Түркітілдестер Бурсада бас қосты
Қыркүйектің жиырма алтысында «Түркі тіл ұйымы» Түркі мемлекеттері ұйымымен, Түркі тарихы мен мәдениеті институтымен бірлесіп Түркияның Бурса қаласында екі күндік салтанатты жиын өткізді. Сол шарада түркі тілін дамытуға қосқан үлесі және «Ақбоз үй» романы үшін жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері Смағұл Елубайға халықаралық әдеби сыйлық табыс етілді. Салтанатты шара қалай өтті? Оған кімдер қатысты? Біз жазушымен хабарласып, аз-кем сұхбаттастық.
– Алған сыйлығыңыз құтты болсын, аға! Түрік еліндегі келелі жиын қалай өтті? Оған кімдер қатысты?
– Рақмет, айналайын! Мұстафа Кемал Ататүрік 1932 жылы өз пәрменімен тікелей президентке бағынатын түркі тілі үшін жауап беретін, бюджеттен мол қаржыланатын «Түркі тіл Ұйымын» құрған екен. Бұл өзі Түркиядағы ең беделді ұйым деп есептеледі. Осы Ұйым Түркі мемлекеттері ұйымымен, Түркі тарихы мен мәдениеті институтымен бірлесіп, Түркияның тұңғыш астанасы Бурсада «Хилтон» қонақ үйінде 26 қыркүйек күні екі күндік салтанатты жиынын ашты. Жиын басталар алдында түрік ансамблі қазақ, қырғыз, әзербайжан, өзбек, түрікпен ән-күйлерін орындады. Шағын концерт Дәулеткерейдің дүрілдеген «Көрұғлы» күйімен басталды. Сахнада үлкен экранда қырым татарларынан шыққан түркі көсемі Ысмайыл Ғаспыралының әйгілі «Тілде, пікірде, істе бірлік!» деген ұраны жазулы тұрды. Шағын концерттен кейін халықаралық жиынды Түркі тіл Ұйымының төрағасы Гүрер Гүлсевин сөз сөйлеп ашты. Одан кейін Түркі мемлекеттер Ұйымының төрағасы, Түркі мәдениеті тарихи институтының басшысы және Түркі мемлекеттері Ұйымына мүше елдер ақсақалдары сөз алды. Содан соң сахнаға 5 республикадан келген 5 жазушы шықтық. Бізге «Түркі тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» деген халықаралық әдеби сыйлығын табыстады. Айта кету керек, бұл сыйлық тұңғыш рет тағайындалып отыр. Олар осы бастама енді жыл сайын жалғасады деді.
– Жиылған қауымға қандай сөз арнадыңыз? Шарадан кейін болған конференцияда не талқыланды?
– Ұлы Тұран туралы сөз сөйледік. Маған бекіткен Тілек атты аудармашымның дауысы шықпай қалған соң залда отырған ҚР-ның Түркиядағы елшісі Еркебұлан Сапиев мырза сахнаға жүгіріп шығып, сөзімізді түрік тіліне аударып берді. Елші мырзаның тығырықтан жол тауып кеткеніне тәнті болып, алғысымды жаудырдым…
Ал конференцияға тілші-ғалымдар жиналды. Талқыланған басты тақырып – түркі елдеріне ортақ әліпби қабылдау. Бұл жарыссөзге Қазақстаннан белгілі тілші-ғалымдар Ерден Қажыбек, Анар Фазылжан және Гүлбану Қосымова қатысты. Қазақ ғалымдары ортақ әліпби қалыптастыру оңды іс екенін айта келіп: «Ортақ әліпби әр елдің ұлттық санасындағы ұлттық бірегейлікті де сақтай білуі керек» – деді. Алғашқы күн соңында делегациялар Дархан Қыдырәлі бастаған ғалымдардың жуырда ғана Моңғолияда ашқан Елтеріс ханның тасқа жазылған жазбаларын тамашалады.
– Сапардан қандай әсер алдыңыз? Түрік бауырлардың ықылас-пейілі қалай екен?
– Бұл біздің Түрік еліне төртінші сапарымыз еді. Келген сайын осынау ешкімге құл болып көрмеген түркілердің биік мәдениеті мен асқақ ұлттық рухына таңғаламын. Бұл жолы да алған әсерім зор болды. Өз тілін, дінін, тарихын, ұлттық бірегейлігін қызғыштай қорғай білетін түркі халқынан үйренеріміз көп екен. Соған тағы да бір рет көзіміз жеткендей болды
– Сапарыңыз оң болсын! Түрік бауырларға дұғай-дұғай сәлем!
Дайындаған
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ