КӨПТЕН КҮТКЕН ЭНЦИКЛОПЕДИЯ
01.02.2023
344
0

Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмед Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Жаңа Қазақстандағы заманауи ботаника ғылымының басым бағыттары – идеялардан нақты істерге» атты республикалық дөңгелек үстел өтті.

Екі күндік ғылыми жиынға еліміздің әр аймағынан сала мамандары келді. Тәуелсіздік жылдарындағы отандық биология ғылымының жай-күйі мен келешегін қозғаған келелі отырыс «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» атты кітаптың тұсаукесер рәсімімен басталды.
Қазіргі заманда әрбір мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы оның табиғи ресурстарын қорғап-сақтауға және дұрыс пайдалануға тығыз байланысты. Табиғат ресурстарының маңызды бір саласы – өсімдіктер әлемі. Өсімдіксіз бүкіл адамзаттың өмірін елестету мүмкін емес. Өсімдік қорын зерттеумен биология ғылымының маңызды саласы – ботаника айналысады. Өкінішке қарай, отандық ботаника ғылымын дамытуда күрделі мәселелер жеткілікті. Соның бірі – қазақ тіліндегі зерттеулер мен еңбектердің аздығы. Республикамыздың жетекші ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында көптеген жылдан бері үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» атты кітаптың 1-томы – осы еңбектің нәтижесі.
Басылымның редакторы, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай: «Қазақстан өсімдіктері туралы жүйелі ақпаратты қамтитын энциклопедиялық-анықтамалық құралдарға сұраныс өте жоғары. Сондықтан бұл кітаптың теориялық және практикалық маңызы зор. Жиырма жеті жыл күткен еңбегіміз енді жарыққа шығып отыр. Бұл анықтағыш — көп томдық еңбектің алғашқы қарлығашы. Басылым алдағы уақытта жалғасын табады», — деді.
Кеңес өкіметі кезінде бұрынғы одақтас республикалардың флорасы туралы кітаптарда Қазақстан өсімдіктері жайлы жалпылама айтылған болатын. Сондықтан да бұл — еліміздегі жасыл әлем туралы қазақ тіліндегі тұңғыш ғылыми еңбек. Анықтағыш ботаника ғылымымен қатар, ауыл шаруашылығы, экология, селекция, медицина, тағам өнеркәсібі және басқа сала мамандары үшін де сұранысқа ие. Еңбекте өсімдіктердің латын, орыс және қазақ тілдеріндегі атаулары, түр ретіндегі анықтамалары мен дихотомиялық кестелер берілген.

Дина ИМАМБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір