Жас буынның болашағын ұрламайық
26.04.2024
54
0

Еліміз ТМД мемлекеттерінің ішінде алғашқыларының бірі болып 2015 жылы 18 қарашада «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды қабылдады.

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясының басым бағыттарының бірі ретінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру керегі атап көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деп адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады. Сонымен бірге ол – жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық ұстаным. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктің болуын талап етеді. Олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлымдық ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оны қоғам өмірінің барлық саласында жою үшін заңдық мүмкіндіктерді пайдалана білуі.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты негізінен сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізуге тікелей бағытталған. Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда жұртшылықтың, яғни қоғамның көмегінсіз жегі дертті жеңу мүмкін емес, яғни көпшіліктің тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, осы істе қолында билігі бар лауазымды тұлғалар бірінші кезекте өзгелерге үлгі көрсетуі керек. Қоғамның қабілеті, оның ішінде қоғамдық бақылау­дың нәтижесі негізінен алғанда мемлекеттік қызметтегі шенеу­ніктердің әрекеттерін анықтау және оның алдын алу жергілікті жерлердегі мәселелерді жан-жақты зерделеп, зерттеудің нәтижесінде артады. Біз сыбайлас жемқорлықтың қандай да бір көрінісіне өз тарапымыздан барынша кедергі келтіруіміз керек. Егер де біз сыбайлас жемқорлықты үндеместен қабылдасақ, көз жұма қарасақ немесе оны қолдайтын болсақ, онда біздің балаларымыз бен тәуелсіз Қазақстанымыздың болашағы бұлыңғыр.
Қарапайым халықтың күнделікті қоғамдық қарым-қатынаста парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келетіні – бүкпесіз шындық. Кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде бүкіл қоғам болып белсенділік таныту міндет. Алға басқан қадамды кері тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту – әрқайсымыздың азаматтың борышымыз деген саналы түсінік әрқайсымызда балалық кезден міндетті түрде қалыптасуы керек. Осы қатерді түпкілікті жою үшін әрбір азамат, әрбір отбасы сыбайлас жемқорлық тек қоғамның ғана емес өз бойындағы дерт деп ұғынып, онымен барынша күресуі қажет.
Келешегіміз кемел, егемендігіміз мәңгілік болсын десек, жемқорлықты тиып, әділетті Қазақстан орнатуға бәріміз атсалысуымыз керек. Келер ұрпаққа мәдениеті қалыптасқан, демокра­тиялық құндылықтары әспеттелетін, адам құқығы қорғалатын, жемқорлық деген түсінігі жойылған қуатты мемлекет қалдырайық. Жас буынның болашағын ұрламайық.

Айжан ӘЛДИБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір