ХХІ ҒАСЫР: ЖАҢА БУЫННЫҢ «ДАУЫСЫ» ҚАНДАЙ?
30.09.2022
1063
0

Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіндегі жас авторлардың шығармалары бұған дейін де сериялы томдықтар болып шыққан еді. Ал жақында жарық көрген «Дауыс» антологиясындағы әңгімелерді жанрлық-формалық, тақырыптық-мазмұндық табиғаты, ондағы авторлық концепция, оқырманға жеткізгісі, айтқысы келген ой-идея, жалпы поэтикалық құрылымы тұрғысынан алғанда мүлде өзгеше туындылар деп есептеуге болады. Классик жазушы М.Мағауиннің антологияға жазған алғысөзі жинақтың әдеби мәртебесі мен құндылығын арт­тыра түскендей. Мұхтар Мұқанұлы алғысөзінде: «Кейінгі талапкер жастар алдыңғы ақсақал не айтады, танымал сыншылар қаншалық бағалайды деп қарайламай, жалтақсыз, дербес, әрқайсы өз тұрғысы, өзінің таным бағдарымен жаза бергені жөн. Осы заманға дейін әлем әдебиетінде қолдан жасалған немесе бағасын алмай кеткен классик жоқ», деп жас авторларға ақ жол тілеген екен. Көпшіліктің де жас авторларға кеңесі, тілегі осы мазмұндас.

Жас авторлардың шығармалары бұған дейін де сериялы томдықтар болып шыққан еді. Ал жақында жарық көрген «Дауыс» антологиясындағы әңгімелердің жанрлық-формалық, тақырыптық-мазмұндық табиғаты, ондағы авторлық концепция, оқырманға жеткізгісі, айтқысы келген ой-идея, жалпы поэтикалық құрылымы тұрғысынан алғанда мүлде өзгеше туындылар деп есептеуге болады. Классик жазушы М.М.Мағауинның антологияға жазған алғысөзі жинақтың әдеби мәртебесі мен құндылығын арттыра түскендей. Мұхтар Мұқанұлы алғысөзінде: «Кейінгі талапкер жастар алдыңғы ақсақал не айтады, танымал сыншылар қаншалық бағалайды деп қарайламай, жалтақсыз, дербес, әрқайсы өз тұрғысы, өзінің таным, бағдарымен жаза бергені жөн. Осы заманға дейін әлем әдебиетінде қолдан жасалған немесе бағасын алмай кеткен классик жоқ», – деп жас авторларға ақ жол тілеген екен. Көпшіліктің де жас авторларға кеңесі, тілегі осы мазмұндас.
Антологияға 1990-жылдардан кейін дүниеге келген он жас автордың әңгімелері енген. Атап айтқанда, Бақытбек Қадырдың «Куәгерлер», «Қайран әке», Досхан Жылқыбайдың «Квант», Арман Әділбектің «Пойыз терезесіне түскен сағым», Есбол Нұрахметтің «Тарақандар», «Табақ бет», «Журналист, молда, киллер және жезөкше», Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез», Темірлан Қылышбектің «Инелік жылы», «Дәрия», «Шам», Сафина Ақтайдың «Мүлдем жарық жанбайтын терезе», «Үйге қайтамын. Шаршадым», «Кемпір», Жәудір Нартайдың «Ұлжан», «Мен он төртке толғанда», Санжар Бекжановтың «Жоғалған қараша» және Берікбол Батанның «Жетім оқтың уақыты» әңгімелері топтастырылған. Аталған туындылардың көбі оқырманға, әдеби ортаға бұрыннан таныс. Яғни, кейбірі болмаса, көбі сайт, порталдарда жарық көрген. Кейбір авторлардың ең үздік шығармалары жинаққа енбей қалған деуге болады. Мысалы, Б.Қадырдың «Жасыл шатырлар» және Ә.Рахаттың «Қара мысықтың қожайыны» әңгімесі кітапты толықтыруы қажет еді. Мақала авторы бұл туындылардың сапасы жақсы деп есептейді. Ең бастысы, антология оқырманға жас авторлардың жазудағы ерекшелігін: таңдап алған бағытын, тақырыбын, стиль-формасын кеңірек таныстырды.
Антология көлемі: 192 бет. М.Мағауин алғысөзі 2020 жылы жазылған екен, соған қарағанда, бұл жинақ сол уақытта жарық көреді деп жоспарланған болуы мүмкін. Алайда кітапқа ескертпе жазып, соңғы 1-2 жылда жазылған туындыларды да енгізген жөн еді. Өйткені жас авторлардың шығармалары бір жинақта қамтылса, сыншыларға өзара салыстырып, саралау да оңай тиеді. Болашақта көлемді жинақ шығарылады деп үміттенеміз.
«Дауыс» антологиясына енген кейбір әңгімелердің поэтикалық ерекшелігіне, жалпы құрылымына қысқаша тоқталайық. Антология Б.Қадырдың шағын «Куәгерлер» әңгімесімен басталады. Бұл әңгімеде адамның қоғамда өзін жалғыз, бөтен, жат санау сезімі көрініс тапқан. «Жолдың арғы беті. Қаз-қатар тізілген электр шамдары. Одан ары – төбесі шатырлы жазғы сырахана. Жолдың жиегінде бір сары шашты қыз тұрған. Ол тас жолға түскен бейнесіне үңілген-ді…» деп суреттеледі. Арықарайғы баяндаудан оқырман автобус қызды қағып кеткенін түсінеді. Б.Қадырдың басқа әңгіме(лер)сінен де байқалатыны, қоғамдағы құнсыздынған адам өмірін көрсету үшін тұманды, бұлыңғыр немесе жаңбырлы ауа райы суреттелген пейзаж қолданады («Жасыл шатырлар» әңгімесін еске алыңыз). Бұл әңгімеде де жаңбырлы, тұманды ашық кеңістік алынған. Сары шашты қыздың өмірін қиюға әртүрлі әлеуметтік себептер түрткі болады. Оқырман мұны кейіпкердің өліміне куәгерлердің сөзінен айқын аңғарады. Мысалы, сары шашты қыздың сыраханада жалғыз сыра ішіп отыруы, ешкіммен тілдеспей, құлаққаппен планшетке үңілуі, жылағаны, мұңды екені немесе мастығы белгісіз болуы, жігіті алдағандай көруінуі, т.б.
Ең қиыны, тергеуші Хамит сары шашты қыздың жалғыздығын білдіртетін төрт куәгердің бірде-біреуінің сөзін қаперге алмайды. Тергеуші үшін қыздың жолға қалай шыққаны ғана маңызды. Сайып келгенде, тергеушімен қоса, сол куәгерлер де – бүтін қоғам қыздың өліміне қайғырмаған болып шығады. Қыздың өліміне нағыз куәгерлер дәлелі қоңыраулар мен хат түрінде сот залына келіп түседі. Әңгіме «Хатты ашты», деп аяқталады. Б.Қадырдың қаламынан байқалатын бір ерекшелік, әңгіменің басталған бөлігін баяндау қиынға түсетін секілді. Қаламы кібіртіктеп барып, шығарманың экспозиция бөлігінен кейін еркін баяндауға түседі. Образдар детективтік баяндау стилімен айқын ашылған. Бұл әңгіменің кейбір сюжеттік бөліктері автордың «Жасыл шатырлар» туындысының компоненттеріне ұқсас өрілгендей сезілді.
Б.Қадырдың антологияға енген «Қайран әке» деп аталатын екінші әңгімесінде артық сөз қолданыстар кездеседі. Мысалы, «төбеге салақтатып ілінген кәресін шам» дегенде төбеге ілінген заттың салбырап тұратыны белгілі немесе «төбеге ілінген» деп қолданса да болады. «Темір төсектің сирағы» деген тіркестегі «сирақ» сөзінің орнына «аяғы» деген сөз қолданылуы қажет. «Сирақ» сөзі малға қатысты айтылады. «Пештің шоғын қағыстыру» дегендегі «қағыстыру» сөзінің орнына «араластыру» сөзі қолданылуы керек еді. Алайда сөз қолданыстағы осындай кемшіліктерді атағанымызбен, автордың нағыз классикалық баяндау стилі көрініс берген туындысының бірі – «Қайран әке» әңгімесі. Сонымен қатар аталған туынды Б.Қадырдың әдеттегі экзистенциалистік-философиялық, символикалық шығармаларынан тақырыптық тұрғыда ерекшеленеді. «Қайран әке» – әкесінің өлімін еске алған Мекен есімді жігіт тартқан күй атауы. Жазба әдебиеттегі І.Жансүгіров («Күйші»), Ә.Кекілбаев («Күй»), Т.Әсемқұлов («Талстүс») шығармашылығындағы күй өнері тақырыбы Б.Қадырдың «Қайран әке» әңгімесінде де ерекше баяндаулармен интерпретацияланған. Мекеннің әкесі Жаңғабылдың қасақана адам қолынан қаза тапқаны және оны асылып өлді саналсын деп қызыл қарағайға асып кеткені әңгіме соңында белгілі болады. Бұл «жұмбақ» өлімге куә болған қызыл қарағай ғана шындықты (Мекеннің домбырасы әкесі өлген қарағайдан жасалған) жұртқа күй әуенімен жария еткендей. Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін естірткен әйгілі күйші Кетбұғаның естірту дәстүрі де көпшілікке белгілі.
Жас жазушы Досхан Жылқыбайдың «Квант» әңгімесі де антологияға енген. Аталған шығарма туралы 2019 жылы «Әдебиет порталына» рецензия жазғанмын. «Квант» туралы авторлық ойлар «Матрица» әңгімесінде де беріледі. Бұл әңгімені образдардың шынайылығы, суреттеу, баяндау стилінің жатықтығы тұрғысынан алғанда Досханның ең жақсы шығармасы деп есептеуге болады.
Антологиядағы ерекше назар аудартқан туындының бірі – Арман Әділбектің «Пойыз терезесіне түскен сағым» әңгімесі. Арманның жазу стилінен Әбіш Кекілбаевқа тән байсалды баяндау әдісі байқалды. Шығарма компоненттерін мұқият ойластырып, мығым жоспар жасағаны да көрінеді. Шабыттың әсерімен бір түн немесе бірнеше сағатта жазыла салған туынды емес. Жанры әңгіме деп белгіленгенімен, автор философиялық ой арнасын кеңейтсе, роман боларлықтай туынды екен.
Әңгіме мәтіні тұтастай символға құрылған. Пойыз, пойыз бағдары, ондағы жолаушылар – өмірдің символы. Өмір туралы жазу-сызудан алыс, қатардағы адамнан бастап, қай жазушы, ақын толғанбады дейсіз..? Яғни, әдебиет әлемінде қаламға ілікпеген тақырып жоқ. Өмір де – сондай метафизикалық ұғымның бірі. Алайда жазушы өзінше, тың әдіс-амалын, жеткізу формасын тапса, оқырманға сол мәңгілік, ортақ тақырып әрдайым жаңадай көрінеді. Арман да өмірді өзінше баяндайды, өмірдің философиялық-экзистенциялық мәніне үңіледі. Құбылыстарды саралау, әрекеттерді бақылау, көргенін баяндап жеткізу жағынан алғанда А.Камюдың «Оба» романындағы жазу стилінің белгілері, жалпы Камю стилі байқалады. Әңгіменің кеңістігі ретінде кең сахарамен жүйткіп бара жатқан пойыз алынған. Пейзаждар арқылы дала бедері де беріліп отырады.
Автордың ойынша, өмір – сұр бояу, дәмсіз тағам және түс («…түстің ішінде түс көріп…») іспетті. Пойыз жолаушыларының да бойында құштарлық, ынта аз немесе вагон іші (өмір деп алайық) бірде көңілді, бірде көңілсіз. «…Мен адамның қиналғанынан, азапталғанынан гөрі дәл осындай бір қалыптан айнымайтын, ұқсастық пен мүлгуден ғана тұратын өмірін әлдеқайда қиын, әлдеқайда ауыр деп айтар едім», – дейді. Әңгімені бастан-аяқ оқып отырып, автордың өмір туралы пайымдарын тырнақшамен оқырманға ұсына беруге болатындай. Жазушының тозақ пен жұмақ туралы жеке түсінігі де басқаша. Тірі кезінде екі әлемге ешбір адам барып-келмегеннен кейін әркім өзінше сол кеңістіктің үлгісін жасайды. Жазушылар, тіпті сансыз көркем моделін (фантастикалық, діни-мистикалық, т.б.) ұсынады. Автор: «Құдай жұмаққа кірген адамның ақылын қайтарып алады демеуші ме еді? Ал тозаққа түскен жанға ақыл, парасат, ойды еселеп береді дейді, олардың тірлігінде кешкен ғұмыры туралы, жасаған күнәлары туралы ойлануы, ойланған сайын ардың өтінде шыжғырылуы керек қой. Осыған қарағанда мен, шынында, өлген сияқтымын, жұмаққа шыққан сияқтымын, кемінде жұмаққа барар жолдамын», – дейді. Өмір туралы авторлық түсіндірмелер психологизмнің түс формасы арқылы және кейіпкердің өңіндегі оқиғалар ретінде берілген.
Пойыз – өмірдің символы екенін білдіретін Арманның автор ретіндегі мынадай ой орамдары ерекше көңілден шыққанын атап өтуге болады: «Пойызға қайдан мінгенім, қайда бармақ екенім ойыма оралар емес. Тәйірі, осы пойызда туып, осы пойызда өскен біреуге келіңкіреймін»; «Пойыз қайдан шықты, қайда бармақ? Мен… Мен.?!»; «Өзімнің вагондағы басқа жолаушылардан ешқандай парқымның жоғын ұқтым; Бәріміз өлікпіз, о дүниеге қарай кетіп барамыз, фәниден шыққан бойымыз», «Пойыз баяғыдай ырғалып кетіп барады, кетіп барады…», т.б.
Шағын туындыларымен оқырмандарға танылған авторлардың бірі – Есбол Нұрахметтің «Тарақандар» әңгімесі де жақсы жазылған. Автордың жазуға әбден төселгені байқалды. Лексиконында артық, қате қолданыс та кездеспейді деп нақты, сенімді айтуға болады. Диалогтар да, баяндаулар да шығарма оқиғасына, көлеміне үйлесімді қолданылған. Қоғамда жиі кездесетін әлеуметтік проблеманы сол күйінде, дәл көшіріп алып, ақ параққа қондыра салғандай сезіледі. Бұл ретте автордың шеберлігін айтқымыз келді. Әңгіме кейіпкері жатақхана бөлмесін тарақан жәндігінен тазарту үшін көрші-тұрғындарынан кеңес сұрағанды жөн көреді. Бірақ бірде-бір жатақхана тұрғыны жігіттің мәселесіне назар аудармайды; бәрі санаулы күн, айдан кейін жатақханадан көшейін деп жүргенін айтады. Бірі ұлы министрлікте жұмыс істеп, үй алуға қаржы жинап жатқанын, бірі жақында үй алатынын сенімсіз жеткізеді… Қысқасын айтқанда, автор жатақхана тұрғындарының әрекеті арқылы қоғамның белгілі бір мәселені шешуге келгенде құлықсыздық танытатынын, бірліктің жоқтығын көрсеткісі келген. Тіпті, тұрғындар өз басындағы проблеманы шешуге, көруге, ойлануға құлықсыз. Ойланып, санаға салмақ түсіргісі келмейді. Өз «ауруына» үңілгісі келмейді.
Е.Нұрахметтің «Табақ бет, таңқы танау» әңгімесі арқылы адамдардың жетілмей қалған төмен деңгейдегі ой-санасы, қоғам өкілдерінің қалыптан тыс ойлай алмайтын көрінісі берілген. Кейіпкер айналасындағы адамның бәрі табақ бет, талпақ танау, тіпті, айнадан өзінің де сол типтен екенін байқайды. Сағаттың төрт жарымда тоқтап қалғаны, аялдамадағы мектеп оқушысының киімін киген жолаушылар – ойы өспей қалған табақ бет, талпақ танаулардың символы ретінде қолданылған. Әңгіме құрылымында қорқынышты фильм элементтері кездеседі. Автор шығармада «табақ бет, талпақ танау» деген тіркесті жиі қолданғаны себепті әсерсіз оқылғанын да айтпай өтуге болмас. Қоғамның табақ бет, талпақ танау көрінісін ашуға әрекеттер мен оқиғалар жеткіліксіз бедерленгендей көрінді.
Антологиядағы көлемді шығарманың бірі – Әлішер Рахаттың «Үздіксіз әуез» әңгімесі. Әлішер бұған дейін «Қара мысықтың қожайыны», «Махаббатым constant», «Параллель» сынды туындыларымен кеңірек танылды. Пьесалардың да авторы. Әлішердің жазушы ретінде әдеби бағытын, тақырыбын таңдап алғаны байқалады. Өйткені ол барлық туындысында адам санасының қатпарында жасырынып, көміліп жатқан ойларды ашуға тырысады. «Үздіксіз әуез» әңгімесінде автор Риза есімді кейіпкердің намазхан жігітке күйеуге шыққанда өзінің қай санатқа жататынын білмей дағдарғанын білдіретін сегіз-тоғыз түрлі сипаттама келтіреді: балалығы қалмаған ерке бойжеткен; салиқалы ұрпақ тәрбиелейтін ұстамды әйел; алғашқы махаббатын сағынған қыз; күйеуіне сенетін келіншек; өз өмірін байыптай алмаған келіншек; Құдайға шүкіршілік ететін көнбіс келіншек; намаз оқитын күйеуінің көнбіс құлы; сүйікті пенде; қорғансыз ару; болашақ ұжмақтық әйел.
Барлық сипаттамалар мазмұны бір-біріне жақын келуі мүмкін. Мұның барлығы автор әңгімені жазардан бұрын естіген/куә болған оқиғаны жіті зерттегенін білдіреді. Өмірлік жағдаяттар мен мезеттерді бақылау, сезу, сүзгіден өткізіп, мәтінге айналдыру қабілеті жоғары. Әлішердің шығармаларындағы кейіпкерлердің болмысы мынадай болып келеді: өзінің айқын көзқарасы жоқ немесе пікірі қалыптаспаған жас қыз/жігіт; кім екенін түсінбейтін қоғам өкілі; әрекеттерін байыптай алмайтын жас – стереотиптердің тұтқыны, т.б. «Үздіксіз әуез» әңгімесіндегі Риза (кейіпкер) секілді қоғамда дүмше діндарлардың жетегінде кетіп (бұл ретте дәстүрлі ислам дініне балағат айтылмауы тиіс), өзінің кім екенін және неге қызығатынын айқындай алмаған жастар көп кездеседі. Бұл шығармада діндардың қыспағында қалған қыз ғана емес, әкесінің қатал тәрбиесі, отбасы шешімі мен ортаның қызға әсері, ең басты кезекте өзінің әрекетінің дұрыс-бұрыстығын саралай алмаған кейіпкердің жағдайы көрініс тапқан. Әлішердің шығармаларында сөйлем соңында үш нүкте көп қойылады. Алдағы уақытта ол ойын барынша нығыздап беріп, сөйлемде ойды аяқтап, бұл тыныс белгіні азайтқаны дұрыс.
Антологияға үш әңгімесі енген Т.Қылышбек бұған дейін «Лифт» әңгімесімен танылған еді. Жинақтағы «Шам» әңгімесі эссе жанрында жазылғандай көрінді. Әңгімеде Ақыттың шығармашылықпен айналысып жатқан сәті бедерленген. Шығарма кейіпкері Ақыт жазып жатқан туындыда Үрімжі түрмесінде мұсылмандарды талай өлім қатерінен сақтап қалған Құсайын сақшының әрекеттері кескінделеді. Шығарманың ішінде автордың шығармашылықпен айналысу мезеті метапроза деп аталады. Мәтін ішінде екінші деңгейлі мәтін беру де – ерекше әдістің бірі. Құсайын сақшының бейбіт өмірді жақтайтын әрекеті де жылы әсер етті.
Антология арқылы қазіргі әдебиетке келген жас автор – Сафина Ақтай әңгімелерімен танысып шықтық. «Мүлдем жарық жанбайтын терезе», «Үйге қайтамын. Шаршадым» және «Кемпір» әңгімелерінен автордың философияны көп оқитыны және ондағы абсурд, экзистенциялық ойларды шығармашылығында көрсетуге тырысатыны аңғарылды. Әлемдік кино, сурет өнеріндегі суреткерлік пайымдар мен құбылыстарға жете үңілетіні де сезілді. «Мүлдем жарық жанбайтын терезе» әңгімесінде айна образы арқылы адам болмысының жұмбақ әлемін көрсеткісі келген автор әрбір детальға мұқият назар аудартады. Адена есімді кейіпкер ағасы мен әпкесі жұмысқа кеткенде үйде жалғыз қалып, күнұзақ айнаға телміріп отырады. Айнадан әдемі әрі шаршаңқы өзін, кейде қара жігітті, тағы бірде кемпір сұлбасын көреді. Айнаға түскен сұлбасы/бейнесі сәт сайын өзгеріске еніп тұрады. Адена айнаға қарайтын әрекетін күн сайын – ағасы мен әпкесі жұмысқа кеткенде қайталайды. Айна, біріншіден, Аденаға өзі, болмысы, табиғаты туралы терең ойлануға мүмкіндік беретін бұйым. Екіншіден, адамның жас шағындағы сұлулығы мен қартайғанда көркінен ажыраған кейпін, әртүрлі физикалық, психологиялық күйін көруге, сол күйіне қарап шыдамдылық танытуға адамға қарағанда айна ғана дәрменді, айна ғана сабырлылық танытады деген ой айтады. Сонымен қатар кейіпкер көп әрекет еткеннен гөрі ойланған маңызды деп есептейтіндей, бәлкім, әлемді айна арқылы танығысы келетін болар. Алдағы уақытта бұл автордың басқа әңгімелерін, жалпы осы антологияға енген туындыларды Орталық Азияның жас авторларымен салыстырып қарастыру ойға келіп отыр. Сол кезде толықтырып жазамын деп ойлаймын.
Авторлардың тіл қолданысы жайында жоғарыда қысқаша айтылды, кемшіліктер кездеседі. Бұған жіті тоқталмаймыз, өйткені бұған дейін кейбір мақалаларымызда айтқанбыз және сыншылар да ескерткен. Алғашқы туынды болғаннан кейін кемшілік кездесетіні де – заңдылық. Тәжірибе жинап, нағыз жазу бағытына түскенде мәтін де түзеле түсетіні белгілі.
Қорыта келгенде, «Дауыс» антологиясы (әдеби порталдарға шығып жатқан басқа туындылары арқылы) жас авторлардың жазу бағытын, тақырыптарын – стилін байқауға мүмкіндік тудырды. Мысалы, Әлішер психологиялық туындылар жазса, А.Әділбек пен С.Ақтай абсурд, экзистенциялық бағытта, Б.Қадыр детектив, фантастикалық жанрда (мистика элементтері аралас), Е.Нұрахмет әлеуметтік-символикалық, қорқыныш тудыратын белгілері бар («Журналист, молда, киллер және жезөкше») туындылар жазады. Әрине, болашақта көзқарастың өзгерісіне қарай авторлардың әдебиеттегі бағыттары да кеңейіп, басқа арнаға бұрылуы да мүмкін.

Айнұр АХМЕТОВА,
әдебиет­танушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір