АШАРШЫЛЫҚтЫҢ АҚИҚАТЫН АШҚАН «АҚ БОЗ ҮЙ»
22 наурызда қазақтың көрнекті жазушысы Смағұл Елубайдың романының желісімен түсірілген «Ақ боз үй» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Бегарыс Елубаев режиссерлық еткен аталмыш фильм Түркияда өткен «Қорқыт Ата» кинофестивалінің басты жүлдесін иеленген. Кинокартинада басты кейіпкер – Пахреддин бидің рөлін С. Сейфуллин атындағы Қарағанды драма театрының әртісі Қайрат Кемалов сомдаса, бидің жұбайы – Сырғаны Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Күлжәмила Белжанова жоғары деңгейде сомдаған.
Фильм премьерасына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов және басқа да арнайы қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Белгілі жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» романы 1989 жылы жазылған болатын. Қазақ даласында өткен алапат жұтты алғашқылардың бірі болып көркем әдебиетте кестелеген жазушының туындысы туралы ертеректе «Сұрапыл Сұржекей» фильмі түсірілген еді. Белгісіз себептермен ол фильм экранда көрсетіліп, халыққа ұсынылмай қалған.
Бұл жолы жазушының ұлы, кинорежиссер Бегарыс Елубай «Ақ боз үй» романының соңғы бөлімін негіз етіп, толықметражды көркем фильм түсірді. Фильмді көрген зиялы қауым өкілдері қазақ тарихының ақтаңдақ мезетін айшықтаған фильмнің сюжетіне, актерлердің ойынына, картинаның көркемдік деңгейіне ризалықтарын білдірді. Оқырман назарына осы фильмді көрген қаламгерлердің пікірлерін ұсынып отырмыз.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
жазушы
Осылай өтті дүниеден…
Алматыда жазушы Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй» атты романы бойынша түсірілген «Ақ боз үй» көркем фильмінің таныстырылымы болды.
Айтатыны жоқ, фильмнің түсірілуі керім. Киноға романның соңғы тарауы ғана еніпті. Сөйте тұра, роман идеясын толық ақтап тұр. Бас кейіпкерлер 1989 жылы кітап болып шыққан «Ақ боз үйге» алдаусыратып жазған аңдатпадағыдай Хансұлу мен Шеге емес, дәл осы кинодағыдай Пахреддин мен Сырға болатын. Бұл екеуінің бас кейіпкер болуының өзі шартты. Бас кейіпкер – сталиндік саясаттың құрбаны болған қазақтар. Сол қасіретті тарихи шындық Пахреддин мен Сырғаның және ауыл қазақтарының бастан өткерген қасіретті оқиғаларымен, яғни қазақ ауылының үдере босып кетуімен (көшу емес) өріледі.
«Ақ боз үй» – тарихи шындықтың көркем бейнесі. Сондықтан осы фильм оқу бағдарламасына енгізіліп, сабақ ретінде мектепте жаппай көрсетілуі керек. «Тарих» және «Әдебиет» пәндерінің түйісер тұсы – осы.
Мен осы романды алғаш рет 30 мың данамен кітап боп шыққан 1989 жылы-ақ стипендияма сатып алып, оқыған едім. Одан бері де, міне, 34 жыл өтіпті. Сол кітап менде әлі сақтаулы. Айтайын дегенім, соңғы сөйлемінің жадымда жатталып қалғаны. «Құм басында қалған екеу осылай өтті дүниеден» деп аяқталады романда. Осы соңғы сөйлемде сол жылдардағы қасіреттің барлық мұңы, барлық зары сыйып тұр. Бұл жазушының шеберлігі. Бұдан мен жазушының образды жан-тәнімен сезініп, романды іштей егіліп отырып аяқтаған зарлы күйін көрем.
Егер сөйлем бұлай құрылмай, «Құм басында қалған екеу дүниеден осылай өтті» десе тым солғын, тым жұпыны, тым жадау болған болар еді. Фильм соңында құм басында жантәсілім болған Сырғаның жанына әбден сілелеген, көзіне аруақтар елестеген Пахреддиннің келіп жантайған кезін көргенде осы соңғы сөйлем тағы есіме түсті. Демек, тұтас роман емес, соңғы тараудың ғана киноға айналғаны – о бастағы мұраттың орындалғаны.
«Ақ боз үйдің» таспалануы – қазақ кино өнерінің зор табысы.
Басқа кез емес, дәл осы кезде экранға шығуы – Ресейдің бүгінгі Украинаға жасап жатқан озбырлығына оңдырмай соғылған соққы да.
Қазақта киноға сұранып тұрған, киноға айналмаса болмайтын талай нәрсе бар. Ол – қазақ жазушыларының кейбір кесек-кесек шығармалары. Ол – 125 жылдығы аталып өтіп жатқан Темірбек Жүргенов сынды тұлғалардың өмірі мен атқарған істері. Ол – батырлар жырлыры. Бұл енді басқа әңгіме.
«Ақ боз үй» оқиғасын қазақтын санасына сіңіру – автордың өмірлік мұраты, өмірлік арманы еді. Сол арман, сол мұрат орындалғандай.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын:
Әр қазақ көруге тиіс фильм
Көрнекті жазушы, айтулы қоғам қайраткері, нағыз ұлтшыл азамат Смағұл Елубай ағаның «Ақ боз үй» романы бойынша түсірілген тарихи көркем фильмінің таныстырылымы өтті. Алғашқы ашарлыққа – 100 жыл, жаппай жазалаған екінші ашаршылыққа – 90 жыл толуына орай қолдан жасалған қырғын, қанқұйлы жантүршігерлік жазалаудан жер бетінен жойылып кеткен 5 миллион қазақтың артына қойылған қасіретті «ескерткіш» жасалыпты.
Кино өте ауыр, еріксіз елден кетіп, үркіншілікке тап болған қазақтың көрген қорлығы, сүреңсіз жылдар суреттеледі. Ақ боз үйдің шаңырағы ортасына түседі. Ол – түңлігі түрусіз қалған қазақтың қалжыраған халы. Сай-сайда сүйегі шашылып, ит пен құсқа жем болған елдің тағдыры сайсүйегіңді сырқыратады. Сталин мен Голощекиннің геноциді ұйып отырған ұлттың туталақайын шығарады. Үріккен халық ең жақын шекараларға қарай жанталаса қашады. Біреулері – Қытай асады, біреулері – Ауғанстанға ауады. Бұл кинода Түрікмен құмында тіршіліктен түңіліп, тығырыққа тірелген Ахун ата мен Пахреддин бидің көші көз алдымыздан өтті. Өксіген өмір, өзекті өртеген дерт жүректі езіп, кеңсірігіңді ашытады.
Жазушы Смағұл Елубай ағаның қағаз бетінде бедерлеген ұлт қасіреті, аянышты нәубетті жылдар образға еніп, кино арқылы жанданып шығыпты.
Кино жаныңды тілгілесе де әр қазақ көру керек. Ол біздің ұлттың отаршыл өктем коммунистік жүйеден көрген қорлығы.
ПІКІРЛЕР2