Сөз-киені тәу еткен…
13.09.2022
1638
0

Туған халқына адал қызмет етіп, ұлт руханиятына лайықты олжа салған дарынды ақын, қарымды қаламгер, қайраткер-азамат Кәдірбек Құныпияұлының есім-сойы алты Алашқа кеңінен танымал. Жеке жыр жинақтары, публицистикалық еңбектері, аудармалары, жалпы оншақты кітабы оқырман қолында жүр. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бірнеше республикалық және облыстық ресми басылымдардың тізгінін ұстап, жас Отанымыздағы азат саналы тәуелсіз БАҚ-ты қалыптастыру жолында аянбай тер төккені бөлек әңгіменің арқауы.

Ақын поэзиясының алтын қазығы

Қазір жұрт «Кәдірбек» десең, «Сегізбаев па, Құныпияұлы ма?» – дейтін болды. Туған халқы есімін тұмар тұтып, жүрек төріне қондырып жатса, дарыны мен қарымын, елге еткен ерен еңбегі мен шыққан биігін тұтас ел-жұрты, туған өлкесі, рухани қауымдастық пен мемлекет басшысына дейін бағалап, төбесіне көтеріп жатса, қаламгер үшін одан артық қандай бақыт керек?! Бүгінге дейін Кәдірбек ақын ретінде, журналист ретінде, қайраткер-азамат ретінде қанша марапатты қанжығасына байлаған болса, соның бәрі сөз жоқ, туған халқының «сүйер ұлына» берген бағасы, азат Отанының азамат-оғланына көрсеткен құрметі екені айдан анық. Атам қазақ жиендерінен мықты шықса, «жігіттің мықты болмағы нағашыдан», «нағашысына тартқан» деп өздеріне меншіктей сөйлемеуші ме еді?! Бүгінде «Кәден нағашысына тартқан» деп Кәдірбекпен біз де мақтанамыз… Бұл енді қазақы әзіл… Ал негізінде, Кәдірбектің өз жұрты да, өз аталары да осалдан емес еді. Солардың бірі – һәм бірегейі, Кәдірбектің тікелей аталарының бірі алты Алашқа аты мәшһүр Әлмерек абыз болса, тағы бір атасы – Жетісу күйшілік мектебінің негізін салушы, қазақтың дәулескер күйшісі, жаужүрек батыр Қожеке Назарұлы (1828-1885) және әйгілі Албан көтерілісінің көсемі Ұзақ Саурықұлы. Кәдірбек ақынның бойы­нан бір Әлмерек бабасынан дарыған сөз киесін де, Қожеке, Ұзақ аталарынан дарыған ерлік пен әділетшіл мінезді де қатар байқаймыз. Бір өлеңінде ақын:

 

 

 

 

Оңалмай бір күйі елдің,
Тап болғанда қиын күн:
Сен иеңе сүйендің,
Мен киеме сыйындым.

Табысыңды еселеп,
Алдамшы бақ орнады.
Иең сені жетелеп,
Мені кием қолдады.

Келешекке керек кім?
Түпкі ойыңды жасырдың.
Киеге мен тәу еттім,
Иеңе сен бас ұрдың («Кие мен Ие»), – деп ақын сөз-киенің құдіретіне тәу етеді.
Жалпы Кәдірбектің ақындық дарыны мен азаматтық болмысына айқын көз жеткізу үшін оның жырларына назар аударып көрейік. Өйткені шынайы шығармашылық адамының сөзі – өзі. Өзі – сөзі!
Кәдірбектің ақындық дарынынан туындаған азаматтық ой, отаншылдық рух тұнып тұрған лирикалық жырларында халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған азаттығына жетіп жатқан жылдардағы жаңғырған санасының мәнер-бедері кестелі жыр тілімен айрықша дараланады. Бұл – бағзыдағы ақын-жыраулар поэзиясының ғасырлар бойы сақталып, ой түбінде тұнып, жалғасып келе жатқан халықты рухтандырушы-қуат­тандырушы қайраткерлік ықпалының тек Кәдірбектей шынайы дарынға ғана берілетін қасиетінің бір көрінісі.
Кәдірбек Құныпияұлының азаматтық парасатты ой, отаншыл өр рух сарынымен өрілген өлеңдеріндегі түптұлғалық лирикалық қаһарманның қайсар, күрескер халық тұлғасын көркем шындықпен жинақтап жырлауынан ұрпақтар санасын серпілту, жігерлендіру ұстанымын айқын аңғарамыз.
Ақынның көптеген өлеңдеріндегі азаматтық-отаншылдық сарын, өршіл ұлттық рух лирикалық қаһарманның тебіреністері, толғаныстары арқылы Отанын, туған топырағын, атақонысын, туған жердің өзендерін, көлдерін, тауларын, ормандарын, қырқа-жондарын елжірей сүйген перзенттік көңіл күйі­мен бірге, елінің ертеңіне деген алаң көңілі төгіле жырланған. Кәдірбек поэзиясындағы лирикалық қаһарман – сан ғасырлық белестерден өткен Ұлы даланың бүгінгі күні азат Қазақстан болып Тәуелсіздік тұғырына қонып отырғанын ақыл-ой сарабынан өткізе сезінген, сүйінген жаңа буын ұрпақтардың көркем жинақталған тұлғасы. Ақын өлеңдерінің композициясында туған халқының бағзыдан бүгінге дейін әлемге аян болған даңқты тарихы, даналық пен батырлық қасиеттері тұтасып жатқан ежелгі ата-бабалардың қазіргі, болашақтағы ұрпақтарға мәңгі өнеге болған (болар) көрнекті тұлғалар (Үйсін, Домалақ ана, Құрман, Әлмерек, Райымбек, Ұзақ батыр, Сүйінбай, Жамбыл, Тоқтағұл, Нұрғиса Тілендиев, Кеңес Нұрпейісов, т.б.), қасиетті атақоныс, туған жер (Қазақстан, Астана, Алматы, Жетісу, Іле, Үйсін тау, Хантәңірі, Қазығұрт, Кеген, Қайқы, Ыстықкөл, Найзақара, Ұзынағаш, Қызылағаш, Сарыағаш, Өгем, Тасбұлақ, Талды, т.б.) тақырыбы өрелі идеялық-эстетикалық таным-пайыммен жырланады.
Кәдірбек поэзиясында ауыл, туған жер тақырыбы да аққудың мөлдіріндей үлбіреген пәк сезіммен барынша мол жырланған. Негізінде Отанға деген ұлы махаббат – туған жерге деген сүйіспеншіліктен, қимастық сезімнен бастау алады. Ақын үшін қазақ даласының қай түкпірі де – құбыладай құнды, қағбадай қасиетті. Қысқасы, қазақ даласының бар өңірі, атақоныс, туған жер – ақын жырларының алтын желісі. Романтизм мен реализмді шебер қабыстыра білген ақын шалқыған, көл-көсір ақындық сезім мен сан алуан көркемдік тәсілдер тұтастығында туған жердің қасиетін, оған деген шексіз махаббатын эстетикалық биік талғаммен жыр етеді. Мысалы, ақынның төрт шумақтан тұратын «Найзақара» деген өлеңін бұзбай-шашпай оқып көрейікші:

Шыңы шырай бермесе, тау бола ма,
Дәл өзіңдей биік бар қай қалада?
Тымық түнде төсіне Ай қонақтар,
Алматының айбары – Найзақара!

Жалындамай қалғанда от – өлеңім,
Кеудеңдегі көк бұлттай жөтелемін.
Салым суға кеткенде, Найзақара,
Саған қарап еңсемді көтеремін.

Пендең болса, өзіңді ескермеген,
«Есіңді жи, жүйкеңді тексер!» – дер ем.
Қайда қара таулардың керуенінде,
Найзақара қасқайып төске өрлеген!..

Алатауым, айбарлы қартым білем,
Аласадан айырам парқыңды мен.
Найзадайын шаншылған Найзақара,
Осы тұрған сүйемін қалпыңды мен!
Өлеңде лирикалық қаһарманның өмір өткелдерінде сәл пәсейіп қалған кездерінде («Жалындамай қалғанда от – өлеңім, Кеудеңдегі көк бұлттай жөтелемін. Салым суға кеткенде, Найзақара, Саған қарап еңсемді көтеремін») Найзақара шыңына қарап еңсе көтеруі – адам баласының жеркіндіктес екендігімен қоса, азамат-ердің туған жерден алар қуатының күш-құдіретін айшықтап тұрғаны анық.

Ұлттық
дәстүрден
дара соқпағын іздеп…

Қазақ тарихындағы ұлағатты тұлғалардың ерлік өнегесі мен парасатты пайымдарының бәрі де – ақын поэзиясының алтын қазығы, һәм өнеге-өрнегі. Кәдірбек ақын өлеңдеріндегі тарихи тұлғалардың көркем тіл кестесімен, айрықша эстетикалық қуатпен ғана емес, асқақ азаматтық пафоспен жырлануынан лирикалық мен арқылы ата-бабаларымыздың ұлағатын ұлықтауын аңғару қиын емес.
Иә, қазақ тарихындағы ақылман абыздар мен жаужүрек қаһармандар, данагөй жыраулар мен билер, қайраткер-зиялы ақын-жазушылар – біздің ұлттық рухани қазынамыз. Қазақ халқының тағдыры сынға түскен қиын кезеңдердегі елді береке-бірлікке шақырған, басқыншылар мен отаршылардың озбырлықтарын әшкерелеген, зорлықшылдарды тәубесіне келтіріп отырған жыраулардың, ақылман абыз-билердің киесін, ұлағатты істерін қай кезде де өскелең ұрпаққа өрнекті оқулық ретінде ұсына білу – қаламгердің қарыз ісі де, парыз ісі де болуға тиіс. Бұның өзі түптеп келгенде тарихи тұлғалар үшін түкке де керек емес, керісінше, мына бізің немесе келешек ұрпақтың «қайда да, қашан да айының оңынан тууы» үшін керек. Кәдірбек ақынның «Әлмерек» атты өлеңіндегі көркемдік өрнектермен кестелене, өріле жырланған абыз әрі қайраткер Әлмерек абыздың көркем бейнесі – оқыған жанның бойын шымырлатып, санасын оятып, жігерін жанитын эстетикалық қуатымен ерекшеленеді:

«…Тосыннан қиналғанда әл беред деп…
Батасын алушы еді ел медеттеп!
Ұран ғып есіміңді алды ұрпағың,
Аттандап жауға шапса: «Әлмерек!» – деп.

Өзіңнің айбарыңмен биік арым,
Киеңнен сый ұғамын, күй ұғамын.
Сәттерде топқа түскен бетім сыйпап,
«Уа, Әруақ!» – деп өзіңе сыйынамын!

Тылсымды тарихыңа таң қалайын,
Оңымнан тусыншы деп қайда да айым…
Тар жолда қаншама рет сыйындым мен,
Әлмерек, әруағыңнан айналайын!»
Қазақ поэзиясына өзіндік үнімен, өзіндік өрнегімен келген Кәдірбек ақын жоқ жерден «Америка ашам» деп аласұрмайды. Сан тарау, сан ағымның артынан салпақтамайды. Керісінше қалыптасқан ұлттық дәстүрден өзінің дара соқпағын іздейді. Әрі ол – еліктеп-солықтап көп жүрмей, өз соқпағын ерте тауып алған ақын. Жалпы Кәдірбек жырларын оқып отырғанда оның Асан Қайғы, Бұқар, Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Жұмекен, Мұқағали, Төлегендер салған ұлы дәстүрмен, ұлттық сарындармен үндес, алайда өз өрнегі бар ойшыл ақын екені айқын аңғарылады. Ақынның философиялық-ойшылдық сарындағы өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман атынан айтылатын поэтикалық мағыналы өрілімдерінен ақынның ғарыштық-ғаламдық кеңістіктегі озық ақыл-ой иелерінде ғана болатын дүниетанымның тереңдігі мен кемелдігін сезінеміз.
Ақын жырларындағы пәлсапалық сарындар және көркемдік шешімдер арқылы оқырман фәни мен бақи дүние арасындағы мың сан сырмен қоса, екі дүние арасындағы адамзат тірлігінің қарама-қайшылықтары мен бірлігін, адам баласы жандүниесінің күрделі болмысын тани түседі. Сонымен бірге ақынның пәлсапалық сарындағы өлеңдерінде мәңгілік ұлы қозғалыстағы ғарыштық-ғаламдық тіршілік әлеміндегі құдіретті күштер, ие, кие, бірінің орнына бірі келіп жататын ұрпақтар жалғастығы, фәни мен бақи дүние жалғасуындағы ақ пен қараның, күн мен түннің, махаббат пен ғадауаттың, ыстық пен суықтың, жақсы мен жаманның шарпысуы мен мәңгілігі, өмірдің өткіншілігі айшықты тіл кестесімен беріліп отырады:

«Нақтылыққа айналмайды тәтті елес,
Тіршілікте сорың да егес, бақ та егес…
Кешкен тірлік – Күн мен түндей ауысар,
Өмір саған жақын да емес,
Жат та емес» («Өмір»)

«Алқара көкте жұлдыздар күлсе жамырай,
Жасырар жүзін бұлттарға
бүркеп момын ай.
Біреу қияда, біреу ұяда арбасып,
Күн менен түндей алмасып жатқан
Өмір-ай!» («Қайшылық»)

«Зарын айтып запыран заманына,
Мұң шағады ақындар қаламына.
Ұят жылжып барады етек жаққа,
Ұятсыздық өрмелеп жоғарыға.
Бұдан асқан қасірет болады ма,
Тығылады бір өксік тамағыңа.
Адам құлап барады төмен қарай,
Надан самғап барады жоғарыға» («Бағыт»)
Бұл рәуіштегі мысалдарды әрі қарай да тізбелей беруге болады. «Теңіздің дәмін тамшысынан білетін» оқырман үшін мәселе мысалдың аз-көптігінде болмаса керек. Көріп отырғанымыздай, ақынның пәлсапалық лирикаларына – фәни тіршілік жүйесіндегі адамдар мен олардың арасындағы қарым-қатынастың қыр-сыры, пайым-түсінігі арқау болған. Адамдардың тіршілік-қарекеті, өмір қозғалыстары кезіндегі ындын-пейілін көркем бейнелеулермен байыптаған ақын өз оқырмандарына өткінші фәнидің ащы шындығын мойын­дауды ұсынады.
Кәдірбек Құныпияұлы шығармашылығынан мол орын иеленген тақырыптың бірі – табиғат лирикалары. Ақынның жаратылыс құбылыстарын, табиғат көріністерін, жыл мезгілдері, сондай-ақ табиғат құбылыстарының адамдар психологиясымен үндескен сипаттарын психологиялық егіздеулермен, поэтикалық кейіптеулермен суреттей жырлауы – ақынның биік талғамы мен шынайы шеберлігінен дерек береді. Мысалы, ақын «Ыстық көл», «Көктем көшті…», «Жаялықтай сарғайған соң жасыл бел…», «Кеген бе екен мына су…», «Желтоқсанның жаңбыры», «Алматым», «Алматының ақ көктемі», «Ақырындап еруін қар бастайды», «Наурыздың жаңбыры», «Наурыз. Ызғырық», «Қараңғылық зорайды түн еленіп», «Ақпан. Түн. Қар», «Түн. Бақ», «Кемпіршуақ», «Қараша» секілді жүздеген жырларында табиғат суреттерін кестелі тілмен майлы бояулы картинадай мөлдіретіп берумен бірге, табиғат құбылысына өз көңіл күйін өбістіре-қабыстыра бейнелейді. Басқаша айтқанда, әр өлеңде адам жаны мен табиғат дүниесінің астасып, үндесіп жатуы – ақын өлеңдерінің эстетикалық қуатын еселеп арттыра түскен. Мәселен, «Толқын боп жағалауды ұрады арман, Мөлдір су арылтқандай күнәлардан» («Ыстықкөл»), «Сарнатады сары-ала күз бір күйді, Көңілімнің бос қуысын үңгиді» («Жаялықтай сарғайған соң жасыл бел…»), «Ақ тамшыға мүлгіп тұр жуынып тал, теріскейді ықтайды бұғынып қар» («Наурыздың жаңбыры»), «Бастап келіп осында мұңлы бір із, көкіректі күй тербер күмбір уыз» («Тасбұлағым»), т.с.с. жыр тармақтарынан тек қана табиғаттың жалаң кейпін, құр суретін ғана емес, лирикалық меннің сол құбылыспен астасып жатқан көңіл күйін көреміз.

«Ақ тақырға ат ойната алмадым…»

Кәдірбек – қазақтың классикалық поэзия дәстүрінің қазіргі заманғы сыншыл, сыршыл өкілі. Оның қазақтың сөз өнері тарихындағы зар замандық сыншыл-сыршыл әрі мұңды-шерлі, налысты-элегиялық жырлар дәстүрінің сарындарына үндес жазылған өлеңдері де аз емес. Ақынның осы сарындағы өлеңдерінен бағзыдағы жыраулар, арғы-бергідегі ақындар дәстүрінің көркемдік жалғастығын сезінеміз. Қазақ ұлтының өзіндік мінез-құлқындағы кемшіліктерді сынау – отаншылдық-қайраткерлік, тәлімгерлік-ұстаздық ұстаным. Кәдірбектің зар заман сарынды өлеңдерінде бүгінгі қазақ қоғамындағы әділетсіздік, түрлі келеңсіздік, халықтың рухани азып-тозуы үлкен толғаныспен, кейде тіпті түңіліспен сөз болады. Әрине бұл тақырыптағы өлеңдерін де ақын жалаң ұранға, айғай-аттанға бой алдырмай, айтар ойын шебер тіл кестесімен әдіптеп, өлеңнің эстетикалық қуа­тын одан сайын арттыра түседі. Кәдірбектің ақындық тұлғалық тұғырнамасы – өз замандасы атынан өмір сүріп отырған кезеңді сынау деп есептесек, осы мақсаттың өзі жаңаша үлгімен жырланған өлеңдердің көркемдік қуатымен нысанасына дөп тиіп отыратынын байқаймыз:

«Жападан жалғыз жүрмін мен,
Жалғаннан таппай жанға ырзық.
Жартыкеш өмір сүргізген,
Қайтейін сені, жалғыздық» («Жалғыздық»)

«Бақыт деген көрсетпейді сұлбасын,
Бұл да бәлкім, тәлейсіз боп туғасын.
Ақ тақырға ат ойната алмадым,
Қақпақылда жүргеннен соң бір басым» («Мен»)

«Қаламымды қолыма алдым өбектеп,
Серт күніме, дерт күніме керек деп.
Қалт-құлт еткен тірлігімді, келеді –
Ақ қағаз бен қара қалам демеп тек…» («Қалам»)
Кәдірбек ақынның бұл сарындағы өлеңдерін әрісі Албан Асанның, берісі хакім Абайдың сыншыл-сыршыл ұстанымының ХХІ ғасырдағы жалғасы деп қабылдасақ, еш қателеспейміз.
Ақынның махаббат тақырыбын құрайтын өлеңдерінде лирикалық қаһарманның ғашықтық сезім толғаныстары мен Адам ата – Хауа анадан бермен қарай жалғасып келе жатқан іңкәр сезім әлемінің қыр-сыры қамтылған. Жер бетінде еркек затының әйел жынысына деген табиғи құштарлығын, құмарлығын, мәңгі ынтығып, сағынып, аңсап жүретін ғашықтық жан ділін жырламаған ақын жоқ шығар, сірә?! Олай болса, Кәдірбек Құныпияұлының ер-азамат ретінде де, ақын ретінде бұл тақырыпты айналып өтуі мүмкін емес. «Айналып өткенді» былай қойып, Кәдірбек ақынның бұл тараптағы ізденісі өз алдына бөлек әңгімеге арқау боларлық. Мысалы, «Менің ғажап түстерімнің қонағы», «Ақпанның 29-ы», «Түн. Бақ», «Құшағыма құлар ма едің?», «Тина», «Мен сені көрмегелі жылдар өтті», «Тұла бойың тұнған шырай», «Сені іздеймін», т.б. махаббат лирикасына кіретін өлендерінде қыз бен жігіт (ер мен әйел) арасындағы нәзік те іңкәр сезім, қазақ әдебиеті ғана емес, күллі әлем әдебиетіндегі үзіліссіз жырланып келе жатқан классикалық дәстүрлі сарындар қазіргі қазақ ұғымына, бүгінгі күн талабына лайық­ты өрнекпен жаңаша бедерленеді.
Психологиялық астарға толы жырларында ақын қарнының ашқанына жыламайды, қадірінің қашқанына налиды. Оның көңілін құлазытатын, жанын жаралайтын әсте жеке бас пайдасы емес. Атап айтқанда, ақынның психологиялық, көңіл күй толғаныстарының өзегі – қарын қамының алға озып, жұрттың жаппай рухани кембағалға айналып бара жатқаны.
«Таба боп жүрміз дұшпанға
Қайтеміз босқа ақталып:
Өлең жоқ – Қазақстанда,
Поэзиясыз – патшалық.

Құны жоқ мүлде адамның,
Кедейін байы илейді!
Әкімі шартық қоғамның,

Ақыны арба сүйрейді.
Көз жасы көлдей боп тұрды,
Халықтың жаны тітіреп –
Алтыннан сарай соқтырды,
Алпауыт анау үкімет.

Билікке бүгін көркеуде,
Өлеңнен қымбат боқ-бұйым.
Абылайды шеттеткендерге
Бұқардың құны көк тиын!»
Ақын кешегі хандары аузына қараған «жыраулардың (Бұқар) құнын көк тиын қылған заманға», «Өлеңді тәрк етіп, ақынға арба сүйреткен қоғамға» неге налиды?! Бұл арадағы өлең, ол – шартты ұғым. Яғни өлең, ол – руханият. Ол – сұлулық. Ол – ұлттың асыл арманы. Ол – тұнып тұрған парасат! «Ұлы поэзия – ұлттың ең асыл қазынасы» депті ұлы Бетховен. Ал ежелгі Римнің ұлы ойшыл ақыны Овид (Публиус Овидиус Насо): «Поэзия ажалдың өзінен жалтара жүріп, адамзаттың ұлы жетістіктерін мәңгілік жаңа тарихқа айналдыра алады, әйгілі тарихи есімдерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе алады», – депті. Ендеше, осынау құндылықтардан бас тартқан қоғамның болашағы, онда өсіп жатқан жас ұрпақтың ертеңі не болмақ?! Бұл – әрине, Құныпияның Кәдірбегі ғана емес, тұтас ұлт болып толғанатын мәселе. Ақын айтты, қоғам болып, ел-жұрт болып толғансақ, ойлансақ, қане?!

Ақын жырларының поэтикасы

Осы арада қытай ақыны Ай Циннің: «Өлеңнің өрнекті тілі – ең асқақ тіл, ең таза тіл болуға тиіс», – дегені еске түседі. Бұл ретте Кәдірбек ақын қазақ сөздерін тура және ауыспалы мағынасында қолдана отырып, тың поэтикалық-стильдік өрнектер құруда алдына жан салмайды десек, еш асырып айт­қандық емес. Құбылту (троп) мен айшықтау (фигура) және теңеу, айқындау (эпитет) үлгілерін мол қолданған ақын жырларының көркемдік мағыналарының эстетикалық әсерлілігі оқырман жан әлемін айрықша баурап алатын себебі де содан. Мысалы, «Жаялықтай сарғайған соң жасыл бел», «Тікен қоршау құшағында гүл аттық», «Жалғаннан таппай жанға ырзық», «Барады көшесімен өмір ағып», «Қара боран ұлып тұр, қабағандай қарғылы», «Бар қазақтың асығының алшысы», «Ине-өмірге жіп болып сабақталып», «Ақ шекпенді арқамнан тастаймын деп, Алатау-қарт жантайып, жамбастайды», «Үйіріліп тіліне пейілдегі у, Әдет болар жемтікке желімделу», «Жаны ашымас жақының жаудан жаман», «Көктем жылап көк белмен көріскендей», «Жебір қоғам жем айырған жетімнен», «Теледидар төгуде жуынды-ақыл», «Жыланның қабығындай жалтылдаған», «Құбылмалы мінезге үйір егес», «Қаңтардың қалың қарындай, маңдайдың соры бес елі», «Қан шыққан жерге қар сепкен»… Бұлай тізе берсек, сөзіміз де ұзара түспек. Қысқасы, ақын жырларының поэтикасы – өз алдына, арнайы қарастыруға тұрарлық ауқымды тақырып. Себебі туған халқының тіл теңізінен емін-еркін сусындаған, ұлттық мәдениетке уызынан жарыған ақынның тіл кестесі айрықша.
Қорыта айтқанда, Кәдірбек – қазіргі қазақ жырының қара нары. Алаш жұртының бағзы замандардан бермен қарай жалғасып келе жатқан даңқты белестерін, бүгінгі күннің аптабы мен ақпанын көркемдік мүкәмалы кемел поэтикалық жыр өрнек­терімен жырлап жүрген өр рухты, өршіл ойлы ақынының жырлары – халқымыздың сөз-қазынасына толымды олжа болып қосылғаны анық.
Күн сөнбесе Қазақ бар! Ал қазақ барда, қазақтың тілі барда Кәдірбек ақынның жырлары да ғасырлар белестерінде ұрпақтар санасына өз сәулесін шаша беретініне еш күмән жоқ.

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ
ақын, аудармашы.
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір