ҒҰЛАМАЛАРДАН СЫР АШҚАН…
Ахметбек Кіршібай – қазақстандықтарға кеңінен таныла қоймаған ғалым. Үрімжіде жоғары оқу орындарында дәріс бере жүріп, ол әл-Фарабиден бастап, алаштың ұлы тұлғаларын, олардың ізбасарларын шетел архивтері негізінде зерттеді. Қажығұмар Шабданұлы, Таңжарық Жолдыұлынан күні бүгінге дейінгі қытай еліндегі қазақ қаламгерлерінің көркем шығармалары мен ғұмырын терең зерделеу барысында бірнеше монографиялар мен оқулықтар жазып, ұлтшылдық қамытын да киген. Оқу орнының филология факультеті жанынан қазақ бөлімін ашып, ұлт намысын қорғау жолында қуғынға түсіп, жер аударылған. Кезінде академик Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішевтердің қолдау-шақыртуымен әл-Фараби атындағы Ұлттық университетте бірнеше жыл дәріс оқыған. Торқалы тоқсан жасқа толып отырған ғалымның еңбегін кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен мерейтойлық материалды жариялап отырмыз.
Ахметбек Кіршібайдың аты-жөні маған сонау студент кезімнен таныс. Өйткені мен 1983 жылы Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институты (қазіргі Іле пед. университеті) әдебиет факультетінің толық курсында оқып жүргенімде А.Кіршібай жазған «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер» (екі кітап) мен «Әдебиет теориясы» біздің курстың негізгі оқулығы болды. Биыл сәуір айының басында мен әдебиеттанушы ғалымның Алматыдағы отбасына арнайы іздеп барып, аз-кем әңгімелесіп, өмірі мен шығармашылығы туралы біраз қанығып қайтқаным бар.
А.Кіршібай – Үрімжідегі ең жоғары оқу орны – Шынжаң университетінің филология факультеті қазіргі және осы заман әдебиеті кафедрасының меңгерушісі міндетін ұзақ жылдар бойы абыроймен атқарған ұлағатты ұстаз. Қытайдағы қазақтар арасынан шыққан тұңғыш профессор, Қытай әдебиетін зерттеу бағыты бойынша көптеген аспиранттарға ғылыми жетекші болған.
А.Кіршібай мектеп табалдырығын аттағаннан зерделілігімен мұғалімдерінің назарына ілігеді. Мектеп бітіруші оқушылар арасынан Тарбағатай аймақтық оқу-ағарту мекемесі мен мектеп басшылығы келісе отырып, Ахметбекті мектептің өзіне оқытушылыққа алып қалады. Қызметке араласқаннан кейін бүршегелдігін аңғарып, жас мұғалімді аймақтық оқу-ағарту мекемесі мен мектеп басшылығы 1952 жылы Шынжаң өлкелік партия бюро мектебіне бір жылдық білімін жетілдіруге жібереді. Ол 1953 жылдан 1956 жылға дейін Шәуешек толық орта мектебіне «Шетел әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Қытай таяу заманғы әдебиеті» қатарлы үш бірдей сабақтан дәріс өтеді. А.Кіршібай толық орта мектепте оқып жүрген кезінде-ақ, Қытайдағы және Қазақстандағы ақын-жазушылардың шығармаларынан тыс, әлем әдебиетінің алыптары Сервентестің «Дон Кихотын», Шекспирдің «Гамлеті» мен «Отеллосын», Жюль Верннің «Су асты саяхатын» оқып, Пушкин, Лермонтов, Гоголь, Байрон, Крылов еңбектерімен таныса бастаған. Ол оқи жүріп, жазу өнеріне құлшыныс танытады.
1959 жылы Шынжаң педагогика институтының жаңаша құрылуына байланысты Ахметбек Кіршібайға университеттің әдебиет факультетінде ұйғыр тілінде сабақ өтуге тура келді. «Білім – инемен құдық қазғандай» дегендей, ол машақатты білім жолындағы ізденісін тереңдетті. Алдымен ұйғыр тіл-жазуының заңдылығын зерттеді. Тілді көркемдеу амалдарын ұлттық ерекшелікке қарай талдап, мұқият игерді. ұйғыр тілінде сабақ беріп, ұйғыр тілінде оқулық құрастырып, ғылыми мақалалар жариялады.
Дәл осы тұста Қытайда «Мәдениет төңкерісі» деген он жылдық аласапыран басталып, оның ызғары зиялылардан айналып өтпеді. Керісінше, оларға шүйлікті, біразын қармағына іліктірді, «Әдебиетті шектелген аймаққа» айналдырды. Дегенмен, оның да қаһары Қытайдың классик жазушысы Лу Шүнге бата алмайды. Осы тұста А.Кіршібай студенттерге Лу Шүн шығармашылығы туралы сабақ беруге бекінеді. Ол Лу Шүннің идеологиясын, жазушылыққа ойысудағы түпкі мақсатын, оның туындыларының қоғамдық, эстетикалық ерекшеліктерін, әрі ол туралы әлемдік деңгейдегі зерттеулерді күндіз-түні іздене жүріп, меңгеруге ден қояды. 1981 жылы Ухан қаласында ашылған бүкіл мемлекеттік Лу Шүнтану курсынан жарты жылға жуық сабақ тыңдап, жиған-терген білімінің нәтижесінде Лу Шүн ғылыми зерттеу кеңесіне қатысып, классик жазушы туралы бірнеше ғылыми зерттеу мақалаларын жариялайды.
Ол өзінің ұзақ жылдық оқытушылық өмірінде мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, қоғамға өз үлесін қосты. Жоғары оқу орындарына арналған «Әдебиет теориясы», «Қытайдың қазіргі заманғы әдебиет тарихы», «Жазушылық», «Қазақ Совет әдебиеті», «Тіл білімі» қатарлы бірқанша монографиялар жазды. Ол ізбасар аспиранттар, докторанттар тәрбиелей жүріп, оларға «Осы заман қазақ поэзиясының тілі», «Абайтану», «Қазақ әдебиет тарихының қысқаша тарихы» қатарлы аса құнды ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды. Сол зерттеулерден дәріс оқу барысында шәкірттерін білім биігіне жетеледі. Оның баулыған шәкірттері бүгінгі күні қоғамның әр саласында жемісті еңбек етеді.
Ғалым 1979 жылы арнайы ұсыныс бойынша Бейжің Орталық ұлттар университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті курсына «Қазақ әдебиеті тарихынан» дәріс оқиды. Талмай зерттеу, іздену арқасында қазақтың бас ақыны Абайдан бергі таяу заман, осы заман поэзия өкілдері қақында зерттеу еңбегін жазып, оны «Қазақ әдебиет тарихынан таңдамалы деректер» деген атпен баспадан шығарды.
1982 жылы Іле педагогика институтына, Шынжаң оқу-ағарту институтына «Қазақ әдебиетінің тарихы» сабағын өтті. Міне, бұлар – Қытайдағы қазақ студенттеріне қазақ әдебиеті тарихынан тұңғыш берілген мағлұматтар еді. А.Кіршібай – Қытай еліне танылған майталман педагог қана емес, сонымен бірге танымал сыншы әрі зерттеуші ғалым.
А.Кіршібайдың 1957 жылы жазып, жариялаған «Қазақ ауыз әдебиеті және оның реал маңызы», «Тип және типтік кейіпкердің қазақ прозасындағы бейнелері» атты ғылыми мақалалары 1983 жылы Қытайдағы аз санды ұлттардың 30 жылдан бергі әдеби шығармаларын салыстырып бағалауда ШҰАР бойынша екінші дәрежелі жүлдеге ие болды. «Қарлығаш» романы және оның бас кейіпкерлері» (1985 ж.), «Қазіргі заман қазақ прозасындағы кесек туындылар» (1986 ж.), «Азаттық аясындағы қазақ әдебиетінің өркені жөніндегі ойлар» (1981 ж.), «Реал мазмұн, шебер құрылым, поэтик тіл – қазақ эпосындағы көркемдіктің көзі» (1985 ж.), «Әбу Насыр әл-Фараби және оның жасампаздық жолы» (1986 ж.), «Қазақ жазба әдебиетінің тезистері»(1994 ж.) арт-артынан жарық көрген. «Орта ғасырдағы үш ақын», «Әлемдік әдебиет тарихындағы өшпес есім, өлмес еңбек», «Абайдың өмірі мен шығармалары» (1995 ж.), «Әсет жасампаздығының бір биік шыңы – ақындар айтысында», «Алтын орда» дәуірінің ақыны Ахмет Хорезмидің асыл қазынасы «Махаббатнама» қатарлы қыруар зерттеу, сын мақалаларын жазған және баспасөзде жариялаған. Ең бастысы мұнда А.Кіршібай «Махаббатнаманың» жазылып, жарыққа шығуы барысында мәлім болған деректер негізінде Ахмет Хорезмидің шығармашылық жетістігін айғақтайды. «Орта ғасырдағы үш ақын» атты мақаласында үш үлкен ақын – Ахмет Жүгнеки, Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғанилардың шығармалары туралы кең тынысты зерттеу жасаған.
Ал ғалым А.Кіршібайдың Х-ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен үш ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқарилар туралы жазған «Х-ХІІ ғасырда ғұмыр кешкен үш ғұлама ғалым» атты зерттеуі «Шынжаң университеті ғылыми журналының» үш нөмірінде жарық көреді (№2, 2012 ж. №1,2013 ж. №2, 2013 ж.). Бұл мақалада автор үш ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылықтарына жан-жақтылы тоқталып, ғылыми философиялық мұраларға уақыт сұранысына сай танымдық, тағылымдық баға береді.
Сонымен бірге, А.Кіршібай Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөнінде монографиялық еңбектер жазып, Қазақ әдебиетін Қытай әдебиеті тарихына кіріктіреді. Айталық, «Қазақ әдебиет тарихынан таңдамалы үлгілер» атты екі томдық кітабы 1985 жылы Шынжаң университеті баспасынан басылып шықты. «1917 жылдан Қытай азаттығына дейінгі қазіргі заман қазақ әдебиетінің жайы» атты кітабы 1987 жылы Іле халық баспасынан, «Қазақ әдебиет тарихынан очерктер» атты көп томдығының 1-кітабы 1988 жылы Шынжаң жастар-өрендер баспасынан басылып шығады. 1987 жылы Шынжаң халық баспасынан «Әдебиет назариясы» («Әдебиет теориясы») атты кітабы жарық көрді. Бұл кітаптарда қазақтың ауыз әдебиетін, ерте заман қазақ әдебиеті мен қазіргі заман қазақ әдебиетін зерделей зерттелген. Ғалым 1988 жылы жарияланған орта мектеп әдебиет оқулығының таяу заман бөлімі мен ерте заман бөлімін және «Қытай аз санды ұлттарының осы заман әдебиеті» атты қытай тіліндегі кітаптың қазақ әдебиеті бөлімін жазған. Кітап 1989 жылы Гуаңши халық баспасынан жарық көрді. Сонымен қатар Қытай мемлекетінің біртұтас жобасына сай «Қытай қазақ әдебиет тарихының» екінші томын жазған. Бұл кітап 1998 жылы Шынжаң халық баспасынан шықты. Ахметбек Кіршібай ілгерінді-кейінді 70-тен аса ғылыми мақала, жиырмаға жуық монография мен оқулық жазған. Бұл монографиялар Шыңжаңдағы жоғары оқу орындарының оқулықтарына айналған.
А.Кіршібайдың ерекше айтарлық еңбегі «Қытай қазақ әдебиеті тарихының» 2-томы. Тұңғыш рет жазылған бұл кітапта ерте заманнан бергі жазба әдебиеттің пайда болуы, даму барысы, қазақтың ұлттық тарихы, қазақ мәдениетінің тарихы және ежелгі дәуірдегі түркітілдес ұлт, ұлыс, ру-тайпалар тарихының жүлгесі негізінде нақты дерек, дәйектермен жүйелене нанымды түйінделген. Қазақ хандығы дәуіріне дейінгі әдебиет тарихы жөніндегі қым-қуыт күрделі мәселелер де нақты зерттелген. Мәселен, осы дәуірдегі әдебиет тарихындағы мұраларды таныстырғанда оның қазаққа қатысты жақтарына баса назар аударылған. Ежелгі түркі тілдес ұлт, тайпаларға қатысты бөлімінде ұлт әдебиеті, ұлт тарихы нақтыланған. Кітапта VI ғасырдан IX ғасырға дейінгі дәуірдегі Орхон-Енисей құлпытас жазбаларының табылуы, зерттелуі, ондағы бас кейіпкер Күлтегін образы, шығарманың көркемдігі егжей-тегжейлі пайымдалған. Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі жырлардың қазақ эпостары «Қобыланды», «Алпамыс» жырларымен сарындас, сабақтас екенін жанды мысалдармен дәлелдеген және VI–IX ғасырда дүниеге келген кесек туынды «Қорқыт ата кітабы» мен «Оғызнама» дастанын түркі ұлттарының шаруашылық мәдениетімен тығыз байланыстыра ұштастырған. Әрі VII, VIII ғасырларда Сырдария бойын мекен еткен Оғыз-Қыпшақтар арасында Қорқыт ата жайында тараған аңыз-жырлардың түркітілдес халықтардың ғұрып-әдетін, тұрмыс-салтын, ақындық дәстүрін танытатын тарихи мәдениет үлгісі екені анық көрсетілген. Қорқыт ата кітабындағы тоғыспалы дастандардың қазақ дастандарымен сабақтастығы расталып, оның қазақ дастандарымен ұқсастығын салыстыра келіп, ондағы жырлар – қазақ дастандарының төркіні деген тұжырым жасаған. Әрі қазақтың ерте заманғы жазба әдебиетінің даму барысының дәуірлеуі де дұрыс жүйеленген. VI–IX ғасырға дейінгі әдебиетті бір кезеңге жатқызған. Х ғасырдан ХІІ ғасыр әдебиетін Қарахандылар дәуіріндегі әдебиет деп атап, ХІІІ ғасырдан XV ғасырға дейінгі дәуірді Алтын Орда дәуіріне тән деп нақтылауы тарихи шындыққа үйлесімді, тіпті көкейге қонымды дәйектеме.
А.Кіршібаев Қытай Жазушылар одағының, Шынжаң Жазушылар одағының және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Әлімжан ӘШІМҰЛЫ