БАСШЫ БОЛУ – БҰЙРЫҚ БЕРГЕННЕН БҰРЫН…
Жастайынан физика-математикаға қызығып, ядролық физика саласын меңгерем деген қыз бала әкесінің өтінішін жерге тастай алмапты. Әкесі қыз балаға тікелей тіл қатып сөйлемейтін, айтқысы келгенін шешесі арқылы жеткізетін әдеп үзілмеген заманда Рахман Ізбасаров зайыбына «Гүлзадаға айт, ядролық физика саласында жұмыс істеу қыз баланың денсаулығына зиян, онан да дәрігер болып мені емдесін», – деген екен.
Гүлзада ІЗБАСАРОВА,
дәрігер-анестезиолог,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері
Әкесінің осы сөзін екі етпей, дәрігер болуды мақсат еткен Гүлзада РАХМАНҚЫЗЫ өзінің бар ғұмырын дәрігерлікке арнапты. Қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы дәрігер-анестезиолог халық арасында Совмин аталып кеткен, бүгінгі ҚР Президенті іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында отыз жылдан астам уақыт науқастарды емдеді. «Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы қайтты, әкемнің сөзінен соң, дәрігер болуға шешім қабылдадым. Оқуға түсіп, сабақ басталған соң, осы салаға қызығушылығым арта берді. Өмірдегі ең үлкен мақсатым – дәрігер болу, жай ғана дәрігер емес, нағыз дәрігер болу болды», – дейді бұл күнде құрметті демалыста отырған абзал ана, аяулы әже, дәрігер, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Гүлзада Рахманқызы. Арадағы әңгіме дәрігерліктің қыр-сыры мен дәрігердің қоғамдағы орны жайында өрбіді.
– Қарапайым халықтың ұғымында дәрігерлік деген адам баласына оқумен және еңбекпен ғана келеді деген түсінік бар. Десек те, дәрігерлік түйсіктің болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сіздіңше, дәрігерлік түйсік адамда туа бітті болатын қасиет пе, әлде келе-келе қалыптаса ма?
– Дәрігерлік түйсіктің адам бойында туғаннан болуы бірен-саран ғана болар. Өйткені, дәрігерлік – келе-келе қалыптасатын, жыл өткен сайын жаңа қыры ашылатын қатпары көп, қиын мамандық. Адам медициналық оқу орнын аяқтай сала дәрігер болып шықпайды. Ол қанша жыл жұмыс істесе, сонша жыл оқуы тиіс. Олай дейтінім, медицина бір орында тұрмайды. Бір орында тұрған дәрігер тоқырайды, ал тоқырау бар жерде даму жоқ. Мен ғұмырымда осы Совмин ауруханасында істедім, ол кезде медицинадағы соңғы жаңалықтар, жаңа шыққан медициналық құралдар осы ауруханаға бірінші жететін. Содан кейін ғана басқа институттар мен ауруханаларға тарайтын. Жаңа құралдармен дұрыс жұмыс істеуді меңгеру біздің мамандыққа аса қажет. Дәрігер күнде оқуы керек, өзін-өзі күн сайын дамытып, жаңалыққа мейілінше ілесіп отырмаса, бір орында тұралап қалады.
– Жоғары мінберлерде Ұлт саулығы туралы жиі айтылады. Дәрігердің көзімен қарасақ, қазіргі қазақ ұлтының саулығы туралы не айтар едіңіз? Біздің халық денсаулықтың қадірін қаншалықты сезінеді?
– Ең алдымен адам өз денсаулығына өзі жауапты, одан кейін дәрігер. Тіпті, ауруға шалдыққан күннің өзінде адамның ішкі рухы мықты боп, жазылатынына сенгенде ғана ем қонады. Ауруды 50 пайыз дәрігер, 50 пайыз адамның өзі жазады деген қағида бар. Біздің халықтың ең бір жаман әдеті – өзінен бұрын өзгеге сенеді. Әке-шешелеріміз жиі айтатын «Сақтансаң, сақтаймын» деген сөз өте дәл айтылған. Сырқат адам сырқатынан айығатынына алдымен өзі сеніп, соған күш салғаны жөн.
– Әйгілі Гиппократ «Адамзатты табиғат емдейді» дейді екен. Табиғат адам тәнін емдесе, жан-жарасын кітап, өлең-жыр емдейді. Көптеген фильмдерде комаға (терең ұйқыға ұқсас ессіз күй) түскен науқастарға жанындағы күтушілердің көркем шығарма оқып беріп отыратынын көреміз. Оған қарап көркем әдебиеттің адам жанына сәуле түсірер әсері болатынына едәуір сенгіміз келеді. Сіздің тәжірибеңізде мұндай оқиғалар болды ма? Науқастарға кітап оқуға кеңес берген кезіңіз болды ма? Өзіңіз әдебиетке қаншалықты қызығасыз?
– «Адамзатты табиғат емдейді» деген сөз өте дұрыс. Қатты науқастарға, тіпті комада жатқан адамның өзіне, жақсы музыка тыңдатып, ол адам сөйлей алмаса да, сол адаммен әңгімелесіп, тіпті ақылдасып, сырын бөлісіп отырса, науқастың беті бері қарайды. Ата-бабаларымыз айтатын «Бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деген теңеу дәл осы комада жатқан адамға қарата айтылған секілді. Жақсы музыка, жақсы кітап адам жанының емшісі екені рас, оған шүбә жоқ. Комадан ес жиған кей адамдардың айтуынша, науқас пен дәрігердің арасында жіңішке жіп жалғанып тұрғандай болады екен, дәрігер алыстап кетсе жіп үзіліп кететіндей, жақын келсе әлгі жіп қатаятын көрінеді. Бұл, меніңше, дәрігерге деген сенім мен дәрігердің науқасты дертінен айықтырамын деп бекінген сертінің белгісі сияқты.
Зейнетке шыққанға дейін мен көбінесе өз салама қатысты кітаптарды қарадым, ал қазір әдеби кітаптарды оқып жүрмін. Жас кезімде қазақ тіліне шорқақ болдым, ойымды толық жеткізе алмайтынмын. М.Әуезовтің «Абай жолын» бірнеше рет оқып шыққан соң, қазақ тілінде еркін сөйлей бастадым.
– Біраз уақыт халық арасында Совмин аталып кеткен, ҚР Президенті іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған екенсіз. Басшы болу бір басқа, дәрігер-басшы болудың жөні бөлек. Сіздің ойыңызша басшы болудың бейнеті мен зейнеті қандай? Жалпы басшылық қызмет туралы қандай ой түйдіңіз?
– Отыз жылға жуық бас дәрігердің емдеу жөніндегі орынбасары болдым. Өз кәсібімнің қыр-сырын жақсы меңгермей тұрып, басшылыққа келсем, мені ешкім сыйламас еді. Біреуге жол көрсету үшін ең алдымен өзің сол жолды танып алуың керек. Консилиум өткізетін кезде өз кәсібіңді жақсы білмесең, жиынға басшылық ете алмайсың. Дәл осы талап дәрігерді ылғи да алға жылжуға итермелейді.
Өз уағында көптеген басшылық қызметтерге ұсыныс жасалды. Бірақ мен ең алдымен дәрігер болуды мақсат еттім. Емделушілердің палатасына жиі баратын дәрігердің бірі болдым. Олардың әрқайсысының анализ сараптамасын жатқа білетінмін. Басшы болу маған – бұйрық бергеннен бұрын қамқор бола білуді үйретті. Қызметкерлерді үлкен кіші демей, құрметтеуге, барынша көмектесуге тырыстым. Көп балалы үйдің үлкені болғасын шығар, осы жауапкершілік ылғи менің мойнымда жүрді. Кез келген саланың иесі секілді, дәрігердің де қателесетін кезі болады. Басшы адам, меніңше, қателік жіберген адамды жазалаудан бұрын ендігіде қайталамауын ойлап, соның жолын қарастырғаны абзал. Менің ұғымымдағы басшылық деген – осы.
– «Тегін емдеме, тегін емдесе дәрігердің, тегін емделсе, науқастың қадірі кетеді» деген Гиппократ сөзіне қаншалықты қосыласыз. Кейінгі жылдары дәрігер беделі төмендеп кетті. Қалтаң қалың болмаса, дәрігер науқасқа дұрыс қарамайды яки дәрігердің көпшілігі біліксіз деген түсінік қарапайым халық арасында берік қалыптасып қалды. Бұған қарсы тұрудың жолы қандай деп ойлайсыз?
– Мен жұмыс істеген уақытта «ақылы емдеу» деген жоқ болды. Ол кезде науқасты қайтсек аман алып қаламыз, қайтсек сырқатынан айықтырамыз дейтінбіз. Емделушіні көптің қатарына қосуды дәрігерлік борышымыз, парызымыз деп ұғындық. Әрине, Гиппократ сөзінің де жаны бар, әр адам өз денсаулығын сақтауға тиіс. Қазір біздің мемлекетте тегін емделетін аурулардың арнайы пакеті қарастырылған, ал ол пакеттен тыс ақылы емдеу орындары бар. Ол – заманның талабы. Адамдар арасында ақша берсең, дәрігер жақсы қарайды деп ойлайтындар бар, өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Нағыз дәрігер ақшасыз да науқасты шын ниетімен қарайды. Ел ішінде қалтаға қарай ыждаһат танытатын дәрігерлер бірен-саран кездесіп те қалады… Оған қарсы тұру дәрігердің жалақысын өсіруден басталады деп ойлаймын. Дәрігердің жалақысы көп болса, ол өз уақытын қосымша ақша табуға емес, науқасты қарауға, ізденуге, оқуға, өз білімін жетілдіруге арнайтын еді… Дәрігерлік қызметтің абыройы ақшасында емес, жиған білімі мен тәжірибесінде.
– «Авиценна» деген атпен әлемге белгілі Ибн Сина жас шағында сол кездегі атақты дәрігерлер Әбу Сахлем Масихимен, Әбу Рейхан әл-Бирунимен танысып, хат алмасып тұрған деседі. Шет мемлекеттердегі дәрігерлермен таныстығыңыз бар ма? Әлемдік медицинадан отандық медицинаның қандай артық не кемшін тұстары бар? Сіздіңше, қай мемлекеттің медицинасы өзгелерден озық?
– Әрине, біз көбінде Мәскеудің алдыңғы қатарлы дәрігерлерімен тығыз байланыста болдық, ой-пікір алмасып, ақылдасып, білмегенімізді үйреніп, білгенімізді бөлісетін едік. Медицина саласында мамандар өзара пікірлеспей, араласпай, тәжірибе бөліспей дами алмайды.Осы салада қырық жылдан астам еңбек еттім, жақсы әріптестер, жанашыр достар, талабы күшті шәкірттер таптым, олармен күні бүгінге дейін араласып тұрамын. Отандық медицина мамандары ешкімнен кем емес. Себебі, медицинасы өзгелерден озық саналатын көптеген елдерде: Америкада, Оңтүстік Кореяда, Германияда, Израилда болдым. Сондағы түйгенім, біздің дәрігерлер мен сол елдегі дәрігерлердің біліктілігі ондағы мамандардан кем емес. Біздің осал тұсымыз медициналық құралдарымыздың аздығында, әрі олар тым ескі. Қазір емдеу мекемелерін соңғы техникалық құралдармен жабдықтау қолға алынып жатыр, бірақ ол әлі де аз. Біздің клиникаға ең алғаш Германиядан эндоскопиялық аппарат әкелген кезде аппаратпен жұмыс істеуді үйретуге келген неміс мамандары біздің хирург-дәрігерлеріміздің қолының ептілігіне таңдай қаққан. Жай ғана медициналық жіппен жараны тіксе де, жара жазылып кетеді, біз олай істей алмас едік десті. Біздегі дәрігерлердің бір артықшылығы олар науқаспен тығыз қарым-қатынаста болады, әңгімелеседі, хал жағдайын сұрайды, арада бір жылылық бар. Ал шетелдегі қарым-қатынас белгілі бір механикалық заңдылыққа ғана бағынып кеткендей… Әрине, ол жақта өте білімді, білікті мамандар көп. Біздегі дәрігерлердің біразы институттың дипломын алдым деп тоқмейілсіп, ізденбей кетеді, осы жайт менің қабырғама батады, кәдімгідей қынжыламын. Олар күнде ізденіп, жыл өткен сайын келетін жаңалықты меңгеруге ұмтылып жатса, біздің еліміздің медицинасы да еш елден кем болмасы анық. Қазір біздегі дәрігерлерден бес жылда бір рет білім жетілдіру талап етіледі, ал біразын тәжірибе алмасуға шетелге жіберіп те тұрады. Ол адам емдейтін маман үшін аз, дәрігер күнделікті ізденіп отырғаны жөн. Сонда ғана адам шын дәрігер болады. Мен осы жолда көп талпындым, еңбек еттім. Бірақ қаншалықты нағыз дәрігер бола алғанымды бір Құдай, сосын емделушілерім білетін болар…
– Зерттеуші Абба Зубайр адам ағзасының қосалқы бөлшегін ғарышта өсіруге болады десе ағылшын медицина ғалымдары мен өнертапқыштары 50 жылдан кейін ғаламшарымыздағы әр адамның киімі өз денсаулығынан хабар береді деп ұрандауда. Қазақ дәрігерлері медицина саласына қандай жаңалық алып келуге қауқарлы? Дала медицинасы жайында ойыңыз қандай, ол бізде қаншалықты зерттелді?
– 1990 жылдардың басындағы қиыншылық жылдары біздегі Фельдшерлік Акушерлік Пункттер (ФАП) жабылып қалды. Дәл осы нәрсе ауылдық жерлердегі тұрғындардың саулығына әсер етіп, алыс аймақтардағы мамандардың біліктілігін көтеруге кедергі болды. Ал кейінгі жылдары медицинаның дамуына айтарлықтай көңіл бөлініп келді. Меніңше, бұл дамудың бастауы болмақ. Біздің дәрігерлердің де зерттеумен айналысып, жаңалық ашуға деген талпынысы бар, бірақ әлемдік дәрігерлерден асып кетті дей алмаймын. Дегенмен, үлкен көшке ілесудің өзі, меніңше, жетістік.
Біздің еліміздің тұрғындары өзіміздің дәрігерлерден гөрі, шетелдің мамандарына көп сеніп, жиі иек артады. Бірақ өзіміздің дәрігерлердің сапасын арттырамыз десек, біз оларға сенім артқанымыз абзал. Өзара қалыптасқан сенім қашан да нәтиже берері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
«Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек», – дейді әлемге әйгілі ғұлама, екінші ұстаз Әбу Насыр әл-Фараби. Саналы ғұмырын ұлт саулығын жетілдіру жолына арнаған – Гүлзада Рахманқызының да айтары осы. Сұхбат барысында біз өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын, науқасты шын ниетпен емдеу дәрігерлік парызым деп санайтын нағыз маманды көрдік.
Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА,
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН.