ӘР БУЫННЫҢ ӨЗ АБАЙЫ БАР
01.08.2025
332
0

Ұлт руханиятының темірқазығы Абай Құнанбаевтың туғанына 180 жыл толуына орай, хакім мұрасының зерттелу барысына ой жүгіртіп көрдік. Газетіміздің «Алқа» айдарында әдебиеттанушы Қарлығаш Әубәкірова, зерттеуші ғалым Абай Қалшабек, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының бөлім басшысы Қуат Қиықбай мен жас ақын Ғылымнұр Кәдірбайға бірқатар сауалымызды қойып, Абай әлеміне бойлап көрдік.

Қ.Ә.: Абай шығармашылығының, Абай философиясының шыңы неде деп ойлайсыз?

   Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Абай шығармашылығының, Абай философиясының шыңы – адамтану, құдайтану мәселелеріндегі ой иірімдерінде… Бұл – субъективті жеке пікірім. Абай төрт жол өлең жазғаны үшін емес, қыс, жаз, күз, көктем деп атап, көркем суреттеген табиғат лирикасы үшін емес, ең бірінші кезекте «Махаббатпен жаратқан адамзатты», «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» деп тарқата берсең, шегіне жеткізбейтін, шексіз, шетсіз сырлы пәлсапасымен ұлы ақын. Абай поэзиясы канондық мәтін тәрізді… Әр ойы дидактикаға, полемикаға толы… «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», «Баламды медресеге біл деп бердім», «Әсемпаз болма әрнеге», «Пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба» деп тәрбие әуезін әуелетсе, «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп бастап, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп ой қорытқан поэзиясы мен трактат түріндегі қара сөздері – сакральды мәнге ие ғаламат ой-тұжырымдардың көрінісі. Абай өлеңдерін хронологиялық ретпен оқып шыққан адам, оның бар ғұмырын, ойлау жүйесін, интеллектуалды даму эволюциясын көре алады. Білімнің, ғылымның мәніне зер салады. Адамтанудан бастап, Құдайтанымға тіреледі. Абай шығармашылығындағы құдайтаным – ең әдемі, терең, ғажап ақылдың нұры, ең мейірімді жүректің соғысы, ең қуатты күш-жігердің екпіні. Жылаған адам Абайды оқып жұбана алады, қуанған адам Абайды оқыса, «шүкір» дейді, сынған адам ес жияды, қайғыға батқан адам үміттің шырағын жағады…
Кейде, Абай пәлсапасын сөзбен түсіндіру мүмкін емес пе деп те ойлаймын… Себебі адам баласы басына таяқ тимейінше қайғының не екенін, махаббаттың дерті өзегін өртемейінше сезімнің қуатын, сағыныш, құсаның өрмегіне түспейінше алаңсыз көңілдің, мазасыз ойдың жетегіне ермейін­ше терең ақылдың қадірін білмей ме деймін… Сондықтан адамға «әлдебір жүрек тыныштығын іздесең, «Абайды оқы!» деп қана айту керек пе деймін… Өйткені әр оқырманның өз Абайы бар… Абайға жаралы жүрек, қам көңілмен келген адам керегін табады, «Әбілхаят» сусынының бал дәмін татады… Көйлегі көк, көңілі тоқ адамға Абай ашыла қоймайды… анығы Құдайға аян!
Абайды түсіну үшін, сүю үшін, тамсану үшін Абайға илләһи сезіммен, халмен, армен, ақылмен, біліммен, жүрекпен келу керек шығар. Сырсандық сол кезде ашылады… Абай әлемінің жауһарлары сол кезде көрінетін секілді.
Абай ҚАЛШАБЕК: Абай шығармашылығының шыңы – «Китаб тасдиқ». Біз «38-қара сөз» деп атап келген туынды. Бұл шығармада Абай үш негізгі мәселені қозғайды: 1. Алланы тану; 2. Адамның өзін-өзі тануы; 3. Алла жаратқан дүниені тану.
Һәм «Толық адам кім?» деген сұраққа былай жауап береді: «Енді біліңізләр, ей фәрзәндләр! Худай Таьаланың йолы деген йол Аллаһ Таьаланың өзүндей ниһәйәтсіз болады. Аның ниһәйәтінә һеч кім йетмейді. Бірақ сол йолға йүруні өзіне шат қылыб кім қадам басды, ол таза мұсылман, толық адам делүнеді». Абай қозғаған мәселенің де, Абай талдаған танымның да, ойдың да шоқтығы, шыңы осы болар, сірә!
Қуат ҚИЫҚБАЙ: Тұтастай алғанда Абай шығармашылығының шыңы – оның әрбір өлеңінің, бір ауыз сөзінің қазақы дүниетанымға етене жақындығында. Жалпы, адамзат баласының мақтансүйгіштігін, мансап жағалағыштығын, атаққұмарлығын (слава немесе популизм қуа­лағыш), жалқаулығын, тіпті дарақылығы мен өз ісіне есеп бере алмайтын бассыздығын болсын, бәрі-бәрін алдыңызға жайып салады. Біздің хакім сөзінен алыстап кеткеніміз соншалық, адамдығымызды алға тарта алмаймыз. Азғындық деген алып аждаһаның аузына қарай адымдап барамыз. Абай есім-сойы біз үшін қазіргі күні жұрттан асқан ақылды, дүйім жұртты сөзіне иіткен данышпан болу үшін ғана қажет болып қалды. Абай философиясы мен психологиясы туралы ойлы сауал беріп отырсыз. «Философия» мен «психология» сөзін қазақы түсінікке жақындатып алсаңыз ойшылдыққа бойлау немесе өз ойыңдағы, бойыңдағы жаман ғадеттерден арылу болып шығады.
«Төңкеріліп құбылған жұрт – бір сағым,
Шынға шыдап, қоса алмас ынтымағын.
Көптің аузын күзетсең, күн көрмейсің,
Өзіңді-өзің күзет, кел, шырағым!»
Абай мұрасының биік шыңы да, көзге анық көрінетін мұнартқан нысанасы да – данышпан ақын шығармаларындағы шындық. Қараңызшы, кез келген адам баласының күзетшісі кім? Ар-ұят пен ақыл ғой. Бізде осы үшеуі де кемшің. Әдепсіз іске ұялмаймыз, арамдық қылсақ, арымыз мазаламайды, ақылға салып парықтап, таразыға өлшеу жоқ.
«Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды,
Әдеті надан адамның», – деген әләулайға басып, дарақылықпен дараланып, жұрт алдында жалаңаш құйрығымызды шапақтап, шаттанып жүруден арлана алмаймыз. Содан кейін де арланбайтын, ойланбайтын мына жұртқа кім көрінгеннің бәрі де ақыл айтқыш келеді. Сол «әулие, әмбиелер» керек болса Абайға көлеңке түсіріп, оның атын жамылып, болмаса жұрт жадынан сызып тастауға әзір-ақ. Бұл бекер іс екенін білеміз. Тіпті Абайдың ойын да, бойын да қазақтан аулақтатқысы келген қаншама дүрбелең өткен. Абайдың алыптығы, халықққа жақындығы сол, қасындағы қазақ баласы да, айдай әлемдегі адамзат баласы да өз керегін тауып, Абайға қайта-қайта соға береді.

Қ.Ә.: Абай әлемі, Абай болмысы қай қырынан зерттей түсуді қажет етеді?

Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Абай әлемі – руханият әлемі. Демек, шексіз кеңістік. Сондықтан қай қырынан зерттеймін десе де ерік зерттеушінің өзінде, біздің айтарымыз – «Мархабат!» Абай дүниетанымының шежіресінен бастап (архетип), құдайтанымымен түйіндеген күннің өзінде сұрақ өте көп. Абайдың Абай болып қалыптасуына әсер еткен факторлар: оқыған кітаптары, тәлім алған ұстаздары, фікір қылған достары, абайтанушы ғалымдар, текстология, интерпретация тақырыптарының әрқайсысы толыққанды зерттеуді қажет етеді. Кеңес Одағы кезінде Абайдың:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап», – деген жолдары:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп, тың игеру жылдарындағы еңбекші қазақ идеологиясына сай өзгерген болатын. Осы текстология мәселелері өз күрмеуін әлі шешкен жоқ. Жалпы, қазақ әдебиетіндегі цензура тақырыбы әлі тың… Демократиялық қоғамның негізгі көрсеткіші саналатын «сөз бостандығы, ой еркіндігі», «цензура» зерттелуі тиіс деп айтудан жалықпаймын. Ал Абай қара сөздерінің тәпсірі – аса күрделі бағыт. «Әр қара сөз қашан, қалай, қандай жағдайда жазылды, қалай жарыққа шықты, түпнұсқа мәтінмен салыстырмалы сараптама жасалды ма?», «М.Әуезов, Қ.Мұхамедханов, Т.Жұртбай көрсеткен текстологиядағы мәселелер қалпына келтірілді ме?» деген сауалдар аясында істейтін жұмыс жетерлік. Абай және дін тақырыбы туралы айту тіптен бөлек. Абай және Алаш мәселесіне қатысты да тарих қатпарында жатқан сыр жетерлік. Мысалы, Тұрағұл, Ақылбайлардың Алашордаға қатысы, Халиолланың оқуы, абайтанушы ғалымдардың ғұмыры мен шығармашылығы, зерттеулері… т.б.
        Сондай-ақ 1955–1959 жылдар аралы­ғында Абай оқыған Семейдегі Ахмед-Риза медресесіне қатысты мәселе де жабулы қазан күйінде қалды. Осы уақытқа дейін Ахмед-Риза деген бір адам деп есептелсе, кейінгі жас ғалымдар Абайға тәлім берген Ахмед-Риза екі бөлек адам деген ойды бірнеше мәрте атап көрсетті. Семейдегі қорымда Ахмедуәли хазіреттің жерленген жері де, тасы да бар. Екі ұстаз да ел ішінде аса танымал және қадірлі болғандықтан, Ахмед-Риза деп аталған деген тұжырымды нақтылап, бекітуіміз керек. Негізінде, бұл екі адамның аты-жөндері, өмір сүрген уақыттары мен шәкірттеріне берген білімдері туралы нақты ақпарат бар. Құрбанғали Халидидің Семейдегі мешіт-медреселерде қызмет еткен дін қайраткерлеріне қатысты жазған жазбаларынан бастап, барлық архив деректерін қайта қарау керек. Бұл – Абайдың 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Әдебиет және өнер институты ғалымдары істейтін шаруа ма еді деп ойлаймын. Себебі Абай тәлім алған ұстаздардың ғұмырнамасын анықтаудың астарында Абай алған діни білім, Абай дүниетанымының қалыптасу ерекшелігіне қатысты аса маңызды түйінді ойлар шығады. Мысалы, Ахмед-Риза медресесінің атағы зор болғаны сондай, уағында татардың ең мықты деген байлары сонау Қазаннан Семейдегі медресеге жазғы демалыс айларында балаларын оқуға жіберген деген нарратив деректерді неге тексермеске?.. Бір сөзбен айтқанда, абайтану мәселелерінде зерттелуі тиіс тақырыптар легі әлі жетерлік. Әр тақырыпты айтқанға, регламент жетпейді-ау деп бір шолғандағы ойым – осы.
Қуат ҚИЫҚБАЙ: Абай – асқан ойшыл, дарынды ақын. Мұндай ақын қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында бұрын-соңды болмаған. Бұл біздің сөз емес. Осы тектес лепесті сөзді айтқан Алаштың аяулысы, ұлт ұстазы – Ахмет. Абайдың өмірі мен шығармашылығына терең бой ұрсаң, сан қырлы Абай алмас тастай әр қырынан жарқырай түседі. Біз соның ақындығын ғана алып қалдық. Бірақ Абай «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» сөзін де өзін де саудаламаған ақын еді. Қазақтың қанына сіңген кереғар мінез-құлықты әшкереге шығарды. Бүгінгі ойлау жүйемізге салсаңыз, қазіргі коуч-мотиватордан, психолог пен отбасы құндылықтары туралы «оттаубай» сөз саптайтын, сол сөзін ұялмай-қызармай саудаға салатындардан, «модаға айналған молда-ұстаздардан» Абай ғибраты әлдеқайда екі бас жоғары тұруы тиіс. Абай Семей қаласында 1883 жылы ашылған Семейдің тарихи-өлкетану музейіне алпысқа тарта жәдігерді тапсырды. Не үшін? Кім үшін? Өзі үшін емесін анық білеміз. Мыңжылдық мәдениетімізді, әлеуеті биік ауыз әдебие­тімізді насихаттайтын айтулы дүниенің барлығы бүгін Абайдан бұрын мына қазаққа керек болып тұр. 1885 жылы Шар өзенінің жағасындағы Қарамола елді мекенінде өткен шұғыл съезде төбе би болып, бағзыдағы билердің жолын бұра тартпай, Ресей империясының заң-қарары қазаққа қарсы болғандықтан ортақ жарғыны да жазып шықты. Мұнда Абай қазақ мүддесінен мүлде айнымағанын аңғару қиын емес.
        Абай қазақтың саятшылық-аңшылық дәстүрінен де бір кісідей хабары болған. Ұлттық ойын тоғызқұмалақты да жақсы білді, мал сүйегінен арнайы дойбы тастарын жасатып, адамның ақыл-ойына әсер ететін, сананы сауықтыратын ермекті үлгі қылды. Ауылынан қонақ арылмайтын, Абай шаңырағы сол күндегі ақын-әнші, жыршы-термешінің жыл он екі ай бойы басып жататын құтты шаңырағы еді. Өзі бас болып үлгі шашып, жаһан әдебиетінің жауһарымен танысуға құштарлықпен құлаш сермеп, онысын жұртқа насихат қылды. Сондықтан менің айтарым, Абайдың үлгі шашқан ұстаздық болмысы, әке Абай болмысы, әр нәрсені білуге ынтық бала Абай болмысы, «Егіннің ебін, сауданың тегін үйреніп, ойлап, мал іздеуге» үндейтін бар үрдісі терең зерделеуді талап етеді.
Ойшылдың қара сөздері де өз алдына жіті зерттеуді қажет етеді. Абай мұнда бір сарынды ақыл айтып отырған жоқ. Ақылдасып та отыр ғой. Ұққан адамға. Адамды танитын, танытатын, Жаратушы иені тануға талпынатын бірқанша ойларды ортаға салады. Ұлт болып ұйысып, өнер, ғылым іздеп, ақыл табарлық қаншама жолға шырақ алып түсіреді. Сондықтан оның қай қырын алып қарасаңыз да, қазаққа ауадай қажет аяулы ұғымдар жетерлік.
Абай ҚАЛШАБЕК: Биыл Абайдың шығармалары Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп толық транскрип­цияланды. Транкрипцияны жасаған – ғалым Ақжол Қалшабек. Бұл – абайтану тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан ірі, іргелі һәм күрделі жұмыс. Түпнұсқаға сай транскрипциялау деген – Абай шығармалары қайта тірілді, ортамызға өзінің саф қалпында, болмысын бұзбаған күйі қайта оралды деген сөз. Ендігі зерттеулер осы бағытта жүруі керек.
Ғылымнұр КӘДІРБАЙ: Алаш қайраткерлері «Қазақтың бас ақынының» мұрасын алғаш болып зерттеп, абайтану ғылымының іргетасын қалағаннан бері бұл сала қордалы ілімге айналды. Қаншама алыптар ұлы ойшылдың жұмбағын ашуға өмірін арнады. Осылайша, қазақ руханиятының алтын өзегі қалыптасты. Алайда бұл – Абай әлемі толыққанды зерттеліп болды деген сөз емес. Әр буынның, жас ұрпақтың өз ойы, өз көзқарасы бар. Заман ауысқан сайын Абай да жарқыраған жаңа қырынан көріне бермек. Себебі ол мәңгі өлмес асыл ой айтты. Дүние – дүние болып жаралғалы бері адам баласы жеткен парасатты өз тілінде жеткізді. Сондықтан да Абай мұрасы уақытпен бірге өмір сүре бермек. «Ақындықтың Әбілхаят суын ішкен, өлімді жеңген, мәңгі тірлік тап­қан Абайдай дана, даңғыл ақын тарихтағы өз мүшелін жүз жылдан қайырмақ», – дейді емес пе Мұхтар Әуезов. Абай болмысын қай қырынан зерттей түссеңіз де, тың көкжиек табасыз. Жазушы Таласбек Әсемқұлов бір сұхбатында: «Қандай қиыншылықта болсаң да, тар заманда тусаң да жазған шығармаң өміршең болуы керек, нұрлы болуы керек. Абайдың ең қасіретті деген өлеңін оқығанда да ішкі дүниең жаңғырып, жасарып шығады. Неге? Себебі Абай әр сөзді жүрегінің жылуына бөлеп шығарады», – дейді. Ұлы ойшылдың жалғыздығы мен қайғысы біздің ұғымдағы әдепкі түсініктен әлдеқайда терең екені анық. «Мен ішпеген у бар ма?» дегендегі уы – жаңа айтылған Әбілхаят суы. Сондықтан қоғамдық сана тереңдеген сайын хәкімнің «бақсының моласындай» жалғыздығы мен адам баласынан асып туған кемеңгерлігіне бойлай түсеміз.

Қ.Ә.: Абай туған топырақты, Абай тіршілік еткен, Абай ғұмырының, туындыларының куәсі болған мекендерді дүниежүзі оқырмандарына етене жақын ету мүмкін бе? Осы тарихи, рухани өңірде қандай мұралар ерекше әсер етті?

Абай ҚАЛШАБЕК: Абай туған топырақ­ты дүниежүзі оқырмандарына етене жақын ету дәл қазір мүмкін емес деп ойлаймын. Оның қажеті де жоқ шығар. Абайды тану, түсіну, оның даналығына терең бойлау, ең алдымен, өзіміз үшін керек. Абай еліне үш рет арнайы сапар шектім. Семейден жүз жетпіс бес шақырым жердегі Жидебайға бара жатып, «Осы сапарым дұрыс па? Не үшін бара жатырмын? Мен барғанмен қазір Жидебайда Абай жоқ қой» деген сұрақтар ойға оралды. Бармайын десем, Жидебай өзіне тартып барады. Барған соң жаңағы сұрақтар жайына қалды. Абайдың үйін, ондағы Абай қолданған заттарды, Абай оқыған кітаптарды көргенде, «Жидебайға келу керек, Абай ғұмыр кешкен мекенді, Абайдың сүйегі жатқан мекенді көру керек, сезіну керек» деген ойға бекіндім.
Ғылымнұр КӘДІРБАЙ: Әлбетте, әлем әдебиетінде Ұлы жазушылардың туған жері немесе туындыларына арқау болған мекендер бүкіл дүниежүзі оқырмандары үшін киелі орындарға айналғаны белгілі. Ондай жерлерге жыл сайын мыңдаған әдебиетсүйер қауым зиярат етеді, олар әдеби туризмнің өзегіне айналған. Мысалы, Англияға барсаңыз, Уильям Шекспирдің туған жері, сөз өнерінің «Меккесі» саналатын Стратфорд-апон-Эйвонды көргіңіз келеді. Прагадан Франц Кафканың қолтаңбасын іздеп, Токиода «Мураками маршрутымен» жүргіңіз келеді. Ыстамбұлға табаны тиген қаламгер «Сезім музейіне» соқпай кетпес. Айта берсек көп. Мұның бәрі – әдебиеттің құдіреті. Ал Абай атамыздың «жүрегінің түбіне терең бойлаған» адам қарт Семейді, қасиетті Шыңғыстауды, Жидебайды көргісі келеді. Біз хәкімнің кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақтан тартып дүниеден озған Балашақпаққа дейін, өмірінің ізі қалған барлық мекенді әдеби туристік орынға айналдыруға толық мүмкіндігіміз бар. Әрине, жұмыстар істеліп те жатыр. Ол ең әуелі, Абай мұрасының танымалдығына едәуір ықпал ете түседі деп ойлаймын. Ұлы ойшылдың шығармалары жаһан жұртының 30-дан астам тіліне аударылды деп жатамыз. Соның қаншасы сапалы аударма? Аудармашы мен айналасынан өзгелер тәржімаланғанын біле ме? Аударып қана қоймай ары қарай сол елге кең көлемде насихатталса, онда жер кіндігі Жидебайға ағылатын адамдардың саны көбейе түсер еді.
Тағы бір мәселе бар. Әлем оқырмандарын қоя тұрып өзімізге келейікші. Жидебайға жыл сайын қанша қазақ барып, Ұлы Абай мен Шәкәрімнің рухына, оның әулетіне тағзым етеді? Әрине, аз болмауы керек. Бірақ онда зияраттап барушыларға толыққанды жағдай жасалған ба? Дәрет алатын орыннан тартып, құрбан шалатын, басында түнейтін қонақүй бар ма? Оғыландыдағы Бекет атаның, Екібастұздағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Ақсуат­тағы Ырғызбай әулиенің басына барған боларсыз? Киелі Жидебайда тым болмаса сондай жағдай жасалса, қандай ғанибет болар еді. Жидебайдан кесенеге дейінгі жолдың бойы барған адамды Абай әлеміне жетелеп кірсе, данышпанның ұлағатты ғұмыры мен тағылым-танымына сол араның өзінен таныса алса, қандай жақсы. Биыл көктемде барғанымда Құнанбайдың құдығынан су ішкім келді. Бірақ қанша уақыттан бері су алынбаған құдықтың іші борсып кетіпті. Кесенеге кірсең, шаңы бес елі. (Одан бері, ауқымды деңгейде өткелі отырған ақынның мерейтойына орай біраз шаруа істелген болар). Ал Ақшоқыда аға сұлтан Құнанбай бастаған қаншама жақсы-жайсаң жатыр. «Абай жолын» оқыған адамның алғаш соғатын жерлерінің бірі. Осының бәрінің қадіріне алдымен өзіміз жетсек, сосын барып, әлем оқырмандарының жайы қиын болмас.
Қуат ҚИЫҚБАЙ: Бір сөздің басы ашық. Біз Абай сөзін өмірлік ұстанымға емес, атақ пен абырой әкелетін күнбағыс құралына айналдырып алдық. Азды-көпті Абайдың өмірі мен шығармашылығын насихаттап жүргеннен кейін ірілі-ұсақты шараларда төбе көрсетіп қалатынымыз бар. Жаныңнан қарадай түңілетін жайттар аз емес. Абай кейде «орынсыз ыржаң,
болымсыз қылжаң» болып, тиімсіз тренд­тер мен пайдасыз флэш-моб құралына айналып, құр аттан-айғай ретінде алаңнан тіл қатып тұрғандай сезіледі. Қазір аузы ауырмағанның бәрі Абаймен алысып кетті. Абай тақырыбы ұяты кем, өтірікті көпіртіп айтатындардың оң жамбасына келіп-ақ тұр. Сол арқылы ат шығарып, танымалдыққа қол созбақ ниетте. Бұл қызғаныш емес. Абайға деген жанашырлық. Мұхтар Әуезов­ше айтсақ, ақын кешкен дәуірді танымай, біз оның мұрасын тани алмақ емеспіз.
Біздің Абайды «сүйетініміз, жете танитындығымыз» аядай ғана кабинеттен аспай жатыр. Абай – Құдай емес. Оған табыну емес, ақын еңбектерінен өз керегіңді табу басты орында. Абайға қатысты жерлер жайында, расында, кеңінен қозғамаса болмайды. Әрине, Абай арқылы қаншама нысандарды танытуға болады. Алайда өздеріңіз жақсы білесіздер, өткенде желіде блогер қыз Абайға қатысты әбес нәрсені айтқанда шулай жөнелдік. Бірақ түпкі сырын ешкім ұққан жоқ. Бұл – біздің тарихты қолдан жасап жүргеніміздің кінәсі һәм күнәсі. Семейге не Шыңғыстауға барғанда «мынау ақын туған топырақ» десең, анша-мұнша әсер етпеуі мүмкін. Бұрыннан білетіндей-ақ кейіп танытуыңыз кәдік. Ал егер әлдебір жерге барып, «мына жерде Абай Тәкежан немесе Оразбайды аттың бауырына алып сабаған екен» деп өтірікті қосып жіберсеңіз, сол өтімді болады. Қарқаралыда орын алған оқиға да сол. 1905 жылы қазақтан шыққан меценат, оқыған-тоқығаны мол аяулы азамат Халиулла Бекметовтің үйінде жұртқа мәлім атақты Қарқаралы петициясы жазылды. Көп жұртқа мәлім сол құтты мекен жайлы «Абай мен Ділдә сол үйде қонып шыққан екен» деп көпе-көрінеу өтірік айт­тық. Осындайдан кейін олқылықтар орын алып, содан барып жаңағыдай бассыздықтар балалап шыға береді.
Жасыратыны жоқ, кең көсілген еліміздің салқар даласында ақынға қатысты тарихи жер де, орын алған оқиғаларымен ойландырып-ақ тастайтын киелі мекендер де көп. Соның мәні мен мағынасына тереңдеп алалық. Әйтпесе Абайға қатысты ел мен жердің санын көбейтудің данышпан ақынға да, адасып ақыл іздеген қазаққа да берер қайыры шамалы.
Той қарсаңынан тыс уақытта арнайы келген меймандармен ұдайы барып тұра­тын­дықтан Абайдың ізі қалған, саф ауа­сын жұтқан жерлерді өз көзімен көруге құ­мартатындардың қарасы қалың. Абай аты­мен аласарған абыройды да, жоғалған ар-намысты да табарымыз кәміл. Алдымен, Абай­ға жалғайтын түймедей дәнекер болса да дұрыс-бұрыс әділ айту, анық жеткізу парыз.
Қарлығаш ӘУБӘКІРОВА: Жүсіпбек Аймауытұлы: «Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді» дегеніндей, Абай туған топырақтың әр тасы – тарих, әр тауы – әпсана. Дүниежүзі оқырмандарына таныту үшін зерттеуді күшейтіп, этнотуризм бағытында тиімді пайдалану керек. Мүмкіндік бар. Себебі сакральды мәнге ие Абайға қатысты мұра жетерлік. Абай туған, Абай оқыған, Абайдың балалары тәлім алған тарихи ғимараттар, Алашорда кеңселері, кітапхана, медресе, мешіт тек Семейдің немесе Қазақстанның емес, Орталық Азияда мәдени-ителлектуалды трансформациялардың қалай жүзеге асқанын таныта алады. Бұл орайда Семейдің потенциалы күшті, қуатты. Тарихы – қатпар-қатпар. Бүтін қазақ баласына Абай тойы құтты, елдігіміз мәңгі болсын дегім келеді. Абайды оқыңыздар (жүрекпен), өкінбейсіздер!

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір