ҰМАЙ АНА (поэма)
26.03.2024
797
7

Біржан АХМЕР

«Ұмай текті анам қатынның құтына
(бағына) інім Күлтегін ер атанды».
Иоллығ тегін.

«Тәңірі, Ұмай, киелі Жер-су
ықыласын берген екен»
Тоныкөк.

I

Бауырында өр Алтайдың аңыз қалған деседі,
Бөрі рухты бабалардан парыз қалған деседі.
Шыңға шығып асқаралы, еміп өскен Күн нұрын,
Шежірелі мұзды таудың Түркі түрген түндігін.

Сол өткенді ұмытуға дәтім бармас, арым да,
Қызыл кегім буырқанған қыршындардың қанында.
Таудан биік не бар мұнда, не бар мұнда асқардан?
Жыр оқимын бұлағынан, мұң оқимын тастардан.

Өздігінен сөйлеп тұрған терең құзға не де­йін,
Өршіл шыңға көрік берген өлең-қызға не де­йін?
Қоңыр мұңлық, қатпар-қатпар жақпарларға не де­йін,
Құмды сазбен тербетілген шатқалдарға не де­йін?

Құрбан болған рухы ғана қылатұғын ерді үстем,
Ағып жатыр Күлтегіннің жаны бірге Ертіспен.
Асау толқын жағаны ұрып Үлбі ағады тасына,
Баурайынан өр Алтайдың барқыт белге асыға.

Барлығын да көреді Алтай бүгінді де, өткенді,
Қаһарланса, сел жүргізіп, қыс қылады көктемді.
Мейірленсе, құшағына ап тауды сүйген жалғызды,
Ең ғажайып, ең көрікті көрсетеді таңды ізгі.
Бабалардың жүрген жолын айтар сосын қариядай,
Ділмарлардың көзін көрген, өзін көрген дариям-ай…

II
Жасыл баулар, жасыл қырат, жасыл бақтың жаны ұлы,
Жас ғұмырға ұқсап кетер тас бұлақтың арыны.
Жасыл шырша жармасып ап өскен екен шыңға анау,
Мінсіз сұлу табиғат­та біз білмейтін сыр бар-ау.

Ойдан ада нәрестедей жылап келген өмірге,
Адам аяқ баспаған жер – ең ғажайып, тегінде.
Беу, тыныштық, мен бармаймын дақпырты көп думанға,
Бой балқытар, ой қалқытар бұдан тәт­ті у бар ма?

Жасыл түсті жұмағым-ай, жанның емі, дауасы,
Жан сарайын ашар солай жұпарланған ауасы.
Жасыл сүйіп, осылайша, өң мен түстен адастым,
Асау ат­тың терін алып, асулардан сан астым.

Жаңғырығым жақпар қозғап, жетсін анау сайларға,
Көрсетіңдер, қарақтарым, бостандық бар қай маңда?
Сол мекенге мені алып кет, еркін самал, ескен жел,
Сол мекенге мені алып кет, ерке өзенді кешкендер.

Сол мекенге мені алып кет, жүрем сонда алшаңдап,
Тілім емес, жаным сонда өмір жайлы жар салмақ.
Жасыл жүрек сөйлеп кетер жасыл бауға қараса,
Жасыл түннің мұңын сездім, жалғыз қалып оңаша..

III
Бауырында өр Алтайдың қауым болған деседі,
Мекендері мұзды шыңдар, қалың орман деседі.
Таумен егіз жүректері, тілектері жоқ басқа,
Арулары – бұрым өрген, жігіт­тері – марқасқа.

Армандарын Айға да айтпай, тасқа да айтпай киелі,
Күннің көзін таңғы шықтай мөлдірлікпен сүйеді.
Тәңір оған бар байлықты берсе-дағы, бірақ та,
Бір күндері естіліпті тосын дүбір құлаққа.
Көк аспанды бұлт құрсаулап, толассыз бір жауған қар,
Тыныштықта тербетілген жұрт үре­йін алған бар.
Табиғат­тың дүлей күшін ешкім сарқып алмаған,
Тілсіз жауға төтеп берер ешбір дәрмен болмаған.

Айтуға да аянышты… Ал соңында алапат,
Сел-тасқын кеп жат­ты жұрт­ты жаншып-таптап,
жаралап.
Момын қауым алғаш көріп мұндай алып апат­ты,
Жанның қаны, көздің жасы қызыл өзен боп ақты.
Кеудесінде тіршілік бар жанның бәрі мертігіп,
Жел өшірген білте шамдай ақырында сөнді үміт.

IV
Күңіренді өр Алтайдың мұзды шыңы, құздары,
Қабырғаны қайыстырып, қарып өт­ті ызғары.
Қыбыр еткен тіршілік жоқ, түгел жұмған көздерін,
Жалғыз ғана тау біледі бұл қауымның сезгенін.

Сұлу Алтай,
Суық Алтай,
Сылқым Алтай мызғымас,
Меңіреудей мелшиеді салқын қарап мұзды тас.
Аю батыр аңшылықтан оралғанда асыға,
Асыр салған ауылының жеткен кез­де қасына.

Жон арқасын осып өт­ті ұлы жұт­тың қамшысы,
Күйреп жатыр, қирап жатыр ауылының әр тұсы.
Өмір бойы көргенінің бір-ақ сәт­те өшкені,
Өмір бойы сезгенінің бір-ақ сәт­те көшкені.

Жүрегіне бат­ты Аюдың айғай салды шыдамай:
«Асыл жұртым, аяқ асты жоқ болдың ба, бұ қалай?..»
Сұлу Алтай,
Суық Алтай,
Сабырлы Алтай үнсіз қап,
Көкіректі тіліп іштен жүрек қана тұр сыздап..

V
Адырнасы тартылғанда, Айға жеткен батыр – бұл.
Бес қаруын асынғанда, Жайпап өткен батыр – бұл.

Қарашаның қамын ойлап, Қарашығын ілмеген.
Қайсары асқан қабыландай, Қорқынышты білмеген.

Көл қорыған қызғыш құстың, Кегі біткен қанына.
Кербұғының мүйізіндей, Қалмас бірден шағыла.

Арқар таудың арлы иесі, Ақ Қалбаның тұнығы.
Жарты әлемді жаулап алған, Ұлы жұрт­тың ұрығы.

Дүр-дүние дүркірейді, Дүрия көңіл басылмай.
Жел лепесін тілсіз білген, Жылы көкек тасындай.

Ақшам шақта ойланады, Өткенінің елесін.
Тамыр жайған мұңы жанға, Тағдырына не десін?..

VI
Ойланғанда батыр солай, қыбыр ет­ті бір бейне,
Таңғалысып, таңданысып көз қадады күнгейге.
Екі қасқыр жұлқып тартып жатыр екен аруды,
Аю батыр алып-ұшты, қолына алып қаруды.

Өн-бойы әлсіз болса-дағы,
Айсұлу қыз тірі әлі,
Құтқаруға болатынын сезді батыр, сірә, оны.
Жаралы адам жұбатқанды ұғар дәйім жүрекпен,
Бұлақ болар шөлдегенде, нұр боп тамар түнектен.

Сезім деген – еркін құстай, қарамайды жоқ-барға,
Тән қалады көлеңкеде жан жарасым тапқанда.
Күпті көңіл бірер сәтке күйге енгенде ғажайып,
Көкіректің уайым-шері бара жат­ты азайып.
Айсұлуға дем беруді ұйғарды Аю соңында,
Үңгіріне алып кет­ті қиын-қыстау шағында.

VII
Түн ұйқыда, көл тынық, Ай есінер бұлтқа аунап.
Жер ұйқыда жататұғын, Жапырақтан шықты аулап.
Тау ұйқыда, Гуілдеген жаңғырық жоқ бұрынғы.
Көк ұйқыда, Көл бетіне тарқатпаған бұрымды.
Тас ұйқыда, Жылан әлі жиырылып келмеген.
Еліктірер, Еліктер де бірін-бірі көрмеген.
Сөз ұйқыда, Саз сияқты іштен шықпай тынады.
Қыз ұйқыда, Өлім-өмір жанда майдан қылады.

VIII
Сағат тілі ғасырменен өлшенгендей түн ұзақ,
Уақыт лебі дәуірлермен өлшенгендей күн ұзақ.
Ұзақ күнде сарылды Аю көп торығып, көп күтіп,
Уылжыған жас арудың ішіндегі дерт­ті ұғып.

Көктен сонда қалықтап кеп қонды үңгірге құс аппақ,
Бар ғаламның мейірімін көкірегімен құшақтап.
Алақандай ақ пен қара тас түсірді төбеден,
Жан көнгенмен, ақыл көнбес бұл ғажайып не деген?

Қурап тұрған өлең-шөпке тиіп тастар кенет­тен,
Жарық алау, жылы сезім, жаралыпты бөлек дем.
Аяулы құс нұрын шашып айналғанда Ұмайға,
Аю батыр таңғалыпты: «Болар ма деп бұлай да?»

Тас үңгірдің қабырғасын от­ты ұшқынмен аймалап,
Ұмай тұрды жұмбақ сөзді әлсін-әлсін қайталап.
Мұз еріген бұлақ болып,
Сыз кеткендей іштегі,
Аналардың қашан-дағы дұғалары күшті еді.

Қара тасты балқытатын от лапылдап жанады,
Қара көзді оятатын шоқ ұшқындап барады.
Бозамық таң атар шақта боз жусан шөп жұпарын,
Сепкендей-ақ сезіледі, бұл бұлқыныс, бұл арын.

Демі үзіле жаздаған жан, бұйыққанда булығып,
О, Тәңірім, жалғыз ием, пайда болды ұлы үміт.
Асыл жүзін жарқыратып, шуақ шашып ойлы өңі,
Ұлы таудың үңгірінде Ұмай ана сөйледі:

«…От, ұшқында, От, ұшқында, Ошағына құт қонсын!
Бұдан былай өмір бойы көрмесінші жұптар сын!

От, ұшқында, От, ұшқында, Ажал көзін аласта,
Өмір-өлім бір жүректе түскен кез­де таласқа.

От, ұшқында, От, ұшқында, Мына әлемді тазала,
Қайғы менен қасіретке, жолықпасын азаға..

От, ұшқында, От, ұшқында, Өкіндірме, өкінбе,
Жас арудың жаны қалсын жұмыр жердің бетінде…»

Сұлу жүрек сезген шығар жан жылуын, жан әнін,
Кірпіктерін сәл қозғалт­ты, ашып бозғылт қабағын.

Қыз оянды, қыстан ке­йін гүлдегендей көктем кеп,
О, жарықтық, бар ғаламды мейіріммен көктеп өт.

Қыз оянды, Ұмай ана жүзін көріп, тамсанды,
Бірер сәтке ұмыт­ты ару азап пенен шаршауды.

IX
Адам ішін шарпып жалын, Жанарынан көрінер.
Сөзі елеусіз, өзі елеусіз, Оты жоқты «өлі» дер.

Қуат алып Күн нұрынан, Қағандар да көш бастап.
Ошағының маңайында, Қас дұшпан да достаспақ.

Өз отының әлін білмей, Империялар қираған.
Шуағы өшкен адамзат та, Есін әлі жимаған.

Ерен дәуір басталарда, Еркін сөйлер есті ұрпақ.
Өзек оты өрекпіген, Қара күшті састырмақ.

От-Ұмай да самал сырлы, Қамқор ана, дуалы.
Мынау кірлі дүниені, Отыменен жуады.

Күллі адамзат суық көзден, Суық сөзден жаураған.
О, құдірет, сөнбе мәңгі, О, шамшырақ, лаулаған!

X
Қыз оянған сәт­тен ке­йін құлпырды әлем, қара жер,
Алдарынан ашылғандай сүрлеу соқпақ, дара жол.
Уақыт сырғып өте берді, уыз аспан тамшы үзіп,
Қарашықтың тереңіне сыйып кеткен бар қызық.

Айсұлудың құрсағына ұрпақ дарып үлгілі,
Шақалақтың күлкісімен әуеледі гүл жыры.
Жаңбырдан соң кемпірқосақ құрған сынды көпірін,
Ыстық сезім баурап алды бақыт­ты Аю көңілін.

Жаңбырдан соң дүр-дүние қуат алар жұпардан,
Тынышталып тағдыр лебі, көкіректен мұң ауған.
Нәрестеден таза не бар, аппақ не бар, шынында?
Құбылмалы ғаламшарда, дидар-ғайып ғұмырда.

Ана сүтін қанып емген бала қандай бақыт­ты,
Ұмай жүзін ұйып көрген дала қандай бақыт­ты.
Кейде аңыз да ақиқат­тың тамырынан тарайды,
Шынайылық болса егер де айт­қан сөзде арайлы.

XI
Содан ке­йін,
Сол Алтайда Көк Түріктер көбейіп,
Жат­ты арманның, азат­тықтың шекарасы кеңейіп.

Бұл Түркіге Тәңір берген бір мінезді тым өткір,
Соққандығы сондай ғажап емін-еркін жүрек-дүр.

Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күрең мінсе, жарасты.
Түнгі шоқтай жер маздатып,
Түмен жүрсе, жарасты.

Ұйқы көрмей ұландары,
Ұйық сүйсе, жарасты.
Күлкі білмей, бас көтеріп,
Биік жүрсе, жарасты.

Тарам-тарам тағдырларын,
Ұлтқа қиса, жарасты.
Ақ ұлпадай сағынышы,
Бұлтқа сыйса, жарасты.

Күн күзетіп, түн күзетіп,
Көз жұмбаса, жарасты.
Күмбір-күмбір құйқылжыған,
Саз тыңдаса, жарасты.

Соқтықпалы сан тарапта,
Сатпаса елді, жарасты.
Сұм дұшпанның сұқ көзінен,
Сақтаса елді, жарасты.

Жарасады алтын киіп, алшаң басса Қағаны,
Түгел Түркі зәузатының алынбаған қамалы.

«Бұл не деген асқақтық», – деп тамсанады сонда әлем,
Киелі өлке күмбірі мен көкірегіне қонса әуен.

Тәңір, сірә, Түркі жұртын Алтай сынды өр қылып,
Әлмисақта жаратқан-ау,
Ары бостан жанды ұғып.

XII
Бауырында өр Алтайдың аңыз қалған деседі,
Қойнауында алқоңыр күй, ән із қалған деседі.
Батыр Аю Айсұлумен шат ғұмырды кешкен бір,
Ұмай ана тілегімен көңілінен өшкен кір.

Ең аяулы сәт иесі – ана екен ғой, ақ ана,
Теңіз-тағдыр теңселткенде қол бұлғайтын жағада.
Ең әдемі жүз иесі – ана екен ғой, көрікті,
Ақ батасын алар батыр бастағанда жорықты.

Ең үлпілдек қол иесі – ана екен ғой, маңдайдан,
Бір сипаса, жан жұмсарып, бала көңіл жантайған.
Сүйем мәңгі, әлди үнін, зәмзәм-сөзін ананың,
Көлден көріп тамсанамын жұлдыз жауған жанарын.

ПІКІРЛЕР7
Аноним 26.03.2024 | 17:00

Бәрекелді, бауырым!!!
Алтайдай киелінің айбарлы Рухы қолдасын!!!

Аноним 26.03.2024 | 17:17

Сұңғыла жырларын буырқанған Бұқтырмадан сүзіп алған сабазым-ай!

Аноним 28.03.2024 | 00:37

Алтай жайлы жырлар арынды, асау болып келуші еді. Бұл жырда Алтайды нәзік қырынан таныдық деуге болады. Ақынның байсалды болмысы бізге жаңа Алтайды ашты. Қаламыңыз ұштала берсін!!!

Аноним 28.03.2024 | 11:43

Ғажап, өнерің өрге жүзсін

Аноним 29.03.2024 | 16:36

Көк түріктер сарыны, бабалар рухымен жазылған толымды шығарма! Құтты болсын!

Аноним 30.03.2024 | 16:19

Толық қайталап оқып шықтым.Әр сөз өз орнын таба білген,оқиғасы адамды тартып отырады,ақынның көп ізденіп тарихты терең оқып барып жазғаны тайға таңба басқандай.
Тылсым сұлу табиғатты суреттеу оңай емес!
Қаламың ұштала берсін!

Аноним 30.03.2024 | 23:36

Парасатты поэма екен. Жастардың осындай тамырын тереңге салған түпсанамыздағы киелі тақырыптарға қалам тербегені қуантады. Біржан батыр болашақта да бұрқыратып жазатынына сенеміз. Потенциалы бар екен.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір