Ақынның бағы – өлеңі
02.12.2022
532
0

Ақын Қуандық Шолақов 81 жасында өмірден озды. Ол – 1941 жылы 20 қарашада Жамбыл облысы бұрынғы Луговой (қазіргі Тұрар Рысқұлов) ауданына қарасты Жаңа тұрмыс ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтының агрономия факультетін бітірген. Ұзақ жылдар сауда саласында қызмет атқарған.
Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде жазылған. 1982 жылы «Жалын» баспасынан «Ата жұрт», 1986 жылы «Кешіккен көктем» және 1989 жылы «Күзгі ырғақтар», 1989 жылы «Жазушы» баспасынан «Көк сеңгір», 2001 жылы Тараз қаласындағы «Сенім» баспасынан бүлдіршіндерге арналған «Менің атам» жинақтары шыққан. 2007 жылы «Жамбыл» журналы сериясымен «Алуа» баспасынан «Қоңыр әуен», 2009 жылы «Өнер» баспасынан «Қоңыр жел» кітабы жарық көрген. «Жас керуен», «Өлеңдер», «Алмалы Алматының жүрегіндей» сияқты ұжымдық жинақтарға өлеңдері енген. Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы атанған.
Қазақ руханиятына айтулы үлес қосқан ақынның жарқын болмысы халқының, қаламдастарының жүрегінде сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының хатшылығы

Ақынның бағы – өлеңі

Қарашаның қара суығы қазақтың қара өлеңінің бір қабырғасын қақыратқандай болды. Құйқалы жырдың қыдыры дарыған, табиғат­тың сұлулығын, ажарын бұзбай жырлайтын Қуан­дық ақын өмірден озды. Менің ойыма Жәнібек Кәрменовтің: «Ойламаңдар, жігіт­тер, баста дәурен тұрмайды. Өтіп кеткен сұм жалған қайтып мойнын бұрмайды» деген қайғылы термесі түсіп отыр. Өлеңдері өзінің жібек мінезіндей жұмсақ, жаныңды жадыратып, бала жүректі, баба тілекті, ақыл мен сезімді тең ұстайтын Қуандық ұлы жазушымыз, абыз Шер ағадан бата алған арқалы ақын, айбоз азамат еді. Оның мерейтойларында К.Ахметова, Ғ.Жайлыбай, Б.Сарбалаев, Н.Дәутайұлы, т.б. аузы уәлі атақты ақын-жазушылар қатынасып, «Қуандықтың ешкімге еліктемей, ешкімді қайталамайтын көп қоңыраулы әдебиет керуеніне өз қолтаңбасын қалдырған табиғат тамыршысы» дегенін талай естіген едім. Қазақта «Ақынның бағы – өлеңі» деген қанат­ты сөз бар.
Жүрегі туған жер деп соққан ақын аға, рухыңыз пейіштің төрінде шалқысын!

Шырын Мамасерікова

ҚОШ БОЛ, АҒА!

Көк төрінен Күннің нұры төгіліп, төңірегің жанаттың бағындай жайнап тұрған өмір қандай ғаламат! Осы мезетті ақын санасымен сезініп, ақын жүрегімен де көру де керемет екен!
Қуандық ақынның жырларын оқып отырғанда осыны байқаймыз. Тамылжып тұрған табиғатқа таңғажайып теңеу тауып, сол бір мезетті көз алдына келтіріп, көркемдікті шеберлікпен ұштастыру да бір керемет емес пе?
Қуандық аға сондай суреткер ақын еді. Кеше ғана жеткен суық хабар жанымызды жабырқатты.
Алғашқы танысқан сәттеріміз, өзімен, отбасымен достасып араласқан күндеріміз көз алдымызда тұр.
Қазақ поэзиясының бір дарынды өкілі, халқына тамаша жыр кітаптарын қалдырып, мәңгіліктің ауылына кеткен екен.
Алды пейіш, арты кеніш болсын!

Күләш АХМЕТОВА,
Қайырбек АСАНОВ

ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ

Тер төгіп талай маңдайдан,
Тағдырың салып талқыға.
Жүрегің мұңлы жалғайды ән,
Амандық тілеп халқыңа.

Табиғат нәзік құбылыс,
Үңіліп ұлы сезіммен.
Алланың біздер құлымыз,
Қарсы алар бәрін төзіммен.

Өмірдің барлық заңына,
Бағынбас пенде бар ма екен?
Ақынның асқақ бағына
Тәңірдің өзі жар ма екен?

Сұлу да көркем жырларың,
Тапқандай еді үйлесім.
Төгіліп мөлдір сырларың
Жаныңды шаттық билесін.
Не деген далам кең еді,
Бағасын неге бермесін?!
Өлеңмен жырлап келеді
«Атажұрт» сұлу бейнесін.

Ақындық жүрек сағынды,
Көгілдір әлем көргенде
Ғажайып гүлдер тағынды,
«Кешіккен
көктем» келгенде.

Қызыққа әбден батырды,
Табиғат тосын селдетіп.
Келеді бүгін ақынды,
«Күзгі
ырғақтары» тербетіп.

Әділдік туын ұран ғып,
Өмірін әр кез жыр-ән ғып.
Балапан жырын қыран ғып
Келеді ақын Қуандық!

Қайырбек АСАНОВ

ЖЫР СУРЕТ 

Сен сурет салдың, Құланды салдың.
Бұрын біз естімеген бір әнді салдың.
Теңеулеріңді теңдедің ұнамды, сәнді.
Жүзін табармын жырыңнан бұған мысалдың.

Суретші соны оқыса, сүйсінер еді.
Балама сөзге байлаулы қисын ереді.
Жаратылыстың қабағын бағып, жазғандарыңнан
Жаңбырдың даусы, жалбыздың исі келеді.

Ақ берен ақын жинағын бергесін елеп,
Сурет іздеймін, ой бөлмей өңгесіне көп.
Көрнекі тілге қызығып,
Тұрғандай болам
Бейнелі сөздің бейне бір көрмесіне кеп.

Айнымай сурет туғанда – түйген нүктеңде,
Ақынбыз деуге, апырмай, имендік демде.
Үздік өлеңдер жазылар үздігіп ақын,
Өзінің жерін өлшеусіз сүйгендіктен де.

Дала деген – көп жазық, көп қыр бел еді.
Көктемдегі қып-қызыл шоқ гүлдер еді.
Көлеңкесі де аяулы туған жер жайлы
Өлең оқысам, ауылға кеткім келеді.

Бұлбұлдың сазын тыңдаған бұл абыз ғалам.
Таңдарың қандай, туған жер, тұма мұздаған?!
Көзіме оттай басылды
Құлан туралы
Өлеңге сыйған кең байтақ, құладүз далам.

Тәңірі берген таланттың міндетін білдің.
Қоңыр әуенге көңілдің құрметін бұрдым.
Қазақтың тілі не деген керемет еді,
Сайрап кететін салғанда суретін қырдың!

Күләш АХМЕТОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір