Хан-Анаға халықтың құрметі керек
07.09.2022
686
0

Жақында Маңғыстау жерінде болып, Қ. Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Бопай ханым» атты кітабымның тұсаукесерін өткізіп, Маңғыстау жұртшылығына таныстырған едім. Сол шарада облыстық әкімдікке Бопай ханым есімін құрмет тұтып, насихаттау мақсатында екі ұсыныс айттым. Бірі – Ақтау әуежайына Бопай ханым есімін беру туралы, екіншісі – «Әдебиет. Ғылым. Журналистика» саласында тарихи тақырыпта қалам тартып жүрген қаламгерлерге, ғалымдарға, мемлекеттік және қоғамдық қызметте абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлерге «Бопай ханым» атындағы сыйлық беру туралы.

Шараға қатысушылар тарапынан менің ұсыныстарым қолдау тапты. Менің Ақтау әуежайына Бопай ханым атын беру туралы ұсынысым бойынша қолдаушылар облыс әкімі Н.Ноғаевтың атына хаттарын жолдап жатыр. Осы өлкенің атақты перзенті, әлемге танымал рекордсмен спортшы Әмин Тұяқов ағамыз бен ағамыздың зайыбы, биология ғылымдарының кандидаты Алма Досымбаева да менің бұл ұсынысымды естіп, қолдайтындықтарын жеткізді.
Бопай ханымдай әрі ақылды саясаткер, әрі батыр қыздың аты қазақ тарихында жоғары мәртебеге лайық. Қызды құрметтеген халқымыз: «Жақсы қыз – жағаңдағы құндыз» деген. Қазақ үшін сондай қадірлі қыздың бірі – Бопай ханым.
Бопай ханым кім еді? Ол – Әбіл­қайыр­ ханның сүйікті жұбайы, заманында ел басқару ісіне араласқан қайраткер, мәмілегер, аты аңызға айналған тарихи тұлға. Тарихшылардың жазуынша және цензурадан сүзілген мұрағат­тарды ақтарсаңыз, Әбілқайырдың іс-әрекеті мен дипломатиялық қадамдарынан Бопай ханымның әсері байқалады. Орыс тарихшысы А. И. Левшин: «Бопай ханым өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті. Әдетте әйелді барлық қоғамдық жұмысқа араластырмайтын қарым-қатынастың болғанына қарамастан, Бопай ханымның жеке мөрі болды. 1731 жылы А.И. Тевкелев бастаған патшайым Анна Иоанновнаның елшілігі келген кезде, Бопай бірінші болып өз мөрін басқан еді», – деп жазған.
Тарихи жазбаларға сүйенсек, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі мен ақыл-парасатының, еңбегінің арқасында Бопай ханымның есімі ел жүрегінде қалды. Бопай ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайы­мы Анна Иоанновнаға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігіне жазған хаттарынан оның мәмлегерлік, қайраткерлік мінезі айқын көрінеді. Бопай ханымның зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ақпараттар ағылшын саяхатшысы, суретші Джон Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған көптеген орыстың елші қызметкерлерінің жазбаларында да бар.
1995 жылы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев бас болып, Орынбор жеріндегі «Доңыз» әскери полигоны аумағындағы ел аузында «Бопай сай» аталып кеткен Бопай ханым жерленген жерге барып, дұға оқытып, ас берген. Әбіш аға Бопай ханым тақырыбын алғаш рет көтеріп, «Үркер», «Елең-алаң» романдарына арқау қылды.
Оған халық «Хан-Ана» деген құрметті атақ берген. Қырғыздар Құрманжан датқасын құрметтеп көкке көтереді. Ескерткіш қояды, кино түсіреді. Аты аңызға айналғанмен, өкінішке қарай, Бопай ханымның тұлғалық келбетін, өмірін, өсиетін таныту, насихат­тау шаралары бұл күнде кемшін болып тұр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін мектептерде, оқу орындарында бопайтану курстарын жүргізген дұрыс дер едім.

Маржан ЕРШУ,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір