Хаттар сыр шертеді
30.05.2025
334
1

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов есімін бүгінгі ұрпақ та жақсы біледі. Ол кісіге жазылған хаттарды архив беттерінен жинап, бір жүйеге түсірген – журналист-жазушы Гүлсім Оразалиева. «Хаттар сыр шертеді» айдарымен сол хаттардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отыруды жөн санадық. 

ЖОЛДАС НҰРТАС!

Ертең жол жүргелі дайындалып жатырмын. Сіздің анау күні біздің майдандағыларға аз-кем сыйлық береміз деген уәдеңіз болған еді. Сізден кейін Шаяхмет жолдасқа да сөйлескем. Ол кісі де қарсылық еткен жоқ еді. Қазір Семиннің жанында отырмын, жауап күтемін.
Мүмкін болса, қабылдаңыз.
Әбу Сәрсенбаев
9.11. 1943.

ҚҰРМЕТТІ ОҢДАСЫНОВ ЖОЛДАС!
Өзіңізге аян, биылғы жылы июнь айы ішінде Москвада қазақ әдебие­тінің он күндігі өтпекші. Соған байланысты сіздің алдыңызда шешілетін бірнеше мәселе бар еді. Мүмкін болса соны сізге баяндап, таныстыру үшін жолығып шыққымыз келеді.
Қазақстан Кеңес Жазушылары
одағының алқа мүшелері:
Ғабит Мүсірепов,
Қадыр Хасанов
17.04. 1944.

ҚҰРМЕТТІ СӘЛЕМ!
Қазақ мемлекетінің басқарушысы, бағыт берушісі, құрметті ағай Ондасынов. Сізге ұрыс-майдан жерінде жүрген қазақ халқының ұлдарынан құрметті туысқандық сәлемімізді жолдаймыз.
СССР-дің Х-ұлы Совет сес­сиясында әрбір союзни республикалар өзінің ұлт­тық армиясын құруға қабілетін алынған закон бізді өте қуантты. Біз өз ұлтымыздан құралған армияда қызмет етіп, фашистерді талқандап, қазақ халқының даңқын көтеруді тілейміз.
Біз екі жылда жауды жоюдың әдісін үйрендік, соғыс ғылымын іс жүзіне асыра білуді үйрендік. Сол алған тәжірибемізді жастарға үйретсек дейміз, олар қашанда жауға дайын тұратын болсын. Қазақ халқының қаһармандық атын шығарсын. Қазақ халқы қашан да қаһарман болған ғой.
Сондықтан қазақ армиясына қалай құруға, оған түсуге болады?
Қазақ ССР-нің Қорғаныс Комитетінің басшысы кім?
(Аты-жөні жазылмаған)

АҒАЙ НҰРТАС!
…көрмегелі көп болды. Мен Нұршатайдың қызымын, Ниязбектің қарындасымын. Қазір мен Қызылорда облысы Тереңөзек ауданында Ворошилов көшесі №28 үйде тұрамын. Күйеуім екі жыл болды соғысқа кеткеніне, еш хабар-ошар жоқ. Семьямда бес балам бар, халім өте нашар болып тұр. Алыстағы сізге арқа сүйеймін… Бұрын қатынаса алмадық. Өткен жылы төмен өтеріңізде алдыңыздан екі-үш күн шығып жүрдім, бірақ жолыға алмадым.
Ал енді, аға Нұртас, жағдайымның өте нашарлауына сәйкес туысқандық жағынан, жаңа партиялық жолмен сізден жәрдем беруіңізді сұраймын.
Хайыр хош, сау болып тұрыңыз!
Қарындасыңыз Балдай Ахметова.
24.02.1944.

Аса мәртебелі әзиз аға, Нұреке!

Сау-саламатсыз ба? Ошақ-орманыңыз аман ба? Шулы, нулы, самиян самалды бір өлкеге демалып оралды деп естідім. Көңіл көсілісіңіз қалай? Жаңа бір ойлар, қиялдармен қиырларға көз тігіп, томағаны ағытып, үлкен істерге құлшынып отырғаныңызға күмәнданбаймын.
Өйткені ересен қажыр-қайратсыз, бірді жығатын білектен гөрі, мыңды жығатын біліксіз «Арабша-қазақша түсіндірме сөздік», «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік» тумаған болар еді. Мен мұны әлдеқандай әулекі бақай есеппен айтып отырған жоқпын, қайта сіздің қуанышыңызды өз қуанышымдай көріп, мақтаныш сезіммен айтып отырмын. Дәлірек айтсам, сіз арнаулы бір ғылыми мекеменің бірнеше жылда тындыратын қиын шаруасын қысқа мерзімде тамамдадыңыз. Ең таңданатын нәрсе кешегі түйе мінген қазақтан, даланың момындығы мен үнсіздігінен басқаға көндігіп көрмеген қазақтан, түпкі ата тегінің қайдан туып, қайдан өрбитінін білуге де мән бермеген қазақтан әлемдік цивилизацияның алтын қазынасы тілдік, түптеп келгенде елдік мұрамызды алдымызға жаятын өзіңіздей азаматтың тууы қандай ғанибет?!
Жуықта «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігіңіздің» қолжазбасымен таныстым. Ғылыми редакторыңыз Әбдуали Қайдаров шұғыл қимылдап, қолжазбаның редакцияланып біткен-біткен бөліктерін бізге жедел жеткізіп беріп тұр. Жұмыс қызу әрі жеңіл жүріп жатыр. Мен соңғы кезде өзіңізге мәлім баспаның ғылыми-көпшілік әдебиеттер редакциясына ауысқан едім…
Енді өзім жайлы бірер сөз. Үй іші аман. Қатты мазаландырған бір шаруаның сәті түсті. Былтыр Дінмұхамед Ахметұлы қол қойған қағазбен қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер алдым. Димақаңа қат­ты риза болдым. Ақ бауыр қарлығаштай бауырмалдық көрсеткен сізге де алғысым көп… Сіздің тек маған емес, алты алаш ардақ тұтарлық азаматтығыңызға алғысым болсын деп, «Қоңыр қозы» деп аталатын жаңа кітабымды жіберіп отырмын.
Сәлеммен ініңіз
Меңдекеш Сатыбалдиев.
15 декабрь, 1971 жыл.

Аса қадірлі Нұреке!

Аман-есенсіздер ме? Жеңгей тәуір болып кет­ті ме?
Бұл хат телефондағы сөзімнің жалғасы. Баспа бастығы Мұқанға да сіздің пікіріңізді айт­тым. Көбірек қиналған редактор. Өйткені ол «сөздіктің қолжазбасын өндіріске тапсырып қойып едік» дегенді айт­ты.
Ғарекеңмен (Сағымбаев) де хабарласып, жағдайды түсіндірдім. «Егер қажет деп тапсаңдар көлемін қысқартпауға болады» деді.
Содан барлық ауыртпалық маған түсе­йін деп отыр. Өйткені мен Шериязданның алдында да, баспадағылар мен рецензент­тің алдында да араб-парсышасын ажыратып дәлелдеп шығуым керек болып отыр.
Түбінде өзіңіз араласпасаңыз болатын түрі жоқ. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» дегеннің кері келіп жатыр.
Сөздіктен жер-су, кісі ат­тарын алып тастаған. Қалдыруға келісті. Сондағы сөздіктің көлемі 15 баспа табақ.
Ендігісін, Нұреке, өзіңіз шешіңіз. Қажет жерінде мен дәлелдей аламын.

Сәлеммен Әбдуали (Қайдаров),

2 май, 1973 жыл

Ардақты Нұреке!

Ардақты Нұреке, сіздің «Қазақ әдебиетінде» шыққан ғылыми мақалаңызды әдейі көңіл аударып, жақсылап оқып шықтым. Мен тілші болмасам да бұл мәселе қазақ интеллигенциясына ортақ қой. Сондықтан қат­ты қуанып, өзімше сізге ризалығымды білдіріп, ол мақала жайын келініңіз Надежда Кузьминичнаға түсіндірген болдым. Мақалаңызды мақтаймын, мақтанамын «Жарайсың біздің кәрі тарлан!» дегім келеді.
Алтынның қадірі қай кез­де де кетпейді, бұл – сіздің сүйегіңізге біткен, қаныңызға сіңген үлкен бір қасиет. Ол қасиет атаңыздан, не анаңыздан ауысқан болар, кім білсін. Сөз жоқ, сіздің осы істеп жатқан жұмыстарыңыз көп замандастарыңызға үлгі әрі мұрындық.
Маған да сізден жылы леп келді ме, соңғы кез­дері мен де ойдағыны қағаз бетіне түсіре бастадым…
Кеше ғана Ебекең Қарағандыдан телефон соқты.«Қарағандыға келіп қайтсаңызшы» деген тілегін айт­ты. Мен Евнейге: «Алматыға келсеңізші», – деп, сағынғанымды айт­тым. Жуықта кез­десіп қалуымыз мүмкін емес.
Көріскенше хош болыңыз! Біздің бәйбіше де сізге арнайы сәлем айтып жатыр.

Сағынышты сәлеммен,

өзіңіздің Ишанбайыңыз!
(академик Қарақұлов), 14 декабрь, 1976 жыл

Қадірлі Нұреке!

Жаңа жылда ағалық жылы лебізіңізді хатыңыздан оқып, риза болдық. Өзіңнен тәжірибелі, парасат­ты үлкеннің «осындай інім бар еді-ау» деп сырт­тан жағдайын ойлап жүргенге не жетсін. Бұл еліміздің жақсы дәстүрлерінің бірі ғой…
«Қазақ әдебиетіндегі» тіл жөніндегі мақалаңыз өте орынды, тез шешілуге тиісті, көпке ортақ мәселелерді көтерген. Газет ол пікірді жалғастырар, бір нәтижеге жеткізер деп сенеміз.
Мына хатпен қоса, Мәулен Балақаевтың «Социалистік Қазақ­станда» жарияланған мақаласын жіберіп отырмын. Сіздің пікірлеріңізді толық қолдап, атыңызды екі жерде атаған. Тіл білімінің белгілі мамандары сөзіңізді қолдап, қостап отырса ол да бір мәртебе ғой…
Деніңіздің сау,
еңбегіңіздің жемісті бола беруіне
тілектес ініңіз Рахманқұл!
(әдебиетші-ғалым Бердібаев)
20 январь, 1977 жыл

Нұреке!

Сіздің «Қазақ әдебиетіндегі» мақалаларыңызды түгел оқып шықтым. Соңғы кезде жөнді көңіл бөлінбей келе жатқан тіл мәдениетінің өзекті мәселелері жайлы айтқан пікірлеріңіз өте орынды. Көптеген сөздердің балама мағынасы жөніндегі ұсыныстарыңыз да дұрыс қойылған. Бір өзіне түсініксіз нәрсенің бәрін өзбектікі деп қарайтын ғалымсымақтар «нама», «қана» сияқты қосарлы мағыналарды түсіне бермеуі, тіптен қабыл алмауы да мүмкін.
Оның үстіне көп сөздер, әсіресе жер аттары орысша үндесуіне қарай бейімделіп айтылып жүр. Тіптен орыс сөздерін қазақша баламасын іздемей-ақ қалай болса солай ала салушылық та кездеседі.
Өзіңіз айтып отырған «Індер» қазір «Индер», Алматы жанындағы «Бұтақты», «Кім асар» шатқалдары «Бутаковка», «Комиссаровка» болып, Гурьевтегі «Қан ішкен» селосы «Ганюшкино» болып айтылып жүр. Мұның дұрыстығын дәлелдеу үшін Индер деген неміс кәсіпкері болыпты-мыс, «Комиссаровка» шатқалы делінетін себебі Азамат соғысы кезінде Алматыдан 20 шақырым жердегі тау арасына Фурманов т.б. большевиктер листовкалар тыққан екен деген лақап-аңыздар да молшылық…
…Сізбен бір кеш отырып халықтың тарихы, мәдениеті мен өнері, оны келелі мәселелері жайлы әңгімелескеніме өте қуаныштымын. Менің жеке өз басым маған партия қандай қызмет тапсырса да халқымыздың тұрмысы, мәдениеті мен өнеріне қолдан келгенше (оны жұрт біледі) үлес қосатындығыма сізді сендіре аламын.
«Біздің Отан» газетінің алғашқы номерлерін сізге жіберген едім, алған боларсыз. Бүгін А.Көбесовтің «Әл-Фараби» атты кітабын сізге ұсынып отырмын. Оқып танысарсыз.

Жеңгейге, туысқандарға бізден сәлем!
Құрметпен Өзбекәлі.
Мемлекет және қоғам қайраткері,
ғалым Ө.Жәнібеков),
3 март, 1977 жыл

 

Дайындаған
Гүлсім
ОРАЗАЛИЕВА,
журналист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

 

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 21.05.2025 | 21:21

Құрметті Гүлсім! Тым аздау екен.»Жылойдан түлеп ұшқан» атты кітапта Н.Оңдасынов өмірінің соңы туралы қызықты пікірлер бар.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір