ТУЫНДЫ ЛАЙЫҚТЫ БАҒАСЫН АЛДЫ
16.09.2022
280
0

11 қыркүйекте Өскемен қаласындағы «Юбилейный» кинотеатрында қатонқарағайлық талантты ақын Ақтан Нұрбаевтың «Мұзтаудың көкке өрлеген мұзбалағы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Бұл шараға өскемендік қаламгерлер, журналистер, зиялы қауым өкілдері мен ақынның жақын туысқандары қатысты. Туындының тұсаукесерін жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев ашып, алғашқы сөз фильмнің авторы әрі режиссері Доқтырхан Тұрлыбекке берілді. Ол – Алтайдың сұлу табиғатымен үндесіп жататын сыршыл ақын Ақтан Нұрбаевтың шығармашылығына айрықша баға беріп, қаламгердің сегіз қырлы болып келетін өнеріне, үлкен кісілігі мен адамгершілігіне тоқталып, осының бәрі деректі фильмге арқау болғанын тілге тиек етті. Ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Әлібек Асқаров, шығысқазақстандық қаламгерлер: Әлібек Қаңтарбаев, Бақытжан Раисова, Жәнібек Қызыров және басқалар қатысқан деректі туындыда ақиық ақын Ақтан Нұрбаевтың жыр әлеміндегі өзіндік тың ізденістері, ақындық шеберлігі, қаламгердің жүріп өткен ғибратқа толы өмір жолы жан-жақты көрсетіліп, туындының құндылығын арттыра түсті. Жиналғандар деректі фильмді жылы қабылдап, лайықты бағасын берді.

Салтанат ӘБДІҒАЛИ,
Халықаралық «Түркі әлемі»
телестудиясының редакторы
Суретте солдан оңға қарай: ақын Ақтан Нұрбаевтың ұлы Ержан Нұрбаев және жазушылар Әлібек Қаңтарбаев, Доқтырхан Тұрлыбек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір