
БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Түркідүниесі ақындары мүшәйраларының жүлдегері.

Мен Әбділдабектің шығармашылығымен 80-жылдардың аяғынан бері таныспын. Содан бері оның әңгімелерін қалт жібермей оқып, бұл жігіт­тің әңгіме жанрын өте шебер игергендігіне әбден көзім жет­ті. Себебі ол, біріншіден, «Нартай» деген шағын повесін қоспасақ, 20-30 жылдай тек қана әңгіме жанрында адалдығынан айныған жоқ. Екіншіден, қарапайым жандардың күнделікті адами және әлеумет­тік проблемаларын қаузайтын тақырыбынан да айныған емес… Қысқасы, Әбділдабектің шығармашылығын жіліктей талдап, рет-ретімен түйіндегенде мынадай қорытындыға келдім: 1) онда ұзақ баяндау жоқ, жинақы, ширақ, табиғат сурет­тері көбінесе бір шағын абзацтан аспайды; 2) әңгімені оқырман күтпеген жерден бастап, күтпеген жерден аяқтайды, яғни ешқашан таптаурын тәсілге бармайды; 3) диалогтары да ып-ықшам және табиғи; 4) баяндау, сурет­теу, диалог, лирикалық шегініс – бәрі-бәрі кезектесіп отырады; 5) жаңашыл жазушы және онысы менмұндалап тұрмайды, яғни қарапайым жаңашылдық.

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері

Әбділдабек – әдебиетке тас-түйін дайындықпен келген арлы буынның өкілі. Оның шығармашылығы – ет пен терінің арасындағы желік емес, аламан бәйгеге белді бекем буған жанның шығармашылығы, ал Әбекең сол аламан бәйгеден озбай қоймайтын жанкешті, жүйрік жазушының өзі.

Төреғали ТӘШЕН,
ақын

«Түн түнегіндегі екеу» кім? Әуелде мен қыз бен жігіт­тің арасындағы махаббат деп ойладым да, ойша сюжет құрып алып, «е-е, белгілі жайт қой» деп, оқуға асықпадым. Сөйтсем, бұл автордың жаны мен тәнінің, рухы мен нәпсісінің бір-бірімен, яғни жазушының өзімен-өзінің арпалысы екен. Неге мен жазбаймын? Бойымдағы нәрім мен ойымдағы барымды мен неге елге бермеймін? Қолымнан бәрі келеді ғой деп, өзін-өзі қайрауы екен… «Молаға түнеген Мұсылманқұлда» да әдемі, жылы юмор бар. Және сол юморды Әбділдабек ары қарай қиялданып, артық сөзге бармай, әдемі қайырып алған.
Мен бұл кітаптың өн бойынан бір мін, бір өтірік тапқан жоқпын. Кез келген әңгімесін оқи бастасаңыз, сюжет­ті өмірдің өзінен алғанын, автордың шын жүрегінен шыққанын аңдайсыз. Ендеше, бұл кітап, меніңше, қазақ прозасына қосылған зор үлес деп білемін.

Гүлзат ШОЙБЕКОВА,
жазушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір